///

Өз өмірімізді өзіміз өзгерткіміз келеді дейді ерекше баланың анасы

1033 рет қаралды

Алматы қаласының іскер әйелдер қауымдастығы «Mama Pro» қоғамдық қоры мен « ICF – Kazakhstan» қоғамдық бірлестігімен бірге ерекше баласы бар аналарға арналған, «Әйелдер әйелдерге» атты жаңа әлеуметтік жобасын бастады. Жоба аясында Алматы қаласының 22 әйелі менторлар мен коучтардың көмегі арқылы жеке кәсібін бастауға және жаңа жұмыс орнына тұруға мүмкіндік алды.

Негізі жоба екі бөлімнен тұрады. Бірінші, осы бастаманы қолға алушылар үш ананы жұмысқа тұрғызуды өз мойындарына алады, ал екінші бөлім бойынша, қалған аналарға оқудан кейін өз кәсібін бастап кетуге көмек беру. Егер ерекше балалары бар аналар өз кәсіптерін ашып, аяқтарына тұрып кетсе, онда біз сол отбасыдағы әлеуметтік салмақты жеңілдеткен боламыз, ал «Әйелден әйелге» жобасының негізгі көздеген мақсаты осы,- деп атап өтті Алматы қаласының Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мухамеджанова.

Жоба өзі бірнеше кезеңнен тұрады. 2022 желтоқсаны қатысушылар іріктелді. Ал негізгі белсенді кез – 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығы. Бұл уақытта әйелдерге менторлар мен коучтар жетекшілік етіп, сабақ жүргізеді.  Жобаға қатысушылар тек кәсіпкерлік қызметтің негізін ғана оқып қоймай, жоба аясында психологиялық қолдаудан да өтетінін айта кету қажет. Сонымен қатар, аналарға кәсіп ашу үшін шеберлік сабақтармен бірге заң тұрғысынан кеңес те беріледі.

«Әйелдер әйелдерге» әлеуметтік жобасының демеушісі Алматы Менеджмент Университеті  өз ғимараттарын сабақ өткізу үшін ұсынған. Болашағынан зор үміт күтетін әлеуметтік жобаны алдағы уақытта еліміздің өзге де қалаларынан ашу көзделіп отыр.

Осы жобада оқып, кәсібін жүргізу үшін жеке менторлардан сабақ алып жүрген  көпбалалы ана Зәуре Итенова Алпысбаева:

– Мен жобаға «Mama pro» арқылы келдім. Бірінші инстаграм желісінен көріп қалдым да, біраз қарап жүрдім. Ол кезде олар тек Астанада ашылған еді. Ал кейін Алматыда ашылды дегенді естіген соң, бірден барамын деп шешім қабылдадым.

– Қазіргі таңда осы жоба аясында не іске асырдыңыз? Анығырақ айтқанда болашақ кәсіпке қандай жоспарыңыз бар?

– Өзім негізі ДЦП диагнозы қойылған балалармен және олардың аналарымен жұмыс істеймін. Тек соны ауқымды етіп қолға алу үшін осы жерге келген едім. Енді қазір жоспарым айқын. Нақты не істеу керек екенін білемін. Бірінші маған көлемді арнайы орындар керек. Балаларды қабылдап, олармен жұмыс жасау үшін. Менің де қызымда ДЦП диагнозы бар. Сол себепті мен ерекше баласы бар аналарды жақсы түсінемін. Ол балаларға өте көп қолдау керек. Оларды өмірге қызықтыру керек. Сол үшін мен қазіргі таңда орындықта отыратын балалар үшін арнайы ойналатын ойын түрлерін қарастырып жатырмын. Яғни жай ойын емес, спорттық ойын ретінде ойналатын түрлерін іздестірудемін. Алдағы уақытта балалардың өмірге талпынысы артып, жүре алмаса да спортқа қызығатындай жағдай жасағым келеді.

– Осы жоба аясында өміріңізде қандай өзгерістер болды?

– Ең бірінші айтатын едім, сана сезімім өсті. Өзім өстім. Жалпы көп өзгерістер орын алуда. Одан кейін өзімді түсіндім десем қателеспеймін. Түрлі мамандармен жұмыс істеп, өзіме деген сенімім артты. Мен сияқты ерекше баласы бар анаға айтарым, өздерін бірінші түсінсе екен. Балам ауру деп баланың артынан кетіп қалмай, өзін ойласа екен. Біз аналар, баламыз ауырса бар фокусты тек сол балаға қойып басқаны ұмытып кетеміз. Ол дұрыс емес. Бірінші өзімізді, сосын баланы ойлайық. Тек бала деп жүре берсек, өзімізге кім қарайды? Біз басқа баламызға да керекпіз. Міне осындай, ойлар түйдім. Осы жобаға, жетекшілеріме, бізбен жұмыс жасап жатқан психолог ханымдарға алғысым шексіз!

Айдана Игібай,

Алматы қаласы

Cуреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар