///

Қазақстанда ғылым неге кенжелеп жатыр? Бізде балалар ғылым дегеннің не екенін көзбен көріп, «мен де ғалым боламын» деп әсерленетіндей мүмкіндік жоқ

2940 рет қаралды
1

 Исатай Надинов Атырау қаласында туып-өсті. Көптеген атыраулықтар сияқты, оның ішінде өзінің туған ағасы да бар, мұнайшы болуы тиіс еді. Ешкімнің оған күмәні болған жоқ, өзінің де. Бала кезінде басқа саланы армандап та көрмеген. Дегенмен, өміріндегі кішкентай ғана қадам оның таңдауын мүлде басқа арнаға бұрып әкетті, әлемге есік ашып берді. Өскенде мұнайшы болуы тиіс жеткіншек қазір  ғылымдағы жаңалықтары сағаттап талқыланып жүрген жас ғалым. Бүгінде ол Сауд Арабиясында тұрады. Өмірінің он жылдан астамын сарп етіп, Новосібір, Париж, Нұр-Сұлтан, Страсбург қалаларында алған білімі мен білігін қазір араб елінде жетілдіріп, ғылым жолында еңбектеніп жүр.

НОВОСІБІР: ҒЫЛЫМҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ

Мен Атырау қаласындағы №17 Киров атындағы орта мектепте оқыдым. Мектепте өте жақсы оқыдым деп айта алмаймын. Тіпті үлгерім жағынан алдыңғы бестіктің қатарына да кірген емеспін. Дегенмен математика, физикаға аздап қабілетім болды. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы «Теңіз шевройл» компаниясы Ресейден профессорлар мен оқытушылар шақыртып, жазғы мектеп ұйымдастырды. Сондағы мақсаты балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге атсалысу болатын. Ол шара өте қызықты әрі жемісті болды дер едім. Өйткені сол жазғы мектепте өткен олимпиада нәтижесінде отыздай бала Новосібірдегі М.А. Лаврентьев атындағы физика-математика мектебіне қабылданыппыз. Оны кейін білдік. Новосібір мемлекеттік университетінің жанынан құрылған ол мектеп кезінде де, қазір де ең мықты мектептердің бірі саналады.  Бұл сүйінші хабарды естігенде анам «ит өлген жер» деп қатты уайымдады. Интернет қазіргідей дамымай тұрған кезде жас баланы шалғайға жіберу анама қиындау болды. Ал әкем өзі де Ресейден оқып келгендіктен, мені бірден қолдай кетті. Сөйтіп, сол жылы атыраулық бір топ бала Новосібірге аттанып кеттік.

Новосібірдегі физика-математика мектебінде оқу оңай болған жоқ. Елде ҰБТ-ға дайындалып жүрген бізге Ресейдің оқу бағдарламасы бойынша мемлекеттік бірыңғай емтихан тапсыру үшін тарихтан бастап, барлық пәндерді қайта оқуымызға тура келді. Орыс тілін білмейтін қазақ балаларға тіптен қиын болды. Көбі оқуды тастап кетті. Дегенмен мектебімізде академиктер сабақ беріп, университетпен тығыз байланыс жасағандықтан, қалғанымыз мықты білім алып шықтық. Ғылым дегеннің қандай болатынын сол мектепте оқып жүргенде түсіндім. Мұғалімдеріміз бізді зертханаларға жиі апаратын, сол зертханаларда әртүрлі эксперименттерді өзіміз жасап көретінбіз. Ғылымға деген қызығушылығым сол кезден ояна бастады. Мектепті бітірген соң Атыраудан барған екі бала Новосібір мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түстік те, қалғандары жан-жаққа тарап кетті. Мен әкемнің ақылымен физика факультетін таңдадым. Әкем физиканы жақсы көрген. Ол факультет те ең қиын факультеттердің бірі саналады. Оқу оңай болмайтынын білсем де, өзімді сынап көргім келді де, бакалаврды кванттық оптика саласы бойынша оқуға бел будым.

Қанша қиын болса да, кейіпкеріміз оқуын ойдағыдай аяқтады. Новосібірден басталған ғылым сапары Париж маңындағы Полеза қалашығында орналасқан Эколь политех жоғарғы мектебіне ұласты.

                 ПАРИЖ – МАХАББАТ ПЕН МҮМКІНДІКТЕР ҚАЛАСЫ

Біз бітірген жылы интернет бүгінгідей дамымаған еді. Францияға оқуға тапсыру ойымызға да келмеген. Бірақ бақытымызға қарай, бізге Мишель Дебрен деген француз әйел кездесіп, Американың Гарвардымен деңгейлес Эколь политех жоғары мектебіне жол сілтеді. Сол кісінің кеңесімен әлгі университетке құжат тапсырып, магистратураға грант ұтып алдым. Ол жақта физиканың плазма физикасы саласын оқыдым. Кванттық оптика бөлек сала болса, физика плазмасы мүлде бөлек сала. Жаңашылдықты, үнемі дамып отыруды ұнататын болғандықтан, жаңа тақырыпты қызыға зерттедім.

Бастапқыда тіл білу жағынан қиналғанымыз болмаса, жалпы Францияда оқу бір ғанибет дер едім. Ол жақта студент екеніңді растайтын куәлігің болса болды, сол елдегі бар игілікті емін-еркін пайдалана аласың. Студенттік куәлігімізді көрсетіп, Луврдан бастап барлық мұражайларды тегін араладық. Оқып жүріп, Италия, Испания, Нидерладыға саяхаттадым. Оның үстіне, байланыс құралдары, көлік түрінің барлығы қолжетімді. Трамвайдың өзі бес жылда бір рет жаңарып тұратын елде салықтың қымбаттығына уәж айтудың өзі ыңғайсыз. Өйткені халықтың ақшасы қайда кетіп жатқаны алақандағыдай көрініп тұрады. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Оқи жүріп, зертханалардың бірінде жұмыс істегендіктен, Францияда қаржыдан тапшылық көрген жоқпын. Новосібірде жүріп те өз еркіммен түрлі жобаларда жұмыс істегем. Бірақ ол жақта еңбегіме ақы төленген емес. Еуропа сол жағынан да алдыңғы қатарда. Жалпы қандай да бір елге саяхаттап барып, сыртынан ой түйгеннен көрі, сол елде тұрып көрген әлдеқайда тиімді дер едім.  Сонда ғана елдің тыныс-тіршілігімен жақсы таныса аласың. Өкінішке қарай, біздің елде ата-аналар балаларын жанынан жырақтатқысы келмейді. Бірақ көзі ашық ата-аналар балаларының жолын байламай, шетелдерге тұрып келуге жіберіп жатыр. Сонысы қуантады.

Франция маған не берді? Франция маған уақыттың, еңбектің бағаланатынын ұқтырды, жұмыс пен жеке өмірдің ара жігін ажыратып, екеуіне теңдей уақыт бөле білуді үйретті, махаббат қаласы – Парижде махаббатымды жолықтырдым. Әлия екеуміздің таныстығымыз уақыт өте келе ұлы сезімге ұласты.

Мен таңдаған бағдарлама магистратураны екі елде қатар оқуға мүмкіндік берді. Соны пайдаланып, мен Ресей мен Францияда қатар оқыдым. Бұл бір жағынан тиімді болғанымен, бір жылда екі елдің екі бөлек бағдарламасы бойынша оқу қиындық тудырмай қоймады. Дегенмен Эколь политехті жақсы аяқтаған соң мен екінші магистратурамды аяқтау үшін Новосібірге, Әлия Будапешке ұшып кетті.

                                 АСТАНА: АНА ТІЛЕГІН ОРЫНДАУ

Өз саласында мықты мамандардың бірі атана алатынына сенімді болған кейіпкеріміз оқуы біткен соң елге оралды. Білімді, білікті маман тұрақты жұмыс тауып, оқыған-тоқығанын ел игілігіне жаратқысы келді. Бірақ үміті ақталған жоқ.

– Елге келген соң Назарбаев университетінің жанындағы «National laboratory Astana» департаментіне кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Ондағы жоба көңілімнен шығып, жұмысқа кірісіп кеттік. Мақсатымыз – түрлі әсерлерді зерттеуге арналған құрылғы жасау болды. Бірақ тура сол жылы елде экономикалық дағдарыс басталып, соның кесіренен 4-5 айдай ғана істеп, жұмыстан қысқарып қалдым. Басында «Сен білікті мамансың, сені жұмыстан шығармаймыз» деп уәде беріп еді, бәрібір көптің бірі болып мен де қысқардым. Көп ұзамай сол университеттегі Ғылым және технология мектебіндегі зертханаға жұмысқа орналастым. Мұнда да жоба қызық болғанымен, келісім шарт мерзімі өте қысқа еді. Отбасын құруға дайындалып жүрген маған тұрақтылық өте маңызды болды. Оның үстіне елдегі экономикалық дағдарыс күннен күнге сезіле бастады. Сол кезде ойлана келе, «дағдарыс кезіндегі ең дұрыс жол – өзіңді дамыту» қағидасына құлақ асып, доктарантураға тапсыруды жөн көрдім. Құжаттарымды Аустралия, Жапония және Францияға жібердім. Соның ішінде Аустралия мен Франциядан шақырту келді. Францияда тұрып көргендіктен, әрі ұсынған жобасы көңілімнен шыққандықтан, мен Францияны таңдадым. Францияға кетпес бұрын, марқұм анамның соңғы тілегін орындауым керек болды. Анам менің түбі шетелге кететінімді сезетін, бірақ қай жаққа кетсем де, жаныма серік болатын жан жарыммен қол ұстасып бірге кетуімді қалайтын. Әлияның Будапештен келуін күтіп, келген бетте бірден той қамына кірісіп, үйлену тойымызды өткіздік те, қайта Францияның Страсбургіне ұшып кеттік.

                    СТРАСБУРГ

Франция жас отбасын құшағын жая қарсы алды. Исатай Страсбург Физика және химия институтында докторантурада оқи жүріп, магниттік оптикалық сенсорлардың жаңа типтерін жасауға арналған магнит өрісін зерттеумен айналысты. Ол жобаға кейіпкеріміз кездейсоқ келген жоқ. Профессор оны әлемнің түкпір-түкпірінен өтініш білдірген жүздеген үміткердің арасынан таңдап алды. Бәлкім, профессордың 400 үміткердің ішінен қазақ жігітін  таңдауына себеп болған «Ең мықты тұсың не?» деген сұрағына «Мықты тұсым – қалай жұмыс істемеу керек екенін білетінім» деген нық жауабы болар. Осы жауапты естіген профессор: «Өзіңе сенімді болсаң, алға!» деп зор жауапкершілік артты, маңызды жобаны сеніп тапсырды. Айтпақшы, Истайдың бұлай жауап беруіне толық құқы бар еді. Өйткені бұған дейін ол үш түрлі мемлекеттің үш түрлі қаласында өмір сүріп, оқып, жұмыс істеп көрді. Қазақстанда материалдың жылу өткізгіштігін зерттесе, Ресейде лазерлік технологиялармен газдың құрамын зерттеумен айналысты, Парижде оқыған жылдары зерттеу нысаны – плазма физикасы болды. Ал Страсбургте магниттік сенсорларға қатысты жоба ұсынылды. Бұл жолы жас ғалымның тасы өрге домалады. Жаңа материалдарға негізделген оптикалық сенсорлардың жаңа түрін ойлап табу о баста күмән туғызғанымен, нәтижелі болды. Әдетте қорғау барысы қырық бес минуттан аспайтын болса, Исатайдың жобасы үш сағатқа жуық талқыланды. Тағы бір жаңалығы – Страсбургте тұңғышы дүниеге келді.  Ғылымда «бір орында үш жылдан артық қалуға болмайды» деген қағида бар. Өйткені ғалым тұрақтылықты таңдаса, өспейді, өшеді, берері түгесіледі. Осы қағидаға сүйенген Исатай Надинов Страсбургте доктарантураны бітірген соң, тағы бір жыл қалып, кезекті жобасын тәмамдап, Сауд Арабиясына қоныс аударды.

KAUST – ҒАЛЫМДАРДЫҢ ЖЕРДЕГІ «ЖӘННАТЫ»

Сауд Арабиясының аты аталғанда, ол жақта ғылым қарыштап дамып жатыр деген екінің бірінің ойына келе қоймас.  Страсбургте төрт жылға жуық тұрған соң, ары қарай іздену, өсу туралы ойлана бастадым. Ғылымда тоқтап қалуға болмайды. Өзім де жаңа ортаны, жаңашылдықты ұнатамын. Сол мақсатта ізденіп жүріп, Сауд Арабиясындағы Король Абдулла атындағы ғылыми-технологиялық университет (KAUST) туралы естідім. Құжаттарымда тапсырып, бұл жолы да әлем бойынша өткен іріктеуде менің жолым болып, аталған университетке шақырту алдым. Көп ойланбастан, отбасыммен көшіп келдім. Келген бойда университет тарапынан екі қабатты үй тегін берілді, жұбайым да жұмыспен қамтылды, қызым балабақшасына барып жүр. Мұндағы ғалымдарға жасалған жағдайды ерекше атап өту қажет. Мәселен, Ресейде зерттеу жұмысын жүргізуге қажетті құрылғылар тапшы. Оны ғалымдар цехтарда өз қолымен құрастырып алуына тура келеді. Оның үстіне еңбегің де лайықты бағалана бермейді. Еуропада да өзіндік кемшіліктері бар.  Ал мұнда алдыңғы қатарлы қымбат құрылғыларға қол жеткізу тіпті де қиын емес. Не керектің бәрі бар. Еңбегің де лайықты бағаланады. Ай сайын мемлекеттен ешкім кеткен тиын-тебеннің есебін сұрап, мазаңды алмайды. Таңдаған тақырыбыңды емін-еркін зерттеуіңе бар жағдай жасалған, дәстүрлі араб елі болса да, әлемнің түкпір-түкпірінен мықты профессорларды жинаған. Соның арқасында құрылғанына көп бола қоймаса да, әлем бойынша ең мықты университеттердің қатарына қосылып үлгерді. Айта кетерлігі, мұнда қазақ жастары өте көп. Бала-шағасымен қосқанда жетпістей қазақ бар шығар. Жексенбі күндері жиналып тұрамыз. Мұнда мен жаңа материалдың құрамын зерттеп жатырмын. Оның жемісін қарапайым халық он жылдан кейін ғана көре бастауы мүмкін. Ғылым дегеніміз сол.

БІЗДЕ ҒЫЛЫМ НЕГЕ КЕНЖЕЛЕП ҚАЛДЫ?

Қазақстанда дарынды жастар өте көп. Бірақ елде барлығына бірдей лайықты жұмыс табыла қоймайды. Мәселен, Қазақстанда менің мамандығыма лайық зертхана табу қиын. Он жылдан астам уақытымды сарп етіп, білім алдым, тәжірбие жинадым. Бірақ елге оралғанда сол алған білімімді қай жерде жүзеге асырамын? Ғылыммен айналысу үшін ғылыми-зерттеу орталықтары болуы тиіс. Қазақсанда Назарбаев университеті бар. Онда халықаралық деңгейдегі профессорлар сабақ береді. Бірақ Назарбаев университеті біреу-ақ. Шетелден оқып барғандардың біреуі ғана конкурстан өтіп, қызметке тұрар, ал қалғандары қайтеді? Қазақстанда ғылым неге кенжелеп жатыр? Бізде балалар ғылым дегеннің не екенін көзбен көріп, «мен де ғалым боламын» деп әсерленетіндей мүмкіндік жоқ. Біз Ресейде жүріп,  ғылымның дәмін таттық, оның не екенін түсіндік. Өйткені молекулалар синтезі, каучук дегендердің қалай жасалатынын көзімізбен көрдік. Оқу бөлек те, көзбен көру, қолмен жасап көру мүлде бөлек. Біз мектеп қабырғасында жүргенде түрлі институттарға экскурцияға баратынбыз. Сол жақта көптеген тәжірибелер жасап көрдік. Ғылым туралы түсінік сонда қалыптасты. Францияда жұмыс істеп жүргенде біздің зертханамызға оқушылар апта сайын келетін. Біз оларға құрылғыларды таныстырып, жеңіл-желпі эксперимент жасауға мүмкіндік беретінбіз. Олар көп дүниені түсінбеген шығар. Бірақ солардың ішінен болашақта міндетті түрде ғалымдар шығатыны анық. Қазақстанның мектептерінде осы зертханаларды көрсетіп, ғылымға қызықтыру жетіспейді. Оқушылар бір материалды өртей алатын лазерді, болмаса жарықтың қасиетін өзгертетін магнитті көзімен көрсе, ғылымның не екенін түсінер еді ғой. Бірақ көрсетем деген күннің өзінде оларды қайда апарасыз? Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Оқуды бітіргенде «ғалым болам» дегенімді өз туыстарым да түсінбейтін. «Болашақта ғалым болам, ғылыммен айналысам» десем, олар мені университеттің көзілдірік таққан қатал оқытушысы ретінде ғана елестетін. Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылым туралы түсінік осындай. Қазір әлем өзгерген. Әлемде ғылым қарыштап дамып жатыр, бәсеке күшті. Жаңа мамандықтар шығып жатыр. Мысалы, бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілейтін  мамандықтар пайда болды. Мүмкіндігінше балаға соның брін көрсету керек. Америкада бала оқығысы келетін пәндерді өзі таңдайды. Бала таңдауды үйренбесе, болашақ мамандығын қалай таңдайды? Кейін алдындағы ағасына немесе тағы біреуге қарап, сол жолмен жүре салады. Одан ешқандай сала дамымайды. Ғылымды дамыту үшін балаға оқушы кезінен ғылым жасаудың не екенін түсіндіру керек. Ол үшін оған көрсететін зертхана болуы тиіс. Бұл оңай емес. Қазақстанда бірен-саран зертханалар болуы мүмкін. Бірақ оның өзі аздық етеді.

P.S. Исатай Надиновпен әңгімелескеннен кейін, елден кетіп жатқан ғалымдарымызға қатысты көзқарасым мүлде өзгерді. Бақсақ, олар бір елдің емес, біз өмір сүріп жатқан әлемнің дамуына атсалысып жатыр екен. Ал біз оларға елден кетті деп кейиміз. Олар қай елде жүрсе де, бір ақиқат бар. Олардың тамыры – қазақ, қаны – қазақ. Бір қазақ күллі адамзаттың игілігіне айналар жаңалық ашса, маңыздысы сол емес пе? Бұл менің ойым. Сіз менімен келіспеуге толық құқылысыз. Ал туыстары сияқты мұнайшы болмай қалған ғалым Исатайдың жоспардағы ендігі бағыты – алып Америка. Кішкентай ханшайымын да дүниені танып барып таңдау жасауға тәрбиелеп жүр.

                                                                                                              Аида Бекжанқызы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Керемет өмір, білім жолы!
    Талабың алмастай өткір, құда бала, жұлдызың жоғары болсын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар