/

Рахым Айып: “Нұрлы көш” бағдарламасы жақсы бағдарлама еді. Алайда, біздегідей жемқорлық жайлаған жүйеде ондай бағдарлама жүзеге аспайды

3373 рет қаралды

Қандастардың ықтиярхат, босқын, азаматтық алуы қалай жүзеге асады? Көші-қон бағдарламасының олқылықтары қандай? Осы және өзге сұрақтардың жауабын білу мақсатында саясаткер, кәсіпкер Рахым Айыппен сұхбаттастық.

– “Minber.kz” сайтына ықтиярхат алу қиын деп қандасымыз хабарласқан еді. Біздің журналистердің көмегімен қандасымызға ықтиярхат алып бердік. Қазақстанда ықтиярхат алу қаншалықты қиын?

– Бұрын ықтиярхат алу үшін қажет құжаттар көп болған. Қазір айтарлықтай деңгейде қысқарды. Орындай алмайтындай қиын деуге келмейді. Бұрындары шығу парағы, сотталмаған анықтама деген секілді кедергілер бар еді. Олардың барлығы жойылды. Енді құжат алу қолжетімді. Міндетті түрде орысша толтыру керек деген шарт жоқ, қазақша да толтыра аласыз. Бізде бір ғана қиындық бар. Моңғолиядан келген ағайындардың құжатында ұлты жазылмайды. Ұлтын анықтап, қазақ екеніне көз жеткізу керек. Ал өзге елден келетін қандастар үшін ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын.

– Ықтиярхат ала алмай жүргендерге делдалдық қызмет істеп, құжаттарын дайындап беріп жатады. Бұл қаншалықты заңды?

– Егер ол адамдар шын мәнінде заңды тұлғалар болып құжат дайындауға, кеңесшілікке заңды түрде ақы алса, мемлекетке салығын төлесе, адамдар оның қызметін өз қалауы бойынша пайдаланса бұл жерде ешқандай заңсыз әрекет жоқ. Ал енді олар көші-қон полиция басқармасының адамдарымен астасып, делдалды жалдауға мәжбүр етер болса ол заңсыз. Мысалы, бір адам заңгердің қызметіне жүгінуі мүмкін. Заңгер ретінде бір адамның жұмысын жеңілдетіп бересіз. Себебі, сіз бұл істердің қалай жүзеге асуы керек екенін білесіз, тәжірибеңіз бар деген секілді. Бұл жұмыстың еш сөгеттігі жоқ. Яғни істің басын ашып алу қажет. Өткен ғасырдың соңы, жаңа ғасырдың басында біз де бұл қызметті атқарғанбыз. Халықаралық көші-қон ұйымы грант бөлді. Біз Нұрлы ауылына барып құжаттарды үйінде қабылдайтынбыз. Өмірбаянын жазып, құжатты толтырып, қолын қойдырып әкеліп өткізетінбіз. Халықаралық ұйымдар арнаулы ақы төледі. Адамдар үйінен шықпай-ақ азаматтық ала алатын деңгейде болды. Бір адамдар жеке ынтасымен ақылы қызмет көрсетіп жатса, өзге адам оның қызметіне жүгініп жатса еш әбестігі жоқ. Бұл жерде алаяқтық болмауы, мемлекетке салық төлеуі болса болды.

– Не себепті Қазақстанда заңды тұрғыда “босқын” мәртебесін алу қиын?

– Біз кезінде Орта Азияда босқындар туралы конвенцияға қосылғанбыз. Одан кейін Ауған соғысында, тағы басқа түрмелерде жатқан соғыс қылмыскерлері белгілі мерзімі біткен кезде түрмеден шығады. Жазасын өтегеннен кейін террорист болмауы мүмкін. Қауіпті элемент болса да Қазақстанға жібере салатын. Ол қылмыскерлер жақсы жаққа өзгерді ме, жоқ па бізге беймәлім. Конвенцияға қосылғаннан кейін Қазақстанға келгендерді алуға міндеттелдік. Қазақстан “біз босқын ба, жоқ па өзіміз қараймыз” деп 2010 жылы конвенциядан шықты. Барлық жауапкершілік, қауіпсіздік тікелей Қазақстанның мойнында. Бізде Қытаймен де шекараны бұзған адамды қайтару жөнінде өзара келісімшарт бар. Оны сақтауымыз үшін кей жағдайларда “босқын” мәртебесін бере алмаймыз. Алайда қандай да бір себептерге байланысты Қазақстан тәуекел етіп босқындарды қайтармады, өмірлеріне қауіп төнетінін біліп, алып қалды. Қытайдың елшісі “Сайрагүл Сауытбайды Еуропаға жібермей, Қытайға қайтару қажет еді. Ол Қытайға қарыз” дейді. Сайрагүл Қытайдың шекарасын бұзған жоқ, Қазақстанның шекарасын бұзды. Қазақстанда сотталды, жазасын өтеді, енді ол босқын адам. Қазақстанның Сайрагүлге босқын мәртебесін бермеуінің өзі Қытайға үлкен құрмет. Ал енді ол үшінші елге кетемін десе неге біз оның жолын тосуымыз керек? Ондай логика жоқ. Одан кейін келген азаматтарға босқын мәртебесі берілді. Шекараны бұзғанына қарамастан босқын мәртебесін беруіміз алға ілгерлеу деп ойлаймын. Шын мәнінде Қазақстанға рахмет айтуы қажет.

– Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Қытай Халық Республикасының азаматтығынан шығу міндетті ме?

– Қытайдың тәртібі бойынша сіз алдымен азаматтық аласыз. Тіркеуге тұрасыз. Қытайдың елшілігіне барып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым деп құжаттарыңызды өткізесіз. Қытайдың азаматтық заңына сәйкес мен Қытайдағы барлық байланысымды жоямын дейсіз. Үш айдың ішінде сізге жауап келеді. Азаматтықтан шығарамыз не болмаса сіз осы жерде қарыз екенсіз делінеді. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Қытай Халық Республикасының азаматтығынан шығу міндетті емес.

– “Көші-қон” бағдарламасы аясында қазір қандастарға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

– Қазір көмек тым үлкен емес. Себебі бізде берілген квота мөлшері тым аз, 378 квота деген ұят жағдай. Биыл Президент тапсырмасымен берілетін жәрдемақыларды бір еселеуді тапсырды, бірақ оның өзі жеткілікті емес. Ең басты мәселе квотаның аздығында. Кезінде мемлекет 10-15 мың отбасыға дейін көшірді. Біздің еліміздің 10-20 жыл бұрыңғыға қарағанда қуаты төмендеп кеткен жоқ. Бұл жерде барлығы пейілге байланысты деп есептеймін. Квота – бюджет. Қандастар оңтайлы қоныстанатын 7 облыстан “қанша адам қонысnандыра аласың?” деп сауал жолдайды. Олар болса барынша әурешіліктен қашып, азырақ береді. Бұл да бір себеп. Солтүстік Қазақстанды алайық, адам сыймай жатыр деп айта алмаймыз, керісінше адам тапшы, мектептер жабылып, адамдар басқа жаққа көшіп жатыр. Сол елді мекенді мемлекет стратегиялық тұрғыда толықтыру қажет. Бұл мәселеде стратегияны қайта қарау аса маңызды. Квота санын 10, 20 еселеп неге көбейтпеске?

– 2009 жылы “Азаттық Радиосына” берген сұхбатыңызда “Нұрлы көш бағдарламасы жүзеге асатынына күмәнім бар” деген едіңіз. Күмәніңіз сейілді ме?

– Менің күмәнім шындыққа айналды. “Нұрлы көш” бағдарламасы жақсы бағдарлама, алайда мына жүйеде іске аспайды. Расымен де іске асқан жоқ. Қағаз, картоннан үй салғандай болды, ол үй жылымайды, жекешелендірген жоқ. Бұл құрылысты толығымен жеке қолға беру қажет, ары қарай өздері жөндеп аламыз деді. Қандастарға керемет сапалы үй салып берсе, 4 пайыздық төлем олар үшін қиындық туғызбайтын еді. Бұл құрылыстың құжаты да жоқ. Үлкен жемқорлық фактілері жатыр, оған данышпан болудың қажеті жоқ.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Жадыра Жанарбек,

Жанерке Қаламхан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері