//////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (ұзақ әңгіме-1)

1832 рет қаралды
1
Көрнекі сурет. Сурет: https://www.tolgoilogch.mn/

Ләззат… Адам баласының аса сүйкімді, қаса сұлу, көркем жаратылған бір пендесі. Көркіне көз тоймайды. Бала сезім бал шырынды тәттінің тіл үйірер дәміне қалай құнықса, Ләззатты көре қалған жан да қызыл көрген бүркіттей құмартып, алданып, оны көре бергісі келіп отырады. Өйткені жазғытұрымғы бір жайма шуақ күннің жан жүйені жібітер жұп-жұмсақ жылуы сияқты Ләззаттың да адамның жүйке жүйесін жұмсартып, миын манауратып, ындынын өзіне тартып тұрар магнит қасиеті бар. Мұнтаздай таза махаббаттың қайнар көзінен ұшқан балауса шуақтың меселдені өсірер мейірімнің қуаты қандай күшті болса, Ләззаттың да көрген адамды арбайтығұн әсері де өтімді еді. Тірлікте адам жанының жайыла жадырап бал сезімге бауралып, балбырап, рахаттана күй кешуін айқындайтын әйдік сөз, есім ретінде Ләззатқа бұйырыпы. Ләззат деп кім қойса да оның болашақта жан сұлулығы мен тән сұлулығы күн сайын көктеп, бүрленіп, көркімен үйлесім тауып, жүзінен жылулық ескен асқан сұлу боларын сезген сәуегей, әлде көрген көреген болса керекті.

Алайда ару Ләззат, еліктің бөрте лағындай ерке Ләззат, табиғаттың тек тамашалауға ғана лайық дейтін бір туындысының талайы тауқымет кешіп, ержете келе сұлулықтың пайдасынан гөрі зиянын көп шекті. Ең қасыретті, ең азаптысы: Ләззатты көрген жан оның көздің жауын алатын көркіне сұғын қадайды.

Сұқ деген бір сұмдық, пәле ғой. Сұғы өткір адамдар қарасымен-ақ талайдың талайын талқан қып сұлатып түсірген екен. Ондай сұқтыдан құдай сақтасын. Соның үшін де қазақ әлде кімге бата бергенде «сұқтының сұғынан сақтасын» деп жатады. Бір ғажабы жаратушы шеберлігі сұқты және оған қоса сұқты қайтаратын қарымтасын да қарастырып қойса керек. Сұқтылар Ләззатқа сұқтанып отырып-ақ аяқ асты қиялданып, ой ішінен тәтті-тәтті әлде бір әдемі сезімдерді тудырып, құр болжап, құландай лағып, аспандап, ұртына үйіріліп, сулығынан сорғалауға дәс қалған сілекейін татынып, көркін көзімен жұтып, тамсанып, ләйліп кетеді. Міне, сұлулықтың қорғаны сол лақпа сезімдер.

Лақпа сезімдерді де түсінуге болады. Олар кәдімгідей тәтті түс  көріп жатқандай күй кешеді. Көркем бейнеден көз айырмайды, кірпік қақпайды. Үй ішіне тыныштық орнайды. Үн шықпайды. Шығармайын демейді-ау, үріп ауызға салғандай ару мүсінге тесіле телміріп, жыланға арбалған аңдай аңырып, ауызы аңқиып, еріні салпиып, отырғаны отырған орынында, тұрғаны тұрған жерінде мәңгүрт адамдай мелшиіп, өлі денедей қалшиып қатып қалады. Мұндай қылыққа әркім еркімен емес еріксізден барады. Сұлулық құдыретті адамды еркінен тыс жіпсіз байлап, матап тастайды.

Ләззатқа ерекше дауыс та беріліпті. Дауыс болған зор үн емес. Үлбір үн. Оның үлбір үнін естігендер ертек қып айтады. Естімегендер естуге зар. Бал тілден, күміс көмейден шығатын үн қола қоңырау емес, күміс қоңырау сыңғыры. Сөйлегені – мөлдіреп, мөлтілдеп аққан бұлақ сылдыры. Ләззат сынды жібектің құдды бір таудағы ұлы жартастар арасымен тұп-тұнық жүзі жалтылдап, алтын сырғаларды бірін біріне қағыстырғандай сыңғырлап, сылқылдап аққан тұманың жұп-жұмсақ, жып-жылы жағымды, майда қоңыр сыбырына сүйсінген Абай, ақын Абай «құлақтан кіріп, бойды алар» деп жазған шығар…

Анасы Ләззатты ел көзінен таса ұстағысы келеді. «Көз тиеді» дейді. Әке: «Еркін жүрсін. Қорыма. Ит қорыған жерге өш» дейді.

(Жалғасы бар. Сын-пікірлеріңізді күтеміз)

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі