//

Үшінші жолдау: Әлеуметтің мәселесі жалақыны көтерумен шешіле ме?

934 рет қаралды

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Жолдау қашанда мемлекеттің бағдарын айқындап, атқарушы, заң шығарушы, сот  және жергілікті билік өкілдері мен полиция және қарулы күштерге бағыт сілтейді.

Кезекті жолдауында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау саласында атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, осы сала мамандарына қадау-қадау тапсырмалар берді.

Олардың ірілерін баспасөз өкілдері жарыса жазып, жан-жақты ақпарат таратты.

ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕ МЕ?

Осыдан бірнеше ай бұрын еліміздің әр аймағындағы тұрғындар жайылымдық жерлердің жекеменшікке сатылып кеткенін, ірілі-ұсақты малдарын жаятын жердің жоқтығын айтып дабыл қаққан. Бұл мәселе мемлекет басшысының назарынан тыс қалмапты. Бұл туралы президент «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», – деді.

Ал денсаулық саласына қатысты көптеген бастамаға пандемияның әсері болғаны анық. Тіпті пандемия осы саладағы олқылықтың бетін ашып бергені де жасырын емес. Жолдауда денсаулық сақтау саласының дамуы үшін де бірқатар бағыт пен тапсырма берілді.

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ ДЕНІ САУ ҰЛТҚА КЕПІЛ БОЛА АЛА МА?

«Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды. Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан, медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек.

Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», – мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі саналатын денсаулық сақтау саласын дамыту үшін бұл бір жылда атқарылатын жұмыс емес. Ал оның орындалуы үкімет пен дансаулық сақтау саласы мамандарының жауапкершілігіне тікелей байланысты.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ ӨСЕДІ, БІРАҚ….

Мемлекет басшысының жолдауындағы әсіресе мемлекеттік БАҚ қуана таратып жатқан бір тапсырма «Елімізде төменгі жалақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілген жоқ. Әлемдік коронадағдарыс қазақстандықтардың табысына өз әсерін тигізді. Оның үстіне ең төменгі жалақы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен артта келеді. Осы орайда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылдаймын».

Шынында бұл жақсы жаңалық. Алайда ел ішіндегі инфляция бұл жаңалыққа риясыз сенуге едәуір кедергі екенін әр қазақстандықтың іші сезіп тұрғаны да өтірік емес. Осы ретте фб қолданушысы Бэлла Орынбетованың жазбасын материалға қосуды жөн деп шештік.

«Азық-түлікке төрт жыл бұрынғы бағаларды қарап отырмын. Кемі 55%-ға қымбаттаған. Биылғы бағаларды кең танымал онлайн дүкеннен алдым. Бұдан сәл арзаны да, қымбаты да бар.

Осы төрт жыл ішінде жалақыңыз қанша пайызға өсті?

P.S. Жолдауды тыңдап отырып, телегей табыс, толағай жетістіктеріміз туралы айтқанда осы жағдайды ескеріңіз)» деп жазған Бэлла ханым азық-түлік бағасының айырмасын таблицамен көрсетіпті.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫ ХАЛЫҚТЫ ӨЗ АКТИВТЕРІН БАСҚАРУҒА ҮЙРЕТЕДІ

Қазақстандықтардың баспана алуына мүмкіндік тудырған ендігі бір бастама зейнетақы жинағын уақытынан бұрын пайдалану туралы шешім еді. Президент бұл туралы да Жолдауда айтты. «Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді»…

«Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды. Сондықтан, мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшірген жөн. Биыл батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады».

Жолдауда айқындалған бағыт-бағдар мен тапсырмалар жауапкершілікпен орындалса ғана «ұлттың ұйысуы одан әрі дамуы» кезең-кезеңмен жүйелі атқарылар еді. Былтырғы Жолдауда Мемлекет басшысы «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек», – деп атап өткен еді. Біздіңше, барлық Жолдаудың түйіні дәл осы сөзге келіп тіреледі. Мемлекеттік құрылымдардың әр саласын тізгіндеген азаматтар осы сөзді ұстанса, халық арасында Жолдауға деген сенім нығая түсер еді…

Жолдаудың толық мәтінін мына жерден оқуға болады. 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі