///////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2472 рет қаралды

27.09.2021 жыл.

Ниукәсіл (Newcastle). Британ елі – Англияға барамыз, сонда бір жылда да болса тұрамыз, елден жырақта, жат жұртта өз бетімізбен өмір сүреміз деп шешім шығарып, осы мақсатқа бел байлағаннан бері көңілім әлде неге алаң болып, іштей бір белгісіз тылсым ой мүжігені рас.

Иттің ұлы байғотан келіп-кетіп, барып-келіп жатқанда менің осығұрша мазалануымның сырын өзім де білмеймін. Әлде мынау елдің еңсесін езіп, мысын басып, жүйкесін жеп, жүйесін жұқартып, аузы-басыңды тұмшалап, үрейге үйір қылып, қорқынышпен қамап қойған атың өшкір мың құбылған құрғыр ковид дерттің кесірі ме? Табалдырықты аттап шықсаң алдыңнан ажал тосып тұрғандай төбе шашың тік тұрып, жаны мұрнының ұшына келген жұрт әбден запы болып бітті. Жалықты. Әлемді жайлаған, қайда барсаң да қашып құтыла алмайтын – Қорқыттың көрі. Көппен бірге көретін жалпыадамзаттық ахуалдан сырт, шетін қала алмаймыз деген тоқтамға келіп тоқтаған сияқтымыз. Әлем болып бұ пәлеге қарсы күресіп-ақ жатыр. Үсті-үстіне вакцинасын еселеп салып жатыр. Етіміз де үйренді. Бетіміз де бүлк етпейтін болды. Болмайды деген сайын қасарысып, тиым салған сайын тайраңдаймыз. Ендеше құдайдың жазғанын көреміз.

Ал, әңгімелесе қалсаң әлеуметтік жағдайының мүшкілдігін зар қылып, сенгенінен меселдесі  қайтқан, ертеңіне деген сенімі селдіреген, болашағын жарқын елестете алмайтын күйге жетіп күйіне күңіренген, келешегіне деген үміт оты  күңгірт, е десе етегі жасқа толып, еңірей жөнелетін, тағдыры тығырыққа тіреліп, талайы тұйыққа тығылған жұртымның тұрмыс-тіршілігіне алаңдайтындай менің қолымда не тұр екен, тәйірі. Көп болса сатылып жатқан жерің, атылып жатқан кенің, ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кетіп жатқан байлығың, сирағы шыққан кедейің туралы ғаламтордағы әлеуметтік желілерде, мүмкін газет-журналдарда жүрегімнің қанын ағызып отырып зарлап, ашына да азынай мақала жазармын. Жылап отырып жырлармын. Солай да болған. Солай да еткеміз. Ал сол біз айтқанды базардағы байшыкештер де, көшедегі пақыр да, диуана-дәлдүріш, алақанын жайған тіленші-қайыршы да айтып жатыр емес пе. Дуалы ауыздан шықпаған сөзде дуа бола ма, кім естіп жатыр?

«Айта берсін, айта берсін» деп телебағдарлама да жасап қойды емес пе. Тіпті дуалы ауыздан шықты деген күннің өзінде соны еститін құлақ, ескеретін естің бар ма? «Бір елді түзеу үшін бір адам жеткілікті» депті ғой бір ғұлама. Қазақтың бақытына сондай жеткілікті бір адамды бермесе мен не істей аламын? Бірақ, түйсігім алдамайды. Үмітсіз шайтан деген. Бәрін айт та бірін айт, айналып келгенде бейбіт өмір бәрін де жеңіп шығады. Бейбітшіліктің тірегі – бейбітшіл, берекешіл, ынтымақшыл ел. Арқаңа ер батып жүргенін білемін, қазағым. Ақ айыл да болып біттің. Сөйтсе де жаның сірі, төзімің мықты. Төңірегің тыныш болса, аман жүрген адам алтын аяқтан су ішеді дейді ғой. Ойдағы орыс, қырдағы қытай, қасыңдағы қоқаныңа құдай ынсап, қанағат берсін.

Қазір екі адамның басы қосылса «пәленпай елден кетіпті. Түгенпай пәлен жерге барып бақуатты өмір сүріп жатыр екен» дейтін сөз көп. «Қолыма қарға тышса, жөні келсе мен де кетсем» дейтін ел көп. «Жақсы жер, жайлы қоныс тауып, бай, бақ-қуатты өмір сүрсем» дейтін елдің  қарасы да молайды. Ұшарға қанаты жоқ отырғандай. Туған елінен, туған жерінен, мың жылдық мекенінен, ата-баба қонысынан жеритіндей, бала көңіл болатындай не басына күн туды мына жұрттың? «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» демекші байлық деген тек қарынның қамы болса, онда адамның малдан айырмашылыңы не? Байлық деген  материалдық дүние болса бабаларымыз «бай бір жұттық» деп неге айтты. Отан десең отанды  қойшы дейтіндер шықты. Халық десең халықты қойшы дейтіндер бар. Жер десең өзіңді жеп қоя жаздайтындарды қайтерсің. Ашуын ішке бүккен, запыраны ішінде қайнаған ел.

Бәрінің ойлағаны баю. Әлгі «кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді». Құдай-ау, елдік сана қайда? «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» дейтін заман туды ма? Елге, жерге деген, туған ұлтқа деген ыстық махаббатымыз суалып бара жатқандай. Елге, жерге неге сонша суындық. Көңіліміз кімнен қалды? Көзімізді материалдық шел басып жаһандану атты айдаһарға жұтылып бара жатқанымыз жоқ па? Шексіз байып кеткендерге наразылық шетке кетумен шешілмейді ғой. Кімге өкпелейміз? Итке ме, битке ме? Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді деуші еді. Осы біз тойып секіріп жүреніміз жоқ па?

Осы тұрғыдан келгенде тап менің ешкімге өкпелейтін жөнім жоқ. Кеше ғана, осыдан отыз жылдың алдында ғана, өкпемді қолыма ұстап, жүрегімді жалау етіп, бар дәулетімді тастап, бар сәулетімді тәрк етіп, елім деп еңіреп, жерім деп желкілдеп, атажұртым деп аңырап келіп, оралман болып, отаным деп ойланып, мекенім деп мекіреніп, байтақ далам бай өлкем, махаббатым – Қазақстаным деп  ақ жүрегімнен ақтарыла өлең-жыр жазған мен қарнымның қамы, жайлы қоныс іздеп қалықтап бара жатсам ел мен жер деп келгенім де өтірік, жазғанымның бәрі зая, жалған, нағыз екіжүзді, сатқын ақымақтың өзі болғаным емес пе! Міне, ағайын, мен ешкімге тетік, біреуге тірек болмасам да мені білетін бірлі жарым адам болса да осылай ойлап қалмаса екен деген Ар мазаласа керек.

«Мен қара жер емеспін сатылып кететін, Мағжан да емеспін атылып кететін… Қара жер құнарлылығы үшін сатылдыМағжан сатылмаған үшін атылды» деген Жәркен Бөдешұлы недеген ержүрек, екі сөзсіз Ер еді…

Біз «Қош бол сәулем, көргенше…» деп ақ лайнермен Атлантиканы бетке алып аспандап бара жатырмыз. Терезеден тесіле төменге қараймын. Шашылған жұлдыздай жарқырап, жамырай жайылған Ару Алматым. Иә, Ару Алматым!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі