//

Оралмандарды бейімдеу орталықтары: Оған кімдер жүгіне алады?

4659 рет қаралды

Шет мемлекеттен қандастарымыз атамекеніне қоныс аударып келгенде міндетті түрде құжат, тіл, жұмыс, т.б. мәселелермен қиындықтар туындайтыны айдан анық.  Сондай кездерде көмек көрсетіп, жол сілтейтін орталықтар бар. Олар «Оралмандарды бейімдеу орталығы» деген атпен құрылып қандастарымыздың қиындықтарын шешуге көмектеседі. Қазіргі таңда елімізде 14 жерде «Оралмандарды бейімдеу орталығы» бар.

Олар:                                                                                         

  1. Нұрсұлтан қаласы
  2. Шымкент қаласы
  3. Ақмола облысы
  4. Ақтөбе облысы
  5. Атырау облысы
  6. Батыс Қазақстан облысы
  7. Жамбыл облысы
  8. Қостанай облысы
  9. Қарағанды облысы
  10. Маңғыстау облысы
  11. Түркістан облысы
  12. Павлодар облысы
  13. Солтүстік Қазақстан облысы
  14. Шығыс Қазақстан облысында орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысында яғни Семей қаласында орналасқан «Оралмандарды бейімдеу орталығының» басшысы Айнұр ТАБИЛТАЙмен  жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Бейімдеу орталығы қай жылы қандай мақсатпен құрылды?                                    

Оралмандарды бейімдеу орталығын  менің анам Бикапжамал Ахмет құрған. 1992 жылы еңбекшартымен Моңғолиядан қоныс аударып елге келгенде құжаттану, тіл мәселелерінен қиындық көрген соң 2010 жылы шеттен келген қазақтарды бейімдеу және кіріктіру мақсатында осы орталықты ашты. Яғни кейінгі келген ағайындарға көмек беруді көздеді.  2015 жылға дейін түрлі жобаларға қатысып жеңіп алып жүрдік. Соңғы рет 2016 жылы Ішкі саясат басқармасының жариялаған тендеріне қатысып, жеңіп алдық.

– Қандастар орталыққа қандай проблемамен келеді?

– Бір адамның басында бірнеше қиындық болады. Тіл жағынан, құжаттарын рәсімдеу жағынан, жұмысқа орналасу мәселесінде түрлі шиеленіскен жағдайлар кездеседі.  Мысалға Қытайдан, Ауғанстаннан келген ағайынның негізгі проблемасы жазу мен тіл. Олар төте жазумен жазып үйренгендіктен Қазақстанға келген соң жазу түсінбей, хат танымай  қиналады. Арыз жазу, берілген құжаттарда жазылғандарды оқу оларға қиын.  Орталығымызда жасалынатын негізгі жұмыстар заңдық тұрғыдан кеңес беруге байланысты.  Әсіресе  құжаттану кезінде миграцияның берілген бланкілерін қалай толтыру керек, өтінішті қалай жазу керек мәселелері бойынша көмектесеміз. Көші-қон орталықтарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында қандастарымыз өтінішті дұрыс толтырмаса қайта толтырыңыз деп қайта жаздырады. Қалай жазу керектігін түсіндірмейді деп айта алмаймын. Бірақ елімізде мемлекеттік қызметкерлердің 90 пайызы орыс тілін араластырып сөйлейді.   Оны елімізге алғаш келген қандастарымыз түсінбей құжат мәселесінде қателіктерге бой алдырады. Сондықтан бір рет қана ақпарат беру жеткіліксіз.  Біздің негізгі мақсатымыз осындай қателіктерге жол бермеу.

– Түрлі жобаларға қатысып жеңіп алып жүрдік деп айтып қалдыңыз. Ол қандай жобалар? Бейімдеу орталығын кімдер қаржыландырады? Мемлекет пе әлде өздеріңіз ақша тауып отырсыздар ма? Толығырақ айтсаңыз?

– Ашыла салған кезде өзімізді өзіміз қаржыландырдық. Бір рет қана мемлекеттік жобаға қатыстық. Яғни 2016 жылы Ішкі Саясат Басқармасынан «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру» жобасы бойынша сырмақ, қолөнер жобасына 3 млн 100 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал 2015 жылға дейін қатысқан «Салауатты өмір салты», «Оралмандарды жұмыспен қамту», «Алтын оймақ» деген жеңіп алған жобаларымызды шет елдік донорлар қаржыландырды. Яғни БҰҰ Даму бағдарламасы («ПРООН») арқылы ақша бөлінді.  Бұл жобалардың бәрі  жеке кәсіп ашуға көмектесуге, курстар оқуға, кириллицаны үйретіп, тілге бейімдеуге арналған.      Жобаны жеңіп алу оңай болғанымен оны сақтап қалу қиын. Өйткені жеңіп алған жоба бойынша нәтиже көрсете алмасаң келесі жылы басқа орталықтар алуы мүмкін. Біз мүмкіндігінше қандастарға оы мәселелер бойынша көмек көрсетіп әлі де жобаларымызды сақтап келеміз.

– 2010 жылдан бері қанша қандастың мәселесін шештіңіздер? Осы уақытқа дейін орталыққа қанша қандас келді?

– Ашылғаннан бергі келген қандастардың легі өте көп. Нақты санын айта алмаймын. Соңғы айдың өзінде 25 қандасымыз келіп көмек алды.  Олардың проблемасы жұмысқа орналасу, ыхтияр хат алу, азаматтық алу, квота алу, шет елдегі туыстарына хабарға шығу бойынша болды. Бәріне көмек көрсетіп, сұрақтарына жауап бердік.

– Оралмандарды бейімдеу орталығының жұмыс жасауына кімдер көмектесіп отыр?

– Негізгі жұмыс күштері өзім сияқты еріктілер. Өйткені жергілікті жердің кәсіпкерлеріне, тұрғындарына шеттен келген оралмандардың шешілмей жатқан проблемасы маңызды емес. Жеке кәсіпкерлер тұрмақ әкімшілікке де қызық емес. Өйткені жиналыстарда әкімдерге оралмандардың проблемасын айтып көтерсек «оларда ешқандай проблема жоқ» деп бұл тақырыпты жауып тастайды. Проблема болмайтын болса орталыққа қандастар не үшін келеді?

– Пандемия кезінде қалай жұмыс жасадыңыздар? Қандай қиындықтар болды?

 Пандемия кезінде болған қиындықтар студенттер мен елде қалып қойған қандастарда кездесті. Өйткені миграция орталығы жабық болды. Нақты ақпаратты қайдан алуды білмеді. Бізге хабарласты. Ұшақтар тоқтап қалған кезде, жол жабық болғанда Семейде қалып қойған қандастарымыз көп еді. Визамен жүрген қандастарымыздың виза уақытының бітуі карантиннің басталуымен тұспа-тұс келгенде қайта алмай қиналды. Себебі виза уақыты бітсе айыппұл салады, ереже бұзса тағы проблема. Тамақтан, ақша жағынан қиналып қалды.   Соны уайымдап орталыққа хабарласқандар көп болды.  Осы мәселеге қатысты жергілікті кәсіпкерлерді әрең жинап  тамақпен қамтамасыз еттік. Ал ақша жағынан көмектесуге мүмкіндігіміз болмады.

– Орталықта неше адам жұмыс істейді?

– Жұмысымыз жүріп тұрғанда 10 адам болған. Қазір екі адам жұмыс  жасаймыз. Екеуіміз де еріктіміз.

– Семей қаласында қанша бейімдеу орталығы бар?

– Жалпы Шығыс Қазақстан облысы бойынша біз ғанамыз. Мемлекет тарапынан ашылып, қаржыландырылып отырған оралмандарды бейімдеу орталығы жоқ. Бұрын «жұмыспен қамту» басқармасында оралмандарды бейімдеу орталығы болған. Екі айдың көлемі болып қалды, оның бәрін қысқартып тастады.

Оралмандарды бейімдеу орталығының қандай қызмет атқарып, қандай проблемаларды  шешетінін білдік. Енді сол Семей қаласындағы Оралмандарды бейімдеу орталығынан көмек алған қандасымыздың пікірін білсек:

Советжан СОВЕТАЙҰЛЫ; Қытайдан келген қандас, Семей қаласындағы орталықтан көмек алушы:

– 2013 жылы Қытайдан Алматы қаласына қоныс аудардым. Қазақстанда ешқандай туыс-туғаным болмады. Сол үшін көп қиындықтарға тап болдым.  Құжат алу жағынан, жергілікті адамдармен сөйлесіп, тіл табысу қиындық туғызды. 2014 жылы отбасыммен Семей қаласына қоныс аудардым. Бұл жерде де сондай қиындықтарға тап болдым. Екі аптадан соң көші-қон  басқармасы мені осы орталыққа жіберді.  Жақсы қарсы алды. Сұрақтарыма да нақты жауап алдым. Бір қуантарлығы 1 жыл үйрене алмаған кириллицаны да тегін оқып шықтым. Жұбайым мен інімді де әкеліп оқыттым. Құжат мәселесін осылай шештім. Одан кейін орталықта кәсіптену бойынша 3 айлық курс оқып қазіргі таңда көлік жөндеу орталығын аштым. Әйелім қолөнер кәсібін меңгеріп, үйден тоқыма тоқумен айналысады.

Алматы облысында орналасқан көші-қон орталығының мәліметінше Алматы қаласындағы «Оралмандарды бейімдеу орталықтары» жабылып қалған. Бірақ бір бағыты оралмандармен жұмыс жасауға арналған «Жанашыр» қоғамдық қоры қандастарға көмектесіп тұрады. 

Жаңыл АПЕТОВА;  «Жанашыр» қоғамдық қорынының директоры, «Шалқар» газетінің бас редакторы:

– Жанашыр қоғамдық қоры 1997 жылы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында құрылған. 2000 жылдан бастап осы ұйымға басшылық етіп келемін. Рухани бағыттағы ұйым болғандықтан біздің бір бағытымыз оралмандарға қатысты болды. Қазір карантинге байланысты жұмысымыз тоқтап тұр.

1976 жылдан бастап шет елдегі оралмандарға арналған  ел-аралық Шалқар газеті әлі күнге дейін шығып тұрады. 2000 жылы осы Жанашыр қорына тіркеп төте жазумен, ағылшын, орыс тілдерінде шығарып жүрміз. 2012 жылдан бастап электронды нұсқасын дайындап шет елдегі ағайынның шығармашылығына рухани қолдау көрсетіп келеміз. Шет елден келген қандас бауырларымыздың ішіндегі ақын-жазушылардың кітаптарын тегін шығарып бердік. Алты жыл қатарынан Алматы қаласы Ішкі Саясат басқармасы «Оралмандарды қолдау орталығы» деген жобамызға қолдау көрсетіп отырды.  Білім алуларына, орыс тілін үйренулеріне курстар аштық. ҚазҰУ мамандыққа дейінгі курстарына баратын студент қандастарға да көмек көрсеттік. Қазақстан жазушылар кітапханасында да курс ашып, қандастарды шақырдық. Алайда көп қажеттілікті талап етпеді. Неге екенін қандастар көп келмеді.  Кейіннен жобаның аты «Отан отбасынан басталады» деген жалпылама атауға өзгертілді. Соңғы екі жылда Алматы қаласына келетін оралмандар үшін квота бөлінбейтін болғандықтан, өзге облыстар осы жобамен жұмыс жасауда.

Германияда Шет елдегі қазақтармен өткен соңғы құрылтайды 2015 жылы «Жанашыр қоры»  мен Еуропа қазақтары қауымдастығымен бірлесіп өткізген болатынбыз. Қазірде біз өз бағытымыздан айныған жоқпыз. Хабарласып көмек сұраған қандастарға қашанда көмектесуге дайынбыз. Негізі тілді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды насихаттау, жастарға рухани бағытта тәлім-тәрбие беру мақсатында құрылғанбыз.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар