/////

ҚР Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева: Біздің заңдар өте жақсы жазылған, бірақ орындалуы өз деңгейінде емес

3508 рет қаралды
фото: inform.kz

19- шілде күні Мінбер сайты«Көп балалы аналар» жобасы аясында апта сайынғы тікелей эфирін өткізді. Бұл жолғы эфир қонағы – ҚР Парламент Сенатының депутаты Ләззат Молдабекқызы.

Эфирде мүгедектігі бар адамдардың проблемалары туралы айтылды.

Депутаттыққа дейін Ләззат ханым «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығын басқарған. Жеті жасынан бері арбамен жүреді, бір қызы бар. Спикер өмірінің көп жылын мүгедектігі бар адамдардың әсіресе мүгедек әйелдердің құқығын қорғауға арнаған.

– Сіз көп жылдар бойы құқық қорғау саласында жұмыс істеп келесіз. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқығы қаншалықты сақталады?

– Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қамтамасыз ететін негізгі заң – 2005 жылы қабылданған Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заң болып табылады. Кезінде бұл жаңа, революциялық құжат болды. Оған дейін бізде кеңес дәуірінен мұра болып қалған заң декларативті болып келді. Ол белгілі бір іс шара  немесе бюджет арқылы белгіленбеген еді.

Жаңа заң қабыланған соң түрлі қызметтер пайда болды, мысалы: жеке көмекші қызметі. Әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету нақты жазылды, гигиеналық құралдар да анық көрсетілді. Заң бойынша мүгедектікке байланысты дискриминация жасауға тыйым салынды. Негізі қазір бұл заң онда жазылған талаптар шегінде орындалып жүр. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмағандықтан, заманға сай   жаңа талаптар пайда болады.

Мүгедек жандарды тек әлеуметтік қамсыздандырумен шектелуге болмайды. Қазақстанда мүгедектердің құқығын қорғау бойынша әлеуметтік саясат ұзақ уақыт бойы әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған еді. Бұл мүгедектік бойынша жәрдемақы. Біз бірінші топ, балалық шағынан мүгедектігі бар адамды қарау бойынша төленетін жәрдемақының пайда болғанына қуандық. Өткен жылдан бері асыраушыдан айрылу себебінен және мүгедектік бойынша жәрдемақыны бірге алуға мүмкіндік туды. Бұл жағынан қарасақ, бәрі дұрыс. Бірақ оның қаншалықты заманға сай екені басқа мәселе…

– Таяуда бір шенеунік арба мініп, пандус арқылы көтерілуге тырысқанда, артқа құлағаны белгілі.  Бұл стандарттардың мүгедектігі бар адамдарға бағытталмағанын көрсете ме?

– Негізі құрылыс ережелері бар, оларда жантаю бұрышы, тегістік, сыртының сапасы, қоршаулар мұның барлығы туралы нақты жазылған. Яғни, бұл орындалуға және сақталуға тиіс нормативтік құқықтық акт. Иә, бұл ролик вирусты болып кеткені соншалықты, оны маған шетелдегі әріптестерім де жіберіп үлгерді. Бұл видео өте көрнекі, жақсы болды,негізі. Өйткені ол біздің елдегі заңның нақты, жақсы жазылғанын көрсетеді, алайда орындалуы көңілден шықпайды.  Яғни, бақылау қадағалау керек. Бұрын, мысалы, мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғау объекті ретінде қабылданса, қазір өздері көп маңызды тұстарға, шешім қабылдауға мамандар ретінде қатысып, көзқарасын білдіре бастады.

ИНВАТАКСИ ҚЫЗМЕТІН КӨРСЕТУ ЕРЕЖЕЛЕРІ ҚАЙТА ҚАРАЛАДЫ

– Тыңдарман Жеңіс Шалабаев: Инватаксиді басқа қалаға ем алуға барғанда тіркеусіз қолдану мәселесін шешуге бола ма?

–Бұл мәселе парламент деңгейінде көтерілді. Қазір инватакси бойынша сұрақтар бүкіл Қазақстан бойынша қойылып келеді. Бұл – әр өңірдің өз бюджетінен сол өңір тұрғынына арнайы қаржы бөлуге байланысты. Жақында инватакси қызметін көрсету ережелері қайта қаралады. Біз міндетті түрде бұл сұрақты көтереміз. Өйткені бұл мәселе адам құқығына қатысты. .

– Ал мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарға қандай психологиялық көмек көрсетіледі екен?

–Мұндай көмек көрсетіледі. Ол үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, «Іскер ана», «Бақытты отбасы» орталықтары сияқты көпбалалы аналарға арналған, әр облыстық орталық пен қалаларда «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталықтары бар, ол жерде де психолог қызмет көрсетеді.

Алайда, мұндай жұмыстар жүйелі түрде  жүргізілмейді. Мысалы, бір ауылда мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған әйелді алсақ, ол өзін жалғыз сезінуі ықтимал. Тіпті өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Өкінішке қарай, көбінесе осындай ауыртпалық әйелдердің мойнына жүктеледі, отбасылардың көбісі мұндай қиындықты бірге кеше алмайды. Сондықтан, отбасыда осындай бала пайда болған сәтінен, әлеуметтік жұмыскер анаға көмек көрсетуі керек. Менің білуімше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағында мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беру қызметі бар.

АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ЖОҚ, АНАЛАР БАЛАЛАРЫН ОБЛЫС, ТІПТІ АЛМАТЫ МЕН НҰР-СҰЛТАНҒА ТАСУҒА МӘЖБҮР

–Ауылдық жерлерде осы жұмыстардың, қызметтердің сапасын бақылау, қадағалау жағы қалай екен?

– Оңалту, түзету сияқты негізгі қызметтер қалаларда ашылған. Ал ауылдағы аналар балаларды сол қалаларға, облыстық орталықтарға апаруға мәжбүр. Бұл шығын, уақыт, ыңғайсыздық. Бұл жерде сұрақ қызметтерді орындаудың сапасының бірыңғай  стандарты туралы болады. Бұл жерде мекен ететін жерге негізделген оңалтуға назар бұру керек. Яғни, мысалы, ауыл болса, оның өзінде мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік жұмыскері бар тым болмаса бір кабинет болуы керек.

–Кейбір ауылдардың ара қашықтығы 300-500 шақырымға дейін созылады. Оларда оңалту орталығы түгіл медициналық кабинет, мектеп те жоқ. Бұл мәселе Парламент қабырғасында көтерілді ме?

– Иә, мұндайда ірі орталықтарды салу принципін шағын орталықтарды салу принципіне ауыстыру керек. Менің депутат ретінде алға қойған миссияларымның бірі, мүгедектігі бар адамдарға арналған қызметтерді оңтайландыру. Ауылдардың қашықтығы туралы дұрыс айттыңыз, бір-бірінен алыс ауылдарда мүгедектігі бар бала бірді-екілі ғана. Мен өзім кезінде  солардың бірі едім ғой. Маған хабарласып жағдайын айтатын ата-аналардың мұңын естігенде кезінде әкем де осындай мәселемен бетпе-бет келді ғой деп ойлаймын.

Оны да кезінде: қай дәрігерге, қандай ем алу, қай жерге бару керек деген көп сұрақ мазалайтын. Қазір міндетті түрде жасалуы тиіс жұмыстар: а) ақпарат қолжетімді, түсінікті, ашық болуы тиіс; б) арнайы қызметтер шағын, сапалы және сол отбасыға барынша жақын жерде орналасуы керек.

ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ҚЫЗМЕТКЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

– Бұрын мүгедектігі бар адамдар қоғамнан тыс, сыртқа аса шықпай өмір сүруші еді, ал қазіргі жағдай қалай? Және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алған жұмыс берушілерге квота қалай бөлінеді?

– Өкінішке қарай, қазір Қазақстандағы мүгедектігі бар адамның көбі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатыр. Бұл арнайы   менталдық ауытқуы бар, қарттар және мүгедектігі бар адамдар тұратын үйлер. Сондай бір орталықта 700-ге жуық адам тұруы мүмкін. Бұл өткен уақыттағы жағдай, қазір бүкіл әлемде осындай орталықтарда мүгедектігі бар адамдардың санының көп болуы дұрыс деп саналмайды. Бұл мүгедектігі бар адамдардың қоғамнан тыс қалғанын көрсетеді. Сондықтан мұндай орталықтарды біртіндеп жабу керек, олардың орнына үйдегі жағдайға ұқсас шағын орталықтар ашқан жөн. Ондай орталықтарда адамдарға, сыртқа шығуға мүмкіндік бар.

Екінші сұрағыңыз бойынша жауабым, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алу бойынша квота 2-ден 4 пайызға дейін. Өкінішке қарай, бұл әлі де жолға қойылған жоқ. Оның себептері, біріншіден, жұмыс берушілер қызметке мүгедектігі бар адамды қабылдауға құлықсыз. Олар мүгедектігі бар қызметкер жұмысты сапалы атқара алмаса, келісім шартты бұза алмайтындығынан сескенеді, одан туатын қиындықтардан қашады. Тағы бір себеп, жұмыстың орналасқан жерінің ыңғайсыздығы. Әрине, мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдардың жұмыс орнын бейімдеуге арналған субсидия бар. Алайда, бұл туралы көп адам білмейді немесе бөлінетін қаражат жеткіліксіз. Бұған қоса, мүгедектігі бар адамды жұмысқа қабылдамаған жағдайда айыппұл қарастырылған. Ол тек,  жұмыс іздеуші шағым түсірген жағдайда ғана жүзеге асады. Соның өзінде кейбір жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамды жұмысқа алғанша, айыппұл төлеп құтылуды жөн санайды. Қазір парламентте бір норма қарастырылуда. Бұл норма Германияда, Жапонияда қолданылады. Бұл компенсациялық төлемдер. Яғни, жұмысқа қабылдай алмайтын я қабылдауға ниеті жоқ жұмыс берушілер арнайы қорға өсімақы төлейді. Ал мүгедектігі бар адамды жұмысқа алған жұмыс берушілер сол қордан қаражат алады. Бұл аз да болса жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдарды қызметке қабылдауға ынталандыратын механизмнің бірі.

ЖАҢА ТҮРҒЫН ҮЙ КОНЦЕПЦИЯСЫ ДАЙЫНДАЛУДА

Оқырманнан сұрақ: Сіз мүгедектігі бар адамдарға тұрғын үй мәселесін қозғайсыз ба? Және бізге арналған Отбасы банкідегіден басқа бағдарламалар бола ма?

– Қазір Қазақстан үкіметінде тұрғын үйге байланысты жаңа саясат әзірленуде. Ол еліміздегі тұрғын үйге қатсты барлық тәсілдерді өзгертеді. Бұл мәселелер әрдайым сенат пен мәжілісте көтеріледі. Менің әріптестерім де үнемі осы мәселені қозғайды. Бірнеше жұмыс топтарында талқыланады, сессияның соңына дейін мүгедектігі бар адамдармен, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен, көп балалы аналармен бірқатар кездесулер өтті. Күзге қарай осы тұрғын үйдің жаңа саясатының концепциясы әзір болады деп ойлаймын, сол кезде тағы да кездесіп, осы мәселеге оралайық деген ұсыныс айтамын.

Дәурен Алханов: Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру мәселесін бала кезінен шешу керек. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуды тоқтату керек. Сол қаражатты мектептер мен балабақшаларға бөлу керек.   

– Өкінішке қарай, үйде оқыту әлі күнге дейін жүзеге асырылып келеді. Үйде оқыту тек қозғала алмайтын, төсектен тұра алмайтын балаларға арналса да, толық саналы, қозғала алатын балалар да үйде оқып жүр. Мектепте оқитын мүгедектігі бар балалар қоғамға жақсы бейімделеді, жанындағы сыныптастары да оларға үйреніп кетеді. Ал үйде оқытылатын балалар ертең қоғамға бейімделе алмай, үйден шыққысы келмей, еңбекке де ықыласы болмайды. Сондықтан мектепте оқытуға болатын жағдайдағы балалар жалпы орта білім беру мекемелерінде, ал оқу ауырға түсетін мүгедектігі бар балалар арнайы мекемеде оқытылуы тиіс. Үйде оқытуды мүлдем тоқтату керек.

– Біздің елде мүгедектігі бар адамдардың саны қанша?

– Балалар мен ересектерді бірге санағанда жеті жүз мыңнан астам. Мысалы, шетелде мүгедектігі бар адамдар саны бізге қарағанда тым көп болып көрінеді: дүкендерде, жұмыста, метрода, спорт алаңдарында. Бұл: а) біздің адамдар көбінесе үйлерінде немесе медициналық әлеуметтік мекемелерде отырады; б)әлемде бізге қарағанда мүгедектік түсінігіне кеңірек қарайды. Бізде әлі күнге дейін мүгедектікті топтарға бөледі.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанда стандарттарды, критерийлерді қайта қарау қажет пе?

– Әрине, міндетті түрде. Біз оған әлі жетеміз, қазір де ақырындап тырысып келеміз. Мысалы, арнайы қызметтерді мүгедектіктің ауырлық деңгейіне емес, қажеттіліктеріне сәйкес ұсыну.

Оқырманнан: Ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған бөлек медициналық оңалту орталығы астанада әлі күнге дейін салынған жоқ. Осы мәселені көтеріңізші.

– Маған белгілі мәліметтер бойынша, Қазақстанның үш облысында халықаралық стандарттар бойынша әзірленген үлгілік жоба бойынша осындай орталықтарды салуға бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылысы келер 2023 жылда басталуы тиіс.

Оқырман: Жәрдемақының мөлшерін арттыру мәселесі қаралуда ма?

– Бұл сұрақты мен үкіметтік сағатта көтерген едім. Маған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мынадай жауап қайтарылды: жәрдемақымен бірге басқа да қызметтер, көмек көрсетіледі, оңалтудың техникалық құралдары, стационарлар, санаториялық шипажайлық ем және т.б. Алайда мен бағалардың инфляцияға сәйкес өсуін айтып, сұрағымды нақтыладым. Осыған байланысты санау әдістері қайта қарала ма деп сұрадым. Бұған министр: “Иә, қайта қарастырылады, Президенттің тапсырмасы бойынша күнкөріс минимумы, сәйкесінше жәрдемақы мөлшері де қайта қаралады деді. Қалай, қашан екені күзде белгілі болады”.

Дәурен: мүгедектігі бар адамдардың сұрақтарын қарастыратын арнайы комитет құрыла ма? Және команда құрыла ма?

– Иә, команда жинаудамын. Сарапшылар тобы керек екені айқын. Құрамында мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналар, мамандар болады. Әр түрлі сала бойынша нақты ұсыныстар дайындай алатын адамдар кіреді.

– Сізді мүгедектігі бар адамдарға деген қоғамның қатынасы қанағаттандыра ма?

– Егер де уақыт динамикасы бойынша бағаласақ, жас кезімде қатты ұялатынмын. Ол кездерде мүгедектік тақырыбы жабық болды, ата-аналар өз балаларын тығып, көрсетпеді де. Ол кезбен салыстырсақ, әрине, жағымды жаққа қатты өзгерді. Қазір қоғам мүгедектікті табиғи құбылыс ретінде қабылдайды.

Әңгімеңізге рақмет!

Эфирді жүргізген Риза Исаева,

Мәтінін түсірген Жанар Байтілес, өңдеген Назым Дүтбаева

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі