//

Желтоқсаншы Мұрат Ақжолов: бір жігіттің басы жарылып, миы бүлкілдеп көрініп тұрды

2311 рет қаралды

Мұрат Ақжолов осыдан 34 жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқанын айтып берді.  

Абай мен Назарбаев көшесінің қиылысындағы құрылыс техникумның 4 курс студентімін. Бар жоғы 21 жастамын. 1986 жылы 16 желтоқсан күні достарымның жатақханасында отырғанмын. Аяқ асты жатақхана коменданты хабарласты. Біз бірден төменгі қабатқа жүгіріп түстік. Комендант Серік Кубашев “Қонаев атамызды орнынан алып, Колбин деген кісіні қойыпты. Бұған не дейсіңдер? Кімде қандай пікір бар?” деп сұрады. Жан-жақтан қыздар, жігіттер шу ете қалды. “Қазақтан бір азамат шықпады ма? Бұл ұлтшылдық емес. Тіпті қандай ұлт болса да, Қазақстаннан неге шықпайды?” деген пікірталас туып кетті. Бәрі бір ауыздан “жан-жаққа хабар берейік, ертең таңертең алаңға шығайық, қарсылығымызды білдірейік” десті.

Желтоқсан оқиғасы – 1986

ҚАЙТПАС ҚАЙСАР ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

1986 жыл, 17 желтоқсан. Мен оқитын институттың жатақханасына келдім. Жатақхананың коменданты Абдуғали деген жігітке барлығын айттым. Ол уайымдама, бәрін реттеймін деді. Бір ауыз ескерттім де, алаңға беттедім. Таңғы сағат 7 шамасы. Бар жоғы 20-30 ғана адам жүр екен. Мен келгеннен кейін, әр жерге бес-он шақты  жастар жинала бастады. Сағат 8-де 200-300 адамдай болдық. Жан-жақтан әскери қызметкерлер де келе бастады. Тарқаңдар деп, бізді алаңнан шығарып жіберді. Сағат 9-ға таман адам қаптады. Күн аяз, ызғар. Бірақ ол суыққа қарайтын жастар жоқ. Әскерде дубинка да, қалқан да бар, тіпті басында каскасы бар. Бізді итеріп, тыңдамағандарды ұрып, алаңнан тағы қуып шықты. Алаңға 1 сағаттай кіре алмай жүрдік. Жан-жақты толығымен милиция қоршады. Сәтбаев мен Желтоқсан көшесі тұсынан қолдарында “әр ұлтқа өз көсемі” деген плакаттары бар бір топ жастар “Менің елім” әнін айтып қоршауды бұзып кірді. Мына жақтан біз көтерілдік. Осылайша бізді алаңнан қуып шыға алмады.

Жетегінде 2-3 жасар баласы бар бір келіншек мінберге шығамын деп еді, оған рұқсат бермеді. Жас келіншек: “Жастар, сендерді тыңдамайды. Мен жастарды алаңнан қайтара аламын” деп түсіндірді. Сол кезде ғана оған рұқсат берді. Ол мінберге шығып: бауырларым, әпкелерім, сіңлілерім, сіздердің бұл талаптарыңыз дұрыс. Ешкім бұл алаңнан кетпейді. Қонаев атамыз келіп, тараңдар десе ғана алаңды босатамыз!” деп жар салды. Сол жерде әлгі әйелдің қолын қайырып, баласын шырылдатып, сарбаздар алып кетті. Осыдан көп жыл бұрын радио тыңдап отырғанмын. Әлгі келіншек туралы естіп қалдым. Жетегіндегі баласы 16-ға келген деді. Ол әйелдікі көзсіз ерлік болды. Алматы жастары аузынан от шашқан айдаһарға, яғни кеңес одағына қарсы шыққан бірден-бір жастар болды. Өзге облыстағы жастар да көтерілді. Алайда олар аз еді, сол үшін оларды басып тастау оңайға соқты. Жаңағы әйелдің айтқанынан кейін ұрыс-керіс басталып кетті.

Кешке жақын өрт сөндіретін көліктермен су шаша бастады. Ана көліктің суы тиген кезде бірнеше метрге ұшып кетесің. Мұздай су. Жастар сонда да кетпеді. Біз қанша жерден жігітпіз деп кеуде ұрсақ та, мұздай қаруланған әскерге қарсы тұра алмадық. Бір байқағаным, қазақтың қыздары ержүрек, қайтпас қайсар екен. Бізге қарап: “жігіттер, қашпаңдар” деп айғайлап, әскерге қарсы төніп барады. Амал жоқ, еріксіз кері бұрыласың. Өйткені сарбаздар қыздарды да аяп жатқан жоқ. Шашынан сүйреп, сабап, ұрып, істемегенді істеді. Қыздарды құтқарамыз деп айқасып кеттік. Түннің бір уағына  дейін сол жерде болдық. Үстіміз малмаңдай су. Жігіттер от сөндіретін көлікке тап беріп, көлікті сындырып тастады. Ішіндегі әскерді суырып алып, соққыға жықты. Алаңда тұрған милицияның көлігін де өртеді.

Жігіттерге “жылынып алыңдар” деп бір жәшік арақ алып келгендер болды. Олардың кейбірі ішкісі келіп еді, арасында біреуі: “ішпеңдер, бұл арандату” деп арақ толы жәшікті жерге лақтырып жіберген екен. Мен бұны өз көзіммен көрмедім. Сол жерде болған досым баяндап берді.

ҚАРАСАМ, МИЫ КӨРІНІП ТҰР

Бірінші күн аяқталды. Түңгі сағат 2-3 кезі. Киімдерді кептіріп, жылынып, 18 желтоқсан қайтадан алаңға келдік. Түске дейін алаңға кіре алмадық. Осы күні “Метель” деген арнайы жасақ алаңға келді. Бойлары 2 метрге жуық мұздай қаруланған сарбаздар. Ташкент, Новосібір, Челябіден арнайы келген жасақ. Бұлардың басым көпшілігі балалар үйінде өскен. Аға, бауыр, қарындас дегенді білмейді. Санасы тек үкіметке қызмет ету керек деп қабылдайды. Арнайы әскер жастарды аяусыз сабады, сапер күрекпен  ұрды.

Желтоқсан оқиғасы – 1986

Желтоқсан көтерілісіне дейін қазақ жастарды ұлттық алалаушылыққа тап болып келді. Екі қазақ қоғамдық көлікте қазақша сөйлесе, басқа ұлт өкілдері адам тілінде сөйлеңдер деп айтатын. Қазақтарды екінші емес, үшінші санатқа жатқызатын. Қазақ жастары жатақхана алуға қиналатын. Жұмысқа орналаса алмайтын. Өзге ұлт өкілінің дүниесі 5 жылда жаңарып жатса, қазақтардікі сол қалпында болатын. Орысша білмесең өмір сүру қиынның қиыны еді. Бұл мәселенің барлығы жинала берді. Басшымызды ауыстырғанда іштегінің барлығы атылды. Бұл енді тым шектен шыққандық болып көрінді.

Алаңдағы жастар 70 жас шамасындағы әжені көтеріп алды. Әже: “Қонаев келсін, тарқамаңдар, мен сендермен біргемін” деп айғайлады.  Әже сол жерде тапталып қалды. Ол кісімен бірге бірнеше жастар да тапталды. Бір кезде менің басыма дубинка тиді, артқа жалт қарап едім, мұрныма тиді. Басым жарылып, мұрным сынды. Мұрным қыр мұрын еді, қазір сүйкімсіз мұрын. Бар ойым аяқ астында тапталып қалмай, арыққа жетейін дедім. Бірақ, есімнен танып қалдым. Есімді жисам мені сүйреп келеді екен. Екі қолымды артқа қайырып алған. Дубинка арқама тиіп жатыр. Терімді жұлып жатқан секілді сезімде болдым. Тізілген қоғамдық көліктің біріне әкеліп лақтырып жіберді. Ең соңғы орындықта отырмын. Көлікте не көргенімді айту өте қиын. Жүрегім шыдамай кетеді. Менің мұрным мен басым ештеңе емес екен. Қолдары сынып, айналып кеткен, бастары жарылған, білегі сынып, сүйектері ыдырайып шығып тұрғандарды көрдім.

Әскери адамдар көлікке кіріп, құжаттарды жинастыра бастады. Студент куәлігімді артқы қалтама салып жібердім. Бәріміз көліктен шықтық. Қарасам бір жігіт жүре алмай келеді екен. Қасына барып: “қайда барасың?” десем “білмеймін” дейді. Жігіттің басынан қан сауылдап ағып жатыр. Қарақұсындағы тігісі айырылып кеткен екен. Сенесіз бе, ар жағынан миы бүлк-бүлк етіп көрініп тұр. Жақын жерде ағамның сыныптасы тұрады, соған барайық дедім. Бізді жеңгеміз қарсы алды. Киімімізді шешкізіп, жуып, тазалап, тігіп берді. Жарамызға ем дом жасағандай болды. Қасымдағы жігіттің шашын қайшымен алды. Йод жағып, алғашқы көмек көрсетті. Тамақтанып алдық.

Кеш батқан соң қайтайық дедім. Жеңгем қарсы болды, алайда кетпесек оларға қауіп төнер еді. Екеуіміз жаяулатып келе жатырмыз. Жароков пен Қарасай батыр көшелер қиылысында сақшыларға кездесіп қалдық. Кім екенімізді де сұрамады, бірден таяқтың астына алды. Есімнен танып қалдым. Есімді жисам жан-жағым құжынаған адам, алдымда ақ халатты қазақ қызы тұр екен. Қай жердеміз деп едім, 12 аурухана деді. Ақырын орнымнан тұрдым. Ауруханадағы жағдайды айтуға аузым бармайды. Адамдарды сүйреп әкеп лақтырып жатыр. Есікке қарай беттедім. Орыс күзет тұр екен. “Қайда?” деді, темекі шегемін” дедім. Күзет бақыламай тұрған кезде, есіктің артына өтіп, шыршалардың арасына кіріп кеттім. Ақырын Байзақ көшесіне шығып үлгердім. Осылай кетіп қалғанымның арқасында аман қалдым ба деп ойлаймын. Алайда қалтамдағы студент куәлігімді алып қойыпты. Түннің бір уағында досымның жатақханасына бардым. Тексеріс көп болғанына байланысты, екі күн жатақханадан шыға алмай қалдық. Зиянымыз тиіп кетер деп, білдіртпей жатақханадан да шығып кеттік.

МЕНІҢ ОРНЫМДА СЕН БОЛСАҢ, НЕ ІСТЕЙТІН ЕДІҢ?

Сайран вокзалына келдік. Өскеменге баратын соңғы автобусқа мініп ауылға кеттік. Талдықорғанға кіре берісте бізді тоқтатты. Тексеріс жүргізді. Менің бетіме қарап “шығыңыз” деді. Шықтым.

– Қайдан келесің?
– Алматыдан.
– Алаңнан ба?
– Жоқ.
– Кімді алдап тұрсың? Қағаз ал да, бар шындықты жаз.
– Міне, барлығын жазып бердім. Бұл маған қиын емес. Жігіттер, менің орнымда сендер болғанда сол алаңға шықпайтын ба едіңдер? Айтыңдаршы?!
– Бауырым, бара бер, – деп қағазды жыртып, қоқысқа тастай салды.

Ауылға жеттім. Шешем жылап, шырылдап жүр. Әкем сол кезде төсек тартып, ауырып жатыр еді. Шешемнің айғайлап жүргенін естіп жатқан әкем: әй, тоқтат, осы жастар шықпағанда, төсек тартып жатқан мен шығам ба? Бұлардікі дұрыс, еш қателік көріп тұрған жоқпын, – деді. Бір ай ауылда тығылып жаттым. Соңғы жыл оқудамын, диплом жазып бастаған едік. Кураторым: “Мұрат, бұл жаққа келме, сенің бірнеше суретіңді көрсетті. Іздестіріп жатыр. Сен мұнда жолаушы болма” деді. Тығылып келіп, кетіп жүріп, дипломымды кешігіп қорғадым.

Ендігі машақат – жұмысқа алмайды. Институт мені Ақтөбеге жіберді. Бірақ, Ақтөбеге бара алмадым. Әкем төсек тартып жатқан соң, ауылда қалдым. Сарқандта мамандығым бойынша жұмысқа кірейін дедім. Сарқандтағы аудандық газ мекемесіне орналаспақшы едім. Басшысы орыс екен. Бетіме қарап:
– Қайда бітірдің? – деді.
– Алматыда бітірдім.
– Ааа, желтоқсаншы. Орын жоқ. Бара бер, – деді.
Бір жігіттерден сұрасам, орын бар дейді. Үміттеніп алдына 3 рет бардым. Қайтарып жібере берді. Біраз күннен кейін әкем қайтыс болды. Құжаттарды реттеуге ауруханаға барып едім, әкемнің досын кездестіріп қалдым. Жөн сұрасып сөйлестік. “Мұрат, оқу бітірдің ғой. Жұмысқа орналастың ба?” деді. Мен мән-жайды айтып бердім. Мені жұмысқа алмаған аудандық газ басшылығына хабарласты. Бір қоңыраумен барлығын шешіп берді. “Ертең жұмысқа бара берсең болады” деді. Ертеңінде жұмысқа барып, өтініш жазып, жұмысқа қабылдандым.

ЖЕЛТОҚСАНШЫ ЕКЕНІМДІ ЖАСЫРДЫМ

Менің желтоқсаншы екенімді тек жақындарым білетін. Бір күні ұлым театрға кеткен. Театрда желтоқсаншыларды кездестіріп, әкем де көтеріліске қатысқан депті. Менің нөмірімді Гүлімхан есімді әйел алыпты. Хабарласып “Желтоқсан ақиқаты” деген ұйым құрып жатырмыз, қосылыңыз деді. Ұйымға мүше болдым. Ұйым басшысы Бейсенғазы Сәдуұлы деген жігіт. Бұл кісінің бастауымен Тұздыбастау ауылында Калининнің ескерткіші алынып, орнына үлкен мемориал орнады. Егемендік алғанымызға 30 жыл болды. Осы күнге дейін Алаш қайраткерлеріне арналған монумент болмаған. Бұл алғашқысы болып ашылды. Талғар ауданы ішкі саясат басқармасында Фариза деген ханым бар. Ол кісі де Калининді алып тастайық деген екен. Екі идея бір жерден шығып, ескерткішті ауыстырған. Үкімет бір тиын ақша бөлген жоқ. Барлығын халық өзі жинады. Сонымен қатар, 13 желтоқсан күні Түрксіб ауданында Желтоқсан саябағы ашылды. Желтоқсан ескерткіші Алматыда, Таразда, Аягөзде бар. Оның үстіне желтоқсанға қатысып, ақталып шыққандарға тегін «Оңай картасын» берді. Міне осылайша біздің кішігірім ерлігіміз ақталып жатыр. Бұл да бір жетістік деп ойлаймын.

Жазып алған Жадыра Жанарбек. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі