///

Гендерлік саясат һәм Президенттікке үміткер әйел кандидат

2643 рет қаралды

Қазақстан саяси шешімдер қабылдаудағы әйелдердің рөлі жағынан мақтанарлық хәлде емес екені анық.  Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Ұлттық статистика бюросының дерегінше Парламенттегі әйелдердің үлесі 27,4%. 

Ел бойынша қалалық әкімдіктердегі басшылық орындардағы әйелдердің үлесі  7,30%, облыстық әкімшіліктердегі басшылық лауазымдарда 10%-і ғана әйелдер.
Қазақстан гендерлік теңдік рейтингінде 2006 жылы 32-орында тұрақтаған. 2009 жылы  желтоқсан айында «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл құжатқа сәйкес,  мемлекеттік органдар басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибесіне, қабілеті мен кәсіптік даярлығына сәйкес мемлекеттік қызметке теңдей алынуын олардың жергілікті басқару органдарында, сондай ақ заң шығару, атқару  және сот жүйесінде теңдей қызметте болуын міндеттейді. Кей сарапшылардың пікірінше, дәл осы заң арқылы «гендерлік теңдік» ұғымы заңнамалық тұрғыда бекітілген. Бұл арқылы ерлер мен әйелдердің жынысына қарамай өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени салаларына тең құқық пен тең мүмкіндік беру шынайы қамтамасыз етілді.

Мұны растайтын бір дерек:  Сөз басында аталған Қазақстан гендерлік теңдік бойынша рейтингте 2021 жылы 80-орынға тұрақтапты.

2016 жылы желтоқсан айында елімізде «Қазақстан 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» қабылданғаны белгілі. Ал биыл сәуір айында Президенттің жарлығымен осы тұжырымдамаға өзгерістер енгізілді. Бұл құжаттың мақсаты әйелдердің қорғалуы, белсенділігін арттыру және қолдау көрсету.

Бұған қоса әйелдердің елдің қоғам­дық-сая­си үдерістеріне белсенді ара­ласуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамалық тұрғыда негіздеу туралы бастама көтерген болатын. Соның нәтижесінде «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарда жаңа норма енгізілді. Оған сәйкес партия қатарынан Мәжіліс пен Мәслихатқа сайланатын азаматтар тізі­мінде әйелдер мен жастар үшін мін­детті 30 пайыздық квотаны енгізу міндеттелген еді. Квотаны бұлайша заңдастырудағы негізгі мақсат әйелдер мен жастарды тек парламент емес, мәслихаттар жұмысына да тарту болатын. 2023 жылы өтетін Мәжіліс және Мәслихат сайлауында саяси партиялар тарапынан бұл талап қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетер.

Ал, биылғы Президент сайлауына кандидат ретінде екі әйел тіркелді. Жалпы, Президенттікке үміткер ретінде әйел адамның кандидат болып тіркелуі елімізде бірінші рет емес.

 2019 жылы елімізде өткізілген кезектен тыс Президент сайлауында Дания Еспаева ресми түрде кандидат ретінде тіркелген болатын.  Өздерін өздері президенттікке үміткер ретінде ұсынған әйел кандидаттар Еспавеваға дейін де болған. Алайда, олардың ешбірін Орталық сайлау комиссиясы ресми түрде кандидат ретінде тіркемеген еді. Сондықтан, бұл тұрғыда Дания Еспаева «тұңғыш» кандидат ретінде тарихта қалары сөзсіз.

Ал, биылғы кезектен тыс сайлауда электорат екі бірдей әйел кандидаттың үгіт-насихат науқанына куә болуда.

Оның бірі “Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы” атынан ҚР президенттігіне үміткер ретінде ұсынылып отыр, Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден.

Екінші кандидат та Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиядан, Салтанат Тұрсынбекова аталған комиссия төрағасының орынбасары. Оны «Қазақ аналары, дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр.

Салтанат Тұрсынбекованың сайлау алды штабының жетекшісі, белгілі коммуникация маманы Назым Жанғазинова, «Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай жауапты қызметке әйел адам екінші рет үміткер болып отыр»,- дейді. Оның пікірінше, гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру тұрғысынан алғанда, сайлауға түсетін кандидаттар тізімінде әйел затының болуы, априори, ешқандай ерсі емес. Бұл үрдіс дұрыс бағалануы керек, деген Назым Жанғазинова «жалпы әйелдің мүмкіндігі ешкімнен кем емес екеніне толық сенімдімін», – дейді.

Әрине қоғамда саяси мәдениеттің гендерлік бағытқа қатысты дұрыс қалыптасуы аса маңызды. Әсіресе негізінен патриархалды ұстаным жетегіндегі қоғам үшін «Президенттің әйел адам болуы мүмкін» деген ойды қабылдауының өзі үлкен жетістік, бәлкім.

Дегенмен, қазіргі қоғамда саяси сана қалыптаспаған деп те айта алмасымыз анық. Айта кетерлігі, саяси сарапшылар тарапынан әйел кандидаттардың мүмкіндігін бағалау жағы әлі де кемшін түсуде.  Үгіт насихат науқаны 18 қараша күні түнде аяқталатынын ескерсек, Президент болудан  үміткер екі әйел кандидаттың үгіт-насихат науқанына баға беруге асықпау да орынды секілді.

Бастысы, елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат жалғасын тауып, әйелдер саяси шешімдер қабылдауда маңызды рөл атқарса деген тілек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі