///

Жолдау-2021: Ескелді ауданы тұрғындарының үні Президентке жеткен сияқты

2730 рет қаралды
Сурет: Tengrinews.kz

2021  жылдың 1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  кезекті Жолдауын жасады. Осы жылғы жолдау несімен есте қалды?  Қарапайым қара халық үшін қаншалықты маңызы бар дүние айтылды? Ауыл тұрғындары кезекті жолдау жайлы не дейді?

«Мен жолдауды көрген жоқпын. Зейнеткерлер үшін маңызды дүние айтылады деп ойламаймын» -дейді зейнеткер Бәміш Күнсәуле.

«Мен Алматы облысының орталығынан  шалғай жерде орналасқан Қайнарлы ауылында тұрамын. Мал шаруашылығымен айналысу үшін ат басын ауылға бұрдық.  Ат басын бұрғанымды қайтейін, біз мал жайылатын, шабындық жер дегеннен мүлде қалыс қалған жандармыз. Жолдауда Президент ауылда мал жайылатын жердің жоқтығын сөз етті. «Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, сол ахуалды өзгертетін батыл шешімдер қабылдауы тиіс», – деді Мемлекет басшысы Жолдауында.

Бұған қуанып қалдым. Өйткені, Ескелді ауданы тұрғындарының үні Президентке жеткен сияқты. Маусым айында көтерген мәселеміз, әлеуметтік желі қолданушыларының ғана емес, Президент көзіне де түскен сияқты. Аудандағы көптеген алқапты белгілі адамдардың бірі иеленіп алған, Қайнарлының да сан мыңдаған жерін алып, адам аяғы баспайтындай етіп қоршатып тастады. Тіпті, олардың  жайлауда да мыңдаған гектар қоршалған жері бар. Кім жайлы айтып отырғанымды өздеріңіз де білесіздер, бірнеше ай бұрын ғана осы Мінбер сайтында сол мәселені көтергенбіз. Ауыл тұрғындары мал жаятын жерге зәру. Мал азығын дайындайтын шабындық алқапқа мұқтаж.  Қайнарлы жанындағы пай үлескерлерінің үлесін қосып, кооператив құрған жан жердің шөбін шаптырып, өңір тұрғындарына сатқызып, пайда тауып келеді. Оның кім екенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Жердің жақсысын иемденіп алған ықпалды адамдар жетерлік. Бұл тұрғыда аудан тұрғындары Президентке ашық хат жолдайық деп жатырмыз. Хатымыз діттеген жеріне жеткен соң, Үкімет қолына алып, нәтиже шығып жатса, нұр үстіне нұр болмақ» дейді Қайнарлы ауылының тұрғыны Ержан Жаңажыл.

«Жолдаудан көрген жоқпын. Бірақ айлықты көтереді деп естідім. Соған ризамын, себебі жалақымызды көтерсе болды бізге, басқасын кейін ести жатармыз» дейді Бейбіткүл Жаршанова.

«Мемлекет басшысы жас ұрпаққа заманауи сапалы білім беруді одан әрі жақсарту жолында атқарылар ауқымды жұмыстар жайын кеңінен баяндады. Оның ішінде мұғалімдердің жалақы мәселесі, оқушылар орнының жетіспеушілігіне байланысты жаңа мектептер салу, балаларды ерте бастан мамандыққа баулу, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларының  және мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуға толық қолжетімділігінің болуы сияқты өте өзекті істер қамтылған» дейді Ескелді ауданы, Жастар негізі орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Ниетжанова.

«Қазір 21 ғасыр, алтынмен апталмасақ та, қолымыз аузымызға жетті. Зымыраған уақыт аралығында едәуір өзгерістер орын алды. Әлемдік дағдарысқа телміріп, дағдарып отырғанымыз жоқ. Ақ халаттымызды киіп алып, адам жанына араша түсуден шаршамаймыз. Иә, ақ халаттылар үшін жолдаудың медицина жайлы тұсы маңызды болды. «Медицина саласына қомақты қаржы бөлінеді. Бөлінген қаражат Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға, коронавирус екпесінен бөлек жоспарлы екпе салуға жұмсалуы тиіс. Сонымен бірге отандық дәрі-дәрімек пен медициналық құрал-жабдықтардың үлесін 50 пайызға жеткізу керек», деді Мемлекет басшысы. Отандық өнімді қолдансақ, емделу үшін өз өнімімізге жүгінсек, нұр үстіне нұр емес пе?» дейді Фрезениус Медикал Кейр орталығының бас дәрігері Мұратбек Бәміш.

Парақшамызға жазылыңыз

Арай Нұржанқызы

Арай Нұржанқызы Жетісудың тумасы, ақын, "Жетісу келіндері" орталығының төрайымы, "МедиаНет" халықаралық журналистика мектебінің, "Мінбер" ақпарат агенттігінің "Азаматтық журналистер" мектебінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар