///

Референдум неге керек? Конституцияға өзгерістерді Парламент депутаттарының қабылдауына не кедергі?

2009 рет қаралды
фото: dalanews.kz

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты референдум өтетіндігі туралы мәлімдеді. Бұл туралы ақпарат құралдары жарыса жазуда. 

Осы ретте “неге референдум, неге Конституцияға жаңа өзгерістерді бұрынғыдай Парламенттік көпшіліктің шешімімен заңдастыруға болмайды” деген сауалдың да көп қойылып жатқаны аян.

Бұл сауалға жауап іздеу үшін тәуелсіз Қазақстанның тарихына үңіліп көрелік. Елімізде ең соңғы референдум 1995 жылы болыпты.

1995 жыл Қазақстан тарихында ең референдумы көп жыл ретінде қалғандығы сөзсіз. Ол кездегі референдум  Президенттің өкілеттігін кеңейтуге және  жаңа Конституция жобасы бойынша өткізілген. Демек референдумдардың негізін Қазақстандағы билік бөлінісі мен жаңа саяси трансформация кезеңімен байланыстыруға болады. Бұдан кейінгі Конституцияға енгізілген өзгерістердің барлығы Парламенттегі көпшіліктің дауысы арқылы жүзеге асырылған. Әрекет етіп жатқан Конституцияның негізгі енгізген өзгерісі Президент құзіреттігін арттыру болғандығы сөзсіз. Бұл өзгеріс ол кезең үшін түсінікті еді. Елде белең алған экономикалық дағдарыспен күрес мақсатында тиімді атқарушы билік қажет болды. Жылдам, әрі тиімді қабылданған шешімдер ғана мемлекеттік саясаттың өзегіне айналар еді. Оның үстіне жауапкершілікті топтық Парламентке қарағанда Президентке жүктеп, жауапкершілікті бір орталықтан талап ету заңдылық болып көрінді. Нақ сол кезде бұл Конституцияның да, Президенттің әрекеті де мемлекетті терең экономикалық дағдарыстан алып шықты. Бұл 1995 жылғы Конститция кемшіліктерден ада еді деген сөз емес. Ол Конституцияның да кемшіліктері жететін.

Қаңтар оқиғасына дейін де, одан кейін де саяси өмірді либерализациялау мәселесі жаңа Президент алдында тұрған ең өзекті мәселелердің біріне айналғандығы сөзсіз. Мемлекет басшысы саяси партияларды құру тәртібі, митингтерді өткізу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасап, ол Парламент тарапынан қолдау тапқан болатын. Дегенмен, бұл мәселелер саяси өзгерістердің кешенді сипатын аша алмады. Осы уақытқа дейін жеткен негізгі тұжырымдама «алдымен экономика, сосын саясат» тұжырымдамасы еді. Уақыт өте келе экономикалық өсім тек саяси бәсекелестік алаңында ғана мүмкін екендігіне көз жетті.  Дегенмен, осы уақытқа дейін мүлт етпестен мемлекет басшысы мен Үкімет бастамаларын қабылдап отырған Парламентті неліктен әрі қарай пайдаланып, өзгерістерді енгізіп алмасқа деген сауал сарапшылар қауымын қатты мазалап отырғандығы рас. Осы себептерді айқындап көрелік.

Біріншіден, Елімізде соңғы үш Парламенттік сайлауды ең кем дегенде бейтарап өтті деп айтуға келмес. Еліміздегі жетекші саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясы Парламенттегі абсолютті көпшілік орынды иеленді. Экономиканың соңғы жылдары құлдырауы, халық табысының төмендеуі, әлеуметтік реформалардың белгілі бір дәрежеде тығырыққа тірелуі секілді сәтсіздіктерге қарамастан Елбасы басқарған осы партияның тұрақты жеңіске жетуінің астарында не жатыр? Халықтың “жарқын болашаққа” деген сенімі ме? Жоқ әлде кең қолданылған әкімшілік ресурс пен сайлау комиссияларының белсенді жұмысы ма? Мәселе осында. Билік өзінің тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында сайлау барысында ең болмағанда әкімшілік ресурсты араластырғандығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналды. Бұл жағдайда жаңа Президент бұл Парламентті халықтың легитимді, яғни заңды өкілі деп қарастыра ала ма деген заңды сауал туындайды. Шын мәнінде тиімді өкілдік құзіретті жүзеге асыра алатын Парламент болса онда мемлекет басшысының Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға не себеп болды? Егер Парламент шынайы қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланыстырушы, мәмілегер функцияларын атқара алған болса өзге кеңестердің не керегі бар? Демек Парламент шынайы халық өкілдігін жүзеге асырып отырған мемлекеттік орган деп айту қиынға соғады. Ал мұндай орган тарапынан қабылданатын конституциялық өзгерістер мен толықтырулар қаншалықты дәрежеде қоғам тарапына қолдау табары және белгісіз.

Екіншіден, оқырман қауымды қайдам, өз басым қаңтар оқиғасынан кейін Парламент табиғатынан айтарлықтай өзгерісті байқағаным жоқ. Бұрын Елбасын қалай мақтаған болса, қазір Елбасын дәл солай даттайтын, бұрын Үкімет бастамаларын қалай бірауыздан, ешқандай қарсылық тудырмастан қабылдайтын болса дәл бүгін де бастамаларды мүлтіксіз қабылдайтын, соңғы он жылда бір рет бір бастамаға қарсы болмақ түгілі қалыс қалған депутаты жоқ Парламенттен қандай өкілдік күтуге болады? Парламенттегі көпшіліктің бүгінгі тұрпаты мен кейпі, қожайын ауыстырған қызметкердің кейпіне жақын секілді көрінеді. Парламент әлі күнге дейін өз бастамаларын Президент сөздеріне негіздей отырып жүзеге асыратын орган ретінде өз дербестігін тек бұрынғы мемлекет басшысына көрсетіп отырғандығы белгілі.

 Үшіншіден, өзге мамандарды қайдам, менің ойымды төмендегі сауалдар толғандыра бастады. Парламенттің жетекші күші болып келген “Нұр Отан” партиясының атауы өзгерді, құрылымы өзгерді, Президиумы мен саяси кеңесінің құрамы өзгеріп жатыр. Барлығы бір ауыздан. Осы уақытқа дейін бір партия мүшесі немесе бір делегат осы өзгерістерге байланысты бір сауал қойды ма? Жоқ. Барлығы бір ауыздан дауыс берді. Жарайды делік. Бәлкім бұрынғы биліктен жалыққан шығар, бұрын пікірін ашық айтуға қорыққан шығар, лидер ауысқаннан кейін есеңгіреп қалған шығар.

Алайда бұл өзгерістер төмендегідей сауалдардың тууына жетелейтіні қисынды. Бірақ осы сауалды өзіне қойып көрген партия мүшесі немесе депутат бар ма? Біріншіден, партия атауының өзгеруі автоматты түрде партия мүшелігінен шығуға алып келмей ме? Егер партия мүшелігі тоқтаған болса, онда депутаттар қай партияның өкілі ретінде билік құрып, өкілдік жасап отыр? Ең болмағанда бір партиядан шығып екінші партияға мүше болу кезеңіндегі өкілеттік туралы не деуге болады? Екіншіден, ресми түрде «Аманат» партиясы бірде-бір сайлауға түспеген, тіпті сайлау риторикасына қатыспаған партия. Ал бұл партияның өкілдері ресми түрде бүгінгі парламенттегі көпшілік. Бұл қалай?

Үшіншіден, «Нұр Отан» партиясының аты «Аманат» болып өзгергеннен кейін, «Нұротан» партиясының барлық депутаттары жаңа партия мүшелігіне өтті ме, жоқ әлде жойылып кеткен «Нұр Отан» партиясының мүшелігін сақтап қалды ма? Төртіншіден, саяси кеңесінің құрамының үштен екісі өзгерген, өзге де құрылымдық өзгерістерді бастан өткерген партияның өкілдері қаншалықты дәрежеде «Аманат» партиясының жаңа ұстанымдарына сай келеді. Оның үстіне Мәжіліс төрағасынан бастап, партиялық тізімде сайланған тұлғалардың біразы орындарынан кетті. Бұрынғы спикерді жақсы көргеннен емес (шынымды айтсам жақсы көруге негізім жоқ, болған да емес), заңгерлік болмысымнан туындайтын бір сауал қойсам деймін. Егер халықтың бір бөлігі осы тұлғалар өкіл болады екен деп дауыс берген болса, онда олардың өз еркімен өкілеттігін тоқтатуы былай тұрсын, бұлардың орнына келген бұрын партия басшылығында болмаған тұлғалардың депутат болып кетуі Конституцияға қаншалықты дәрежеде сай келеді? Жарайды, партиялық тізімде бір кандидат кетіп жатса екінші кандидат орнын басады делік, қисынға келеді. Онда жаңа депутаттар сайлау кезінде партиялық тізімде болды ма? Бұл туралы не Конституциялық кеңес, не партия басшылығы ешқандай түсініктеме бермеді.

            Ең соңғы сауал. Ескі депутаттармен «Жаңа Қазақстанды» құруға бола ма? Әрине жоқ. Сондықтан референдум орынды. «Жаңа Қазақстанға» жаңа Конституция керек. Бірақ одан әлде қайда маңызды мәселе «Жаңа Қазақстанға», жаңа, тәуелсіз, тұрақты, шынайы саяси институттар керек.

Шыңғыс Ергебек,

саясаттанушы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар