//////

Анар Фазылжан: Жаңа әліпби заман талабына толығымен жауап береді

8161 рет қаралды
фото: Алматы телеарнасы

Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап, кирилл қарпіне негізделген әліпбиін латын негізді әліпбиге ауыстыру туралы әңгіме күн тәртібіне шықты. Бірақ әлі күнге дейін бір шешімге келе алмадық. Жақында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жаңа әліпби нұсқасын ұсынды. Жаңа нұсқа қоғамда әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Бұл нұсқаны сынағандар да, құптағандар да баршылық. “Мінбер” сайты бұған дейін қоғамдағы пікірлердің біразын жариялаған еді. Бұл пікірлерге жауап ретінде бүгін Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан ханымның сұхбатын жариялауды жөн көріп отырмыз. 

ОРФОГРАФИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕГІ 5 МЫҢНАН АСТАМ СӨЗ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ОРФОГРАММАСЫ НЕГІЗІНДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН

– Анар ханым, қазақ халқы ХХ ғасырдың басында үш әліпби ауыстырды. Енді тағы бір мәрте ауыстырамыз дегелі  біраз болды. Жалпы бізге әліпбиді ауыстырудың  қажеті бар ма?

Егер халықтың тарихы тіл арқылы эволюциялық жолмен өзгеріске ұшыраған болса бұл мәселені тіл ғалымдары көтермес еді.  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты құрылғаннан бері тіл ғылымының негізгі көздегені де, мақсаты да осы қазақ тілінің жай күйін барлап, қадағалап ондағы болып жатқан тенденцияларды тіркеп, тілдің дамуы үшін қажетті дүниені нормаға енгізіп, қажетсіз дүниені тіркемейді. Бұл дегеніміз кейде тілде де керек емес сөздер болады. Солардың дұрыс емес екендігін айқындап қате екендігін көрсетіп отырады.  Кезінде Кеңес Үкіметінің қол астында болғанда бізді мәжбүрлі түрде кириллицаға ауыстырды.  Тәуелсіздік алған кейін, 90 жылдардағы қазақ тілінің ахуалын саралаған ғалым, академик біздің Әбдуали Қайдар ағайымыз осы мәселені көтерді. Неге көтерді? Себебі қазақ тілінің орфографиялық сөздігіндегі 5 мыңнан астам сөз қазақ тілінің орфограммасы негізінде жазылмаған. Бірақ қазақ тілінің орфографиялық сөздігі деп аталады. Сай емес сөздер – орыс тілінен өзгертілмей алынған сөздер. Мысалы кабина, кабель, кабинет, каратэ деген сөздерді жазу үшін кішкентай бүлдіршіндеріміз орыс тілінің емле-ережелерін білуге тиіс және мәжбүр. Ал 90 жылдары осы латынға көшу туралы мәселені көтерген ғалымдар жаңағы айтып өткен кирилицаның басы артық таңбаларынан арылсақ деді. Егер латынға көшсек сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да, шет тілінен енген сөзді қазақ тілі сөзінінің тұрқына ұқсатып жазуға жол ашылады.

ӘЛІПБИДІҢ КЕСІРІНЕН  ЕШҚАНДАЙ ДЫБЫС ЖОЙЫЛЫП КЕТПЕЙДІ

– Бірақ латынға көшкеннен қорқатын да адамдар бар. Олардың ойынша, өзімізге тән 9 әріптен айрылып қалуымыз мүмкін. «Ң» дыбысын айта алатын қазақ баласы азайып барады. Осы әріпті де жоғалтып аламыз деген алаң көңілге енгелі қашан.   Ал бұған сіз не дейсіз?

 Бүгінгі күнге дейін  реформада бірнеше әліпби халыққа көрсетілді ғой. Мына ұсынылған әліпби нұсқасы соның ішіндегі ерекшесі. Өйткені бұны әзірлеген тілтанушы ғалымдар. Қарапайым халық лингвист десе болды оны тіл маманы деп ойлап, кез келген лингвист әліпбимен айналысады деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде кез келген лингвист әліпбимен айналыса алмайды. Ал бұл іспен айналысу үшін жазу мәселесінің төңірегінде, тіл саласының айналасында біраз еңбектенуі керек. Ол салалар: фонетика, грамматология, фонология, тіл мәдениеті және ортологиялық кодификация. Тіл дегеніміз біз ойлағандай қатып-семіп қалған дүние емес. Ол өзгереді. Ал  сөздіктердің қазіргі қоғамның санасына ыңғайланып жазылуы зор еңбекті қажет етеді. Бұл ортологиялық кодификация деп аталады. Ал біздің тіл мәдениеті жақсы дамыған. Өйткені оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы тұрған. Сол кісінің айтып кеткен ғылыми негізі әл күнге дейін дәстүр сабақтастығымен жалғасып келеді.                                                                                             Жұрттың алаңдауы дұрыс. Бірақ латын әліпбиіне қазақтың 28 төл дыбысы түгел қамтылған. Ешқайсысының  әліпбидің кесірінен  жойылып кетеді деген қаупі жоқ. Ал жаңағы «Ң» дыбысын айта алмаудың әліпбиге еш қатысы жоқ. Оның себептерін біз қазір іздестіріп жатырмыз. Ғалымдарымыз «Ң» дыбысын айта алмаудың бірнеше себептерін көрсетіп отыр. Лингвистикалық үрдіс тұрғысынан қарайтын болсақ бұл әріп тіл арты, көмей дыбыстарына жатады. Және көне сипатқа ие. Мысалы түрік тілінде, украин тілінде «Ң» дыбысы болған,  қазір жоқ. Яғни келешекте бізде де болмауы мүмкін. Бірақ бізге бұл әріпті жоғалтуға болмайды. Мысалы «жана, жаңа» сөздерін алайық. “Жана” десек етістік болады, бірнәрсені жанап өту деген сөз. Ал “жаңа” десек сын есім. Яғни  «ң» мағына ажыратып тұр. Бұл дегеніміз «ң» әріпі біздің  тілімізге әбден орнығып алған дегенді білдіреді. Ал біз бұл дыбыстан айрылып қалсақ лексикалық омонимдер мен грамматикалық омонимдер көбейеді. Біздің тілде онсыз да омонимдер көп. Ал омонимі көп тілді меңгеру қиындау. Сол себептен біз «ң» дыбысын жоғалтпауымыз керек.

БАСҚА ӘЛІПБИДІ ҰСЫНҒАН КІСІЛЕР ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІН ЖАЗУҒА ҚҰЛЫҚТЫ БОЛМАДЫ

– Тағы бір дау туғызған сұрақтардың бірі «ө,ү,у» әріптері. Осы әріптерге байланысты «W» «даблю» таңбасын неге алмады дейді.  Осыған пікіріңіз?

Осындай сауалдардың жауабын беру үшін біз ылғи қоғаммен байланысқа шығып отырамыз. Ғылыми мәселелерді халық түсінетіндей кодификация жасап жұртшылықтың санасына оңай жету үшін түсінікті мәтінмен береміз. Бірақ кейде осындай мәселелерді қарапайым тілге салып түсіндіру қиын болады. Мысалы бір әліпбиден екінші әліпбиге көшкенде қоғамда сөзсіз дискомфорт болады. Өйткені жазу деген ауыздан шыққан сөздің бәрін таңбалайтын құрал емес. Алайда кез келген жазу дыбыстық немесе иероглифтік жазу болса да оларға ортақ бір қасиет бар. Ол – сурет. Біз жазуды басында дыбыстармен үйренеміз. Одан кейін бізге жазуды түсіну үшін дыбыстың қажеті жоқ. Біз оларды жаттап аламыз және графикалық образбен оқимыз. Жазудың тұрқы адамға  тез түсінікті болуы керек. Себебі ол адамның ойын жеткізеді. Әліпбиді ауыстырған кезде алдыңғы әліпбиді қолданып үйреніп қалған қауыммен санаспаса болмайды. Біз кирилде қолданған емле ережесін түгел өзгертіп тастай алмаймыз. Тек артық таңбаларды ғана алып тастаймыз.  Бірақ жазудың қалыптасқан нормасы мен базасы қалады. Ал жаңа ұсынылған әліпбиде жаңағы сіз айтып отырған әріптердің төл сөзде былай, кірме сөзде былай айтылып, жазылады деген мәселе жоқ. Өйткені ұсынылған әліпбиде барлық таңбалар бірізді, тек қазақ тіліне арналған. Жаңа әліпбиді қолдансаңыз, түсінсеңіз сізді мұндай сауалдар мазаламайды.

– Әлімхан Жүніс ағамыздың ұсынған балама әліпбиінде көптеген таңбаның басқа  баламасы ұсынылады. Оны неге ескермедіңіздер?

– Біз қабылдайық дедік. Ал сіздер емле ережесін жазып беріңіздер. Бірақ, ол кісілер емле ережесін жазбады. Сол себепті де біз ол таңбаларды қабылдай алмадық.

– Осы әліпбиді жасауға үш жарым мың ғалым қатысты деп айтылды. Бірақ мен білетін  Әлімхан Жүніс, Ерден Қажыбек, Анар Салқынбай, Орынай Жұбаева сынды ғалымдар біз бұл жобаға қатыспадық деп сынап жатыр. Сонда қандай ғалымдар қатысты?

Өте жақсы сұрақ.  Кезінде орфографиялық жұмыс тобы құрылды. Топтың құрамына біздің институттың мықты тіл мамандары  мүшелікке алынды. Оның ішінде профессор Нұргелді Уәлиев бар. Бұл кісі көптеген сөздіктің авторы. Нұргелді мырзаның кандитаттық диссертациясы “Қазақ жазуының фонологиялық негіздеріне” арналған. Яғни әрбір таңбаның дыбыстық мазмұнын, жазуға түскен кезде неге оның тұрқы осындай болады деген мәселелерді терең зерттеген.  Және Рәбиға Сыздықованың шәкірті болғандықтан жанында жүріп көп нәрсе үйреніп, «орындыққа байланып» жұмыс жасаған. «Байланып» деген сөзге басымдық беріп айтып отырған себебім студент кезімізде академик Әбдуали ағай: сендер кімді нағыз ғалым деп ойлайсыңдар?-, деп сұрақ қоятын. Біз болсақ “ақылды, білімді” деп жауап беретінбіз. Сонда ағай: “жоқ, ғалым деген құйрығы орындыққа байланатын адам” деп түсіндіретін. Яғни бар жанымен сол жұмысқа  кірісетін адам. Одан кейін профессор Айман Алдашова бірнеше орфографиялық сөздіктің авторы. Бұл кісі де Рәбиға апайдың  кодификация мектебінен өткен. Әрі грамматолог, нағыз жазу теориясының  маманы Құралай Күдеринова бар. Сосын бірнеше жыл сабақ берген, қазақ тілінің монографиясын жасаған профессор Бағдан Момынова, профессор, академик Зейнеп Базарбаева бар. Зейнеп апай қазіргі қазақ фонологиясын, санадағы тілдің таңбаларын зерттеген тұңғыш ғалымымыз. Одан кейін топта Ерден ағайымыз, Әлімхан ағайымыз бар. Ерден ағайымыз түркі тілдеріндегі түбір мәселесін зерттеген түркітанушы. Әлімхан ағайымыз ауызша сөздегі сөздердің бүкіл жүйесін зерттеп, ерекшелігін анықтаған. Бұл тек біздің инситуттың адамдары ғана. Жаңағы сіз айтқан  кісілер де орфографиялық топтың құрамында болды. Бір кездері бізбен бірге жұмыс істеді. Топтың құрамы өзгеріп отыратындықтан ол кісілер шықты. Сондықтан ол кісілер «менің айтқан сөзім ескерілмеді» деп айтса мен келіспеймін. Себебі кейін ол кісілер топтың құрамында болмаса да жұмыс барысында арнайы баяндамалар бойынша шақырғанбыз. Бірақ жұмыс тобындағы ғалымдар ол кісілердің пікірімен келіскен жоқ.

– Біздің қоғам қазақтілді және орыстілді қоғам деп екіге бөлінеді. Егер біз латын графикасына көшсек орыстілді қоғам кирилл графикасында қалса, қоғам бір-бірінен одан сайын алшақтай бермей ме? Өйткені біздің биліктің тілі орыс тілі ғой.

 Бұған менің көзқарасым мүлде басқа. Бізде бір құбылыс бар, бірақ оны ешкім айтпайды. Мысалы сіз бала бақшаларды аралап көрсеңіз қазақ балабақшаларында бұрын бірде-бір орыс балалалары болмайтын. Ал қазір көп. Қазақ мектептерінде оқып жүрген өзге ұлт өкілдерінің балалары көп. Неге екенін осы мәселемен айналысу керек сияқты. Сонан кейін қазақтілділер мен орыстілділердің арасы алшақтады деген нәрсеге мен күдікпен қараймын. Өйткені, 30 жылда алшақтауы мүмкін емес, керісінше жақындаған секілді. Бұны ешкім зерттеп, анықтап жатқан жоқ. Ал жаңа әліпбиге көшсек  қазақтілді қауымдастықтың  имиджі көтеріледі. Қазақ тілінің  статусы көтеріледі.   Әлеуметтік  әртүрлі топтардың арасында бір топтың имиджі мен статусы көтерілсе  қалғандары да оған тартылады.  Мен бұған сенімдімін.

– Латын әліпбиіне қашан көшеміз?

 Ұлттық комиссияның отырысында премьер министрге білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы білім беру жүйесінің латын әліпбиіне көшірудің қадам-қадамдық жоспарын таныстырды. Сол жоспар бойынша биылғы жылы дайындық жұмыстары жүреді. 2021 жылы яғни биыл бала бақшаның жоғарғы топтары, мектепке даярлық топтарында латын әліпбиі сол деңгейге орай түсіндіріледі. 2022 жылы 1 сынып оқушысы латын әліпбиімен әліппесін қолына алады. Сөйтіп ары қарай жылжи береді. Және 2022 жылы  9-11 сынып оқитын балаларға факультативті түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал толық қашан көшетінімізді әлі білмейміз. Жоспар бойынша  2025 жылға дейін толық көшуіміз керек болған. Алайда өзгерістер енгендіктен тағы екі-үш жылға алға жылжыды.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбатты жүргізген Есенгүл Кәпқызы

Таспаға түсірген және видео монтажды дайындаған Айғаным Айтақын. 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар