///

Токио – 2020: Қазақстан қоржынында 8 қола. Алтынға жетпеуімізге не себеп?

4388 рет қаралды

Токиода өткен биылғы жазғы олимпиада Қазақстан спортының шынайы деңгейін айшықтап көрсетіп бергендей болды. Спортшыларымыздың мұндай олимпиадада чемпион атана алмауы  тәуелсіз елдің тарихында алғаш рет орын алып отыр. Яғни кеше ғана Жапония астанасы Токиода жабылуы өткен жазғы олимпиадада қазақстандық спорт саңлақтары ең қадірлі алтын мен күміс медальға мүлдем қол жеткізе алмай, 8 қоланы ғана қанағат етті. Қазақстанның жазғы Олимпиада ойындарында мұндай ең нашар нәтиже көрсетуінің себебі неде?

БАҒЫНДЫРҒАН МЕЖЕ – 83 ОРЫН…

Токио олимпиадасының жабылу салтанатынан көрініс, 08 тамыз 2021 жыл

Спорттың 27 түрінен 97 спортшыны бәйгеге қосқан Қазақстан 93 елдің арасынан жалпы медальдік есепте 83-ші орынға табан тіреді. Ал жалпы жазғы олимпиада ойындарына әлем бойынша 207 мемлекет қатысқан екен. Бірақ олардың жартысынан көбінде медаль жоқ.

Бұрынғы посткеңестік елдермен салыстырсақ та, сапасы жағынан алып қарасақ та, біз соңғы орындардың қатарындамыз. Бұл тұста қола медальдің саны маңызды емес. Біздің алдымызды Ресей, Өзбекстан, Грузия, Украина (соғыс болып жатса да), Беларуссия, Латвия, Эстония (бұл аталған мемлекеттер де олимпиада алтыны бар), сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Литва, Түркіменстан (күміс медаль алғандар) спортшылары алдымызды орап кеткен. Біз тек Тәжікстан мен Молдаваның ғана алдындамыз.

Қазақстан бұған дейін қатысқан олимпиада ойындарында ең кемі бір алтын, бір күміс иеленетін. Ең төмен деңгей көрсетті деп місе тұтпай жүрген Афины олимпиадасының өзінде біздің мемлекеттің қоржынына 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль түскен еді.

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ БАҒЫ ТАЙДЫ МА?

Қазақстан спортында әлеуеті мен деңгейі жағынан нөмірі бірінші саналатын – бокстан Олимпиада ойындарында тұңғыш рет алтынсыз қайтып, жанкүйерлеріміз жерге қарап қалды. Себебі біздің елде  спорттың осы түріне баса мән беріліп, қаржылай қолдау көп көрсетіледі. Бұған федерация президенті Кеңес Рақышевтің өз атынан алтын алған боксшыға 250 000 доллар тіккенін айтсақ та жеткілікті.

Қазақстан сенім артып, фаворит саналған боксшылар Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит екінші кездесуінде ұтылса, 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) алғашқы кездесуінде ресейлік Имам Хатаевтан жеңіліп, жарыс жолдарын ерте аяқтады. Ал 69 кг салмақ дәрежесінде бокстасқан Абылайхан Жүсіпов екінші кездесуінде америкалық Деланте Джонсоннан ұтылып, жанкүйерлер не болғанын түсінбей қалды деуге болады. Себебі қазақ боксында 69 кг “қазақ үшін тиімді әрі жүлде әкелетін салмақ” саналатын. Өйткені осыған дейінгі олимпиада ойындарында, Атланта олимпиадасын қоспағанда Қазақстан 2004 жылдан бері бұл салмақта төрт бірдей алтын алған.

Боксшы Бекзат Нұрдәулетов. Ол алтын алатын боксшылардың қатарына кірген

Рио-2016 олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов қазақ боксындағы сәтсіздіктер туралы былайша пікір білдірген екен: «біздің бокстың деңгейі Совет заманының деңгейінде қалып қойған, сол бұрынғы әдіс, тактикалық қателіктер көп кетіп жатты, жақын қашықтықта біздің боксшылар өте нашар өнер көрсетеді» десе, тағы бір олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бір сұхбатында боксшыларымыздың техникасы мен дәрежесі төмендегенін айтып, басқа елдермен салыстырғанда бірнеше жылға кейін қалғанымызды мысалға келтірді.

Өзге боксшыларымыз да бөліп аларлықтай бокс көрсетіп, жұрт сүйсінетіндей өнер көрсете алмады.  Жарыс жолын жақсы бастап, бірінші жекпе-жекте өзбек боксшысын жеңген Әбілхан Аманқұл (75 келі)  екінші айналымда бразилиялық Эберт Консейсануға жол беріп қойды.

Бұрын аты-жөні Қазақстанға танылмаған Серік Теміржанов (57 келі) та екінші айналымнан аса алмады.  Кездесу аяқталғаннан кейін журналистерге сұхбат берген Серік Теміржанов “Не істей аламын, соның бәрін жасадым. Бұйырмады. Ештеңе айта алмаймын. Адамдардың, кейбір адамдардың үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Тырыстым, әлім жетпеді” деп өкінішін жеткізді.

Зәкир Сафиуллин болса (63 келі) ширек финалда австралиялық Гарри Гарсайдтан жеңіліп қалып, тіпті кездесуден соң рингте ашуға беріліп, өзінің тұрған бұрышына соққылар жасады. Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) жартылай финалда америкалық Ричард Торрезден оңбай жеңіліп, финалға өте алмады. Қазақстан үміт күткен соңғы боксшы Сәкен Бибосынов та финалға өте алмай, жартылай финалда ұлыбританиялық Джамал Яфайдан жеңіліп қола жүлдені қанағат тұтты. Бірінші раунда нокдаунға түсіп қалған ол, кейінгі екі раундта тәп-тәуір өнер көрсеткенімен, қапталдағы төрешілер бәрібір жеңісті британдыққа берді. Кейін әлеуметтік желілерде төрешілер қателесті, шағым түсіру керек дегенімен, бокстың аты бокс, шешім сол өзгермеген күйінде қалды.

Әрине бокстағы осы сәтсіздіктерден кейін әртүрлі дәрежеде ауыс-түйістер бола жатыр, бірақ бір анығы бұрын өзге елдер біздің бокспен біршама санасатын, бірақ Токиодағы нәтиже Қазақстан боксының деңгейінің  төмендегенін көрсетіп берді.

100 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ ӨТЕУІ 8 ҚОЛА, СПОРТҚА ТЫМ КӨП ҚАРЖЫ ЫСЫРАПТАП ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?

Қазақстанның өзге спорт түрлерінен, атап айтқанда жеңіл атлетикадан, грек-рим күресінен, еркін күрестегі сәтсіздіктері қазақ спортындағы спортшыларды дайындаудағы белгілі бір жүйенің жоқтығын көрсетеді. Яғни елде спортқа қызығушылық әлі де болса төмен, ауылдық жерден бастап, аудан, қала деңгейіне дейін балалар спорты, одан қала берді жасөспірімдер, ересектер спорты болып жікке бөлініп жолға түспеген. Өзеге спорт түрлерін айтпағанның өзінде біздің ұлттық спортымыз болып саналатын күрестің өзінен 1996 жылдан бері алтын жүлде жоқ.

Қазақстан өзге спорт түрлерінен де біраз лицензия жеңіп алған. Ол спорт түрлері біздің елде аса танымал емес, сәйкесінше ондағы спортшыларды  халық танымайды да. Жеңіл атлетика, бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, таэквондо, грек-рим күресі, жүзу спортын қоспағанда, өзге 20 спорт түрінен ең кем дегенде бір спортшы, біздің елде аса дами қоймаған су полосынан 13 спортшы барған. Сонда жоғарыда аталған жеті спорт түрін айтпағанда, қалғандары медальсіз оралу заңды ма деген сұрақ туындайды. Өйткені оларға да жағдай жасалып, қаржы бөлінді емес пе, демек сұрау болуға тиісті.

Токио-2020 олимпиадасындағы сәтсіздіктер туралы қазірдің өзінде елге танымал біраз адамдар өз пікірлерін білдіріп жатыр. Соның бірі ережесіз жекпе-жектен спорт шебері Қуат Хамитов өзінің жеке әлеуметтік парақшасында пікірін қалдырыпты. Оның айтуынша, «Бұл олимпиада біздің мемлекет ретінде өлгенімізді көрсетті. Бұл  масқара! Өйткені өзге елдердің экономикасы да, спорты да жыл сайын дамып, өсіп, жақсарып келеді, ал біз жыл өткен сайын нашарлап бара жатырмыз. Елде даму жоқ, тіпті спортта да! Мен бәрі осылай болғанына қуаныштымын. Ешкім жұмыс жасағасы келмейді, барлығы қағаз жүзінде және тек есепке дайын болғысы келеді. Олар легионерлерді әкеледі, жергілікті спортшыларға мал сияқты қарайды, футбол және тағы қаншама қажет емес салаға ақша жұмсайды»,- деп жаза келе, әрі қарай не істеу керектігін де айтып жазба қалдырған екен.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық белсенді, «Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев та Токио Олимпиадасына қатысу үшін отандық құрамаға жұмсалған шығынның тым көп екенін сынға алып, инстаграм парақшасында видеожазба қалдырған.

Қоғам белсендісі үкіметтің олимпиада спортшыларының дайындығына 100 млрд. теңге жұмсағанын мәлімдеді.

«Соңғы үш жылда спортшыларды олимпиадаға дайындау үшін біздің үкімет шамамен 100 млрд. теңге жұмсады. Долларға шаққанда 250 миллионның шамасында. Бұл ысырап емес пе? Біздің ел үшін мүлдем керек емес шығын», – деді А.Шораев.

Қоғам белсендісі осы  видеоүндеуінде мұндай ысырапты тоқтату үшін Мәдениет және спорт министрлігін тарату туралы ұсынысын да айтты. Сондай-ақ ол қазақстандық өнерпаздардың аталған ведомствоның көмегінсіз-ақ әлемге танымал болып жатқанын алға тартты.

«Жалпы, дамыған елдерде мұндай министрлік жоқ. Біздің Димаш, Иманбек, жуырда ғана Славян базарында гран-при иеленген қарындасымыз министрліктің көмегінсіз-ақ әлемді мойындатып жатыр. Біздің мәдениетіміз дамып келе жатыр. Сондықтан ондай министрлік бізге керек емес. Ондай министрлік біздің елге шығыннан басқа түк әкелмейді», – деді Шораев.

Бұдан басқа, бүгінде әртүрлі спорт федерацияларын атақты бизнесмендер, жоғары лауазымды адамдар басқарып отырғанын айтпай кетпеуге болмайды. Олардың өз лауазымдарына сай қызмет етіп, өзі жетекшілік ететін спорт саласына қаржы құйып, дамытып жатпағаны айдан анық. «Федерация президенті» дегені тек қағаз жүзіндегі атақ, даңқ үшін ғана жасалғанға ұқсайды. Бәрі де көзбояушылық. Ал қай салада да болмасын мұндай дақпырттықтың бізді алға сүйремейтіні рас.

P.S. Қалай десек те, тақырып аясында айтылған әрбір пікірдің жаны бар. Әрқайсысының астында ащы шындық сайрап жатыр. Ендігі уақытта бізге айтылған әр сынды дұрыс қабылдап, олқылықтарды түзету үшін спорт саласындағы жұмыстарды жедел жүйелендіру қажет. Әйтпесе, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалып, шынымен де мемлекеттің «қола» дәуіріне шегінерінен басқа амалы қалмайды. Бұған Сіз не дейсіз, қадірлі оқырман?

Ізбасар ҚАБИЕВ,

Атырау облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар