//////

Медианың негізгі машықтары тренингі аяқталды

2753 рет қаралды

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы  6 – 11 қыркүйек аралығында «Журналистиканың базалық машықтары» атты мектеп аясында 6 күндік тренингтер сериясын өткізді. Тренингтер журналистиканы жаңадан бастаған жас журналистер, студенттер, өзге салалардан журналистикаға қызығып жүрген мамандар және азаматтық журналистер үшін қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта өтті.

Тамыз айында тренинг туралы жарияланған хабарламаға қатысу үшін барлығы 100 адам өтініш берген болса, солардың 70-і іріктеліп алынған. 30 қатысушы қазақ тобына, 40 қатысушы орыс тобына қабылданған. Медиа мектептің қатысушылар үшін ұтымды болған тұстары, біріншіден жас ерекшелігіне, қызмет ететін кәсіби саласына шектеу қойылмады, екіншіден екі тілде қатысуға мүмкіндік болды.

Мектеп несімен ерекшеленді? Оқу үшін әр күн сайын 3 сағат көлемінде уақыт бөлінді. Оның 2 сағатында қатысушылар отандық медиа тренерлердің сабақтарын тыңдап, тәжірибелік жаттығулар жасаса, қалған 1 сағат ішінде әлемдік және отандық журналистика медиа мамандарының  шеберлік сағаттарына қатысты. Әр сабақтан соң тренерлер үй тапсырмасын беріп, келесі күні 10-15 минут үй тапсырмасын талқылау, бағалаумен басталып, сабақтармен жалғасты. Тренингтің уақыты, сабақтар форматы ғана емес, тренерлер құрамы  мен тақырыптар да аса жоғары талғаммен құрастырылған.

Тренингтер жайында ашып айтсақ. Бірінші күні Жұлдыз Әбділдә мен Лариса Нода «Журналистикадағы жанрлардың өзгеруі», «Трансформация жанров в журналистике» тақырыбында өткізді. Қатысушылар кәсіби журналист емес, ал осы тренингте олар өздері оқып, талдап және жазып жүрген материалдардың жанрлары және олардың бір-бірінен айырмашылығы мен ерекшелігі туралы толығырақ білді. Үй тапсырмасында осы жанрларға байланысты бір БАҚ құралының мысалында жанрларды анықтап, талдау жасады.

Екінші күні Есенгүл Кәпқызы мен Бақтыгүл Бурбаева қатысушыларға «Ақпаратқа қол жеткізу және ашық деректермен жұмыс», «Мультимедиа для современнного журналиста» тақырыптарын ұсынды. Ақпаратқа қол жеткізу қандай заң, ережелер аясында реттеледі, ақпаратқа қол жеткізу құқығы мен деңгейінің біздің елдегі және әлемдегі жағдайы қандай, ақпаратқа сұрау салу әдістері қандай, ашық дереккөздер дегеніміз не және оларды қайдан табамыз деген сұрақтар қамтылған сабақ қатысушылар үшін өте қызықты болды. Қазіргі таңда журналистің материал дайындау үшін тек жаза білуі аз, сонымен қатар ол заманауи мультимедиа құралдарын өз қызметінде дұрыс және ұтымды пайдалана білуі заман талабы. Егер сіз журналист ретінде оқырманды қызықтырғыңыз келсе осы құралдармен дос болғаныңыз дұрыс. Бақтыгүл Бурбаева мультимедиа құралдарының журналиске қажетті қатарымен таныстырып, оларды жұмыс барысында қалай пайдалануға болатынын үйретті. Алған білімді бекіту мақсатында берілген үй тапсырмасы да қызықты болды.

Үшінші күні тренингті Жұлдыз Әбділдә «Лидтер мен тақырыптар», ал орыс тобында Елнұр Алимова «Доступ к  информации и работа с открытыми источниками» тақырыбында жалғастырды.«Жақсы тақырып – жарты мақала» деген сөз бар, сондықтан «тақырып қойған кезде манипуляцияға жол бермеу қажет, тақырып жинақы, тартымды, мазмұнды, ақпараттық болуы, мақаланың мазмұнына сәйкес келуі міндетті,этика принциптеріне сай болуы, ешкімнің ар-намысына, іскерлік беделіне нұқсан келтірмеуі шарт, ешкімге зиян келтірмеуі керек және іздеу жүйесінен табылуы маңызды» – деп атап өтті Жұлдыз Әбділдә. Осы сөйлемнің өзінен-ақ журналист кәсібінің оқырман алдындағы аса үлкен жауапкершілігін сезуге болады. Яғни, журналист қазіргі белең алған эмоцияға әсер ететін, «айғайлаған» тақырып қоюдан, трафик, яғни оқырман  тарту, рейтинг көтеру үшін ештеңеден тайынбаудан, неғұрлым «жаға  ұстататын» сөздердіқолданудан, кейіпкерлердің бірін айыптаудан және жалған ақпарат беруден аулақ болуы шарт.Келесі топта Елнұр Алимова «Доступ к  информации и работа с открытыми источниками» тақырыбында тренинг өткізді.

Төртінші күні Молдияр Ергебеков «Медиа этика», Думан Смақов «Инструменты фактчекинга» тақырыбын қозғады. Молдияр ағай Этика және Мораль сөздерінің ежелгі грек және латын тіліндегі түсініктерінен бастап, олардың бір-бірінен айырмашылығын өзі айтып өткендей «14 сұраққа жауап» ретінде бүгінгі күндегі реалияның аясында тереңінен түсіндірді. Осы 14 сұрақтың ішіндегі ең алғашқы және ең маңызды сұрақтардың бірі «Журналистің бірінші кезектегі міндеті не?». Әр адам секілді журналистің де алғашқы «міндеті» адам болу, адам ретінде құны мен құндылығын сақтайтын тұлға болып қалуға ұмтылу және өзін адам болуға жауапты етіп көруі керек. Екінші міндеті – «өз жұмысын жақсы атқару».  Яғни, журналистөз жұмысын мақсаты мен функциясына сәйкес іске асыра алуы үшін алдымен адам болуды іске асыруы керек.Түсіне білсек, бұл тұжырым тек журналистерге қатысты емес, барлық кәсіп иелеріне қатысты жүзеге асырылуы тиісті дер едім. Қатысушылар болса сабақтың ұнағаны сондай, ұйып отырып тыңдады. Келесі топта Думан Смақовтың өзі фактчекинг құралдары жайында тренинг өткізді.

Тренингтің бесінші күні Жансерік Тілеуханның «Фактчекинг құралдары» және Бақтыгүл Бурбаеваның «Медиа этика» тақырыбымен жалғасты.Фактчек дегеніміз не, оның шығу тарихы қандай, кез-келген ақпаратты, мәліметті тексеруге бола ма, болса қалай және қайдан тексереміз? Осы және басқа да сұрақтарды қамтыған сабақтан қатысушылар қызметінде пайдалану үшін өздеріне пайдалы және тың ақпарат алды. Мысалы, барлық заңды және жеке тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен акционерлерін анықтауды, осыдан бөлек олардың қызметтерімен байланысты тағы басқа мәліметтерді ашық дерерккөздерден қалай табуға болатынын тәжірибе жүзінде үйренді. Келесі топ болса Бақтыгүл Бурбаевамен бірге «Медиа этика» тақырыбындағы тренингтен өтті.

Соңғы, алтыншы күні қатысушылар Бақтыгүл Бурбаеваның «Заманауи журналиске арналған мультимедиа құралдары», Ольга Настюкованың «Лиды и заголовки» тақырыбындағы тәжірибесі мол тренингтеріне қатысты. Дәл сабақтың үстінде заманауи мультимедиа құралдарымен танысып, іс жүзінде қолдану, оларды пайдаланып оқырмандар үшін  тартымды аудио, видео, фото материалдар жасауды үйреніп,білімдерін тексеру үшін танымдық ойын да ойнап үлгерді.Келесі топ Ольга Настюкованың «Лиды и заголовки» тақырыбындағы тәжірибелік сабағына қатысты.

Тренингтің маңызды және ерекше бөлігі – әлемдік және отандық медиа мамандарымен өтетін шеберлік сағаттары болды. Шеберлер мен тақырыптар да күн сайын ауысып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды. Шеберлік сағаттарын екінші күні белгілі ресей журналисі, режиссер Павел Селин «Заманауи репортаж» тақырыбымен бастады. Репортаж түсіру үшін журналист ең бірінші өзі үшін қандай сұрақтардың жауабын анықтап алғаны жөн және заманауи репортаж жасау үшін қажет 5 құрауыш қандай? Спикер қатысушылар үшін мықты репортаждың қыр-сырын қарапайым, әрі жетік тілде осындай маңызды сұрақтарға жауап беру арқылыбаяндап берді.Одан кейін шеберлік сағатына келген Асылхан Мамашұлы «Конфликт жағдайындағы журналистің жұмысы және конфликтіге бейім тақырыптарды жазу» тақырыбында өте сезімтал және ауқымды мәселелерді қозғады. Конфликт жағдайында материал жасау кезінде журналист бетпе-бет келетін қиындықтар және осы жағдайлардан шығу жолы туралы баяндады. Тақырып бойынша тәжірибесі мол спикер өзінің бай тәжірибесімен де бөлісті, тақырыпқа қатысты қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға да жауап беруге уақыт тапты.Келесі «Подкастинг дегеніміз не? Оның радиожурналистикадан айырмашылығы не?» тақырыбындағы ағылшын фрилансері, радиожурналист, бұрын BBC радиосында қызмет еткен Джон Оффордтың  шеберлік сағаты болды. Қазақстанда дамуы кенжелеп тұрған сала, алайда соңғы бір жыл ішінде білікті подкастерлер, сапалы подкасттар саны көбеюде. Подкастингтің радиодан айырмашылығын өз тәжірибесіне сүйене отырып, нақты мысалдармен шебер түсіндіре алған медиа маман жақсы подкаст қандай құрауыштардан тұратынын да айтып берді. Соынмен қатар, подкаст жасау үшін оның техникалық мәселелері, дизайнға, дыбысқа қатысты, оны жазған соң жүктеудің қайда және қалай жүретіні туралы сұрақтарға бүге-шігесіне дейін жауап берді. Соңында, подкаст саласымен байланысты BBC жүргізген қызықты зерттеумен таныстырып өтті. Тағы бір шеберлік сағаты журналист, «PROTENGE» жобасының негізін қалаушы Джамиля Маричевамен өтті. Бұл жоба тек ашық дереккөздермен ғана жұмыс жасайды. Джамиляның шеберлік сағаты барысында айтып өткеніндей «Ашық дереккөздер базасынан сіз барлығын түгел таба аласыз. Сіздің сұранысыңызға берілген кез-келген жауап деректер базасынан алған мәліметтердей толық болмайды. Сізге жауап алу үшін екі апта күтудің қажеті жоқ. Сіз күн тәртібін өзіңіз қалыптастырасыз». Басқа сөздің өзі артық шығар, осы сағат бойы қатысушылар ашық дереккөздер базасынан қалаған ақпаратты жеңіл, әрі нақты түрде қалай табуға болатынын, ол үшін іздеу кезінде қандай әдіс-тәсілдерді пайдалану қажеттігін егжей-тегжейлі үйренді. Шеберлік сағаттарының легі египеттік документалист, журналист Мариам Эль Маракешидің«Журналистік этика» тақырыбымен аяқталды. Журналист ретінде сіз ең басты нені қамтамасыз ету керексіз? Қауіпсіздік, жауапкершілік және этика және ол тек өзіңізге қатысты емес, сіздің материалыңызға қатысты адамдарға да байланысты қамтамасыз етілуі шарт. Бір сағат ішінде спикердің ең көп қолданған сөздері де қауіпсіздік, жауапкершілік және этика болды. Мариямның журналист ретіндегі ұстанымы да, қатысушы жас журналистерге айтатыны да әлемнің кез-келген түкпірінде, қай елде болмасын журналист журналистік этика принциптерінен аттамауы қажет, ең алдымен адам болып қалуы керек. Осы тұрғыда 6 күн бойы тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізген отандық және әлемдік медиа мамандардың ұстанымдары бір десек те қателеспейміз.

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығына жас журналистерге арнап өте пайдалы тренинг өткізгені үшін қатысушылар атынан алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта тәжірибелі менторларқатысушыларға тренингтен алған теориялық білімді практикада жүзеге асыруға бір ай бойы көмектеседі. Ал, қатысушылар өз тарапынан осы тренингтен алған білім мен дағдыларды мақсатты пайдаланып, оқырмандарын сапалы материалдарымен қуантады деп сенеміз. Тағы бір жағымды сәті, қатысушылар тек білім алып қана қоймайды, тренинг барысында жарияланған талаптарға сәйкес ынталандыру сыйлықтарын да иелене алады. Іске сәт, жас журналистер!

Альфия Шамаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері