//

Қазыбек Иса, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: Түркіменстандағы қандастарымыздың виза мәселесі шешілуде

1370 рет қаралды
Түркменстаннан келіп, шекарадан өте алмай қалған қандастарымыз туралы бүгін Еңбек министрлігі Көші-қон комитеті төрағасы орынбасары Ерболат Абулхатин хабарласты.
Өткенде, 19 шілдеде “ҚАЙНАҒАН ЫСТЫҚТА ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ШЕКАРАДАН ӨТЕ АЛМАЙ ТҰР”-деп, мақала жазып, Түркменстаннан келе жатқан қандастарымыз шекарадан өте алмай тұрғаны туралы мәселе көтерген едік.
Атамекен деп аңсап келе жатқан қандастарды шекарадан шеттетіп тұрған шекарашылардың сылтауы- “Виза дұрыс емес, программа ауысқан”-дейді екен.
“ҚР Сыртқы істер министрлігі қандастарды сыртта қалдырып отыра бере ме, жоқ бұл жағдайдан хабардар болып, әрекет етіп жатыр ма?
Үкімет, Еңбек министрлігі Көші-қон комитеті не істеп жатыр?
Тез арада қандастарымызды кіргізіп алуымыз керек!”-деп жазған болатынбыз.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға да хабарлама жібердік. Бірден жауап беріп, мәселе шешіліп жатқанын айтқан министр ханымға рахмет.
Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Айбек Смадияров мессенджері мен телефонындағы жазбаға жауап бермегеніне қарағанда шілденің қатты ыстығында жақсы демалып жатқан секілді…
Ал осы тақырып бойынша бүгін телефон соғып, хабарласқан Еңбек министрлігі Көші-қон комитеті төрағасы орынбасары Ерболат Абулхатин мәселенің шешіліп жатқанын айтты. Бүгінде 222 адамның визасы қайта жасалып, елге өтіп жатқанын мәлімдеді. Енді Түркменстандағы 522 адаммен Қазақстан елшілігі Солтүстік өңірге бару туралы сөйлесіп жатқанын жеткізді. Жазбаша да анықтама жіберді.
Еңбек министрлігіне дер кезінде мәселеге араласып, істің нәтижесі туралы жауап бергені үшін рахмет айтамыз.
Этникалық қазақтардың Түрікменстаннан қоныс аударуы туралы
АНЫҚТАМА
 
2022 жылғы 3 мамырда ҚР СІМ № -22/27908 ҚР ЕХӘҚМ-ге ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін Түрікменстан Республикасынан (бұдан әрі – ТР) 821 этникалық қазақтарды Қазақстан Республикасына (бұдан әрі – ҚР) жаппай қоныс аударуды ұйымдастыру туралы хабарлама жіберілді.
Бұл азаматтар мемлекеттік шекарадан өтуге құқық беретін С10 визасын (этникалық қазақтарға жеке сапарға арналған виза) алды.
Алдын ала деректер бойынша барлық қоныс аударған қазақтар Маңғыстау облысын тұрғылықты жер ретінде таңдады, 342 адам Ақтау қаласына, 450 адам Маңғыстау облысының аудандарына, 19 адам Алматы қаласына, 2 адам Нұр-Сұлтанға және 8 адам Жаңаөзен қаласына көшуді жоспарлады.
490 адамнан тұратын топ құрылды, ұйымдастырылған сапар 2022 жылдың маусым айында Түркменбашы-Болашақ және соңғы Жаңаөзен станциясы бағыты бойынша темір жол көлігімен жоспарланған болатын.
Маңғыстау облысының халқының көптігін ескере отырып, этникалық қазақтар – ТР азаматтарын оларды қоныстандыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу үшін қабылдауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды.
ҚР мен ТР арасындағы құрлық шекарасының ашылуына байланысты ковидтік шектеуді алып тастағаннан кейін ағымдағы жылдың 17 шілдесінде 77 этникалық қазақ өз бетінше Маңғыстау облысына көшті.
Көші-қон шиеленісіне және мемлекеттік шекараны өз бетінше кесіп өтуге жол бермеу мақсатында бұрын берілген С10 визаларын жою туралы шешім қабылданды.
Этникалық қазақтарды қабылдаудың жаңа тетіктері шеңберінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың визалық режимі бар елдерден Қазақстан Республикасында қандастарды қабылдау, қоныстандыру және бейімдеу бойынша өзара іс-қимылының қадамдық алгоритмі әзірленді.
Бұл алгоритм тұрақты тұру үшін белгілі бір аймақтың атауын көрсете отырып, С10 визаларын беруді қамтиды.
Ағымдағы жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша ҚР Түрікменстандағы Елшілігі 222 этникалық қазаққа келу өңірлерін көрсете отырып, С10 визаларын рәсімдеді.
– Ақмола облысына 183 адам;
– Павлодар облысына 27 адам;
– ШҚО-да 10 адам;
– СҚО-да 2 адам;
 

Бүгінгі таңда 522 этникалық қазақтар бойынша келу аймағын іріктеу бойынша жеке жұмыстар жүргізілуде.
Анықтама:
Өңірлер бойынша қандастарды қабылдаудың толтырылмаған квотасы 983 бірлікті құрайды: оның ішінде Ақмола – 186 бірлік, ШҚО – 44 бірлік, Абай – 25 бірлік, Павлодар – 678 бірлік, СҚО – 50 бірлік.
 

Осылайша, уәкілетті мемлекеттік органдар көшуге ниет білдірген этникалық қазақтарды қабылдау және орналастыру бойынша қажетті шаралар қабылдауда және ҚР-ға көшуге тыйым жоқ.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар