///

Ғалия Әженова, “Желтоқсан оқиғасының” куәгері: Сағат Әшімбаев ешкімнің батылы бармас ерлік жасады

3428 рет қаралды

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесімен бірге Желтоқсан оқиғасын, кешегі Жаңаөзен оқиғасын еске аламыз. Ел үшін ең маңызды датаның осынау азалы күндерге сәйкес келуінің өзі тегін емес болар…

Желтоқсан оқиғасынан бері 34 жыл өтті. Тоғыз жыл бұрынғы Жаңаөзен оқиғасы… Осы Қазақ Желтоқсан оқиғасынан бері қарай өзгеріп кетпеді ме, деген сұрақ туады. Рухы қайда, өсті ме, өшті ме? Бұл жолғы сұхбаттасым, Қазақ телевизиясы ардагерлерінің бірі, журналист Ғалия Әженовамен әңгімеміз осы сұрақтарға жауап іздеуден басталды.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ САҒЫН СЫНДЫРДЫ

Ғалия Әженова:

– Желтоқсан оқиғасынан бері, қазақ қатты өзгердік. Біздің рухымыз өшті. Совет заманы тілімізді қанша қысса да, дәстүрді қанша қысса да, дінімізді қанша қысты деп айтамыз ғой, біздің ата-әжелереміз, намазын тастаған емес. Біз бала кезден соны көріп өстік. Яғни, ата-анамыз, ата-әжелеріміз ұстанымынан айныған емес. Артық айтуым да мүмкін, дегенмен осы 86-да қазақтың сағы сынған сияқты. Өйткені 86-да қазақты тұншықтырды. Бірақ ол да ештеңе емес еді. Қазақ қайта көтерілер ме еді, кім білсін?! Бірақ, Егемендік алғаннан кейін, бірден капиталистік құрылысқа көшу – қазаққа оңай соқпады. Өзіңіз ойлаңызшы, күнін көре алмай жүрген қазақта, нанын таба алмай жүрген қазақта қандай рух болады?! Халықта көп емес, азды-көпті жағдай болуы керек. Артықтың қажеті жоқ. Орташа күнелтуге мүмкіндігі болса. Алайда мұның өзі түк емес еді, бірақ қазір қоғамда біреу түгі жоқ кедей де, біреуі әлемді аралап шалқып жүрген бай. Әлеуметтік теңсіздік көзге қатты ұрып тұр. Елдің игілігін, бүкіл елдің байлығын далаға тасып әкеткені, өзге елдерде есеп-шоттарға тығып қоюы, осы жағдайлар халықты жаншып барады. Халық арасында амалын тауып билікке жетсем, кейбіреулер секілді алдап-арбап байысам деген көңіл-күй пайда болды. Ал, мұндай жағдайда қайдағы рух, халыққа деген қайдағы жанашырлық?!  Адал бол, ешкімнің ала жібін аттама деп өскен халықтың ұрпағы қазір осы ұстанымына кереғар тірлікке барып жатса, қайдағы рух?! Рух осылай әлсіреді!

Біздің халық әу бастан демократияға дайын халық еді. Толерантты халық еді. Ешкімді бөліп жармады, ұлтқа бөлінбеген еді. Ал, қазір қазақ әділетсіз халыққа айналып бара жатқандай. Тіпті, зиялы қауымның өзі зиялылықтан кетіп бара жатқандай. Зиялы қауымға айғайлап митингіге шықпады деп ешкім кінә артпайды. Алайда, халықтың мүддесі туралы мәселе туғанда олар бір үн шығаруы керек қой?!

Риза Исаева:

– Жыл сайын желтоқсаншылар туралы тек Желтоқсан айы келгенде еске алып жатамыз. Осының салдарынан желтоқсаншылардың арасында әлі күнге дейін, 34 жыл бойы ақтала алмаған жандар бар. Сонымен қатар, керісінше «Мен Желтоқсаншымын» деп көп алдында кеуде кере сөйлеп жүрген «жалған желтоқсаншылар» да бар. Бұған журналистер де кінәлі секілді. Өйткені ақтала алмай жүрген желтоқсаншының мәселесін көтеріп, әділет орнауына ықпал етпейміз немесе «жалған жалтоқсаншының» бетпердесін сыпыруға тіпті оқталып та қоймаймыз…

Ғалия Әженова:

– Біз иллюзияда өмір сүріп келеміз, яғни болып жатқан нақты шындықпен емес, түс секілді өмір сүріп жүрміз. Ақтала алмай жүрген желтоқсаншыларға назар аудармай, ал, псевдожелтоқсаншылардың ел алдында жүруі, теледидардан сұхбат беруі – бұл иллюзия. Мысалы, биыл Желтоқсан оқиғасына 34 жыл. 34 жыл деген бір дәуір. Бұл уақыт ішінде бір азамат оқып-тоқып, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, белгілі бір деңгейге жетеді. Ал, кейбір желтоқсаншымыз деп жүрген азаматтарға қарап ойлаймын, мұндай дүниелерді тоқтату үшін белгілі бір акция керек шығар. Ол туралы журналистер жазуы керек секілді. Нақты сол азаматтардың сол 86-жылы қай жерде жүргенін зерттеу керек пе, ол журналистік зерттеуді талап етеді. Бірақ, қазір журналистік зерттеу жанр ретінде жойылып барады.

Желтоқсан оқиғасы – 1986

Бір кездері, желтоқсаншылар көптеп шығып кетті. Соның арқасында біршамасы үй алып, жағдайын жақсартып алды. Егер,  алаңда болған жігіттер болса, лайық болса, оған еш дауым жоқ. Алайда солардың арасында желтоқсаншы болуға жасы да сәйкес емес (өйткені Қазақ телевизиясында жұмыс істейтін болғандықтан, мен сол күндері алаңның маңында болдым. Сол кезде 15-16 жасар бозбалаларды ол жерден көрген жоқпын. Студенттер, жұмысшы жастар болды. Алайда 15-16 жасар балалар ол жерде болған жоқ), ішкі ұстанымы да лайық емес, моральдық тұрғыдан да лайық емес жігіттер мен қыздар «біз желтоқсаншымыз» деп шыға келді. Сол қынжылтады. Желтоқсаншылар – рухы биік, ұстанымы жоғары, ірі-ірі істерге баратын жігіттер мен қыздар емес пе еді?! Олар ұлтының намысын жыртатын жандар ғой. Ал, мұнда «қазаққа қарсы дүниелер айтылып жатыр» деген жалған желеумен пресс-конференцияларға барып ойран шығаратындар шықты, көпшілік жиналған жерге барып помидор лақтыратындар, жұмыртқа лақтыратындар шықты.

Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Қайрат Рысқұлбеков тұрған жатақханаға мемориалды тақта орнатылған кезде мен барып сюжет әзірлеп едім. Сол кезде мен Қайраттың анасын көрдім. Ол кісі осындай үлкен трагедияны басынан өткерсе де, өте салмақты, өте байсалды жан екен. Ол кісі тұрақсыз, арандатушы бала тәрбиеледі деп ойламаймын… Адамдардың мұндай арам ойларға қалай баратынын білмеймін.

ЖАСТАР АЛАҢҒА КҮЛІП КЕЛІП, ҚАН-ЖОСА БОЛЫП, ЖАРАҚАТТАНЫП ҚАЙТТЫ

Риза Исаева:

– Желтоқсан оқиғасы туралы айтқанда, сол оқиғаны таспаға түсіруге ықпал еткен Сағат Әшімбаевтың ерлігін айтпай кете алмаймыз. Сіз сол уақытта Қазақ телевизиясында жұмыс істеген жан ретінде бұл оқиғалардың қалай болғанын жақсы білесіз ғой…

Ғалия Әженова:

– Сағат Әшімбаев ол кезде Корпорация төрағасының (Қазіргі Қазақстан телерадиокорпорациясы) орынбасары болатын.  Төраға дәл сол күндері Мәскеуде іссапарда болды да, оның орнына Сағат Әшімбаев жауапты болып қалған еді. Ол кісі қазақы адам еді. Қазақтың тағдырына алаңдайтын жан еді. Сондықтан, ол кісі бірқатар журналистерді жанына жақын тартып, пікірлесіп жүретін. Солардың арасында мен де болдым. Мен орысша хабарлар жасайтын едім. Сол хабарларымды қабылдаған кезде, төмендегі басшылар «Ғалия қауіптілеу әңгіме айтып кетті» деп ескертсе, ол кісі менің хабарларымды келіп көретін. Менің сондай аздап «бұзықтығым» бар еді. Бірақ,  маған ешқашан ескерту айтқан емес. Ол кісінің жеке жұмыс телефонының нөмірі менде бар болатын. Өйткені «өзім» деген адамдарға телефонының нөмірін беріп қоятын. Бірақ, бұл жағдаятты жеке мүддем үшін пайдаланған емеспін. Маған кітап беріп тұратын. Сондай рухани ұстазым еді, Сағат Әшімбаев.

1986 жылы 16 желтоқсанда Политбюро ауысты. Бірақ, ол маған әсер еткен жоқ. Жеке маған әсер етпеді. Өйткені мен Совет мектебінде өскен адаммын. Мен Ленинградта оқу бітірген едім. Сол кезде біздің оқытушыларымыз бізге, журналистер өзінің тәуелсіз көзқарасын сақтап қалуы үшін, ешбір партияның қатарында болмауы керек, деп айтатын.

17-желтоқсан күні таңертең К.Бәйсейітов көшесімен тура Республика алаңына қарай жұмысқа келе жаттық, қасымда бір әріптесім бар.  Алаңға жақындап қалған кезде, бізді қазақ милиционер жігіт тоқтатып, құжаттарымызды көрсетуімізді сұрады. «Не болды?» деп сұрадық, сонда жігіт күлімсіреп «жастар шықты ғой», деді. Сөйтіп ол кісі жіберді, алаңға жақындасақ, алаңның ортасында адамдар толып тұр. Қолдарында неше түрлі плакаттар бар, жазылған: «Халық пен партия біртұтас», Лениннің ұлтқа қатысты айтқан сөздері бар. Арасында қара нәсілді шетелдік студенттер де жүр. Сөйтсе, олар бұрын ешқашан митинг болмаған жерде митингінің өткенін қызықтап жүр екен.

Солай жұмыс орныма келіп, төртінші қабаттан төмендегі жағдайды бақылап тұрдық. Ол кезде Қазақ телевизиясы үш ғимаратта отыратын. Қазіргі Сәтбаев пен Тимирязев көшесінің қиылысында тұрған ғимарат. Содан кейін, Сәтпаев пен Желтоқсан қиылысындағы ғимарат. Сосын, Сәтпаев пен қазіргі Назарбаев  қиылысындағы ғимарат. Соның төртінші қабатында біздің ғылыми хабарлар редакциясы болатын.

Төменде тұрған жігіттерде ешқандай агрессия жоқ. Бір кезде олар қазіргі Желтоқсан көшесіне қарай жылжыды, бір кезде қазіргі Назарбаев көшесі жағынан келіп жатты, алаңға. Жан-жақтан сонымен бірге алаңға әскерилер тола бастады. Мен сол аралықта басқа корпусқа монтажға барып келдім. Бір кезде, бас редакторым Ольга Дмитриевна Сербенко «әй айналайындар, аман-есендеріңде үйлеріңе қайтыңдаршы» деді. Сол уақытта «ана жерде қазақтар бала-бақшаны ойрандап кетіпті, мына жерде қазақтар орыстарды ұрып кетіпті» деген өтірік әңгімелер студияда желдей есе бастады. Бұл сөздерге сенер-сенбесімізді білмейміз.

Желтоқсан оқиғасы – 1986

Бір кезде алаңнан жастарды қуа бастады. Мен жәй ғана үйге кетіп қала алмадым. Сағат Әшімбаевқа бардым. Ол кісі қазіргі Тимирязев пен Сәтпаев көшесінде орналасқан қазақ телевизиясының ғимаратында отыратын.  Хатшы қыз  «кір-кір» деп бірден Сәкеңнің кабинетіне кіргізіп жіберді. Ол кісінің кабинетінде Сәкеңмен пікірлесіп жүретін бірнеше жігіт бар екен. Өзі де қара торы кісі, Сәкеңнің түрі мүлде түтігіп кетіпті. Қатты күйзелісте тұрғаны байқалды. Бәрі терезеге қарап тұр екен, мен де терезеге қарадым. Алаңда әскерилер арлы-берлі жүр. Сәтпаев пен Дзерджинский (қазіргі Наурызбай көшесі) жақтан жастар келіп еді, оларды тырқырата қуды. Терезеден бәрі көрініп тұр. Фурманов жақтан кісілер жақындап еді, оларды әрі қуды. Ортада әскерилер тұр. Олардың мақсаты алаңға ешкімді жібермеу екен. Осылай біршама тұрдық.

Сағат Әшімбаев кабинеті ішінде бір жерде тұра алмай, арлы-берлі жүре берді. Терезеге келіп кішкене қарайды, қайта бұрылып кетіп, арлы-берлі жүреді. Жігіттердің де барлығы шарасыз тұр. Біз идеологияның өкілдеріміз. Біз дәл сол сәтте, тікелей эфирге шығып, жастарға түсіндіріп, эфирден ұлкен басшыларды сөйлететін кезіміз ғой, олар қазақ тілінде жастарға «Айналайын» деген сөз айтуы керек еді. Олай болмады. Біз не істерімізді білмедік. Сол кезде, Сағат Әшімбаев “үйлеріңе қайтыңдаршы” деді.

Мен үйге бірден қайтып кетуге шыдамадым. Алаңның шетіне барып, бақылап тұрдым. Әскерилер жастарды былай қуады, олай қуады. Араларына кірмек болады. Бірақ, жастар араларына әскерилерді кіргізбеу үшін бір-бірінің қолынан мықтап ұстап алған. Қолдарында қару жоқ. Күн кешкіріп барады. Бір кезде алаңдағы трибунаға біреулер келгендей болды (Ол кезде Республика алаңында трибуна тұратын). Қараңғыда ештеңе көрінбейді. Трибунадан бір кісінің дауысы шықты. «Мен Главный прокурор республики, Елемесов!  Жастар, студенттер, жұмыскерлер барыңдар жатақханаларыңа, жүрмеңдер мына жерде, мына жүрістерің заңсыз!» деді.

Мен ол кісінің сөйлеу мәнеріне, сөз саптасына таң қалдым: билікте жастарға «айналайын» деп айтатын адам жоқ па? Неге «үйлеріңе» барыңдар демейді, неге «жатақханаларыңа» дейді?!  Ол кезде қазақтардың басым көпшілігі жатақханада тұратын. Сол басыма сап етті. Сол кезде дұрыс сөз табуға болар еді ғой?!

Бұдан әрі жақсылық болмайтынын түсіндім де, автобуспен үйге қайттым. Ол кезде өзім де құрылысшылар жатақханасында тұратын едім. Үйге барған соң шыдамай, Сағат Әшімбаевқа телефон соқтым. «Сағат Әшімбаевич, не болып жатыр, Ғалиямын ғой» дедім. Ол кісі «ооой-ооой жаман, жаман, Ғалия», деп бір кезде, «ойбай, жанды, жанды, өртеді, өлді қазақ, өлді» деп, дауысы дірілдеп, трубканы лақтырып жіберді. Бұл сөздерді естіп, бойым тітіркеніп кетті.

Жаңаөзен оқиғасы – 2011

17 желтоқсан күні кешкі жетіге 5-10 минут қалғанда халық пен адамша сөйлесетін адам болмағандықтан, жастармен текетіресіп, оларға күш қолданып қуа бастағандықтан, жастар үлкен көлікті аударған. Сол аралықта жастардың арасына арандатушылар кіріп,  арақ таратып үлгерген. Бөлмеме келіп, не  істерімді білмей отырдым. Бір кезде терезеге бірдеңе тиді тырс етіп, «ашыңдар, ашыңдар» деген дауыс шықты. Терезені ашып қарасам, төменде жастар жүр. Бірдеңені терезеге тағы да лақтырды. Қағазға оралған екі тас түсті, бөлмеге, барлығына таратып жүр екен, артынан білдім. Ол жерде, Лениннің сөздері, халық пен партия біртұтас деген секілді, сосын қарапайым халықты қырғаннан не табады дегендей, адамды бей-жай қалдырмайтын сөздер жазылыпты…

Риза Исаева: Сағат Әшімбаев ол күндерді таспаға түсіруге мұрындық болды емес пе?

Ғалия Әженова: Мен соның бірін де білмедім. Сағат Әшімбаевтың мұндай ерлікке барғанын білмедім. Оператор Рубик ағамыз түсірген, ал спорт комментаторы Рабат Жәнібеков оны жасырып, сақтап келген. Яғни ол кісі сенген адамдарына ғана айтқан. Өйткені, камераның барлығын құлыптап, жауып тастады. Ал, камераны алуға, машинаны алуға рұқсат беретін қызметтің барлығы да өзге ұлттардың қолында болды. Осылайша, Сағат Әшімбаев үлкен ерлік жасап кеткен болатын.

Осылай, 1986 жылғы 17-желтоқсаннан 19-желтоқсанға дейін дүрбелең күндер өтті. Сағат Әшімбаевты КГБ-ға шақырған. Тергеуге. Жастарды ұйымдастырушыларды іздеген ғой.  Ол кезде жастарды ұйымдастырудың қажеті жоқ еді. Болмыстары беттерінде жазылып тұрды. Олар алаңға күліп келді ғой, күліп. Күліп келіп, қан-жоса болып, жарақаттанып қайтты.

Менің үстімнен де «ұлтшыл» деген арыз түсті. Тергеуге алды. Жауаптарымда мүлт кетпеуге тырыстым. Интернационализмді айттым, Совет Одағы әділ мемлекет екенін, алайда жастарға күш қолдануды қолдамайтынымды айттым, жауабымда жазып бердім. Мені айыптауда біраз қинады, репрессияға ұшыратқысы келді.  Бас редакторым орыс Ольга Дмитриевна Сербенконың және бас режиссер Голосковтың арқасында тағдырымды ойран қылмақ ниеті жүзеге аспады. Қазақтар мені көрсе, үркіп қашып жүрді. Сондай “қызық” халықпыз((

Риза Исаева: Сұхбатыңызға рахмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар