//////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-2)

1755 рет қаралды
1

Әкесі Ақымер шаршап бір келген шақтарында Ләззатты қасына шақырып алып, алдына келіп иіле тосқан маңдайынан, ана сүті әлде аршаның иісі аңқыған шашынан құшырлана иіскеп, бергі бетін сүйекпен өрнектеген қайқы бас төсегіне сүйеулі тұрған кәрі домбырасын алып ұсынады. Әке мінезін күн сіңген қызыл сары шырайынан, қас-қабағынан қимылынан танитын Ләззат іркілмей домбыра тартады. Әкесі де дәулескер күйші, ауызға ілінген айтулы домбырашы болмаса да ой шақыратын тұстарында, тарықтырып, торықтырып, толғандырып жүрген күрделі тұрмыстың күрмеуіне шешім іздеген кездерінде қоңыр домбырасын қолына алып, қоңырлатып шертіп, жанын ойға күйлетіп, оңаша отыратын әдеті.

Өңнің әдемісін берген жаратушы Ләззатқа өнердің де неше түрін үйіп-төгіп бере салған ғой. Соның жұрт қызығарлық тамаша бір қыры күйшілігі.   Ләззат домбыраның қос ішегін әкесінше алма кезек сұқ саусақпен іліп-қағып қана тыңқылдатып отырмайды. Оның он саусағы шау тартқан домбыраның шанағы мен қыл мойынында құрша жорғалайды. Абай атымен аталып кеткен қас шебердің Алтайы қызыл қарағайынан қақтап жасаған қою қоңыр түсті домбыраның бетінде бұлдырықтай бұлдырап, тоғыз перненің бірінен біріне өте жүгірген майда саусақтар ұшындағы аппақ меруеттей мөлдір тырнақтардан жылтылдай ұшқан күміс сәулелер сөйлеп кеткендей әсер береді.

Сол бір әсерлі сөзге ұйып отырған жан тып-тынық теңіз бетіндегі қайықтың үстінде алыс көкжиекке қадала қарап жағалауды аңсап қарайғаннан қапысыз үміт күткен жалғыз жандай терең толғанысқа көміледі. Өң астарынан өнер төгіледі. Күй – өмір. Күй ойға жетелейді. Өмірінің өткені мен кеткенін қайыра қайталап, есіне салып, ұмыттырмай жинақтап көз алдынан жайлап өткізіп, көкейіне төгілте құйып жатқандай толғақты күйге түсіреді. Терең дем алдырып, ауыр күрсінтеді. Саналы, ойлы адамға «беу, дүние-ай», «шіркін дәурен-ай» дегізеді. Қайыру бермей шар тарапқа шашырап, бытырап шашылып, бейберекет кеткен ойлар күй әуені мысқалдап бойға сіңген сайын жұмыла, жиыла ұйысып, жинақталып бір тоғамда тоғысып, тың шешімге тоқтам табады.

Ақымер дегбірсіз, дарақы, тым шапшаң, салдырлақ, далбақай күйлерді жақтырмайды. Ондай күйлер қызуы басым той-томалақ, дырду-шуы мол, желікті жерлерде шертілмесе, өзімен өзі қалып, оқшауланып, оңашаланып, ойға батып отырған кештерде баяу жүрісті, ойы салмақты, үні қоңыр, дыбысы қоймалжың, майда ырғақты, жылы сазды, күрең назды күйлерді тарттырады.

Қою мұңды күйді ұнататынын Ләззат та біледі. Өзі де көл бетінен қаңқылдай ұшқан қоңыр қазға, саңқылдай ұшқан сары ала қазға, айдын бетінен аңқылдап ұшқан аққу құсқа айналар еді. Өзінің де арман-мұраты осы күймен өзгеше өрнектеліп, әкесіне әдібін білдірмей айтылып, сыбдырсыз сыр алысып жатқандай еді.

Қазақтың қызы еш уақытта әкемен ашық сырласпайды, ішкі сырын тіс жарып әкеге айтпайды. Ал күй арқылы, оның мың сан құбылып түрленген түмен бояулы дыбыстары арқылы алуан ой, ізгі арман, мұңлы махаббат, сарғайған сағыныш, шеменді шер, қуанышты көңіл адам жанының бүкіл ішкі болмысын ақтарыла айтып, жайып, паш етпей ме. Өнердің мақсаты өмірді игеру, құдыреті барды тасалау емес, далдадағыны жарыққа шығару. Сырлы әуен суыртпақтай созылып санаңа сіңген сайын Ләззатқа бұрыласың.

Төрт елідей тік керегелі, тегіс төбелі торғын жіппен кестелеген оюлы тақиясына қадаған шоқпардай үкісінің түсімен түстес алтын сары қос бұрымы қарақұсынан құлдата өріліп қынама белінің тұсына жеткенде шорт буған жерінен бұрқырай күлтеленіп, құлын сауырының үстінде күрең қыраттағы бетегенің үлбіріндей үлпілдеп тұр. Сол сары үкідей үлбірді алақаныңа аялай алып, баяу лебіңмен үздіге үрлегің келеді.

(Жалғасы бар. Сурет автордыкі).

Басы мына сілтемеде.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі