///

Вячеслав Половинко, “Новая газетаның” меншікті тілшісі: Соғыс емес, арнайы әскери операция немесе пропаганда моделі қалай жұмыс істейді?

2573 рет қаралды

Алматыда 8-10 қазан аралығында MediaCampFest өтті. Фестивальде заманауи медианың бүгіні мен болашағы туралы түрлі сессиялар болды. Солардың бірі “Пропаганда” сессиясы. Сессия қонақтары саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов пен “Новая газетаның” Қазақстандағы меншікті тілшісі Вячеслав Половинко қазіргі пропаганданың ерекшеліктері туралы сөз қозғады. “Мінбер” сайтының оқырмандары үшін Вячеслав Половинконың пропаганда жайлы ойларын бөліскенді жөн көрдік. 

– Биыл тамыз айында Ресейдің Экономика жоғары мектебі «Журналистика» факультетінде оқитын студенттерге арналған «Пропаганда» деген модульді жасап шыққандары туралы мәлімдеме жасады. Бұл курстың кіріспесінде студенттердің екі ірі әрі тоталитарлық жүйенің  пропаганда жүйесін:  фашистік және советтік пропаганда жайында үйренетіндерін жазған. Сондай-ақ, студенттерге «сұры» және «кең таралған» пропаганда жайында кеңінен айтуға уәде береді. Пропаганданың дәл осы екі түрі бүгінде ең әуелі Ресей ақпарат құралдарында, сондай-ақ, Қазақстан, Қырғызстан және басқа да авторитарлық жүйедегі елдердің ақпарат құралдарында көрініс тауып отыр.

БҮГІНГІ ПРОПАГАНДАНЫ СОВЕТТІК НЕМЕСЕ НАЦИСТІК ПРОПАГАНДАДАН ҚАЛАЙ АЖЫРАТУҒА БОЛАДЫ?

– Бүгінгі пропаганда әртараптандырылған. Тоталитарлық жүйелердегі пропаганданың мақсаты бір образға жету болса, бүгінгі пропаганда аудиторияны адастыруға арналған.

Олардың мақсаты сізді қолдамайтын аудитория не өзара қырқысып тынуы тиіс, не тым болмағанда баламалы көзқарастардың барлығына кумәнмен қарай бастауы керек. Яғни, сізді қолдайтын көпшілікті жасақтаудан гөрі, сізге қарсы көзқарастағы адамдар тобына соққы беру көзделеді.

Демек, пропаганданың мақсаты, өзіңнің жеткен жетістігіңді айту емес, қарсыластарыңды кемсіту. Бұл қалай жүзеге асады? Бұл қарсыластарыңның белгілі қасиеттерін елемеу, көзге ілмеу. Мәселен, РФ президенті В. Путин өзінің басты қарсыласы Навальныйдың атын атағысы келмейтін. Мәселе Навальныйға кеп тірелгенде «бұл адам», «өздеріңіз айтып отырған жан» секілді сөздерді қолданып келді. Сөйтіп Путин Навальныйды өзінше кемсітіп, мүлдем көзге ілінбейтін адамдардың қатарына қояды. Сол арқылы баламалы көзқарастарды да жоққа шығарады.

Келесі тәсіл –  қарсыласын көпе көрінеу қорлау. Мәселен, В. Зеленскийді Путин бастаған Ресей саясаткерлері нашақор дейді. 2019 жылы Екатеринбург халқы храм тұрғызбақ болған скверлерін қорғау үшін наразылық акциясын ұйымдастырғанда, Владимир Соловьев Екатеринбург қаласын да, көшеге шыққан шерушілерді де кемсітеді. Мәселен, халықты «мерзотные либероты» деп атайды. Сіз осы сөзді ғана есте сақтайсыз да, олардың нені қорғап жүргені жайлы контекст бірден ұмытылады. Демек, пропаганда сізге бірден монстрды, адам жегіш тажалды немесе сатқынды елестетеді.

Тағы бір есте сақтайтын фраза «қоғамның салауатты күші» (здоровые силы общества). Егер сіз осы фразаға тап болсаңыз, бұның бірден пропаганда екенін түсініңіз. Соғыс кезінде пропаганданың бұл элементі басым сипатқа ие болады. Мәселен, Руандадағы «1000 холм» радиосы мен телеарнасын алайық. Бұл ақпарат құралы өткен ғасырдың 90-шы жылдарында Руандағы «тутси» тайпасына деген жеккөрушілікті өршітіп, бұл тайпаны қырып, жоюға шақырады. Бұл ақпарат құралы ондағы адамдарды «тарақандар» деп атайды. Ал тарақандарды қыруға болады.

БАР ДАУЫСЫҢМЕН АЙҒАЙЛАУ – ҚОҒАМНЫҢ НАЗАРЫН АУДАРУДЫҢ ТАҒЫ БІР ТӘСІЛІ

Қазіргі Ресей-Украина соғысында қазір осындай элементтерді байқауға болады.  Қазіргі пропаганданың бұрынғыдан айырмашылығы неде? Бұл болып жатқан оқиғаны шоуға айналдыру. Ол жерде эмоция күшті рөл ойнайды. Мәселен, жақында ғана В. Соловьев Германия канцлері Ольф Шульц туралы: «Біз сіздерді ешқашан кешірмейміз. Біз бұны ешуақытта ұмытпаймыз. Сен мені түсіндің бе, Шульц?» дейді. Тістене сөйлеген оның үнінде қоқанлоқы көрсету бар.

Бұндай дискурсты Ресейдің федеральды телеарналарының бәрінен байқауға болады. Ондағы тележүргізушілер де, қонақтар да, сарапшылар да бар дауысымен айғайлағысы келеді. Бар дауысыңмен айғайлау – қоғамның назарын аударудың тағы бір тәсілі. Сол арқылы сіз тек сіздің көзқарасыңыз ғана дұрыс екенін көрсетесіз. Сол арқылы кез келген адамды сыни ойлау мүмкіндігінен айырасыз. Бұл тәсіл өте ескі тәсіл. Мәселен, 1930 жылдардың нацистік лидерлерінің сөйлеген сөздеріне қараңыздар. Онда ең бірінші көзге көрінетіні айғай. Сол арқылы қоғамдық сананы манипуляциялау. Мәселен, «МашТВ» арнасында «Есть тема» деген шоу бар. Оны жүргізетін бұрынғы футболист, қазіргі блогер Евгений Савин соғыс туралы түсірілім жасады. Оның қонақтары Украина футболшылары болды. Шоудың аты «Иуда из ютюба» деп аталды. Ондағы әңгіменің қалай өрбігені назар аудармайтын болар, алайда шоудың атының өзі адамдардың санасын басқа жаққа бұруға жетіп жатыр.

Соғыс сахнасын алайық. Оны әркім өзіне ыңғайлы етіп көрсеткісі келеді. Мәселен, соғыс сахнасындағы бір эпизодты екі түрлі жеткізуге болады. Соғыстан талқандалып, жермен жексен болған аймақты көрсетіп, «біздің соғыс арсеналымыз қандай күшті, біз жауды талқандап жатырмыз» деген дискурсты көрсетсе, дәл осы кадрды көрсетіп тұрып, жауыңды даттауға болады: «қараңыздаршы, қандай жүрексіздік, біздің жауларымыз бала-шағаны да аямады» деп күңіренуге болады. Бұның барлығы соғыс пропагандасының элементі. Бұндағы пропаганданың басты мақсаты сіздің ойлау жүйеңізге әсер ету. Яғни, пропаганда сізге: «Сіз көпшілікпен бірге болмасаңыз да болады. Бірақ сіз бізбен бірге болмасаңыз, бізге қарсысыз. Үшінші нұсқа жоқ. Бізге қарсылардың неге душар болып жатқанын қараңызшы. Тағы да қайталап сұраймын, сіз бізбен біргесіз бе?». Яғни, сізде таңдау жоқ. Сіз тұйыққа тірелесіз.

Әлеуметтік желі келгелі пропаганда бақылаусыз кетті. Түрлі платформалар арқылы не таралып жатқанын тексеру мүмкін болмай қалды. Бүгінгі пропаганданың басты қолданатын қаруының бірі қоғамдық пікірді қалыптастырушы, миллиондаған жазылушысы бар блогерлер.

Тағы бір әсер ету құралы – лексикамен жұмыс істеу. Мәселен, «соғыс» емес, «арнайы әскери операция», «толық емес» «жартылай мобилизация» (Ресейде «мобилизация» сөзін қолдануға тыйым салады). «Украинаға шабуыл» емес, «біз қорғануға мәжбүр болдық». «Аннексия» емес «референдум арқылы қосылу», «шегіну немесе қашу» емес, «қайта жасақтау тактикасы», «бейбіт тұрғынды бомбалау» емес, «әскери объектілерді төбеден ату», т.б. Лексикамен жұмыс істеу сөздерді алмастыруда шетсіз-шексіз. Әскери терминдерді өзге сөздермен алмастыру жиі кездеседі. Бұндай тәсілді біз екі жақтан да байқап отырмыз. Бұның негізгі мақсаты қарсыластың мысын басу.

Ең басты ескеретін жайт, пропаганданың ықпалы өте күшті. Бұған қарсы тұру үшін баламалы, сапалы ақпарат көздерін көбейту.

Мәтінін түсірген және аударған Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар