///

«Егер ол атуға бұйрық бергенде кемінде 300 адам қаза табушы еді» – адвокат

1560 рет қаралды
фото: inform.kz

Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған Алматы облысы ПД бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың адвокаттары соттан істі тоқтатуды сұрап өтініш жолдады

Биылғы 5 қаңтарда Талдықорғанда Алматы облысы полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Қаңтар оқиғасы кезінде қызмет орнын тастап кеткен Серік Күдебаевтың адвокаттары соттан істі тоқтатуды және генерал-майорды қызметіне қайтаруды сұрап өтініш түсірді. Адвокаттардың айтуынша, Күдебаев бейбіт халыққа оқ атқысы келмегендіктен осындай қадамға баруға мәжбүр болған.

«Серік Күдебаев Талдықорғандағы митинг кезінде қатты жарақат алды. Оның басына тас тиіп, қансырады. Бірақ соған қарамастан ол халыққа оқ атқысы келген жоқ. Сондықтан осындай шешімге келді. Егер ол атуға бұйрық бергенде кемінде 300 адам қаза табушы еді. Сізден осы қылмыстық істі тоқтатуыңызды сұраймыз. Өйткені Күдебаев өз қызметін адал атқарған адам”, — деді ПД бұрынғы басшысының адвокаттары.

Серік Күдебаевқа тағылып отырған айып – Қылмыстық кодекстің 370-бабы, 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша, «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік». Түсініктірек айтқанда, ол Қаңтар оқиғасы кезінде өз қарамағындағы қызметкерлерге полиция департаментіндегі жұмыс орнына кетуге бұйрық бергені үшін айыпталып отыр.

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтуынша, бастапқыда сот жабық есік жағдайында өтуі тиіс болып, тек кейін ғана «ашылған». Айта кетейік, 5 қаңтардағы алғашқы сот отырысы тек офлайн форматта өтті.

Серік Күдебаевтың қорғаушылары ұсынған ақпараттан оған нақты қандай айып тағылып отырғаны (айыптау акті, 5 желтоқсан 2022 жыл) белгілі болды. Құжатқа сәйкес, Серік Күдебаев лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдалану арқылы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 61-бабының талабын бұзған.

Атап айтқанда, департамент ғимаратын қорғауды көздейтін «Қамал» арнайы жоспары енгізілгеннен кейін жеке құрамға қорғану шараларын жүзеге асырмауға және департаментті тастап, үйлеріне қайту жөнінде заңсыз бұйрық берген.

Сондай-ақ, айыптау актінде Күдебаевтың өзіне сеніп тапсырылған учаскеден қызметтік автокөлікпен кетіп қалуы арқылы құпия құжаттар, мүлік және қару-жарақты қараусыз қалдырғаны жазылған.

Бұл айыптауларға орай, Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының қорғаушылары Сәуле Қобжанова мен Руслан Баймақов түсіндірме жауап ұсынып, Талдықорған қалалық сотына қылмыстық істі тоқтату жөнінде өтінішхат жолдады.
Адвокаттардың оқиғаны сипаттауынша, Алматы облыстық полиция департаментіне келушілердің басым бөлігі жастар болып, ал алдыңғы қатарда әйелдер мен балалар тұрған. Полиция департаментіне алғашқы кірген адам да – кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала болған.
«Сотқа дейінгі тергеу органының айыптары негізсіз. Өйткені, Күдебаев өз лауазымдық міндеттеріне жатпайтын бұйрық пен тапсырма бермеген. Қаруланбаған адамдарды атудан бас тарту арқылы ол ҚР заңын бұзған жоқ. «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 61-бабында қару қолдану құқық қорғау органы қызметкерінің міндеті емес, құқығы екені жазылған.

Оған қоса, аталған баптың екінші бөлігіне сәйкес, әйелдерге, мүгедектіктің айқын белгілері бар адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға қару қолдануға тыйым салынғаны жазылған. Ал департаментке провокаторлардың арандатуымен шабуылдаған топ құрамында жастар, әйелдер мен балалар болған.

Оған қоса, Талдықорғандағы полиция департаментіне Алматы қаласындағы секілді оқ атылмаған. Бұған ғимаратта оқ іздерінің болмауы да дәлел. Сәйкесінше, шабуылдаушылар агрессивті болғанымен, қарусыз адамдарға оқ атуға Күдебаевта ешқандай заңды себеп болмаған» делінген өтінішхатта.

Сондай-ақ, адвокаттардың сөзінше, Талдықорғандағы полиция департаментінің қызметкерлері, оның ішінде Серік Күдебаевтың өзі де департамент ғимаратын басып алудан бұрын облыстық әкімдік алдында болған митинг барысында түрлі деңгейде жарақат алған.

«Алаңда генерал Күдебаев соққы алып жатқан жас лейтенантты аман алып қалу үшін оны өз денесімен жапқан. Сол уақытта төпелеп жауған тастан өзі де жарақат алып, басынан қан сауғалап, есінен танған. Оны Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ басшысының орынбасары құтқарып қалған.

Бірақ, өзі және қызметкерлері жарақат алғанына қарамастан, Күдебаев адамдарға оқу ату жөнінде шешім қабылдамаған. Өйткені, бұл тұрғындар арасында бірнеше жүздеген адам өліміне әкеліп, басып алушылардың ашу-ызасын күшейтетін еді», – делінген адвокаттардың Талдықорған қалалық сотына ұсынған өтінішхатында.
Серік Күдебаев Алматы полиция департаментін 7 жыл басқарып, 2020 жылы Алматы облысы полициясының басшысы болып тағайындалды. Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы 18 ақпанда ішкі істер органдарынан өз еркімен қызметтен кетті. Ал мамыр айында Бас прокуратура Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасына қатысы барын хабарлап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 370-бабының 4-бөлігінің 1-тармағы – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бойынша жүргізілді.

Дереккөз: ЭкспрессК

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар