/////

Таңғажайып Қазақстан: Сіз Мұзтауды көрдіңіз бе?

5030 рет қаралды

Қазақстанның көркі саналатын Көлсай, Қайыңды көлдеріне мекен болған Кеген ауданы Алматы облысының оңтүстік-шығысында орналасқан. 2019 жылы Кеген ауданына 90 мыңға жуық турист келген екен. Былтыр пандемияға қарамастан 84 мың турист Кегеннің көз тартар көрікті мекендерін аралап қайтуды жөн санаған.

Кеген ауданы әкімі Байедилов Талғат Ескендірұлының айтуынша 2020 жылы туристерге 12 миллион теңгеге ақылы қызмет көрсетілген. Салыққа туризмнен 20 миллион теңгеге дейін түсім түскен:

– Туризм саласын дамыту мақсатында Көлсай, Қайыңды маңынан 6 ірі жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Келген туристерге Еуропалық стандартқа сәйкес сапалы қызмет көрсетуді көздейміз. Ішкі туризмді дамыту үшін инфроқұрылымға көңіл бөліп отырмыз. Біз туризм бойынша екі бағытта жұмыс жүргіземіз. Біріншісі, Саты көлдері яғни Көлсай, Қайыңды бағыты. Көлсай көліне жол болмаған еді, қазір салынды. Қайыңдыға баратын жол 12 шақырым. Бұл жол салынбаған. Қазір осы жолдың жұмысын қолға алдық. Бұл жобаның құны 2 миллиардтан асады. Мемлекеттік сараптамадан өтетін болса, 2021 жылдың екінші жартысында жүзеге асырамыз.

Екінші бағыт Қырғыз Республикасына қарай Қарқара жайлауы жолына жөндеу жұмыстарын жүргізуді қолға алсақ па дейміз. Мыңжылқыдан Қырғыз Республикасына қарай үлкен “Хантәңірі” альпинистік лагері бар. Сол жерде туризмді дамыту үшін бюджеттен 200 миллион теңге бөлдік. Жиырма шақырым жерді жөндеуден өткіземіз – дейді аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, туристерге қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында ауыл тұрғындары өз бетінше ағылшын тілін оқып жатыр. 2021 жылы тіл үйрену курстарын ашу жоспарда бар екен.


ДЕМАЛУШЫ: КӨЛСАЙ ҚАСИЕТТІ ЖЕР ДЕП ЕСЕПТЕЙМІН

  Кеген ауданы, Саты ауылының тұрғыны Аян Төленді туристерді атқа мінгізіп, Көлсай көлдеріне қыдыртады. Қонақтарға екінші Көлсай, үшінші Көлсайға шағын тур ұйымдастыру Аянның бала кезден атқарып жүрген кәсібі екен:

– Менің күнделікті табыс көзім осы аттарым. Одан бөлек Көлсайға келген туристерге қонуға үй береміз. Көлсай ерекше әдемі. Бірінші Көлсайдың тереңдігі 75 метр, екінші Көлсайдікі 45 метр, үшінші Көлсайдікі 30 метр. Бірінші мен екінші Көлсай арасы 8 шақырым, екінші мен үшінші Көлсай арасы 5 шақырым, бірінші мен үшінші Көлсай арасы 15 шақырым. Барып келу 30 шақырым. Екінші Көлсайға барып, қайту 15 мың теңге. Барып қайту жолы 3 сағат, барған соң 1 сағат демалады, сонымен жалпы 4 сағат уақыт кетеді. Туристер маусым мен қыркүйек айы аралығында көп келеді. Биылғы қыста бұрынғыдан қарағанда біршама көп келіп жатыр. Осы жылы қыстық қонақ үйлер салынды, бәлкім бұл да келушінің көбеюіне әсер еткен шығар.

  Біз Көлсай көлінде коньки теуіп, демалып жүрген қонақтарды байқадық. Көлдегі шағын мұз алаңы арнайы коньки тебу үшін даярланғандай. Алматы тұрғыны, йога тренері он жылдан бері Көлсайға келіп жүрсе де, қыста алғаш рет конькимен келген екен:

– Мен Көлсай көлдеріне 2010 жылдан бері келіп жүрмін. Көлсай көлдерін өте қатты жақсы көремін. Табиғаты, суы, беретін энергиясы ұнайды. Қасиетті жер деп есептеймін. Өзім йогадан сабақ беремін. Сол себепті 2017 жылдан бастап Көлсайға тур жасаймын. Негізінен жаз мезгілінде келеміз, ал қыста өзім бірінші рет келіп тұрмын. Ауыл адамдары коньки тебуге болады деген соң өзіммен бірге коньки алып келдім.

Йога тренері Көлсай мен Қайыңды көлдеріне модернизация қажет емес деп есептейді. Осы шынайы қалпын сақтаған әлдеқайда жақсы дейді:

– Туризмді дамыту үшін бәрі модернизациялау керек деп жатыр. Бірақ мен осы жабайы табиғатты қалдыру керек деп ойлаймын. Мысалы, Қайыңдыға арқанжол (канатная дорога) жасаймыз дейді. Жету қолайлы болатын шығар, бірақ келушілер көп болып кетсе кері әсерін бере бастайды. Жеткісі келетін адам қиындыққа қарамай, жете алады. Шетелде жабайы табиғатты сақтауды көздейді. Олар осындай шынайы табиғатты іздейді. Оның үстіне ауыл адамдары туризм арқылы ақша тауып отыр. Барлығы автоматизация болып кетсе, ол адамдарға да қиын болады. Көп қолайлылық жасамайық. Керісінше шеттен келген туристер үшін дәл осындай табиғат ерекше көрінеді, – дейді йога тренері.

КЕГЕН КЕРЕМЕТІНІҢ БІРІ МҰЗТАУ

Кеген ауданы табиғатымен таңғалдырған көлдерінен бөлек, ерекше көзге түсетін алып мұзтауымен де әйгілі. Қыс мезгілінде айналасына көрік беретін алып мұзтаудың пайда болуы жайлы тұрғындар арасында әртүрлі пікір бар. Бұл әсем бейне 90 жылдардың басынан келе жатқанымен, соңғы жылдары ғана атағы жер жарған мұздыққа айналды.

Халықтың көп келуіне байланысты бұл алаңда шағын сауда жасап жүргендер де бар. Түрлі тәтті, сусын сатып тұрған Бауыржан Бекбатыровтың айтуынша, ауыл жастары ағып жатқан суды аспанға атылатындай етіп жасаған екен:

– Бұл бұрын жай ағып жатқан су болатын. Кейін ауыл жастары аспанға атылатындай етіп бұрқақ жасады. Алланың құдіретімен қазір осындай алып мұзтауға айналды. Мұзтау 1993-1994 жылдардан бастап бар. Осы көркін мамыр айына дейін сақтап тұрады. Кейін күн жылығанда еріп, өзінің арнасымен ағып кетеді. Айналаны су алмайды, – дейді жергілікті тұрғын Бауыржан.

Мұзтаудың айналасы мерекеге айналғандай әсер сыйлайды. Демалып жүрген туристер, ән салып жүрген әжелер ансамблі, бір-бірімен жарысып, өнер көрсетіп жүрген көкпаршылар да бар. Алматы облысы көкпаршылар капитаны Тобажан Жанарыспен жүздесіп, көрсеткен өнерлері жайлы сұрадық:

– Біз осы жерден 5 шақырымдай орналасқан Бөлексаз ауылының тұрғынымыз. Кішкентай кезімізден осы мұзды көріп көзайым болып өскенбіз. Бұл жерде бір темірден су ағып жатыр, сол атқылап мұзға айналып тұр. Алланың берген көрінісі. Алғаш рет тамашалаған адамдарға өте қызық көрінеді. Біз бұл жерде ат өнерін дамытуға үлес қосамыз. Ауыл тұрғындарын атқа мінуге баулимыз, – деді топ басшысы.

Арнайы мұзтау көрінісін тамашалау мақсатында келген турситер саны біршама. Қапшағайдан келген ерлі-зайыпты Айгүл Сабанчиева мен Ерлан Бекжанов алып мұзтауды көруге алғаш рет келген екен:

– Біз бұрын суреттен, ғаламтордан көріп жүрсек те бүген бірінші рет келіп тұрмыз. Осы мұзтауды тамашалауға арнайы Қапшағайдан туыстарымызбен бірге келдік. Бізге қатты ұнады, керемет көрініс екен. Бұл да бір Құдайдың жаратылысы деп есептейміз. Бұл жерді ақылы жасаса да адамдар көп келеді деп ойлаймыз. Ақылы болса сырғанайтын орындар дайындап, халыққа жағдай жасайтын болар. Сонда да ақылы қылу дұрыс емес деп есептейміз.

Пандемия сырт елдің сұлу табиғатын емес, өз еліміздің әсем жерлерін тамашалауға мүмкіндік берді. Қазақстанның өзге елден табыла бермейтін таңғажайып өзен, суы, орман, нуы баршылық. Көркі көз тартар табиғатымызды аралау арқылы ішкі туризмнің дамуына да үлес қосатынымызды ұмытпайық.

Cуреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі