///

Қоғам көпбалалы ана мен көпбалалы отбасын шатастырады

3526 рет қаралды

Mінбер.кз сайтының кезекті эфирі «Көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан қандай көмек бар?» деген тақырыпта өтті. Осы сұрақ төңірегінде жауап берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаментінің директорының орынбасары Ғалия Жабағина.

МИНИСТРЛІК ТӨЛЕП ЖАТҚАН 40-ТАН АСА ЖӘРДЕМАҚЫ МЕН ТӨЛЕМАҚЫ БАР

– Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға ақшалай көмектен өзге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

– Көпбалалы, балалы отбасыларға мемлекет тарапынан қандай көмек бар?.. Біріншіден, әйелдің жүктілігіне және босануына орай әлеуметтік төлем төленеді. Бала дүниеге келгеннен кейін бір реттік жәрдемақы бар. Оның мөлшері баланың туу кезегіне байланысты, яғни 1-ші, 2-ші, 3-ші бала болса онда 38 АЕК төңірегінде. Бүгінгі таңда ол 120 000 көп теңгені құрайды. 4 баладан көп туса бұл жәрдемақы мөлшері 63 АЕК құрайды, яғни 200 мыңнан асады. Бұған қоса, 1 жасқа дейінгі бала  күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы бар.

Аталған жәрдемақы түрлері тек жұмыс істейтін аналарға ғана беріле ме?

Жүктілік пен босануға төленетін жәрдемақы – жұмыс істеген аналарға беріледі. Ал баланың тууына байланысты бір реттік жәрдемақы ананың жұмыс істеген, істемегеніне қарамай беріле береді. Ал бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы екі қордан төленеді: республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін анаға, ал мемлекеттік сақтандыру қорынан бала туғанға дейін 24 ай төлем төлеген аналарға тағайындалады. Мемлекеттік бюджеттен тағайындалатын жәрдемақы туған баланың кезегіне байланысты төленеді. Ал жұмыс істеген азаматшаға үшін бұл жәрдемақы оның 24 ай бойы орташа жалақысын белгілі бір коэффициентке көбейткендегі мөлшермен төленеді. Бұл ата-аналарды жұмысқа ынталандыру үшін жасалған жүйе. Көпбалалы ата-аналарға, аналарға төленетін жәрдемақы олардың жұмыс істеген, істемегеніне байланысты емес. Егер де отбасыда 4 немесе одан да артық кәмелетке толмаған бала болса төлене береді. Бұған отбасының табысы, басқа да себептер әсер етпейді. Жәрдемақы үшін негіздеме отбасыда 4 және одан да артық баланың болуы. Мысалы, алтын алқа немес күміс алқа төсбелгісімен марапатталған көпбалалы анаға осы марапатты алуы негіздеме болып табылады.

Осы әлеуметтік төлемдерден басқа көпбалалы аналарға арналған жеңілдік түрлері бар ма?

Жәрдемақылар республика бойынша төленеді және жергілкті атқарушы органдардың  бюджетіне, шешіміне байланысты арнайы атаулы күнге, мысалы 8-ші наурыз Халықаралық әйелдер күніне, отбасы күніне орай бір реттік жәрдемақы төленуі мүмкін. Біздің тұрғын үй заңнамамызда, жер, салық кодексінде көпбалалы аналарға жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, автокөлікке, жеке құжатын аларда, нотаристік қызметтерге жүгінгенде жеңілдіктер бар. Тұрғын үй заңнамасына сәйкес көпбалалы отбасылар әлеуметтік әлсіз топқа жатқызылған, мемлекет тарапынан үй алуға бірінші кезектегі жеңілдік берілген.

Кейбіреулер көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақыға көңілі толатынын айтып, осыған да рақмет десе, басқалары ол жәрдемақылардың мөлшері тым аз дейді. Осы туралы не айтасыз? Жалпы, жәрдемақы мөлшері тек айлық есептік көрсеткішке ғана байланысты ма әлде күнкөріс минимумын ескере есептеле ме?

Қазіргі таңда министрлік төлеп жатқан 40-тан аса жәрдемақы мен төлемақы бар. Оның ішінде зейнетақы, жәрдемақы, төлемақылар бар. Олар түрлі себептерге негізделіп тағайындалады. Көп балалы отбасыларға келсек, бұл жерде жәрдемақылар айлық есептік көрсеткішке байланған. Зейнетақы күнкөріс минимумына, еңбек өтіліміне байланысты. Әлеуметтік төлемдер азаматтың мемлекеттік сақтандыру қорына қатысуына байланысты тағайындалады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы – бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек. Ешбір елде әлеуметтік жәрдемақыға өмір сүру деген ой қалыптаспаған. Ол тек мемлекет тарапынан осы отбасыға беріліп жатқан жәрдем.

Көпбалалы отбасыларға арналған жұмысқа орналасуға немесе бизнес бастауға қатысты, матриалдық көмектен басқа қолдау бағдарламалары бар ма?

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына сәйкес көпбалалы отбасылар, атаулы  көмек алушы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар беріледі. Кәсіпкерлік негізін оқу, үйренуден кейін, сертификатты алғаннан соң жергілікті атқарушы органдар жұмыспен қамту органдары тарапынан бір реттік қайтарымсыз гранттар береді. Гранттар көлемі былтыр 200 АЕК көлемінде болса, биыл 400 АЕК.

Ол гранттарды алу үшін тек көпбалалы ана болу шарты ғана емес, иә? Қандай критериилері бар?

Иә, олар жұмыспен қамту орталықтарында жұмыссыз болып тіркелу керек. Орталық оларды оқытуға жібереді, оқуды аяқтағаннан кейін сертификат беріледі. Сол арқылы грант алуға үміткер бола алады.

Ал жұмысқа орналасуда, оқуға түсуде ше? Мысалы, қазір абитуриенттер оқуға құжат тапсырып жатыр. Көпбалалы отбасыдан шыққан абитуриентке қандай да бір жеңілдік бар ма?

– Бұл мәселе Ғылым және жоғарғы мектеп министрлігінің құзіретіне кіреді. Дегенмен, былтыр олар өздерінің нормативтік құқықтық актілерінде қарастырғандай көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға бірінші кезекте грант беру, аз қамтылған отбасылардың балаларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Осы АӘК-тің екі түрі қарастырылған: шартты және шартсыз ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек – егер отбасыда еңбекке қабілетті азамат болса және ол белгілі бір себептерден жұмысқа шыға алмайтын болса, шартсыз түрде беріледі. Ал шартты көмек, егер отбасыда еңбекке қабілетті азамат бар болса, дегенмен ол жұмыссыз немесе жұмысынан шығып жатқан болса, мұндай отбасыларға міндетті түрде шартты ақшалай көмек көрсетіледі. Және оның шарты – азаматтың жұмысқа шығуына байланысты болады. Осындай азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бірінші кезекте тартылады. Ол қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыс болуы мүмкін. Егер жоғарғы оқу орнын бітіріп жатса, жастар практикасына жібереді.

 – Көпбалалы отбасыларға балаларды балабақшаға орналастыруда жеңілдіктер бола ма?

 – Бұл сұрақ Оқу – ағарту министрлігінің құзіретіне кіреді. Олардың хаттарында көрсетілген мәліметке сәйкес балаларды бала бақшаға екі жастан бастап қабылдайды.

 – Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіретіне не кіреді? Тек көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау ғана ма әлде қосымша тағы бағдарламалар бар ма?

 – Бұл министрліктің құзіретіне еңбек және әлеуметтік мәселелер кіреді. Ең біріншіден бізге келетіні аз қамтылған отбасылар. Ондай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз. Отбасылардағы азаматтарды жұмысқа орналастырумен айналысамыз. Министрлік әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда осы тәуекелдердің салдарын азайту бойынша жұмыс жүргізеді.

– Соңғы уақытта бала күтіміне берілетін жәрдемақыны анаға бір жыл емес үш жыл төлеу мәселесі жиі айтылған еді. Министрлік бұл мәселені қарастырып жатыр ма?

 – Бұл мәселе соңғы үш жылда қатты қозғалып келе жатыр. Біздің министрлікке де көптеген өтініштер келіп түсіп жатыр. Оның барлығын білеміз. Қандай мерзімге, қандай мөлшерде көтере аламыз деп, зерделеп, талдау жүргіздік. Дәл қазір «иә көтерледі» немесе «көтерілмейді» деп айта алмаймын.

Көпбалалы ана болу, көп балалы отбасыда тәрбие беру – бұл өзінше бір жұмыс. Сондықтан анаға мемлекет тарапынан бір, үш жыл емес, ұзақ уақытты көмек көрсету мүмкін бе?

 – Қоғам көбінесе көпбалалы отбасы мен көпбалалы ана деген екі ұғымды шатастырады. Көпбалалы отбасы деген – құрамында 4 немесе одан да артық кәмелетке толмаған балалары бар отбасы. Егер де біреуі немесе одан да артығы кәмелетке толған жағдайда, отбасының көпбалалы мәртебесі тоқтатылады. Көпбалалы ана деген мәртебе өмір бойына беріледі. Бұл мемлекеттік наградалар заңына сәйкес күміс төсбелгісі яғни дүниеге алты немесе одан артық бала алып келген, тәрбиелеген анаға беріледі. Алтын алқа төбелгісі дүниеге 7 не одан да артық баланы әкеліп, тәрбиелеген анаға беріледі. Бұл мәртебе анаға өмір бойына беріледі. Және де оған тағайындалған жәрдемақы балаларының кәмелетке толған, толмағанына қарамастан төлене береді. Елімізде 229 мыңдай көпбалалы ана бар, оларға ай сайын әлеуметтік жәрдемақы төленіп отыр.

1998 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЖОҚ ӘЙЕЛДЕР КӨП БАЛАЛЫ АНА РЕТІНДЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ РӘСІМДЕЙ АЛМАЙДЫ

 – Көпбалалы отбасында, яғни 4 баласы бар әйелдер зейнетке шығарда олардың төрт баласы бар екені ескеріле ме?

Оқырман: әйелдердің зейнет жасын төмендету мүмкін бе?

– Еңбек кодексіне сәйкес ананың үш жылға дейін бір баланы қараған уақыты зейнетке шыққан уақытта еңбек өтілімі ретінде есептеледі. Бірақ бұл 12 жылға дейін ғана. Егер де ана бір баласын дүниеге әкелсе, бала күтімі бойынша үйде отырса, осы уақыт есептеледі. Көп кездесетін жағдай – балалардың арасы үш жылға толмайды, екінші бала үш жасқа толған уақытта олар толығымен, төрт жыл болсын, бес жыл болсын, толығымен еңбек өтіліне есептеледі. Бірақ 12 жылдан артық емес. Зейнетақымен қамсыздандыру заңына сәйкес 5 және одан да артық баласы бар ана, 1998 жылға дейін еңбек өтілі болса, 53 жасында зейнетке шыға алады. Ал 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ әйелдерге бұл заңнама аясында ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Ал екінші сұраққа жауап берсек, әйел азаматтардың зейнет жасын төмендеуі бойынша министрлікте жұмыс тобы құрылды, осы мәселені қарастырып жатыр. Есептеулер, талдаулар жүргізіліп жатыр. Кейін бір шешімге келгенде көпшіліктің талдауына берілетін болады. Бұл мәселе арнайы құрылымдық бөлімше мен жұмыс топпен қарастырылып жатыр.

Еңбек бағдарламасының аясында көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардың әкелері де гранттарға қатыса ала ма?

– Иә, көпбалалы отбасы мүшесінің грант алуға мүмкіндігі бар. Міндетті шарт – жұмыссыз болып тіркелу.

Уақыт бөлгеніңізге, ақпарат бергеніңізге көп рақмет! Енді болашақта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көмекті көбейту, зейнет жасын түсіруге қатысты жақсы-жақсы бастамалар болады деп күтеміз.

–  Өздеріңіз білетіндей, президенттің екі жыл бойы патерналистік көңіл-күй бойынша жұмыс жүргізу қажет деп айтып келе жатыр. Сондықтан министрлік тарапы осы бағыттағы жұмысқа басымдық беріп отыр. Мемлекет Конституция төңірегінде зейнетке шыққан азаматтарды қамсыздандыруға міндетті. Ал қосымша көрсетіліп жатқан көмектер – бұл тек көмек ретінде қабылдануы керек. Қоғам тарапынан, жеке өзіміз азамат ретінде отбасымыздың жағдайын жасау, еңбек ету арқылы күнкөріс деңгейін жақсарту – бұл әрбіреуіміздің міндетіміз деп есептеймін. Дегенмен қандай да бір экономикалық жағдайымыз жақсарып, мүмкіндіктер болып жатса, әрине, қарастырылатын болады.

Эфирді жүргізген Риза Исаева,

Сұхбатты түсірген Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар