///

Қазақстанда «Азаттық» сайттары ашылмай қалды: бұған журналистік зерттеу себеп болуы мүмкін бе?

44 рет қаралды
дереккөз: azattyq.org

19 мамырдан бастап Қазақстанның түрлі өңіріндегі қолданушылар “Азаттық радиосы” мен Azattyk Asia сайттарына кіре алмай жатқанын хабарлады. Сайттардың істемей қалуы президент туыстарымен байланысы айтылған құрылыс компаниясы туралы журналистік зерттеу жарияланған уақытпен тұспа-тұс келді.

Қолданушылардың айтуынша, azattyq.org және azattyqasia.org сайттарына бірнеше күн бойы әртүрлі интернет-провайдерлер арқылы кіру мүмкін болмаған. Кейбірі сайттың смартфон мен компьютерде де ашылмай тұрғанын айтқан.

Бұл туралы алғаш болып «Азаттық Азия» Telegram-арнасы хабарлады. Редакция мәліметінше, қолжетімсіздік 18 мамыр кешінен басталған.

Сол күні «Азаттық радиосы» мен Azattyk Asia платформаларында «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясына қатысты журналистік зерттеу жарияланған еді. Материалда компанияның құрылтайшылары мен оған қатысы бар тұлғалардың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарымен іскерлік байланысы болуы мүмкін екені айтылған.

Зерттеуде аталған компанияның кейінгі жылдары мемлекеттен ірі көлемде тендерлер ұтып алғаны сөз болады. Компания Астана, Алматы, Түркістан, Қызылорда және Семей қалаларындағы бірнеше ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатқаны көрсетілген. Сонымен қатар журналистер компания өкілдері мен президенттің туыстары арасындағы байланыстарға назар аударған.

«Азаттық» редакциясы бұл мәселеге қатысты президент әкімшілігіне және зерттеуде аталған тұлғаларға ресми сауал жолдағанын, алайда жауап ала алмағанын мәлімдеді.

Әзірге “Азаттық редакциясы бұл жағдайға қатысты сайттардың не себепті қолжетімсіз болғаны пікір білдірмеді. Интернеттегі шектеудің техникалық ақау ма, әлде басқа себептерге байланысты ма екені нақты белгісіз.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты Азаттық радиосы 22 мамыр күні Instagram парақшасында жаңа видео жариялады. Онда компания құрылтайшыларының бірі Азамат Өсімбеков зерттеудегі деректерге қатысты өз реакциясын білдіріп, «ешқандай таныстығым, байланысым жоқ, аталған тұлғаларды өмірде көрмегенмін» деп мәлімдеген.

Сондай-ақ ол журналистерге берген сұхбатында компанияны бұрынғы иесінен сатып алғанын, келісім шарт сомасы коммерциялық құпия екенін айтқан. Дегенмен редакцияның мәліметінше, Азаттық сұхбат алуға бірнеше рет талпыныс жасағанымен, жауап толық берілмеген: кейбір сұрақтар ескерусіз қалған, кей байланысқа жауап келмеген.

Редакция Азамат Өсімбековке бұрынғы құрылтайшылармен және компанияның тарихымен байланысты бірқатар нақты сұрақтар жолдағанын, алайда бұл сұрақтар да жауапсыз қалғанын хабарлады.

Бұған дейін де «Азаттық радиосының» платформаларына қатысты шектеулер тіркелген. Наурыз айында басылымның Instagram парақшасы уақытша бұғатталып, кейін Meta компаниясы мұны техникалық қателік деп түсіндірген болатын.

Инабат Төрехан.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар