////

Музей – тарих айнасы. Биылғы музей түнінің ұраны осы болды

2354 рет қаралды

18 мамыр күні Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Халықаралық музейлер күні мерекесіне арналған «Музей түні» өтті. Іс-шараның биылғы жылғы ұраны – «Музей – тарих айнасы».

Атаулы мерекенің облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтуінің өзінде де үлкен мән жатыр. Себебі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылнамасы ХІХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Музей негізі 1836 жылы Орал қаласындағы әскери училище жанында, училище мұғалімі М.К. Курилин мен белгілі зерттеуші ғалымдар Г.Карелин, Н.Северцев, Л.Бергтің қатысуымен құрылған. Бүгінде музей 1879 жылы шығыстық стилде орыс-қырғыз қолөнер мектебіне арнап салынған ғимаратта орналасқан облыстағы ең ірі мұражайлардың бірі.

 170 жылдық тарихы бар облыстық музей ғасырлар қойнауынан ата-бабамыздың тарихы туралы сыр шертетін асыл мұралар мекені. Оның қорында 100 000 бірліктен астам жәдігерлер сақталуда.

Музей қорында Орал өңірінің өткенінен дерек беретін жәдігерлер жеткілікті. Осы қор негізінде Қазақстандағы А.С. Пушкин жылы аясында орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің Орал шаһарына келгеніне 173 жыл толуына орай ұлы ақын ғұмырының үш тәулігін өткізген ғимарат – «Атамандар үйінде» – «А.С. Пушкин музейі» жабдықталып, ашылды.

2006 жылы Ақ Жайық өңірінің тарихи асыл қазынасы мен құндылықтары сақталып отырған қара шаңырақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 170 жыл толды. Осыған орай Европа мен Азияның кіндігінде орналасқан Орал қаласында Қазақстан мұражайлары мен
көршілес Ресей елінің өкілдерінің қатысуымен «Батыс Қазақстандағы мұражай ісі: тарихы және қазіргі заман» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Ал 2007 жылы Сырым ауданының орталығында Сырым бабаның 265 жылдық тойы аясында 1917 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басында болған Күн Батыс Алаш Орда Үкіметі қызмет істеген ғимаратта Сырым Датов мұражайы жаңа экспозициямен жабдықталып, ашылды.

 Облыстық музейдің үш филиалы – «КСРО Батыры М.Мәметова» музейі, «М.Шолохов атындағы музей кешені», «Табиғат және экология»музейлерінің өз алдына дербес музей болып бөлініп шықты.

Музей түні шарасы халықаралық тәжірибеде бар айтулы шаралардың бірі. Шараның негізгі мақсаты – музей ісіне қоғамның назарын аудару. Музей түні 10 жылдан астам уақыт өткізіліп келеді. Музей 18 мамырда түні бойы жұмыс істеп тұрды. Халықаралық музей күніне орай мерекелік бағдарламаға сәйкес: «Жәдігерлерді тауып көр!» атты квест ойыны, «Шығыс пен Батысты жалғаған Абай жолы» атты  көрменің  ашылуы, «Ақжайықтың археологиялық қазыналары» атты көрменің ашылуы, «Музейдегі бір күн» атты депутаттардың қатысуымен өткізілетін экускурсия, Киіз үй ішінде «Табақ тарту» дәстүрінен көрініс, «Музейдегі бір күн» ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін экскурсия, «Домбыра PARTY», 30 «Музей-тарих айнасы» атты концерттік  бағдарлама, «Historical Style» атты тарихи тұлғалардың киімдерінің көрсетілімі, Жәдігерлердің жандануы негізінде театрландырылған көрініспен музейге келушілерді қабылдау іс-шаралары өткізілді.

– Бұл шара батысқазақстандықтар үшін өте қызықты болады деп есептейміз. Музей түнін өткізу кезінде әр музей өзінің потенциалын көрсетеді. Мүмкіндігінше өздерінің барлық қызықты жәдігерлері мен жұмыстарын халық назарына ұсынады. Халық мұндай шараны жіберіп алмауы керек. Музей жәдігерлер қоймасы емес, халыққа рух беретін, мәдениетін көтеретін киелі мекен. Тарих деген шетсіз-шексіз шалқар әлем болса, музей – ел келбеті. Сондықтан, бүгінгі күннің өзі-ақ ертең тарих болатынын ұмытпай, облыс аумағында, мекемелерде атқарылып жатқан игі істермен музей қорын толықтыруға атсалысайық», – деп музейдің экскурсия ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Әсел Нәсіпқалиева мұражай жөнінде толыққанды баяндап берді.

“Музей түні» – түрлі жастағы, түрлі көзқарастағы адамдарды, түрлі ұлттар мен ұлыстарды тоғыстырып қана қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрінен сусындауға шақырады. Музей түнінің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы «Музей-тарих айнасы» атты жаңа бағдарлама, оның ішінде музейдің қор коллекциясы негізінде және басқа мұражайдан әкелген жәдігерлерден құралған көрмелер және қызықты экскурсиялар ұсынылды.

«Ақжайықтың археологиялық қазыналары» атты көрмеде өлкенің археологиялық қазбалары мен өңірде табылған жәдігерлер таныстырылды.

«Музейдегі бір күн» депутаттардың және ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өткен экскурсия тек келушілерге емес, халық қалаулыларына да қызық болып, көрермен мен экскурсоводтардың арасындағы байланысты күшейтуге бірден-бір ықпалын тигізді десек қателеспейміз.

Киіз үй ішінде өткен «Табақ тарту» дәстүрінің көрінісі ата-бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырған тарихи дәстүрлерді жаңғырту мақсатында қойылды.

 «Домбыра PARTY» концерті және «Музей-тарих айнасы» атты концерттік  бағдарлама тыңдаушыларға ұлттық аспаптарымыздың сан қырлы екеніне тағы көздерін жеткізіп, әсем ән мен күйге бөледі. Бағдарлама аясында тарихи-мәдени сала қызметкерлері ерен еңбектері үшін, салаға қосқан зор үлестері үшін марапатталды.

«Historical Style» атты тарихи тұлғалардың киімдерінің көрсетілімінде көрермендер әр жылдың өзіндік сән әлемімен танысып, тамсана алды.

Жәдігерлердің жандануы негізінде театрландырылған көрініс музейге келушілерді бей-жай қалдырмай, сол жылдардың атмосферасын сезіне алды.

Кіреберісте Қазақстан аумағындағы қалыпталған және шыңдалған керамикалық бұйымдарды әшекейлеуде пайдаланылған түрлі өрнектер   зергерлік бұйымдар мен қыштан жасалған құмыралар да қойылды.

ҰОС кезіндегі байланыс құралдары мен қолданыстағы заттары да таныстырылды.

Руханият ескерткіштерінің үлгілері де болды: Құран және арабша жазылған петроглифтер.

Жалпы, Халықаралық музей күнін тойлау қайдан шықты? Бұл мерекенің тарихы қандай, мереке ретінде аталып өтуіне үлес қосқан тұлғалар және т.б. тарихи даталар жөнінде тоқталар болсақ.

– Бұл мейрамды әлемнің 150-ден астам мемлекеті атап өтеді.

– Осы күнде барлық музейлерде «Музейдегі түн» шарасы аталып өтіледі.

– Қазақстанда қазіргі уақытта 230-дан астам музей бар.

– Алғашқы музей туралы  бастаманы 1828 жылы Жәңгір хан көтерген. Сол жылы өз ордасында музейлік көрме залын ашқан.

– Қазақ жерінде арнайы мекеме ретінде ұйымдастырылған алғашқы музейлер 1831 жылы 1 сәуірде Орынборда, 1883 жылы Семейде, 1898 жылы Верныйда, 1859 жылы Оралда ашылды. Жалпы, революцияға дейін Қазақстанда осындай 4 музей болған.

– Революциядан кейін 1920 жылы Қостанай мен Көкшетауда музей ашылды.

– Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстанда 24 музей ашылып, онда 70 мыңнан астам жәдігер сақталған.

– Кеңестік Қазақстандағы музей ісінің дамуына Г.Потанин, Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібеков зор үлес қосты.

– Қазақстанда «Музейтану» мамандығы 1981 жылдан бері (ҚазҰУ) оқытылып келеді.

– «Музейдегі түн» идеясы ең алғаш рет 1970 жылдары ұсынылды. Бірақ, идея қолдау таппай 1997 жылға дейін бұл шара өткізілмеді.

– Әлем бойынша бұл идеяны алғаш рет 1997 жылы Германия «Lange Nacht der Museen» («Музейдегі ең ұзақ түн») деген атпен өткізді. Берлинде өткен шараға ресми Париж қызығушылық білдіріп, 2001 жылы Луврдағы музей түнін өткізді. Кейіннен ТМД елдеріне де бұл дәстүрлі шара ретінде енгізілді.

– Қазақстандағы алғашқы «музейдегі түн» 2006 жылы Алматы қаласындағы Орталық музейде өтті.

– Әлемдегі музейлердің қызметі Халықаралық ИКОМ-ға бағынышты. ИКОМ (International Council of Museums, ағылшын. ICOM) 1946 жылы Парижде құрылды.

– Тіпті осы «Музей түні» жөнінде Голливудта 3 бөлімнен тұратын (2006, 2009, 2014) кинофильм түсіріліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді.


Светлана Аманғалиева, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар