Қараша айының екінші жұлдызында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақ радиосында 30 жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан радиожурналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС қызметкері Оңғар ҚҰРАЛдың «Біз қалай сөйлейміз?» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Бұл кітапта Оңғар мырзаның 2002-2005 жылдары Қазақ радиосы мен “Шалқар” радиосындағы “Біз қалай сөйлейміз?” атты авторлық бағдарламасының мәтіндік нұсқасы топтастырылған. Жинақта тіл тазалығы, дұрыс сөйлеу мен сауатты жазу, терминдер мен ұғымдардың аудармасы туралы сөз болады. Сондай-ақ, сөз тіркестерін орнымен қолдану, күнделікті айтып жүрген сөздеріміздің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, міне осы жайлар және туған тілімізге қатысты өзге де көкейкесті мәселелер кітаптың өн бойында түрлі авторлардың пікірлерімен талданып, тұщымды ойларымен дәйектеледі.
Тұсаукесер рәсіміне қатысқан тіл білімі саласындағы айтулы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мемлекеттік тіліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы өзекті ойларын ортаға салды.
Шараны ашқан ҚР Ұлттық кітапхананың жауапты өкілі Құрмет Қабділхалықұлы ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев сөз кезегін берді. Министрлік өкілі туған тіліміздегі көкейкесті мәселелерін қозғайтын журналист Оңғар Құралдың “Біз қалай сөйлейміз?” атты кітабының жарық көруіне байланысты Министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.
Қазақ радиосы мен “Шалқар” радиосында 2002-2005 жылдары өткен “Біз қалай сөйлейміз?” атты аудиохабардың мәтіндік нұсқасында атап көрсетілген мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ деп айтуға болады. Кезінде академик Рәбиға Сыздық апамыз жиі айтып отыратын шекара, қыркүйек, көкөніс сөздері орфографиялық сөздікке “сындырылып” жазылып берілгендігі тағы да сөз болды. Яғни, енді қыргүйек, шегара, көгөніс деп жазу да, айту да керек.
Кезінде Қазақ радиосында «Біз қалай сөйлейміз?» бағдарламасының идеясын көтеріп, осындай бағдарлама ашу керектігі жөнінде бастама көтерген, 2002-2006 жылдардағы Қазақ радиосының Бас редакторы, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы, сол жылдары аталған хабарға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиев, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Сахна тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор Дариға Тұранқұлова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің жауапты қызметкері, ф.ғ.д, профессор Құралай Күдеринова, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, әнші-сазгер, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Ағайша Исағұлова және БАҚ өкілдері дұрыс сөйлеу, таза сөйлеу, шұбарламай сөйлеу, сөздерді орнымен қолдану, ән мәтіндерін дұрыс айту, мақал-мәтелдерді бұзып қолдану, аударма сөздердің дұрыс-бұрысы, т.б. туралы нақты мысалдармен өз ойларын ортаға салды.
“Біз қалай сөйлейміз?” кітабына арнайы ғылыми сараптама, шолу жасаған академик Рәбиға Сыздықтың шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор Орынай Жұбай аталған еңбектің, әсіресе, жастар үшін ғибрат алар тұстары көп екендігін сөз етті. Арқасында, нәтижесінде, салдарынан деген сөздерді ажырата алмайтын халге жетіп отырмыз деді. “Өрттің нәтижесінде осынша теңге зиян шекті” дейміз, Өрттің салдарынан ғой. Жақсы, қуанышты, жағымды жаңалықтарға “нәтижесінде” деуге болады. Ал “салдарынан” деп жағымсыз дүниеге айтылады. “Қуаңшылықтың арқасында бидай түсімі төмендеді” дегенде қуаңшылық – жағымсыз дүние. Демек, “қуаңшылықтың салдарынан” деп айтылуы керек.
Жиын барысында, әсіресе, соңғы жылдары жиі ауызға алынатын – бару керекпіз, айту керекпіз емес, баруымыз керек, айтуымыз керек; отырық, тұрық, жатырық емес, отырмыз, тұрмыз, жатырмыз деу керек делінді.
Елдің қате сөйлеуіне бұқаралық ақпарат құралдарындағы орашолақ оралымдар мен сөздерді бұрыс қолдану жайы да сөз болды. Журналистер қалай сөйлесе, ел де солай сөйлейді деген тұжырым жасалды. Мәселен, телеарналардағы хабар аяқталғанда “Назарларыңызға рақмет!” деп айтып жатады. Дұрысы “Назар салғандарыңызға, не назар аударғандарыңызға рақмет” десе, орынды болатын еді делінді. Ауа райын айтқанда да дұрыс айтылмайды екен. “Ертеңгі күнге арналған ауа райымен таныс болыңыздар” дейді. Қалайша “ертеңгі күнге ауа райын арнаймыз?”. Бұл жерде де логикалық қате бар. “Синоптиктердің ертеңгі күнге болжаған ауа райын береміз” деген сияқты айтса, қисынды болады.
Тұсаукесер рәсімін жүргізіп отырған жазушы, публицист, Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев та өз тарапынан қоғамда белең алып тұрған тілбұзарлық келеңсіз қасиеттер туралы да ойларымен бөлісіп отырды.
Жалпы жиынға қатысушылар журналист Оңғар Құралдың тіл мәдениетіне қатысты жазылған “Біз қалай сөйлейміз?” кітабы қазақ тілінің қадірін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге аз да болса өз септігін тигізетіндігіне үміт артты. Толғауы тоқсан баба тіліміздің тағдырына өзіндік үлес қосатынын мұндай еңбектердің таралымы да көп болуы қажеттігі айтылды.
Кітап жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, мектеп оқушыларына, оқытушылар мен мұғалімдерге, әсіресе, қолына қалам ұстаған журналистер қауымына аса қажетті көмекші құрал болмақ. Сонымен қатар, бұл еңбек тіл тағдырына бейжай қарамайтын, ана тілін ардақ тұтатын және сауатты сөйлеуге ұмтылып, өз тілін түзегісі келетін жалпы оқырман қауымға арналады.
Парақшамызға жазылыңыз