//////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-3)

1440 рет қаралды

Ақымер байдың үйі түселден түгесілмейтін. Ел ішіндегі іс-шаруа жайы былай тұрсын, Ләззатты бір көруге келіп-кететін бейсауаттардың да қатары жеткілікті. Ақымер байдың үйінде жүзіктің көзінен өткен бір қыз бар деген сөз ел аралап, белден бел асып кеткені қашан.

Ел жайлауға қонып, өріс-қонысы кеңіп, қазан-ошақтары бұрқырап, желі-желі бие байланып, саба-саба қымыз пісіліп, оны ішкендер ісініп, қызара бөртіп, көңілдің де құрыс-тырысы жазылып, арқасы кеңіп, жаңарып, жасарып, Бай ауылының маңайы мал мен адамның дыр-дуымен азан-қазан, аста төк ырғын. Қонысы жақын, іргелес отырған атасы басқа  ауылдардың жігіт-желеңдері, мырзалары мен мырзакештерінің желпініп атқа қонып, ауыл-ел аралап, қыз қарағыштап, қыдырысы молаятын да кезі осы жаз.

Осындай бейсауат желөкпелердің ала жаздай торитын ауылының бірі Ақымердің ауылы. Біреу жоқ қараған болып келіп, әдейілеп бай үйіне түсіп, шөлін басып аттанса, енді бірі кештетіп, көз байланар шақта ымырттата келіп, қона-түне жатып, ертеңгісін жоқты-барды езіп, әңгіме қылып отырып, күн қызғанда барып отқа қойған атына кетіп бара жатады.

Бастау басын торуылдап, ат суарғансып, су алуға қос шелегін көтере келген қыз-қырқындар ішінен Ләззатты іздеп, атының тасасында тығылып тұрып, ат бауырынан сығалап әбігерге түсіп жүргенді анау қыратта отырып жылқы көздеп түрік тартқан адам көріп «әй, шіркін, жастық-ай» деп жымиып, күрсініп қояды. Сөйте тұра, өзі де дүрбісінің көзін Ләззатқа бағыштап, оның басқан ізін бақылай отырып қайдағы-жайдағысы есіне түсіп тынышы кетеді. Осының бәрінің де армандарының тоғысқан жері, көксеген жалғыз үміті, екі көзінің қарауылдап аңдығаны – Ләззат.

Бәрі де Ләззаттан дәмелі. Солардың арасында сыртынан болса да бір көріп қалғанының өзіне  қарық болып, қанат біткендей қалықтап, ұшпаққа шыққандай мәз болып біраз уақытқа дейін мас болған жандай масайрап жүретіндері де бар.  Шын ғашық, Ләззатты көрмесе тұра алмайтын күйге жеткен, дертті, меңдуана жеген малдай мәңгіріп жүргендері де жетеді.

Қолының қысқалығын, жоқшылық кесірін сезіміне тежеу етіп, іштей күйіп жанған ынтығын  күшпен басып, тірлік теңсіздігін жан тәнімен мойындап, тағдырының тарлығына көніп, буынсыз жерге пышақ салмай, пәлелі жерге жөнсіз ұрынбай жүрген жырынды, жілікті жігіт қаншама. Шын ғашықтық дегеніміз жолы болмаса айықпас ауруға шалдықтыратын емі табылмас дерт қой. Оның уы бойды бір жайлап алса болатыңды балқытып, сүйегіңді ерітіп күлге айналдырып, сүлкініңді сүмірейтіп, өмірден түңілдіріп жіберетін қуаты бар кесел.

Осының барлығын сезімтал Ләззат сырттай сезеді. Өзінің өте сұлу жаратылыс екенін құрбылары талай рет құлағына да құйған-ды. Ауашада алақандай айнасына қарап, өзін көріп ырзалық пейілмен жымиып қоятын. Аса сұлулық адамға паңдық мінез де сыйлайды емес пе. Шашын тарап, қос бұрымын өруге құмар құрбылары, тете жеңге-жеңешелері сұлулығын сөз қыла қалса қымсынып:

– Қойыңдаршы, қылжақтарыңа қандым, әбден тойдым. Мезі қылып жібердіңдер ғой.  Басқа ермектерің жоқ па? Қайдан келе қалдыңдар. Барыңдаршы,– деп томсырайып, екі ұртын томпайта бұртиып, өкпелеп қалатынының өзі әдемі еді. Осы бір биязы  қылығын көру үшін де әдейі әзілдеп,

– Жарайды енді, не болды соншама? Бізден де құтыларсың. Барған жеріңде басыңнан сипап, күйменің ішінде, күн түсірмей бағады дейсің бе? Небір жылдым, сумақай, өңменіңнен өткізер ұзын тілді қатындар бар шығар,– деп онан әрмен қитығына тиетіндері де жетеді.

«Еркем» деп еркелетіп, айналып үйіріліп, үстіне шаң, маңайына жан жуытпай қорып, қорғаштап жүретін жеңгелері де көзден таса қылғысы келмейді. Бойы өсіп, дене-мүшесі толып, ержеткен сайын  өзі де әлде неге алаңдап, әлде нені аңсайтын, алағызып, алыстағы бір белгісіз нәрсені көксейтіндей халге жеткенді. Ауылдың маңынан анадай жерде көсіліп жатқан жалғыз аяқ жолмен көлденендей өтіп бара жатқан салт аттыларға да ара-тұра көз қиығын салып қарайтын. Қонақ келе қосалқы үйге, не отау үйге кетіп қалатын. Қызының бой жетіп енді өзінің тең құрбысын, теңін, серігін іздей бастағанын таныған анасының да соңғы кезде тынышы бек кетіп, «Қарғамды айдың күннің аманында, ел іші тыныш тұрғанда құтты орынына қондырсам» деп іштей құдайдан жиі тілеп, күбірлеп отыратын кезі де көбейді. Құдай бұйыртса келер жазда ұзатамын деп топшылап, жасауын түгендеп қойған-ды…

(Жалғасы бар)

Басын мына және мына сілтемеден оқыңыздар.

Сурет Бекен Қайратұлының ФБ парағынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар