/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2286 рет қаралды

08.11.2021ж.

ҚАЗАҚТЫҢ ӨКПЕСІН КІМ ТЕСПЕГЕН

Қарашаның 6 күні, сенбі (06.11.2021ж).

Демалыс күні болғаннан кейін, қаладан шығып, даланы көруге бел будық. Орталық темір жол стансасынан пойызға билет алып, батыс бағыттағы Ньюкаслден 40 шақырым жердегі Хексам қалашығына жетпей аралықтағы Горбридж бекетінен түсіп, Тайн өзенінің бір саласымен   өрлей жағалап біраз жаяу жүрдік.

Оң қапталымызда жиегі көк шалғынмен көмкеріліп кілкіп аққан өзен, ал сол жағымызда ат шаптырым егіс алаңы. Егіні орылған, көктемгі егіске әлде қашан әзірленіп қойған тап-таза жалпақ жазық. Жалғыз аяқ сүрлеу жолмен жылжып келеміз. Ара-тұра ит жетектеген немесе қоржынын арқасына асынған бейсауат жандар ұшырасады. Ал біздің қарамыз оншақты адам, бір топ болып біріккенбіз.

Біз қиғаштай жүріп, егіс алқабы мен өзен аралығында тұрмыз. Мұнда көне қорғанның тас табаны бар екен. Анықтамалық тақтадағы мәліметтен білгеніміз Ү-ҮІ ғасырға тән. Шамасы Күлтегінмен жасты. Төрт қырлап жонылып, өңделген тас кірпіштердің қиюластыра құрастырған жұрнағы.


Тасты қанша тамашалаймыз, ары қарай егіс алаңының арасын қақ жара бөліп, бетіне қиыршық тас төгіліп, майдалап жайып, жер бетінен биіктете көтеріп, жалдап төселген жолға шықтық. Алдымызда құдды Сары арқаның сары даласы. Кеңістік. Егіндік кеңістік. Жапырақты жап-жасыл көк өскен ұланғайыр дала. Енді ғана алсындап көктеп келе жатқан сыңайлы. Күзгі шабындық па екен? Анау шеті қара орман. Жұмсақ желемік еседі. Жарты шақырымдай жүргеннен кейін нөсер шөпті шалғынға кіріп кеттік.

Мен темекі тарттым. Есенгүл құтыдағы жылы суын ішті. Осы жерде жасы отыздар шамасында орта бойлы, қара бұйра шашты, төрт бұрыштау денелі қарасұр жігіт келіп маған амандасты. Колумбиядан екен. «Магистратурада оқимын, программиспін»,- деді. Қазақстанды біледі. Смартфонын қосып картадан көрсетті. Бұрын бір жыл, әлде екі, Эстонияда оқыпты. Екі айдың ішінде, күніне бір сағаттан Есенгүлдің мені төмпештеп отырып үйреткен ағылшыншасы біздің өз ара алғашқы мәліметтерді алмасуға жеткілікті болды-ау деймін. Және оның орысша шәй ішерлік тілі бар екен. «Ағылшыншасы жақсы екен»,- деді Есенгүл. Менің инженер-жазушы екенімді білгенде басын изеп, мейірімді ілтипат арнағандай болды.
– Габриэль Гарсиа Маркес сенің атаң ғой?,- деп едім,
– Жоқ-жоқ,- деп зәрезеп болды. Әйтеуір испан ғой деп Кубаның атақты революционері Хосе Мартиді (Ұланбатыр қаласының мен бітірген орта мектебі Хосе Марти атында еді) айтып едім, жақсы түсінбеді ме, әлде мен түсіндіре алмадым ба, төңкерісшіл адамды ұнатпай ма оған жауап қата алмады.
– Алтын көп пе?- дедім, қуланып, Колумбияның әлемдегі алтынға  ең бай ел деп оқығанымды алға тартып. Ол тағы да,
– Жоқ-жоқ,- деп жолатпады.
– Президенттерің Иван Дуке Маркес (исп. Iván Duque Márquez). (Габриэль Маркестің адасы болғандықтан ба есімде қалыпты).
– Иә,- деді.
– Ол жазушы ғой.
– Білмеймін.
– Оны орнынан алып тастады ма?- дедім арамызға тілмаш салып. Ол:
– Жазда шеруге шыққандар болды. Бірақ президент орнында қалды,- деді…
Осыдан 5-6 ғасыр бұрын Латын Американы жаулаған испандықтардың тұқымымен, Габриэль Гарсиа Маркесше айтсам Креолмен тап бүгін бес құрлықта тырнағы тимеген жер қалмаған ағылшындардың аралы Британияның бір түкпірінде айдалада әңгімелескен болып тұрамын деп кім ойлаған? Есенгүл бізді суретке түсірді. Ол Есенгүлге телефон нөмірін жаздырды.

«Бес құрлықта тырнағы тимеген жер қалмаған ағылшындарың» деуім менің ойыма жайдан-жай келе қалған жоқ екен. Мен бұрын ағылшындар әлемді жауласа да Еуразияның түп кіндігіндегі, мұхит, теңізден алыс қиырдағы, оңын орыс, күншығысын қытай қоршап алған біздің елге, Қазақстанға жеткеніне көп мән бере қоймаған едім. Оным бекер екен.

Әлжаппар Әбішұлының Сәкен Сейфуллин туралы естелігінен мына жолдарды оқығанымда қайран қалғамын. Әлжекең Сәкенге Арқадағы ағылшындар қазып жатқан «Қарағанды», «Спасск», «Берікқара», «Сәмембет» кен орындары туралы айтқанда Сәкен: – Жұлын құрттар жеріміздің өкпесін тәуір-ақ тескілеген екен-ау, деді, – дейді. ХІХ ғасырдағы оқиға ғой. Капитализмді иттің етінен жек көретін кезде айтылып қалуы да мүмкін сөз. Расында, Қазақтың өкпесін кім теспеген деңізші?! Көмір түгілі көріне дейін қазып алтын-күмісін алып кеткен жоқ па?! Осыған сұрау бола ма? Қазақстанды ағылшындардың отарлауы деген маңызды тарихи тақырыпқа мен әлі кездескемін жоқ. Зерттеушісін күтіп жатқан бір үлкен көмбе сияқты.

(Жалғасы бар)…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар