//

Рахатдин ТӘЖІ, Музыка пәнінің мұғалімі:  Қазақ баласының төл музыкасынан неге алыстап кеткені ешкімді мазаламайды

2138 рет қаралды

Әлемдегі ұлттарды бір-бірінен ерекшелеп, даралап тұратын оның тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі. Ал музыка мәдениеттің – мәйегі. Кейінгі жылдары музыка әлемі жаппай эстрадаға бет бұрғаны белгілі. Бұл әдет Қазақстанды да айналып өтпеді. Тіпті дәстүрлі қазақ музыкасы тасада қалып, жас буын музыканы тек эстрадамен ғана байланыстыратын болды. Жасты да жасамысты да өзіне еліткен қазақ эстрадасының өзінде де ұлттық бояу жоқтың қасы. Кейінгі жылдары шыққан әндердің ырғағынан өзге ұлттардың сан түрлі бояуын байқау қиын емес. Мұның себебі неде?

«Музыкада шекара жоқ» деген тұрақты тіркесті бұл орайда қолдану  дұрыс болмас. Әуеннің ұлттық бояуын жоғалтып, өзге әуенмен мидай араласуын ұлттық музыканы бойына сіңірмей өскен, ұлттық ән-күйдің уызына жарымаған ұрпақтың өсіп жетілуінен болды десек мәселеге бір табан жақындайтын секілдіміз.

Қазақстандағы жалпы білім беретін мектептерде көп жылдан бері музыка пәні тек 6 сыныпқа дейін ғана оқытылады. Ал музыканың күрделі сала екенін ескерсек, олқылық дәл осы тұстан кетті десек қателеспейміз.

Біз әңгімелескен  Рахатдин Тәжі есімді азамат 30 жылға жуық педагогика саласында қызмет етіп келеді. Алматы қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы 123 мектеп-гимназияда музыка пәнінен сабақ беретін Рахат мырзаның айтуынша 6 сыныпқа дейін оқытылатын пән бағдарламасының мазмұны де сын көтермейді.

«Қазақстан мектептеріндегі музыка пәнінің тоқтап қалуын және 6 сыныпқа дейін оқытылатын бағдарлама мазмұны жайлы біз үнемі айтып жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, қазақ мәдениетіне байланысты өткен түрлі деңгейдегі конференцияларда да музыка пәнінің мазмұнына қатысты мәселені жиі айтамыз. Алайда еш нәтиже жоқ. Қазір мектепте оқытылатын музыка пәнінің мазмұнына және оның алтыншы сыныптан бастап тоқтап қалатынына мектеп директорларының да, басқаның да басы ауырып жатқан жоқ, тіпті ата-аналар да оған мән бермейді. Себебі тәуелсіздік алған жылдардан бері музыка пәні өзін солай көрсетті. Оған көпшілік пән ретінде қарамайды. Тіпті, музыка пәнінен сабақ беретін оқытушылардың көбі қазіргі оқытылып жүрген музыка пәнінің қазақтың төл мәдениетінен алшақ екеніне мән бермейді. Бар ма бар, бағдарлама жасалған ба жасалған. Қазақ баласы ұлттың төл музыкасынан неге алыстап кетті? Неге ұлттық әуенді тыңдамайды? Неге домбыра ұстамайды? Жас ұрпақ неге жаппай эстрадаға ауып кетті? деген сұрақ ешкімді мазаламайды…

Кеңес үкіметі құлағаннан кейін музыка пәнін 6-сыныпқа дейін ғана оқыту керек деген ұғым пайда болды. Тіпті бұл пәнді алып тастау керек дегендер де шықты. Ал қазір музыка сабағы 1-6 сынып арасында әр сыныпқа аптасына 1 сағат қана болады. Бұдан бала музыканы толық меңгере ала ма?.. Жоқ! Тек   шолып қана шығады, шала-пұла хабар алады.

Оқулыққа қазақ мәдениетінің элементтерін енгізген, оны жоққа шығара алмаймыз. Мәселен 5-сыныпта «Айтыс өнері», 1-2 сағат «Күй құдіреті» тақырыбы бойынша Тәттімбет, Құрманғазы аталарымыз, төкпе күй мен шертпе күй жайында жалпы мәлімет берген. Оның өзі жәй хабарлама ретінде ғана. Жалпы қазіргі музыка пәнінің оқулықтары балаға білім бермейді, тек музыка жайлы хабарлама береді. Сырттай қарағанда қазақ музыка өнеріне қатысты мәліметтің бәрі бар болып көрінеді, одан артық не керек деген ой болады. Ал үңіле, зерделей қарасаңыз тек музыка өнерінің бетінде қалқып қана жүргенін түсінесіз. Оқулықтарда баланың жас ерекшелігі ескерілмеген, ұлттық құндылық негізге алынбаған.

Бір сыныпта 35-40 бала отырса соның үш-төртеуі ғана домбыра  ұстайды

Қазір бұл бағдарлама Білім және ғылым министрлігінде қайта қаралып жатыр. Алайда, ұсынылып жатқан оқулықтарда Еуропа классиктеріне басымдық берілген. Мағжан Жұмабаев, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов т.б. қазақ ғалымдарының педагогикалық еңбектеріне негізделмеген. Музыка пәні бойынша бағдарлама ұлттық музыкаға негізделмесе оның атын өзгертіп, сағатын ауыстырғанмен ештеңе өзгермейді.

Егер музыка пәні бағдарламасы ұлттың мәдениетіне негізделсе біріншіден, қазақтың ұлттық мәдениеті сақталады, екіншіден балалардың шығармашылығына жол ашылады. Ал музыкаға көзқарас қазіргі музыка пәнінің бағдарламасындағыдай жалпы мәліметпен шектелсе онда біздің ұлттық музыкамызды болашаққа жеткізу жеткізбеуіміз екіталай… Кеңес өкіметіне дейін кез келген қазақ домбыра тартса, айналдырған жүз жылға жетпеген уақыт ішінде қазақ өз мәдениетінен тым алыстап, тіпті домбыра ұстауға ұялып жүр. Бір сыныпта 35-40 бала отырса соның үш-төртеуі ғана домбыра ұстаса ұстайды, ұстамаса ол да жоқ.

2019 жылы Ұлттық домбыра күнінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет деп жазды. Оған күллі қазақ қуанды. Алайда, оның жүйелі бағдарламасы жасалып, міндетті сағат ретінде енгізілмеген соң іске аспады. Домбыра сабағын міндеттеу үшін одан сағат аямау керек, педагогикалық оқу орындарына маман даярлауды тапсыру керек. Жүйелі түрде жасалмаса, домбыраны насихаттау науқандық шара ретінде қала береді.

Дәулескер күйші-композитор, зерттеуші ғалым, ұстаз, ҚР мәдениет қайраткері өнер ғ.к. Абдулхамит Райымбергенов, Қашаубаев атындағы 1-ші музыка мектебі директоры өнер ғ.к. Сайра Шәкірқызы,  белгілі жыршы Ұлжан Байбосынова, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ұстазы Айгүл Байбекованың авторлығымен музыка пәнін оқыту бойынша «Мұрагер» бағдарламасы жасалған еді. Оны 1994 жылы Білім және ғылым  министрлігі бекітіп, еліміздің 70-80 мектебінде эксперименттен өтіп, нәтижесін берген. Алайда, бір-екі жыл жұмыс істеген соң ол бағдарлама алынып тасталды.    Әлемде дәл осы «Мұрагер» бағдарламасы секілді ұлттық ерекшелікке негізделген бағдарлама жоқ. Музыка пәнін осы бағдарламамен оқыған  балалардың ойлау қабілеті, сабаққа ынтасы, ұлттың мәдениетіне деген көзқарасы өзге балалардан мүлде бөлек. Олар ұлттық музыканың ерекшелігін таниды, сезінеді, сеніген соң бағалай алады.

Ал қазіргі бағдарлама музыкаға тек кіріспе мәлімет беретіндіктен басқа ұлтты былай қойғанда, қазақ музыкасының қазақ өмірінде орны жоқ».

Мұрат ӘБУҒАЗЫ,  күйші, өнер зерттеуші:

 Музыка пәні музыка өнері жөнінде жалпылама түсінік береді

Рахатдин Тәжі мырзаның пікірнен кейін біз 6 сыныпқа арналған музыка пәні оқулығының авторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, өнер зерттеуші  Мұрат ӘБУҒАЗЫ мырзаға хабарласып бірқатар сауал қойдық.

– Музыка пәнінің оқулығының авторы ретінде Музыка пәнінің 6 сыныптан соң оқытылмауына қалай қарайсыз?

– Музыка пәнінің 6 сыныптан ары қарай оқытылмауы дұрыс емес деп санаймын. Себебі музыка күрделі өнер. Жас баланың енді оң-солын танып, ақыл-ойы толысып, сана-сезімі қалыптасып келе жатқанда музыка пәнінің тоқтап қалуы үлкен қателік дер едім. Музыка адамның жан дүниесін байытатын, эстетиткалық талғамын қалыптастыратын, ізгілікке тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Сондықтан музыка пәні 11 сыныпқа дейін үзілмей оқытылуы тиіс.

– 1-6 сынып аралығында аптасына 1 сағат оқытылатын пәннен оқушы ұлттық музыканың, жалпы музыканың маңызын ұғынып үлгере ме?

– 6 сыныпқа дейін музыка пәні музыка өнері жөнінде жалпылама түсінік береді. Сол себепті қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері жөнінде бала толық біліп шығады деп ойламаймын. Ұлттық тәрбиенің негізі дәстүрлі өнерде жатыр. Жас жеткіншектердің болашақта нағыз ұлтжанды адам болып қалыптасуы үшін ұлттық өнерді неғұрлым санасына құйған абзал. Менің ойымша 6 сыныптан ары қарай дәстүрлі ұлттық музыка туралы тереңдете білім берген жөн.

–  Музыка пәнінің алтыншы сыныптан соң тоқтап қалуы қазақтың дәстүрлі музыкасының, халық композиторлары мен дәстүрлі әні мен күйінің қағажу қалуына әсері бар деп санайсыз ба?

– Қазақтың дәстүрлі музыкасы сан-салалы, аса бай, кең ауқымды болып келеді. Дәстүрлі әншілік-күйшілік, жыршылық өнер бірнеше өлкелік мектептерге жіктеледі. Оқушыға осы дәстүрлі мектептерден мол мағлұмат берілуі керек. Тек мәлімет берумен ғана шектелмей, әр мектептің ерекшелігін ажырата алатындай болуы керек. Қазіргі таңда дәстүрлі музыкалық өнердің байыбына барып, түсініп тыңдай алатын тыңдаушыдан ажырап бара жатырмыз. Қазақтың дәстүрлі музыкасын жалпы білім беретін мектептерде оқытуды қолға алсақ осы олқылықтың орнын толтырып, ұлттық өнерді түсініп қадірлей алатын ұрпақ тәрбиелей аламыз.

– Музыканың қоғамдағы орны қандай деп ойлайсыз?

Музыканың қоғамдағы рөлі зор. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты, рухани құндылықты сақтап қалу маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Қазір көп айтылатын қазақ тілінің даму мәселесіне септігін тигізетін бірден- бір сала дәстүрлі музыка өнері екендігі айқын. Себебі қазақ тілімен оның ауыз әдебиеті мен бай музыкалық мұрасы бөліп жарып қарауға болмайтын тұтас нәрсе. Сондықтан ұлттық болмысты сақтаймыз десек ұлттық дәстүрлі өнерді дамытуымыз керек деп ойлаймын.

Қазақ қоғамында қазақтың төл мәдениеті мен өнері жайлы көп айтылып, көп жазылады. Алайда, оның не себепті өрісі кеңеймей, эстраданың тасасында қалып қойғанының себебін ешкім іздегі келмейді. Иә, музыканы жалпы мектепте тереңдетудің қажеті не, өнерге талпынған адам музыка мектептерінде оқып алады ғой деген уәж айтылуы мүмкін. Алайда, музыка мектебі мен музыка үйірмесіне барлық отбасының қаржысы жете бермейді әрі шалғай аудандар мен ауылдарда музыка мектебі мен музыка үйірмесі жоқ. Мұндайда қазақ баласының ұлттық музыкадан алыстауын, жаппай алуан ұлттың ырғағы араласқан эстрадаға бет бұруын қолдан жасап жатқанымызды мойындамасқа шара жоқ…

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар