/////

Бабақұмар Қинаятұлы: Сіз Хунгарикумның не екенін білесіз бе?

2559 рет қаралды

ХУНГАРИЯ, ВЕНГРИЯ, МАЖАРСТАН

Картаға үңілсек, Дунай дариясы орта тұсында Тиса өзенімен жарыса келіп тоғысады. Дәл сол тұстағы аралға әйгілі Аттила патша жерленген дейді бүгінге жеткен аңыз сорабы. Ғұн мен авардан кейін Арпад мажарларынан Карпат қойнауына қоныстанып өзінің мемлекеттілігін он бір ғасыр бойы үзбей келе жатқаны анық.

Кейін оғыз, печенек, қыпшақ, татар, моңғол, ноғай сынды шығыстық жұрттардың ат тұяғы тиген. Мемлекет атауы түрлі тілдерде Хунгария, Унгария, Үнгерүс, Мадияр. Заманында қуатты ел болған мажарлар алуан жеңіс пен дағдарысты бастан кешірді. Мажар жерін талан-таражға салған 1920 жылғы Трианон келісімінен кейін елдің тарихи аймағының үштен екісі Атажұртынан алшақтап, көрші елдерге телінді. Аттила аралы да – қазір Сербия аумағында…

Дунай Тиса қос дариясының аралығында жатқан Алфөльд немесе Мажар ойпатындағы небір тарихи ескерткіштер, жер-су атаулары иісі Тұран жұртымен туыстығының айғағындай (Сарыарқа немесе Үшқиян сынды). Мажар ойпаты Куншаг, Чонград, Хайду, Хортобадь сынды бірнеше аймақты қамтиды.

Куншагтың, яки еуропа тілдерінде Құмания, қазақша айтсақ Қыпшақ жері – қазақтың жанына жақын. Атақты түрколог Мандоки Қоңыр саралаған кун, яғни құман-қыпшақ деп басталатын жер-су атаулары (Кунсаллаш, Кишкунмайша, Кишкунхалаш, Кунсентмиклош, Карцаг, Кунчорба, Түркеве, Байа, Бачалмаш және толып жатқан атаулар) көненің көзі, тарих сөзіндей болып тұр …

Карпаттың жағрафиялық орталығы Опустасер кентіндегі ашық аспан астындағы киіз үй пошымындағы мұражай мен мажарлардың қоныстануын бейнелейтін алып панорама туристердің толассыз ат басын тірейтін нысаны (турист демекші, пандемия жағдайында ересектердің басым бөлігі қорғаныс екпесін (вакцина) алған ел тұмылдырықты лақтырып тастады. Жаз бойы елге 5 млн турист келіпті). Айтпағымыз басқа, бағзыдағы тарихи туыстықтың бүгінгі тынысы, екіжақты байланыс тарихының бүгінгі беталысы туралы. 

ХУНГАРИКУМ – мажар мақтанышы, айғақтаушы рәміз

Мажарларды өзгеден ерекшелендіріп, одағайлығын айғақтап тұратын, өзіне ғана тән ұлттық құндылықтарды Хунгарикум деп атау 1999 жылдан жолға қойылды.  Жаһандану заманында алуан түрлі мақтаныш, бой теңестіру, жарысуға айналған түрлі тізім жасау етек алғанда мәдениеттанушылар енгізген санатқа ерекше зат, бұйым, қызмет көрсету, өнертабыс, мал тұқымы, өнім сорттары, тіпті атақты тұлғалар да енеді. Мажар тілі бұл да – Хунгарикум. Яғни ұлт үшін маңызы ерекше, өзгеше бітім болмысқа ие барлығы осы санатта. Олар заңмен қорғалады, мемлекеттен ерекше қорғауға, қолдауға ие. Хунгарикум арасында Херед фарфоры, салами шұжығы, Токай шарабы, палинка арағы, Уникум бальзамы, Халаш шілтері, мажардың алуан аймағындағы кесте бұйымдары, би түрі, гуляш (қазіргі дыбысталуда гуйаш, қазақша бұқтырылған ет), паприка ұнтақ қызыл бұрыш, ерекше көкөніс, жеміс сұрыптары тағысын тағылар.

Мал тұқымынан мүйізі иірілген, сабалақ жүнді рацка қойы, мүйізі салақұлаш, дәу сұры сиыр, оған қоса иттің кувас, құмандор сияқты түрлері де Хунгарикум санатында қорғауға алынған… Әйгілі футболист Пушкаш, кубикті ойлап тапқан Ерньө де бар. Төртбұрыш қорап пішінді құрылысты киіз үй пошымындағы төбесі күмбезді сәулетке алмастырған органикалық архитектураның негізін қалаушы Маковец Имре  де осы санатта. (дәл осындай Қазақы, Алашқа тән, Бірегей деген мәдени категорияны әспеттеп, әлемге танытататындай серпінді іс-қимыл замана сұранып тұрғандай).

САНАТКЕР, ҚАЙРАТКЕР ЛЕЖАК ШАНДОР МЫРЗА 

Мажар ойпатына  (Алфөльд) оралсақ, оның орта тұсындағы Кечкемет қаласы қазақты елең еткізері анық (кечке–ешкі дегені). Мерседес зауыты салынғаннан кейін кең тыныстаған қаланың солтүстік батысында әлемдегі ең үлкен этнофестиваль Құрылтай өтіп тұратын Бугац елдімекені жатса, шығысында Лакителек атты кент қазаққа етене ыстық. Себебі мұнда бой көтерген Хунгарикум паркі – жасампаз істердің ордасы. Лакителектің бүгінгі келбеті Мажарстанның көрнекті қайраткері, ақын, драматург Лежак Шандордың қызметімен тікелей байланысты. Осында еңбек жолын бастаған Лежак әдеби, мәдени өмірдің қайнаған ортасында шыңдалып, тарихи тақырыптарда жазған рок опера, драмалары, өлеңдері кең таралды. Оның қаламынан туған «Аттила Құдайдың қамшысы», «Чаба патшазада» сынды туындылары лайықты бағасын алған. Қызыл жүйенің қысымына қарсы әдеби, мәдени қауымның басын біріктірген ортада Лежакты қазаққа етене жақын Мандоки Қоңыр, Келемен Андраш сынды жүздеген мықтылармен тоғыстырды. Өткен жылы 70 жасқа толған қайраткерді құттықтауында мажар үкімет басшысы Орбан Виктор, жаңа кезеңдегі саяси ұйымның негізін қалау Лежак үйінің ауласында жүрілгендігін атап өтті. Яки, ол 1987 жылы Мадияр Демократиялық форумы атты саяси ұйымды қалаған …

Мажар парламентаризм тарихында елеулі орны бар Лежак мырза Парламенттің вице-спикері қызметін атқарумен қатар, Лакителекте қор  құрып, ағартушылықты мықтап қолға алған. Онда халық институты атты білім беру орталығы мажарлар мен шығыс халықтарымен арадағы сан қырлы туыстықты насихаттау, әдебиетін таныту ісімен дендеп айналысады. Алуан түрлі білім беру, әдеби, мәдени шаралардың басы қасында Лежак Шандор мырза ұйытқы.

Будапешт, 

жалғасы бар

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі