/////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

2871 рет қаралды

ШЫҚҚАН ТЕГІМ, ӨСКЕН ОРТАМ

Әкем Бәділжан Жақияұлы (1919–1987 жж.) Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Тасөткел ауылында дүниеге келген. Бес жасында жетім қалып, ағайындарының қолында өскен. «Найман ішіндегі тepic таңбалымыз, Жарылғап батырдың  ұрпағы боламыз» деп марқұм әкем айтатын өз әңгімелерінде.

Бертін келе жұмыстан қол босағанда өзі жинаған деректер негізінде жазған шежірелері үйімізде құнды мұра ретінде сақталып тұр. «Ата-бабаларымыз осы құдіретті Айыртауды мекендеген» деп тағы да айтқаны бар. Бұл тауларды Epтic бойында, Өскеменнен Семейге бара жатқан жолаушының бәрі көреді. Ауылда елдің тәрбиесін көрген жиырма жасар Бәділжан Өскеменнің техникумын бітірген соң әскер қатарына шақырылады. Финн соғысынан бастап, Ұлы Отан соғысының аяғына дейін жауынгерлікпен жүреді. 1946 жылы елге оралған соң зейнеткерлікке шыққанша ауыл шаруашылық қызметінде болды. Сол кездегі партияның «отыз мыңдық» деген шақыруының қатарында ауылды көтеруге барып, отыз жыл ұдайы колхоз, совхоздарды басқарды. Ұлан, Күршім аудандарында жұмыс істеген, халықтың құрметіне бөленген, көптеген медаль, ордендермен марапатталды. Әкем еңбек еткен кеңшарлардың шаруасы алға басып, көрсеткіштері бүкіл облыстың  мақтанышы боп, Мәскеудегі Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің сыйлықтарына иегер болғанын білетін жұрт бүгінде сағынышпен айтады.

Қызмет деңгейі совхоз директорынан жоғары неге өспегенін өз аузынан естімедім. Бірақ, менің ойлауымша, кезінде өз елі де, қайын жұрты да Совет өкіметін қолдамағанын партия басшылары ескеріп, жоғарылауына жол бермеді (бұл жөнінде есімде қалғаны, кәрі Баяухан әжем “Ей, бұлар әкеңді өcipep деймісің” деп айтатын eді оңашада маған). Әрі әкемнің өзі де істеген қызметіне қанағат етіп, аса мансапқорлық танытпаған сыңайлы. Ал ол кісінің еңбекқорлығын, басқару жүйесіндегі қабілетін бала болсам да байқап, сабақтан, үй жұмысынан қолым босағанда әкеммен бipre шаруашылықты аралағанды тәуір көретінмін. Қай жерде кандай егіндік бар екенін, оның өнімділігі, төрт түлік малдың қайсысы тиімділеу, оған қандай азық пен жайылым қажет екенін, түгел жер-жердің, сай-өзектердің атау-аңыздарын білетінмін. Әcipece жылқы малын үй-ішімізбен қастерлейтінбіз (Совхоздың бес мыңга жуық жылқысы болды, облыстагы ең ipi шаруашылық еді). Кейін осының барлығы да, әкемнің қолданған «менеджерлік» әдіс-тәсілдері  де, адамдармен ара-қатынас ережелері де мен үшін оқып таптырмайтын олжа болды. Әкем өзі кісілермен сөйлескенді, әңгімелескенді тәуір көретін (үйімізге атақты зиялылар, жазушылар қонақ болатын), көп оқитын, бойында көп қулығы жоқ, мінезі салмақты, айтканынан қайтпайтын, кесек денелі адам болған.

Анам – Рәш Нұртазақызы (1927–1984 ж.ж), сол Айыр таудың бауырындағы Қонай деген ауылда туып, балалық шағын өткізген. Әкесін «байдың тұқымы, халық жауы» деп тұтқындап, қамауға алған. Қара күштің арқасында тұтқындаушыларды қағып, байлаулы қолымен арбадан ceкіріп, тау ішіне қашып барған соң, сондағы үңгірлерді паналап, түнделетіп ауылға келіп, қашан ұсталғанша біраз жүрген.

Төрт ұл, екі қыз сүйген анам 57 жасында сырқаттанып, о дүниеге аттанды. «Арманда кетпейін, сүт кенжемнің үйлену қызығын көрейін» деп ауырып жатып, құда жібертіп, үйге Қарлығашты түсірді. Онда мен Мәскеуде оқып жүрген 21 жастағы студент едім. Шешемнің өмірі еңбекпен өтті. Бүкіл үйдің шаруасымен қатар совхоздың  бухгалтерлік  жұмысын атқарды. Ол кісі  өз қолымен дайындаған дәмді тамағымен, халық жиналған жерде реңді кескін-келбетімен ауылдастарды сүйсіндіретін. Әcipece, анамыздың бұлбұл дауыспен шырқаған әндерін тамсана тыңдайтынбыз. Шаршағанын білдіртпей, қабағын шытпай, үсті-үстіне үйге келген дос-жаран, туған-туысқан, әріптестерді қонақжай көңілімен қарсы алып, әкеме жақсы серік болды. Ерекше ел аузында қалғаны «Рекеңнің жібек мінезі» мен адамдармен сөйлесе алатын, ер намысына тимей ақыл айта алатын қасиетін бәріміз де жақсы білетінбіз. Асыл анам да, ардакты әкем де, балаларының тәрбиесіне, оқуына зор мән беріп, бәріміздің жоғары білім алуымызға үлкен ықпал етті. Ол кісілер туралы айтар әңгімем таусылмайды.

Өзімнің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы, Құйған деген Ертістің жағасындағы ауыл. 1963 жылы 8 мамыр күні дүниеге келіппін. Алдында айтқандай, отбасындағы алтаудың кенжесі болдым. Күнсұлу, Исламбек, Ғылымбек, Есімбек, Меңсұлу, содан соң мен, Ғалымжан. Атымды осылай қойған – кіндік әкем Байбатшин Әубәкір. Бәйбішесі Қайырбану шешемізбен  бipгe менің әке-шешемнің жан достары болған. Екеуі де Ұлы Оған соғысына қатысқан, облыстағы біраз жауапты қызметтерді атқарған, қазір де құрметті ардагерлердің қатарында. «Білімді, ғылымды болсын, келешекте әлемнің иесі ғалымдар болады» деген оймен атым­ды қойған екен.

Менің балалық шағым Күршім мен Ұлан аудандарында өтті. Алтай тауларының бip бөктерінде орналасқан Маралды ауылында мектепке барғанша тұрдық. Бұл өңірдің  табиғатының ерекше әсемдігін Оралхан Бөкей ағамыз өзінің «Кербұғысында» суреттеген. Расында, иісі аңқыған орманды таулары мен сарқыраған өзен-сулары кімге болсын әсер ететіні сөзсіз. Кейін тұрған жеріміз Ұланның Тайынты және Тарғын ауылдары маңайын да дүние жүзіндегі әдемі орындардың бірі деп санауға болады. Осында менің мектептегі жылдарым өтті.

Бала кезімде Баяухан әжемнің қасында өсіп, тәрбиесін көрдім. Ол кісі бұрынғының адамы болатын. Жас кезінде айтыстарға қатысқан, ақындық шеберлігі болған. Бірде ауылдарына келген атақты ақынмен шымылдық артында отырып айтысқан екен. Әлгінің айтысқа тіккен сиырын ұтып алып, әжеміз ел ішінде үлкен абыройға бөленді  деп естігеніміз бар. Сол Баяухан әжем ислам дінін берік ұстанған адам еді, мені де тазалыққа, имандылыққа үйретті. Әңгімелерінен байқағаным, бұрынғы қазақтың еркін-байтақ заманын аңсайды екен. Мұндайда «балаға көп айта бермеңіз, апа, естігендер сөз қылады» деп шешем ескертіп отыратын. Дегенмен, тығылып, әжемнің әңгімелерін тыңдағанды тәуір көретінмін. Бip күні әжеме көмектесіп, қол диірменді айналдырып отырғанмын. Қайдан келгенін білмеймін, бip талпақ танау қорс-қорс етіп, аулаға кірді. Әжем орнынан атып тұрып, бұл кәпірді үйдің маңына жолатпау керек деп, айырмен бір-ақ шаншыды. Торай шыңғырып жатыр. Мен апамның қылығына мәз-мейраммын. Балалық шағымнан есте қалған тағы бір оқиға – менің таудан құлағаным. Алты жасымда басқа балалармен бәсекелесіп, ауылдың бір шетіне тіреліп тұрған тік жартастан түсем деп, төменге домалап кеттім. Есімнен айырылып, басым жарылса да, аман қалыппын. «Құлыншағым, Құдай сақтаған өзіңді, келешекте бағың бар екен» деген әжемнің сөзі әлі де құлағымда.

Маралдының жартасынан құлағаным денсаулығыма қауіп төндіріп,  жарақатымды емдеуге тура келді. Анам мен әжемнің алты жасар баласын алысқа жібергісі келмегеніне  қарамастан, әкем өзінің «ГАЗ-69» машинасымен мені аудандық ауруханаға әкеліп жатқызды. Бұрын үйден ұзаққа шығып көрмеген мен үшін бұл үлкен сын болды. Маңайымда ешбір жақын, не таныс адам жоқ. Үйді қатты сағынып жаттым. Ол кездерде аудан орталығы Күршімде шекара әскерінің штабы орналасқан. Мекемелерге, ауылдарға орыс мамандары келеді. Осы және басқа себептерге байланысты ауданда орыс тілінде сөйлей бастаған еді. Орысша білмегеніме ұялдым және күнделікті инемен піспектегендері жаныма қатты бататын. Сөйтіп, жылап жатқанымда бір күндері ағам Ғылымбек келді. Ол кезде Ғылымбек 8-9 сыныптың оқушысы. Арамыз он жас болса да, оны жұрттың бәрі секілді «Қилан» дейтінмін. Есімде қалғаны – керемет қуанғаным, тағы есімде қалғаны, ағам пластилиннен жасап берген неше түрлі жылқының мүсіндері. Торы, жирен, күрең «аттарды» сапқа тұрғызып, «бәйгеге» шаптырып, мені күні бойы ойнатты. Кешкісін қайтайын деген ағамды менің жібергім келмеді. Әрине, бұл өтінішімді ол орындай алмады. Бірақ ертеңінде оянып көзімді ашып, терезе алдында  тізілген  «аттарды» көргенде көңілім орнына келді.

Үй-ішін қатты сағынсам да, шыдамды болуға бекіндім. Сондағы Қилан ағамның мүсіндеген «аттары» бүгін де көз алдыма елестейді. Әлі де қасыма ағам келетіндей, бүгін қамауда жатқанымда жұбататындай көрінеді…

Кейін Қилан Семейдің «зооветін» бітіріп, жылқы өсірудің нағыз кәсіби маманына айналды. Жылқы малын ел арасында насихаттау жұмысына үлес қосты. Көптеген көрмеге, жарысқа қатысып жүрді. Шабандоз, сайысшы ретінде де, бапкер, төреші-ұйымдастырушы ретінде де. Еліміздегі  санаулы «ат танитындардың» бipi. Әкімдік қызметімде осы салада маған өзінің мазмұнды кеңестерін бepiп отырды. Біз ұйымдастырған ат жарыстарында, соның ішінде Абайдың 150 жылдық тойында Қилан белсенділікпен елеулі еңбек етті. Шын мәнінде әкемізден бастап, үй-ішіміздегі барлығымыз жылқыға құмар болдық. Балалық шағымнан қалған бір фотосуретіміз бар. Онда мен дөңгелекті арбаға жегілген ат үстіндемін. Бұл ойыншықты Семейдегі туыстарымыздың үйінен әкем әкелген екен.

Бала шағымнан қалған тағы бір естелік – «космонавт» деген сөз. Сол кездегі радиода жиі айтылатын сөз. Анам Рәш: «Аспанға ұшқан космонавтар апатқа ұшырады, – деп түсіндірген. – Бірақ орындарын басқалары толтырады. Елімізде ондай батырлар көп. Өскенде сен де аспанға ұшасың», – деген сөздері есімде қалыпты. Бертін келе, сондағы космонавтардың апаты біз тұрған Алтай тауларының ішінде болғанын білдім. Оларды  іздестіруге әкемдерді қатыстырған сияқты. Әкем мені ауруханадан шығарып, үйге әкелгенде сол әңгімені естігенмін.

Әдетте ол кісі балаларын тізерлетіп отырғызып, шашымызды өзі алатын. Осы жолы да шашымды алғанда, менің жараланған басымды сипап: «Ұлым-ау, жартастан ұшқан сен нағыз космонавтың өзі боп шықтың», – деп күлген еді. Сөйтіп «космонавт болам» деп алғаш армандағанмын. Әрине, жылдар өте пікірім өзгерді. Дегенмен Мәскеудегі Бауман атындағы училищені таңдауыма сол бip балалық қиялым да әсер еткен тәрізді.

Мектепке барамын деп жаз бойы дайындалдым. Сондағым – білмейтін орыс тілін үйрену. Өйткені әкем орыс класына барасың деген-ді. Әйтеуір, емтиханды тапсырып, Тайынты мектебінің табалдырығын жеті жасымда аттадым. Алғашқы мұғалимам Зейнеп апай, мектеп директоры математик Мақаш апай болды. Мектепте үздік оқып, сыныптардың бәрін беске бітірдім. Бұған себеп болған ұстаздармен қатар анам. Ол кісінің «совхоз директорының баласы нашар оқығаны әкеңе сын болады» деген сөздері  мені қатты намыстандыратын. Совхоз орталығы Тарғынға ауысқанда мен 6-класс оқушысы едім. Онда да қазақ-орыс сыныптары қатар аралас мектеп.

Совет Одағының батыры Ізғұтты Айтықов атындағы ескі, көптеген түлекті өмір жолына шығарған мектеп еді. Сонда көрші «А» класында оқып жүрген ең сұлу қызға өзім ғашық болып жүруші едім. Отбасы, ата-жұрты сол жердегі белгілі адамдар, мамасы, тіпті, бізге қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім екен. Басында қызға қалай жақындарымды білмедім. Кейін досым Айдар өзінің апайы арқылы таныстырды. Ол қыздың, алғашқы махаббатымның және өмірлік серігімнің есімі – Қарлығаш. Ауылда өскен бойжеткен мен бозбаланың барлық қызығы мен хикаялары белгілі ғой. Heбip «вечерлерді», мектептің қоғамдық жұмыстарымен айналыса жүріп кездесетін сәттерді асыға күтетінмін. Достарымыз көп болды. Спортқа әуес болдық. Әcipece баскетболдан, хоккейден (өзеннің мұзында) маңайдағылардың бәрін жеңетінбіз. Жалпы мектептің қо­ғамдық жұмысына белсене қатыстым. Оған мені тартқан Төлеш апай – мектеп директорының орынбасары. Ал мұғалімдердің ішінде математика пәнінен берген Қорлығайын Нұршайыққызы, тарихшы Раздық ағай. Орыс тілінен берген Вәсилә Шаймарданқызы апай, жоғарыда айтқан қазақ тілі мұғалімі Гүлжамал Қабрахманқызы (Қарлығаштың анасы) деген ұстаздар менің жақсы білім, тәрбие алуыма үлкен ықпал етті.

Мектепте бақытты балалық шағымды өткіздім деп есептеймін. Мектепті бітірген соң достарымызбен жиі кездесіп жүрдік. Кейіннен, қызметіме байланысты бара алмасам да, Қарлығаш ауылдағы түрлі кездесулерге қатысып жүрді. Бұл жерде айта кететін бip жайт, қолымыздан келгенше достарымызға көмегімізді көрсеттік, бірақ қызмет беріп, не болмаса басқа да жеңілдіктерді жасауға бармадық. Әрине, қолынан шаруа келетіндерге болысып тұрамыз. Жеке қаржымыздан мектепке, қартайған мұғалімдерімізге  де көмек көрсетеміз. Мысалы, мектептің өзіне компьютерді алғашқы боп алып бердік. Бұрынғы мұғалима ретінде анамыз мектепке жиі барып тұрады. Сол кісіден жаңалықтың бәрін біліп отырамыз. Үйге бара қалғанда, өткен уақытты еске алып, ауыл мен адамдардың жағдайын сұрастырып тұрамыз. «Kөбі қалаға көшті, ауылдың сәні кетті» дегенді естігенде жақын кісіні жоғалтқандай көңіліміз ортайып қалады. Көз алдыма жастық шағым елестейді, түсіме кіреді (жуықта ғана бостандықта шығып, жиналған ауылдастарымыз алдында, may жақтан mүcin, сөз сөйлеп тұр екенмін).

Ауылымыз қазақи болғандықтан, еліміздің салт-дәстүрін сақтаған. Кейбір кездерде күлкілі жағдай да болған. 8-9 кластарда оқып жүріп, ауырып жүрген шешеме жаным ашып, өзім сиыр сауатынмын. Онда да адам көрмесін деп жасырынып сауамын. Солай жасырынып жүріп үйге бастаудан су тасимын. Өйткені ол судың көзі Қарлығаштардың үйінің қасында еді. Сөйтсем, «құпия» деп ұялып істегенімді шешелері Қарлығаштарға үлгі ретінде айтады екен. «Қараңдаршы, Жақияновтың баласы сиыр да сауады, су да тасиды» деп. Мұны мен сонда білсем, намыстан қылқынып өлер едім. Жалпы, мектептен басқа да үйдің шаруасы көп болды. Алдымдағы аға-әпкелерім басқа қала-аймақтарға тұрмысқа, оқуға кетіп қалды да, үйде жалғыз мен қалдым. Сондықтан қорадағы малдың да, бакшадағы көкөніс-жидектің де күтімі менің мойнымда болды. Әкемнің қызметінен қолы тимейді, бос уақыты жоқ.

Ары таза, совхоздың дүниесіне қол сұғып, жемқорлыққа бармаған адам. Отбасымыз үлкен, барлығы жоғары оқу орындарында оқиды, материалдық  көмек қажет еді. Сондықтан  бала кезімізден еңбектің дәмін әбден таттық. Жаз айларында совхоздың жұмыстарында болдық. Бірінші еңбек табысым әлі де есімде. Он жаста едім, жазда Алматыға, бұрын бармаған  астанамызға барайын деп армандадым. «Жұмыс істесең табасың жол ақшасын», – деді әкем. Шешемнің аяп, қарсы болғанына қарамастан, мен қой қырқу науқанына шықтым. Бip ай істедім, таңғы бестен тұрып, күні бойы шуаш жүннен бел жазбай жүрдім. Отар-отар қойдың ішінде шаршағаннан жылағым да, қашқым да келді. Кейбір шыдамаған балалар солай істеді де. Бip аптадан соң әкем келіп, жиналыс өткізді. Жиналыстан соң менің қасыма келіп, елдің көзінше: «Қалай, ұлым, үйге алып кетейін бе?» – деді. Халық алдында намыстанып: «Жоқ, шыдаймын!» – деп жауап қайтардым. «Жігітсің», – деп әкем, маңдайымнан иіскеп, қайтып кетті. Қасыма үлкендер келіп, қол бepiп, «мұндағы жасы ең кіші болсаң да, мықты екенсің» деп қолдап жатты.

Сол күні кешкі үзілісте тау үстіне шығып, алда жатқан Сандықтас төр-жайлау мен етекте аққан Шыбынды өзеніне қарап отырып, өзімді бірінші рет есейген ер азаматтай сезіндім. Науқан жұмысын аяғына дейін бітіріп, 140 сом ақша тауып, армандаған Алматыма барып қайттым. Сондағы студент боп жүрген әпке-ағамның қолына 20 сомнан ұстатып, мақтанарға жер таппадым. Кейін дәл осындай сезімге 14 жасымда ие болдым. Онда үйге әкем жоқта сыйлы қонақтар келе қалып, әжем батасын беріп, бірінші рет маған қойды бауыздатып еді. Қалған жаз айларында шөптің шабындығында да, жылқының жайлауында да жұмыста жүрдім. Сондағы ең өзіме ұнағаны – жылқы шаруашылығы еді.  Кешкі бие сауымынан соң сай-саймен мал өрген кезде қос басында ет пісіріп асықпай отырамыз. Біреуіміз қамшы өріп, екіншіміз өмілдірік-құйысқанды безендіріп, үлкен жылқышылардың әңгімесін тыңдайтынбыз. Қазір осының бәрін көз алдыма елестетсем, әкем еңбектің не екенін, табыстың жеңіл болмайтынын білсін, елден тәрбие көрсін деп ойлаған тәрізді.

2001 жылы, шетелде оқуда жүрген 15 жасар ұлым Берікті мен  де Баянауылға жұмысқа жібердім. Жаз бойы даладағы жеке шаруа қожалығының отбасында тұрды. Малын бағып, биесін сауып, шөбін  шабысты. Әрі қазақшасына жақсы жаттығу болды. Өзіне де осындай «практика» ұнады. Жалпы, ауылдың не екенін кішкентай кезінен біледі, жылқының не екенін де жақсы біледі, ат жарыстарына қатысып жүрді. Семей маңындағы ауылда достары бар. Каникулдарында сонда және ауылдағы нағашы ата-әжесінің үйіне барып тұрды. Ондағы атасы Бердин Қадес белгілі журналист, жергілікті газеттерде фотокорреспондент боп істеген. Берік олардың тұңғыш немересі болғандықтан, оған ерекше көңіл бөліп, оның қазақи тәрбиеленуіне үлкен үлес қосты.

Тарғын орта мектебінің ұжымы шәкірттерін оқыту және тәрбиелеу жолында өзіндік педагогикалық әдістерін қолданатын. Соның жемісі болуы керек, мектебімізде 300-ге жуық оқушы мен мұғалімдер арасында ынтымақ, ұйымшылдық байқалатын. Түрлі ғылыми не спорт жарыстарында біздің командамыз басқаларға қарағанда ұйымшылдығымен көзге түсетін. Өмірде жиі кездесетін ру-аталарға, көше-мекенге бөлінгенді көрген жоқпын. Осыдан туындайтын топтық араздық пен алауыздық та болмайтын. Әдетте ауыл арасындағы жастар төбелесі де сирек кездесетін. Сонымен қатар өз жеріміз дегенде намысымыз оянып, жақсы оқуға, терең білім алуға да ұмтылдық. Ұстаздарымыз жұмысына берілген адамдар еді. Бізді адам бойындағы ең таза, ең құнды қасиеттерге жетеледі. Өз жерімізді, Отанымызды сүю, былайша айтқанда, патриоттық сезімімізді оятуға көп көңіл бөлетін. Ізғұтты Айтықов атындағы мектебімізде Кеңес Батырының өмірбаянын және басқа жерлестеріміздің ерліктері мен жетістіктерін насихаттау ерекше орын алатын. Ізғұтты атамыздың арнайы музейі мен партасы болатын. Сол партаға отыру, үздік атану үшін жарысатынбыз. Ол кісінің туған күнін қаңтардың жиырмасында жыл сайын мектеп мейрамы есебінде дәстүрлі түрде атап өткізетінбіз. Жан-жақтан сыйлы қонақтар, атақты адамдар, бұрынғы мектеп түлектері жиналатын. Жалпы совхоз жерінен Кеңес Одағының бес батыры шыққанын бәріміз үлгі алатындай мақтаныш тұттық. Осындай даңқты жерлестеріміз сияқты, Отанымыз үшін ерлік, халқымыз үшін еңбек етеміз деген ой бойымызда ұялаған. Мен де соған лайық дайындалдым. 9-сыныпта Вәсилә Шәймерденқызының жетекшілігімен орыс әдебиетін өтіп жаттық. Н.Чернышевскийдің «Не істеу керек?» деген шығармасын оқып, сондағы кейіпкер Рахметов сияқты өз-өзімді сынамақшы болғанмын. Ақыл-санамды өcipyгe ұмтылып, денемді шынықтырдым. Сол мақсатпен үйдегілердің үгіттеріне қарамастан еденге ешбір төсеусіз ұйықтап жүрген кездерім де болды.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бip кipniш дүниеге,

Кетігін man та, бар қалан, – деп Абай атамыз айтқандай, мектепте оқып жүргенде оқуымды Мәскеуде жалғастырамын, әуе ұшақтары мен ғарыш ракеталарының конструкторы болам деген мақсат қойдым. Сол себептен соңғы кластарда сабақ оқуымды күшейтіп едім. Әcipece, математика мен физика пәндері бойынша қосымша қатты дайындалып, түрлі олимпиадаларга қатыстым. Нәтижесінде, мектепті үздік бітіріп, Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищесіне емтихандарды төрт пен беске тапсырып түстім. Кейіннен «онда қалай өттің, әкең болысқан шығар» дегендер де болды. Рас, әкем кемектесті. Ол былай болған еді. Өскемен–Мәскеу ұшағына билет алып, әуежайға келдім. Әкем ол кезде зейнеткер, қолы бос. «Мәскеуге бipгe барамын» дегенде мен қарсы болдым. Өйткені өз күшіме қатгы сендім, ал әкемнің қасымда болғанын ертең жұрт сөз қылады деп ойладым. Сол жолы ол кici кішкентай қулық жасап, мені әуежайға дейін шығарып салам деп келді де, өзі де ұшаққа отырды. Мен ренжіп, барғанша сөйлеспей қойдым. Бірақ Мәскеудің қалың жұрты мен қаптаған машиналарын көргенде жібіп, әкемнің қасымда болғанына риза болдым. «Осыңды білгем. Ауылдың баласысың ғой, көрмеген үлкен қала, бейтаныс жұрт. Емтиханға дайындалып тапсыруға бөгет етер. Менің қасыңда төрт-бес күн болғаным саған жақсы тірек болар, күш-жігер берер. Сабағыңды жақсы окыдың – емтихандарды тапсырасың да өтесің. Оған күмәнім жоқ», – деп еді әкем марқұм. Бip жұма жанымда болып, әкем елге қайтты. Айтқаны келіп, оқуға түстім. Ол 1980 жыл, яғни Мәскеудегі Олимпиада жылы еді. Дайындық арасында олимпиада ойындарын да қызықтап үлгердім. Cepік Қонақбаевты сонда бірінші көріп едім. Соңғы емтиханды тапсырып, әңгімелесуден қабылдандың деген сөзді естігенде, содан үйге телеграмма соққанымда қуанышым қойныма сыймай, жанымды қоярға жер таба алмадым.

Оқу оңай болған жоқ. Әcipece бастапқы үш жылда күніне 15-16 сағат уақытым сабақ қараумен етті. Байырғы жоғары оқу орны, ғылыми-техникалық ең үздік Бауман училищесі өзінің атақты Королев, Туполев сияқты түлектерімен даңқы шыққан,  студенттерге терең білім берумен қатар тәрбие жұмысына да орасан зор көңіл болды. Сұраныс қатаң болды, еріншектер мен талапсыздар ұзақ шыдай алмады. Мен  «газотурбиналық  моторлар» кафедрасында оқыдым. Қанша  қиын болса да, студенттік өмірдің ерекше сәні бар емес пе? Курсымызда қазақ болмады.

Алғашкы каникулға келгенімде, әкем жарықтық ерекше қуанып, қарсы алды. Сол күні үлкен біp серке сойғанымыз есімде.

– Иә, балам, – деді, – маған амандасуға келген ауыл адамдары тараған соң.

– Москвада аз болса да қазақтар бар екен, – дедім өзімше жаңалық ашқандай болып. Бағанадан баласы алыс жолдан келіп, мейманасы тасып, көңілі жайланып отырған әкемнің қабағында кірбің пайда болды. Сәлден соң:

– Қазақтар жер шарының түкпір-түкпірінде жүр ғой. Олардың елге оралғанын мен көрмесем, сен көрерсің, – деді. Әкемнің неге толқығанын 1991 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысқанымда түсіндім.

Студенттік стипендиям үзілмеді. Ағайын-туысқандар да болысып тұрды. Дегенмен астаналық тұрмысқа, келіп-кетер жолға қосымша ақшамды түнгі кезектегі жұмыстармен тапқанға үйреніп алғам.

Мәскеуде оқып жүргенімде алғаш рет «үлкен саясаттың» бетін көрдім. Бізді, бірінші курс студенттерін, Кремльдің Боровицкие қақпаларының қасына Одақ басшысы мен Никарагуа жетекшісі Даниель Ортегоны қошеметтеуге жинады. Мәртебелі кісілер шыққанша күздің жаңбырында жаурап, бес сағаттай күттік. Бip мезетте ағынды ЭСКОРТ қасымыздан аэропортқа қарай өте жөнелді, қарап та үлгермедік. Сол күні оқудан босатылған біз бекерден-бекер маңызды сабақтарымызды оқи алмағанымызға және суықтан тоңғанымызға ызаландық. Содан былай жұртты «мәртебелі меймандардың құрметіне» орынсыз тосқызғанды қаламайтын болдым. Семейде, Павлодардағы әкімдігімде осындай «дәстүрлерді» жоюмен талай арпалыстым. Президент не баска дәрежелі қонақтар келерде, дайындық барысында осы мәселеге қызметкерлердің ерекше назарын аударатынмын. Сондағым, бостан-босқа күттіріп, көшені алдын ала жауып, халықты ренжітпейік дегенім. Бұл жөнінде ылғи да Президенттің қауіпсіздік және протокол қызметтерімен қарама-қайшылығымыз боп тұрды. Өзіміздің «жаутаңдаушылар» жағымпаздығымен мазалайтын. Әрең дегенде әкім алдында жүретін үйреншікті МАИ машинасынан құтылдым. Жүргенімізде жол ережесін бұзбауды, көше бойындағы қызыл шамдарға тоқтауды шоферлерімнің құлағына құятынмын.

1981 жылы кәмелет жасына толып, сайлауға бірінші рет сайлаушы ретінде қатысқаным бар. Мәскеудің Бауман округінде дәстүр бойынша Брежнев өзі түсетін. Әрине, дәстүр бойынша сол жылы да дауыстың 100 пайызын алды. Бірақ, шындығына келгенде, біздің жатақханалардағы студенттердің тең жарымы дауыс беруге бармады. Барғанымыздың өзі ол кісіні сызып тастауға уағдаласқанбыз. Сонда қайдан 100 пайыз боп шықты? Осы «ғажап» есептің артында әділетсіздік тұрғанын байқаған біздің, «коммунизмнің» жас кұрылысшыларының бұндай саяси-қоғамдық тірліктерден көңіліміз қалды. Кейін сайлаулардан, не мерекелік шерулерден түрлі сылтаулармен бас тартатын болдым. Институттың қоғамдық, комсомолдық жұмыстарымен айналысуға да уақытымды қимадым. Бұл диссиденттердің қатарында жүрдім деген сөзім емес. Сол кездегі көзқарасымызда еркіндік болғанын айтқым келеді. Оның үстіне«Самиздаттың» өрістеген уақыты еді. Тыйым салынған кітаптарды кезектесіп, қолдан қолға беріп, тығылып, түні бойы оқитынбыз. Маған ең алғаш және үлкен әсер еткен М.Булгаковтың шығармалары болатын.

Ал өмірдің басқа жағын алсақ, сырахана мен дискотекаларға да уақыт таптық. Мен бармаған театр жок. Әcipece Қарлығаш қонаққа келгенде бәріміз үшін ең үлкен мейрам болатын. Есімде қалғаны, Қарлығаш дәмді тамақ, әcipece ұлттық тағамдарды дайындағанда ұлдар (институтымызда кілең ер азаматтар оқитын) титтейін қалдырмай жейтінбіз. Қарлығаш онда Өскеменнің педагогика институтының тарих факультетінде оқып жүрген. Жоғарыда айтқандай, төртінші курстан соң үйлендік. Тұңғышымыз Берік туғанда әжесі көре алмады. Бірақ Бәділжан атасы немересінің аяқ басқанының, шүлдірлегенінің куәсі болды. Барлығы алты жыл оқыдым. Ол кезде Горбачевтің маскүнемдікпен күресіп, «перестройканы» жариялап жатқан кезі еді. Дүние бұзыла бастағанын Мәскеуде сездік. Студенттердің арасында бұрыннан жүрген әңгімелер өрши бастады. Коммунистік идеологияда қателіктер бар екенін арамызда тығып таратылған «диссиденттік» кітаптардан байқадык. Институтты үздік, «4», «5» деген бағамен бітірдім. Алдында курстық, дипломдық жұмыстарымнан байқап, практикалык зерттеулер арқылы байланыс жасаған Москваның, Ленинградтың ғылыми-зерттеу институттары мен конструкторлық бюролары жұмысқа шақырған. Ондай атақты, бүкіл  Совет Одағының  ракета, ұшақтарын жобалаған мекемелерге жұмысқа бару бәрімізге де үлкен абырой еді. Екінің бірін шақырмайтын онда. Басында келісімді беріп, кейін бітіруге жақындағанда, заманның өзгеріп бара жатқанын байқап және әкем жалғыз қала ма деп күдіктендім. Әкеммен ақылдасу барысында елге қайтайын, қарашаңырақтың түтінін сөндірмейін деген ойға келдім.

Сол себеппен Семейдің машина жасайтын заводына жолдама алып, жұмысқа тұрдым. Қорғаныс сипатындағы «жабық» завод болатын. Алғаш барғанымда завод директоры Азаров Николай Григорьевич қабылдады. «Цехтың жұмысына барасың ба, әлде кеңсе қызметін қалайсың ба, өзің таңда. Сендей институт бітірген адам бізде жоқ», – деп маған қарады. Мен оның пікірін білмекші болдым. «Адам боламын десең, төменнен, цехтан бастағаның дұрыс. Мастер боп адамдармен сөйлесуді, ұжым басқару әдістерін меңгересің», – деді. «Ақылыңызды алайын, жұмсаған жеріңізге барайын» деп ол кісінің қолын қыстым. Сөйтіп темір кесетін, пресс машиналары, станоктері толған №11 цехқа қатардағы мастер боп бардым. Директордың айтқанындай көп нәрсеге үйрендім. Әcipece қарапайым жұмысшы адамдармен сөйлесу, оларды басқару тәжірибем келешектегі қызметтеріме әсер етті.

Алғашқысында қоластымда жиырма шақты адам болды, кейін аға мастер болдым. Ауысымдық жұмыспен күндіз де, түнде де шығып жүрдім. Тапсырған учаскеде шаруаға қызу кірістім. Ең алдымен, жұмысшыларды жарақаттан сақтап (техника қауіпсіздігі), денсаулықтарына қауіп келтірмейтін жолдарын іздестірдім. Содан соң олардың еңбек өнімділігін арттыратын технологиялық өзгерістер енгізу керек болды. Ол өзгерістер күрделі болғандықтан, завод директорынан рұқсат алып, цехта бұрын болмаған күрделі жөндеу жүргізіп, технологиялық процестерді түбірімен өзгерттік. Көптеген өнертапқыштық ұсыныс жасадым. Нәтижесінде бұрын артта қалып жүрген цех енді жоспарын орындайтын озат ұжым болды. Тұрмыс жағдайыма байланысты төрт бөлмелі пәтердің бip бөлмесін бізге берді. Тағы үш отбасымен бipгe, Қарлығаш пен Берік үшеуіміз бip отбасы боп тұрып жаттық. Беріктің «декретінен» шыққан Қарлығашқа жұмыс іздестірдік. Аяғы ауыр боп жүрсе де, Қарлығаш өткен жылы (оларда 5 жыл, бізде 6 жылдык оқу болған) институтын жақсы бітірген. Әpi жас, әpi бақытты отбасы ретінде біз де жақсы өмірді армандадық. Кішкентай болса да баспанамыз болды, тұрмысқа қажет заттарымыз бар, елмен қатар үкіметтен азық-түлік талонын алып отырдық, аздап жаңа достар мен туыстар табыла бастады. Тек бip перзенттік, мұрагерлік парызымды орындай алмай жүрдім. Әкеміз Шығыста, ауылда жалғыз қалып қойды. Жоқ, ол кici мүлдем жалғыз қалған жоқ. Ауылдастары, жақын-жұрағаты баршылық қой. Бізге де, Семейге жиі келіп, немересінің маңдайынан иіскеп, бөлмемізде жатып қайтатын. Дегенмен әкеміз қасымызда, кенже ұлының шаңырағы астында болмағанына көңіліміз толмай жүрді. Ол кici болса «балаларым, алдымен өздерің орналасыңдар, жеке пәтерлеріңді алыңдар, сонда мен де көшіп келемін ғой» деп, бізді жұбататын. Бірақ көңілінде бұрынғыдай емес, жан тірлігі азайған боп көрінді маған. Дүниеден құдай қосқан жұбайы кеткен соң, бұл өмірдің не сәні қалды деген ойы болды ма деймін. Ауылға, анамыздың бейітінің басына күмбез салу үшін демалыс сайын барып тұрдым. Сонда анамның қасынан өзіне бip орын межелегенінен түсіндім – бұл кісі ешқайда да бармайды, осында қалмақшы. Үндемеді, сырттай уайымын білдіргісі келмеді. Тіпті ауылдың  құрметті ақсақалы ретінде қоғамдык жұмысқа да қатысып жүрді. Маңайдағы ескіден қалған дерек көздерін жинастырып, шежірелерді құрастырған. Сонымен қоса қолда мал ұстайтын. «Ангор ешкілері бүгінде ең пайдалы, сендерге аз болса да, көмек болады» деп, Қарлығаш екеумізге қарап күлетін. Келесі күзде, көп ұзамай-ақ, ол кісі де анамыздың соңынан аттанды. Соңғы сапарға жиналған жұрт, шынымен қайғырған адам көп болды. Ағаларыммен біpгe мен де жоқтап жыладым. Есіме ұлылардың «Өскеніңше бағыңды ата-анаң ел-жұртың тілер, өсіп болған соң өз бағыңды тілейтін өзің ғана боларсың» деген сөздері келді.

Семейде заводта жұмыс істеп жаттым, Қарлығаш қатардағы комсомол қызметіне тұрды, Берігімізді балалар бақшасына бердік. Үйде қазақшадан басқасын білмеген ол орыс (заводтың) бақшасына барған соң шүлдірлеп шыға келді. Бұны көріп үйде өзара орысша сөйлескенге тыйым салдым. Қасымызға жақындап, орысша бірдемені сұраған баламызға мылқау адамдай бедірейіп жауап қайтармаймыз. Берік еріксіз ана тіліне көшетін. Өстіп өскен ұлымызды кейін қазақ мектебіне тапсырдық. Қазір бес жыл болды, шетелде. Ағылшын тілінде оқып жүргеніне қарамастан, өз арамызда тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Әрине, орыс, француз тілдерін өз алдына меңгерген. Ал баланы ана тіліне үйрету ата-ананың ең алдыңғы қатардағы міндеті, қоғам алдындағы борышы деп есептеймін.

Жас маман есебінде заводтан маған екі бөлмeлi пәтер берді. Құрылысына өзіміз қатысып, тер төккен пәтерді алғанда қуанышымызда шек болмады. Заводта үш жыл жұмыс істедім. Ол кезде жаңа көзқарастар пісіп-жетіліп, қоғамда түбегейлі өзгерістер болатыны байқалды. Заводтағы комсомолдың жұмысымен, басқа да қоғамдық жұмыстармен айналысып жүріп, Москвадан келген тәуелсіз басылымдарды оқи бастадық. Технолог Ковтуновский Виктор деген жігіт екеуіміз әлгі газеттерді оқумен шектелмей, жұртшылык арасында ағарту жұмысын жүргіздік. Шын көңілмен комсо­мол ұйымына өзгеріс жасамақшы болдық. Бірнеше диспут кештерін еткізіп, соңында парткомнан «таяқ» жедік.

Партия мүшесі болмасақ  та, олар бізді сынға алып, қыса бастады. Бірде, 7 ноябрь мерекесіне байланысты шеруге барғанда завод жұмысшылары ұстап жүретін ұрандарды (лозунггер) жазу міндеті біздің қолымызға тиді. Түкті де аңғармаған парткомымыз «жазған маталарың дайын ба?» деп сұрап келді де, не жазғанымызды көріп шалқасынан түсті. Сондағымыз «Қашанғы бізді  СОКП билейді», «Басшылардан өзгеріс тілейміз» деген мазмұндағы ұрандар болатын. Сонымен катар завод сыртындағы («жабық» болғандықтан режимі қатаң еді) қоғамның жағдайы туралы Қарлығаштан біліп  отырдым. Жаңа танысқан достарымыз Әлжанов Тілек, Тоқтасынов Төлен комсомол кызметкерлері болатын. Тілекпен ақылдаса отырып, облыстық  комсомол комитеті жанынан жастардың «Мақсат» ассоциациясын құрдық. Мен сонда жұмысқа ауыстым. Ол қауымдастықта біз жаңа бизнес әдістерін үйренумен қатар, қоғамда болып жаткан елеулі оқиғалардың бәріне қатыстық. Комсомолдың өз пішіндегі «Сургут инициативасы» атты фракциясына кірдік. Оның негізгі мақсаты комсомолды өзгерту, СОКП-дан бөліну, демократиялық процестерді бастау болды. Осы жөнінде біздің топ комсомол, партия белсенділермен пікірталасқа түсті. Сол кезде өткен жиындардың біріне Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов келді. Конференцияда сөйлеген сөзінен-ақ оның СОКП Орталық Комитетін қолдайтыны, жаңа демократиялық жолдан қауіптенгені белгілі болды. 1989 жылы құрыла бастаған ұлттық-халықтық қозғалыстарымен (народный фронт) жиналғандарды қорқытқысы келді. Мысалға Балтық елдерін келтірді. Яғни бұлар осы күрес нәтижесінде ертең Совет Одағынан шығады да, жағдайлары әбден нашарлайды. Басқа да Москваның партократтары тапсырған сөздерді айтты. Облыстық комсомол комитетінің басшылығына олар дайындаған адамды өткізбей, өз адамымызды сайладық.

Комсомолдан басқа қоғамдық құбылыстар қызу өтіп жатты. Ядролық полигонға қарсы дауыстар естіле бастады. Кейін Олжас Сүлейменов өзінің атақты үндеуін теледидарда жариялап, «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Сол жолы Олжекең қаламызға келіп, көп адам жиылған митингіге катысты. Аяғында ол партия басшыларымен қолтықтасып, обкомның ғимаратына кіргенде біз біртүрлі болып қалдық. Өйткені біз үшін партия да, полигон да мағынасы тең ұғым болатын. Алдында ғана полигонға қарсы сөз айтқан жастарды партия мен КГБ қызметкерлері қудалаған болатын. Семейдің өзінде және Абай ауданында халық пен партия арасында текетipec болғанын жұрт білетін. Сол жастардың қатарында белсенділік танытқан, жазушы болам деп жүрген Талғат Кеңесбаев деген азамат болды. Оның да пір тұтатын Олжас ағасы көзіне қара көзілдірік киген бойында жиналған халықты тастап бұрылып кеткенінде Талғаттың еңсесі түсіп кеткендей көрінді маған. Ол кезде дүниенің барлығы ақ немесе қара түсі болатын. Жаңағы көріністі түсіне алмай, «өмірдің әділетсіз заңдарының бipi болар» деп ішімнен ойладым. Ол кезде саясаттың не екенін, оның астарында не жатқанын білмейтін едім. Талғат сияқты жастармен «Қазақ тілі» жөнінде дискуссияларға катысып, қаладағы зиялы қауым жиындарын ұйымдастырып жүрдік. Бұл жұмысқа шын жүрегімізбен араласып, ыстық ынтамен кірістік. Қалалық, облыстық  «Қазақ тілі» ұйымдарын құруға қолымыздан келгеншше үлес қостық – республика бойынша бұл үлкен қозғалыс болғаны белгілі. Ана тіліне деген сүйіспеншілік, намысы бар азаматтар, еліміздің үлкен-кішісі, зиялы-қарапайымы, қала-ауылдың иісі қазақ жұрты осы игі бастамаға зор ілтипат білдіріп, кеңінен қолдап еді. Өкінішке қарай, бұл іске де кейіннен саясаттың «вирусы» түскен сияқты.

Сол қыста елеулі саяси науқан – Жоғарғы Кеңес пен жергілікті кеңестердің депутат сайлаулары басталған еді. Заманның өзгерісін талап еткен демократиялық көзқарастағы жастар топтасып, бұл сайлауларға дайындала бастағанбыз. Қаланың үлкен картасын бөлменің қабырғасына ілдік. Оны округгер бойынша бөлдік. Бізге келіп жатқандарға, облыстық не қалалық кеңестерге депутат болам дегендерге округ нөмірін беріп жатырмыз. Арамызда комсомол қызметкерлері де, жұмысшылар да, кәсіпкерлікпен айналысқандар да, интеллигенция өкілдері де бар еді. Біріктіруші ұранымыз – тоталитарлық жүйені жою, азаттық пен әділет жолы. Осылайша облысымыздың көптеген белсенді азаматтарымен таныстық, өзімізге жақтастарды таптық. Солардың ішінде №38 мектептің мұғалімі, қазақ қызы Батталова Зәуреш өзінің табанды мінезімен бірден көзге түскен еді.

Барлық округтерге өзімізден кандидаттарды белгілеген соң, Республикалық Жоғарғы Кеңеске кімді шығаратынымызды ойластырдық. Менің қауымдастықтың басшысы ретінде отырған бөлмем штабқа айналды. Аталған картадан басқа штаб сайлау алдындағы бағдарламаларға, газеттер мен үнпарақтарға толы еді. Осы қағаздардың арасында отырып кеңес өткіздік те, бip адамды ұсынып көрейік деп, шақыруға кici жұмсадық. Соның алдында ғана тобымыздың мүшесi, ол кезде облыстық трест бастығының орнын босатып, құрылыс кооперативін ұйымдастырып жүрген Лукин Александр Александрович деген азамат Жоғарғы Кеңеске бізге бір кандидатты ұсынған. Оған мінездеме бергенде бізгe: «Жоғары білімі бар, КГБ-ның қызметінен өткен, райком-райисполкомда істеген, сөзге шешен әpi менің жан досым», – деп сипаттады. Атын, басында бip себептермен, айтпады. Біз «ондай болса, шақыр, осы жерде көрейік, сұрактарымызды қойып, қандай адам, көзқарасы қандай екенін байқайық» деген пікір айттық.

(жалғасы бар)

Жалғасы басы мына сілтемеде

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар