//

Белгілі режиссер Болат Атабаев өтті өмірден

1392 рет қаралды

Болат Атабаев қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлғалардың бірі. Ол тек режиссер ғана емес, сонымен бірге қоғам қайраткері. Қоғамдағы жағдайлар ұлы суреткерді бейжай қалдыра алмады. Болмысы, бітімі бөлек тұлға Болат Атабаев соңғы 2-3 күн Қалқамандағы 7 аурухананың жансақтау бөліміне бүйрегіне суық тиіп түскен екен. Бүгін таңертең дүниеден өтті. Келесі жылы жетпіске келетін режиссер қазақ театрына реформа жасаған қайраткер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Гете медалінің иегері.

2011 жылы  Атабаев Жаңаөзендегі биліктің қарапайым халыққа оқ атқанын сынға алып, билікке қарсы келеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Болат Атабаевқа “әлеуметтік араздықты қоздырды” деген айып тағып, қылмыстық іс қозғайды. Алайда қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға режиссердің темір торға қамалуына мүмкіндік бермейді. Бұдан кейін режиссер Германияға қоныс аударған болатын. Наурыз айында оның туыстары Болат Атабаевтың денсаулығы сыр бергенін мәлімдеген еді. Осы көктемде режиссер елге оралған еді.

Бүгін қазақ интернеті Болат Атабаев деп күңіреніп тұр. Бәріміз ағаның елден ерек жаралғандығын сөз етудеміз. Солардың бір-екеуін назарларыңызға ұсынсақ:

Жанарбек Әшімжан, депутат: 

– Қазақ театр өнеріне тыңнан жол салған, сахна мәдениетін табиғаттан сіңірген даңқты далалық актерлардың көне соқпағы мен жаңа дәуірдің дауысы “қойылған”, студияларда қалыпқа салынған сахнагерлерін сәтімен үйлестірген, ұштастырған, актердің жандүниесі мен көрерменнің көзқарасына төңкеріс жасаған, сөйтіп өзінің дара мектебін қалыптастырған БІРТУАР ТҰЛҒА, бүтін бір дәуір, новатор өтті өмірден…

Иман нұры пейіште шалқысын.
Өт-те өкінішті…
Жанболат Мамай, оппозиционер, қоғам қайраткері:
– Болат аға Атабаев қайтыс болды деген суыт хабар келді.
Соңғы жылдары бір бірімізден қол үзісіп қалып едік. Бірақ, ол кісіге деген сый-құрметім қашан да жоғары болды. Оның дарынын, ой-өрісінің кеңдігін бүкіл ел бағалады.
Болат аға екеуіміз оттан да, соттан да, түрмеден де бірге өттік. Жаңаөзенде әділдік үшін күрестік, сол үшін қуғындалдық та. “Столыпин” деп аталатын сотталғандарды таситын вагонда бірге жүрдік. Аузына қант салып, тәтті су беріп жанын алып қалған едік 2012 жылы…
Қиналғанда айтқан әңгімесі, салған әні естен кетпейді…
Әттең, әр пенденің мәңгілік мекеніне ерте кеттіңіз. Бұған бүгінгі режимнің саясаты да әсер етті, білем. Қуғынға түспесе, елден кетпесе, мүмкін әлі ортада жүрер ме еді, кім білсін.
Қош болыңыз, Болат аға!
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар