/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2791 рет қаралды

МЕТРО ПОЙЫЗЫНДАҒЫ ОЙ

Бөтен елдің, басқаның бір нәрсесін көргенде оны өзіңдікімен салыстырып, салғастырып жатамыз. Жақсы, озығы болса бізде де сондай болса деп қызықтап, ал жаманы, тозығы болса өзімен кетсін, аулақ деп жиіркенеміз.

Ньюкасл метро пойыздарында келе жатырмын. Біздің пойыздардың келе жатқаны да, келіп тоқтағаны да айғай-шу, арсыл-гүрсіл болып жатады. Мына пойыздардың жүрісі жұмсақ, дыбысы пәс. Кеше айттым ғой су бетінде жүзген қайықтай деп. Оның мәнін мамандар білмейді емес, біледі. Ал жолаушылар солай болуға тиісті екен деп ойлайды немесе ышқынған, қиқылдаған, шиқылдаған дыбыстан қажығанда қос құлағын басып алады. Неге бұлай деген сұрақ қойылғанын білмейді екемін. Оның қойылмайтын себебі де бар. Бастамашылдардың меселдесі қайтып қалған. Қоғамда жаппай сен тимесең мен тимен бадырақ көз деген аксиома қалыптасып алған. Қоғамның инициативасымен санаспайтын елде өркендеу де, алға басу қайдан болсын. Пайдаға берілгеніне он-ақ жылдың жүзі болған ең соңғы техника-тетіктермен жабдықталуға тиісті Алматы метросының пойыздарының өзі тоқтарда шыңғырғанда құлында даусы шығады. Тым болмаса пойыздың құлақ етіңді жейтін шыңылдарын тыйсам деген бастамашы да болды ма деген оймен отырып Тайнмауыз бекетіне де келіп қойыппыз.

ТАЙН ӨЗЕНІНІҢ ҚҰЙҒАНЫ

Перрон толы ине шаншар жер жоқ деуге болатындай, қайшалысқан адам қара нор. Жайылған жайма базар. Қол өнер әшекей бұйымдарынан бастап алуан түрлі ылғи сувенирлік заттар, жеңіл-желпі тауарлар. Демалыс күндері теңіз жағасына алыс-жақыннан келушілер қарасы көп болғандықтан сенбі, жексенбіде тұрақты істейтін бұл базар да баяғы пандемия кесірінен ұзақ уақыт үзілістен кейін жуырда ғана ашылса керек. Әр жерде буын бұрқыратып жылжымалы кафелер жұмыс істеп тұр. Біреу нан-бауырсағын, кофе-шайын, біреу бургер, магдоналдс, кепсиін, ал біреу арақ-шарабын сатып жатыр. Бір босағада аспаптарын құрып тастап, әнін айтып билеп жатқандары да бар. Қысқасы той. Айтпақшы маска біреуінде бар, ал біреуінде жоқ. Бар болса неге кидің деп, ал жоқ болса неге кимедің деп сұрап жатқан жан көрмедік. Осылай болып қалса екен деп тіледім.


Біз жағалауға шықтық. Тайн өзенінің құйғаны. Алдымызда ұлы теңіз – Солтүстік теңізі, Британ аралдары мен Еуропаны бөліп жатқан Атлантида мұхитының жалғасы. Осы теңіз арқылы Еуропаның және Англияның жойқын кемелері бүкіл әлемді шарлап шығады. Орыстың Петер І де Петербордан ашқан есігі осы теңізбен ұштасады.

АЙБЫНДЫ ДА АЛЫП АДМИРАЛ 

Біз жағалауда тұрмыз, ұшы-құйрығы жоқ көк теңіз көк аспанмен көмкеріліп жиегі доғаланып, ара жігі білінбей жымдасып жатыр. Аздаған теңізден ескен желемік бар. Күн салқын. Бірақ тоңдырмайды. Қара сұр қорым таспен етегін бүрмелеген үлкен жар қабақты кенерелей жаяулар үшін жасалынған асфальт жолдар ирелеңдеп барып көк жасаң жамылған төбелерге беттейді.

Жалпы Британияның жері жасыл орман жапқан бір-бірімен бүйірлесіп, жабысып жатқан төбелерден құралатын сыңайлы. Бір төбеге шықсаң, төменде терең сай, әудем жерде екінші төбе тиіп тұрады.
Міне, мына бір зор төбенің үстінде төбесін көкке тіреп, теңізге жүзін беріп, зәулім ескерткіш тұр. Табантасының өзі кішігірім құрылысқа бергісіз. Ежелгі Рим, еуропалық мәдениетке тән постаментінің екі бұрышына салмағы бірнеше тонна болар-ау шойыннан құйылған, үңірейген ұңғысы апандай, арбалы бұқамылтық – артиллериялық пушка орнатылған. Постаменттің қақ ортасыннан көтерілген басына оқ жетпес ескерткішке қарасаң шляпаң жерге түседі.

Айбынды да алып адмирал, Ньюкасл тумасы Катберт Коллингвуд: «Келсең, кел! Бүкіл Еуропа менің уысымда» деп тұрғандай алысқа, ажарлы, көз тігеді. Қандай сұсты, қандай рухты десеңізші! Сол бір ерте заманның ғана емес, бүгінгі Англияның ғаламдық сесін аңдатып тұр.
Қай қырынан қарасаң да бүріскен, құнысқан, басы кеудесіне құлаған, жылағаны белгісіз, сұрағаны белгісіз қабағы салбырап, қарығы ашылмаған, әлсіз, әрсіз жасалынған бірде бір аты шулы, атақты адамдарының және де басқа да ескерткіш, тас мүсіндерін көрмедім. Қойылған тасына дейін жанды. Құтырып тұр. Еңсеңді тіктейді. Көзінен от, көкірегінен күш лапылдап, қараған жанның тамырындағы қанды ойнатады. Мәселе, монумент-мүсін, скульптура, сурет, бейнелеу өнерінің дәу, үлкен, алыптығы ескі және заманауилығында емес, олардың қуаты сөзсіз, дыбыс, әуенсіз-ақ жаныңа от беріп, жігеріңді жанып тұрғанында болса керек.

ҚОҢЫР САРЫ ҚЫЗ БАЛА

Айбынды да алып адмирал ескерткішінің терістік жағындағы дөңеске шықтық. Сол биіктен көз салсаң бүкіл теңіз айдыны көз жетер жерге дейін алақаныңа салғандай көрінеді екен. Ана дөңнің үстінде қай заманғы алып қорғанның аңсиған қаңқасы тұр. Оны да барып тамашаладық. Бақылау бекеті. Анау көз ұшындағы кенереден кім бері жағалау құрлыққа қарай беттеді әсілі соны бақылайды. Білеудей тор көзді темір қақпа. Арканың астыңғы жағындағы төр көзді тар бөлмелерге теңіз қарақшылары мен бейсауат тентектерді қамаған дейді. Таласы мен тартысы көп, қан көп төгілген қырқысы мол қадым заманалардан қалған тарихи куәгерлер. Қорғанның екі бүйірі құлама жар.
Дөң үстіне бірінен соң бірін тізілтіп орнатылған бірнеше орындықтың біріне жайғасып отырмақ болып ыңғайлана бергеніміз сол еді:
– Казахсыздар ма? – деген дауысқа жалт бұрылдық. Қайшалысып жүрген қытай тектілердің арасынан қазақты кездестіре қоямыз деген ойда да жоқ еді. Қара шашты, су қара көзәйнекті, аласалау бойлы бір келіншек бізге таман жақындап қалған екен. Бізде:
– Иә, біз қазақпыз,– деп жамырай қалдық.
– Я тоже казах. Из Казахстана. – Сонан соң әлгінде біздің қастарынан өтіп бара жатып өз ара сөйлескенімді естігенін айтты.
– Бәрекелді!! Біз Алматыдан…
– Я из Урала, – деді де, Есенгүлдің жауаптарының бәрі қазақша болғаннан кейін, – орыс мектебінде оқығанын қосып айтып, қысылғандай болған соң мен құлақ еститін жерге дейін іркіліп шегіншектей бердім. Есенгүл екеуі сәл әңгімелескен соң, – күйеуіммен таныстырайын, – деп скамейкада үш-төрт жасар қоңыр сары қыз баланы алдына алып отырған қатпалау, шикіл сары кісіге ертіп келді. Амандастық. Ағылшын, осы Ньюкаслдің тумасы екен. Он жыл Қазақстанда, Теңізде жұмыс істегенін, сонда жүргенде танысқанын Әлия өзі тізіп айтып берді. Ол қазақша білмесе, ал мен ағылшынша ләм мим, арада әңгіме бола ма? Есенгүл мен Әлия телефон нөмірлерін жазып, алмасты.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі