///

Домбыра – бабалар аманаты

1221 рет қаралды

Тамыры сонау неолит дәуірінен бастау алған 4 мыңжылдық тарихы бар ең көне аспаптардың бірі саналатын киелі домбыра – ұлттық өнердің қайнар бұлағы. Қазіргі таңда домбыра үйренудің аясы кеңейіп, қай жерге бармасаңыз да саз мектептері мен мұндалап тұрады. Дариян ауылының балаларын өнерге баулып, білгенімен бөлісіп жүрген сондай ұстаздың бірі – Гүлден Бақтығалиқызы.

 Біздің бүгінгі кейіпкеріміз 1986 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылында дүниеге келген. 2004 жылы аймақтың мақтанышына айналған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасына «домбыра» мамандығы бойынша оқуға түседі. Университет қабырғасында оқып жүріп «Бапас сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің белсенді мүшесі болады.

Гүлден ханым 2014-жылдан бастап бүгінгі күнге дейін БҚО Бәйтерек ауданы, Дариян балалар саз мектебінде домбыра класы бойынша ұстаздық қызмет жасап келе жатыр. Өнер саласында жүріп жиған тәжірибесі ұшан-теңіз. Айталық, студенттік шағынан бастап 2006-2022 жылдар аралығында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясында, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінде домбырашы боп қызмет атқарған. Онымен қоса «Құрмет» ордені мен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетовтен тәлім алған. Енді, міне, өзі де ұстазының ізін басып шәкірт тәрбиелеумен айланысады.

 «Отбасы өнегесі – Отан өнегесі» демекші Гүлден Бақтығалиқызы өнерлі отбасыдан шыққан. Тағдырын өнермен байланыстырған тұңғиық кейіпкер өз кезінде Айгүл Үлкенбаеваға қарап бой түзеп, сол кісідей болуды армандаған.

Домбырада ойнау кез келген адамның қолынан келе ме? Әлде бұл аспапты меңгеру үшін дүниеге туа бітті талант иесі боп келу шарт па?

Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келетін іс. Тек төзімділік, шыдамдылық, табандылық және ең бастысы икемнің болуы шарт. Ал музыкант болам дейтін адам еңбекшіл, талантты, шыдамды бола білуі тиіс.

Домбыра аспабының болашақта балаларға берер мүмкіндіктері қандай?

Баланы өнерге баулуы, оның табиғатын ашып, бойында эстетикалық талғам қалыптастыруы – басты фактор. Себебі, домбырадан бөлек кез келген аспапта ойнай алатын бала мен аспапта ойнай алмайтын баланың айырмашылығы жер мен көктей. Өнерге жақын баланың мінезі жұмсақ, жаны нәзік болады. Ер бала болса да ойнағалы отырған шығармасын жүрегінен өткізіп, жан-тәнімен сезіне алады. Домбыра аспабын игерген бала жүрген жерін ән мен күйге бөлеп жүреді. Студент болған шағында да, үлкен өмірде де домбырасы оны алға сүйреп, әрқашан жетелеп жүреді.

– Осынау аспапты меңгеру үшін баланы қанша жасынан бастап домбыраға берген абзал?

Шамамен, бала оқу-жазуды игеріп қалған 8-9 жасында беруге кеңес беремін. Өйткені, домбырамен қатар саз мектебінде сольфеджио сабағы да қатар жүреді. Ол кезде оқушы тақтадан жазып, мұғалімге ілесіп отыруы қажет.

– Домбыраның адам денсаулығына тигізер пайдасы қандай?

Бұл аспаптың бір ерекшелігі оны ойнаған сәтте адам денесіндегі 12 мүшенің барлығы да қимылдайды. Саусақтары, білезіктері қимылдап, орындықтағы отырысының өзіне дейін қадағаланады. Арқаны, мойын мен иықты тік ұстау сүйектің дұрыс қатаюына әсер етеді. Домбырада ойнау баланс сақтауға көмектеседі, мидың жұмысын жақсартады деп айтуға болады, – дейді Гүлден Бақтығалиқызы.

 Гүлден ханым сахна орындаушысы, дерижер немесе оркестр-ансамбль әртісі болудан гөрі домбыра пәні мұғалімі болуды құп санады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші өнер иесінің айтуынша, өзге балалардың бойындағы талантын ашып, артыңнан із қалдыра білу де маңызды. Білгеніңмен бөлісіп, үйретіп отырудың өзі бір ғанибет.

Әр бала – жеке тұлға. Осынау ойды ұстанатын ұстаз баланың болмысына, мінезіне, икеміне қарай олардың домбыраға құлшынысын ашу үшін әртүрлі жол таба білу керектігін айтады. Саз мектебіндегі ұстаздардың жұмысы ешбір психологтың еңбегінен кем емес. Керек кезінде сырлас құрбың, жол сілтер ақылшың, жанашырың бола алады. Гүлден Бақтығалиқызы: «Баламен тығыз қарым-қатынас орнатып, оның жан дүниесіне үңіліп, зерттеулер жүргізу арқылы бойындағы қабілетін ашамыз» дейді.

Айта кетелік, Президент Қ.К.Тоқаев: «Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылықтарымызды жастарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды» деген құнды оймен бөлісіп, домбыра үйірмесін мектептерге енгізген болатын. Кәсіби домбырашы Гүлден ханымның айтуынша, баланың топтық жағдайда домбыра ойнауды меңгеруі өте қиын. Себебі, олардың көп бөлігі күйді есту қабілеті арқылы үйренеді. Нотамен жұмыс істеп, оны әрі қарай дөңгелетіп алып кетудің өзі біраз уақыт алады. Гүлден ханымның домбыра үйретудегі тағы бір ерекшелігі – баланы нота тілімен жаттықтыру. Әр ілімнің өз іргетасы болады. Нота музыка әлемінің әліппесі іспетті.

9 жылдан астам уақыт ішінде 20-ға жуық шәкірт тәрбиелеген Гүлден Бақтығалиқызының жетістіктері де аз емес. Мәселен, биыл Дариян ауылында өткен «Жыл үздігі 2022» байқауында «Үздік ұстаз-2022» номинациясын еншіледі. Шәкірттері Жанболат Абилкаирұлы мен Оралбек Ергашов та өнер байқауларынан жүлделі орындарды иеленіп жүр. 7-сынып оқушысы Жанболат 2021 жылы «Күй құдіреті» қашықтық фестиваль-байқауының I дәрежелі лауреаты атанды. Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Дала ұстазы» сайысында I дәрежелі дипломмен марапатталып, БҚО Мәдениет басқармасы облыстық балалар шығармашылығы фестивалінде айрықша таланты мен өнері үшін II орын иеленді. Бұдан бөлек тағы да басқа аудандық, облыстық сайыстарда топ жарып, көзге түсті. Шәкіртінің биіктен көрінуі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі.

2018 жылдың 13 маусымынан бері шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні ретінде тойланып келеді. Бұл шараның мақсаты  ұлттық мәдениетіміз бен бірегейлігімізді сақтау болып табылады. Бабадан мирас боп қалған қоңыр домбыраны дәріптеп, аясын кеңейтіп жүрген Гүлден ханым секілді ұстаздар қатары көбейе берсін.

Мәдина Ибрагим,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі