//

Қаңтарда ректор Түймебаевтың ұлын атып өлтірген деп сотталған сарбаз тағылған айыпты мойындамады

804 рет қаралды
фото: zakon.kz

Әскери сот ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар Қансейіттің қазасына қатысты айып тағылған сарбаз Серікбол Мұратханға үкім шығарды. 

26 жастағы Елнар Қансейіт – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрын білім және ғылым министрі, облыс әкімі лауазымдарын атқарған Жансейіт Түймебаевтың ұлы.

Ал Талдықорғандағы №18404 әскери бөлімде келісімшарт бойынша рота технигі қызметін атқарған аға сержант Серікбол Мұратхан – Республика алаңын “тазарту жұмысына” қатысқан жүздеген сарбаздың арасынан бүгінге дейін сотталғаны белгілі жалғыз әскери қызметкер.

Сот барысында айтылған дерек бойынша, былтыр 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда Талдықорғаннан келген кемі 200 сарбаз, Ұлттық ұлан әскері және “Арыстан” арнаулы жасағы жүрген. Мұратхан Талдықорғаннан Алматыға келген жүздеген әскеридің қатарында болған.

Алматыдағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар мен әскери техника. 6 қаңтар, 2022 жыл.
Алматыдағы Республика алаңында жүрген қарулы сарбаздар мен әскери техника. 6 қаңтар, 2022 жыл.

ЕЛНАР ҚАНСЕЙІТ ҚАЛАЙ ҚАЗА ТАПҚАН?

Куәгерлердің айтуынша, Елнар 6 қаңтар кешке таман үйінен азық-түлік алуға шыққан. Қара түсті Lexus 570 маркалы автокөлігіне мініп, жанына екі досын ертіп шыққан. Олар Республика алаңының сол жағындағы Назарбаев даңғылымен жоғары көтеріліп келе жатып, Сәтбаев көшесімен қиылыста бағдаршамға тоқтаған. Сол сәтте көлікке қарай оқ жауған.

Тергеу кезінде көлікке сегіз оқ тигені анықталған. Куәгердің сөзінше, көлікке қарай оннан аса оқ атылған. Қансейітке екі оқ тиген. Сол жақ өкпесінің жоғары бөлігіне тиген оқтан қатты қансырап, ауруханада көз жұмған. Қасында болған екі жолдасы аман қалған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Елнар Қансейіттің зираты. Алматы, Кеңсай-2 қорымы.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Елнар Қансейіттің зираты. Алматы, Кеңсай-2 қорымы.

Елнар Қансейіт мінген көлік сағат 18.40 кезінде бағдаршам алдында тұрған сәті екі видеоға түсіп қалған. Видеода Республика алаңына бағыт алған тоғыз “Камаз” маркалы жүк көлігінен тұратын әскери колонна да көрінеді. Сол сәтте бұл колонна да Назарбаев пен Сәтбаев көшелерінің қақ ортасында тоқтап тұрған.

Куәгерлердің айтуынша, видеоға түсіп қалған сәттен кейін көп өтпей оқ жауған.

МҰРАТХАННЫҢ “ОҚ АТҚАНЫН” ЕШКІМ КӨРМЕГЕН

2022 жылғы 6 қаңтар күні сағат 18.40 шамасында түсірілген видеода қара түсті Lexus 570 көлігінің қақ алдында әскери колоннаның сегізінші “Камаз” маркалы жүк көлігі тұрғаны байқалады. Тергеу де, мемлекеттік айыптаушы да негізгі айғақ ретінде сол видеоны келтірді.

Серікбол Мұратхан сол жүк көлігінде, жүргізуші мен тағы бір сарбаздың ортасында отырған. Прокурордың болжамынша, Мұратхан жүк көлігінің люгінен шығып, сол жаққа бұрылып, қара “джипке” оқ атқан.

Елнар Қансейіттің қазасына қатысты сотқа қатысушылар айыптау тарабы айғақ ретінде ұсынған видеоны көріп отыр. Алматы гарнизонының әскери соты, 21 маусым, 2023 жыл.
Елнар Қансейіттің қазасына қатысты сотқа қатысушылар айыптау тарабы айғақ ретінде ұсынған видеоны көріп отыр. Алматы гарнизонының әскери соты, 21 маусым, 2023 жыл.

Алайда сотта куәгер болған сарбаздардың бәрі Мұратханның “оқ атқанын не атпағанын көрмегенін” айтты. Сарбаздардың көбі көше қиылысында тоқтап тұрған сәтте “ешкім ешкімге оқ атпады, естімедік, көрмедік. Мұратхан оқ атты деп ойламаймын” деп куәлік берді.

Елнар Қансейіттің қазасын тергеу басталған кезде №18404 әскери бөлімнің бес қызметкері күдікке ілінген. Кейін “лауазымын асыра пайдаланды” деген айыппен жалғыз сарбаз – Серікбол Мұратхан ұсталып, тергелді. Сотталушы Мұратхан былтыр 21 қазанда ұсталғаннан бері абақтыда отыр.

Ол сот барысында “Қансейіттің өліміне қатысым жоқ, оның көлігіне оқ атқан жоқпын” деген сөзінен танбады. Қорғаушылары мен туысы Мұратханға жала жабылды деп есептейді.

– Қансейіттің мәйітінен алынған оқ кімнің қаруынан атылғаны анықталған жоқ. Дәл Мұратхан оқ атты дегенге дәлел жоқ, – деді адвокат Айлан Ескеров.

Сотталушының тағы бір адвокаты Бағдат Жақсылық “айыптаушы тарап құр болжамдарға сүйеніп отыр” деді.

200 САРБАЗ, 201 АВТОМАТ ЖӘНЕ ЖОҒАЛҒАН ҚАРУ

№18404 әскери бөлімінің 200 сарбазы Талдықорғаннан Алматыға қарусыз шыққан. Олар жолда сол кездегі Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласындағы Қазақстанның бітімгершілік полкына соғып, 200 дана автомат алған. Сол жерде әр сарбазға бір-бірден автомат пен оқ үлестірілген. Рота командирлерінің айтуынша, кімнің қай қаруды ұстағаны үш бет А4 парағына жазылған. Қазір сол парақ жоғалып кеткен. Бірақ №18404 әскери бөлімінің сарбаздары Талдықорғанға бес күннен кейін оралған соң, парақтағы деректер ресми кітапшаға жазылған.

Республика алаңында бейбіт адамдар, БАҚ өкілдері тұрған жаққа қарама қарсы, кейбіреуі қару кезеніп тұрған сарбаздар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл.
Республика алаңында бейбіт адамдар, БАҚ өкілдері тұрған жаққа қарама қарсы, кейбіреуі қару кезеніп тұрған сарбаздар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл.

Прокурор оқ Мұратхан ұстаған автоматтан атылғанын айыптау актісінде былай дәлелдеуге тырысты:

“Бітімгершілік полкынан алынған автоматтар тізімінде 522 3985 нөмерлі АК74 қаруы бар. Бірақ кейін ресми кітапшаға тіркелген автоматтар ішінде жоқ. Оның орнында бастапқы тізімде жоқ қару тұр. Кітапшада дәл сол автомат Мұратханға тиесілі екені жазылған. Бұл жағдайда, менің ойымша, №18404 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары Мұратханның 522 3985 нөмерлі АК74 автоматымен азамат Қансейітті атқанын біліп, жасыру мақсатында есепте жоқ автоматты көрсеткен”.

Ал адвокаттар 522 3985 нөмерлі АК74 автоматының Мұратханға тиесілі екені дәлелденбеді дейді.

– Ол қаруға жүргізілген сараптама қорытындысында, тердің, майдың іздері бар, бірақ ол іздер Мұратхандікі емес, – деді адвокат Айлан Ескеров.

Мұратханның туысы басында жазылған тізімді біреу айыпты Серікболға жабу үшін қасақана жоғалтқан деп есептейді.

– Жала жабу үшін тізімді әдейі жоғалтып жіберген. Автоматтың кімге тиесілі екенін анықтау үшін тек 4-5 адамға ДНҚ сараптамасы жасалды, төртеуі де сәйкес келмеді. Қалған 155 адамға сараптама жасалмады. Бәрін бірдей тексерсе, кінәлі адамды тез табуға болар еді. Кім екенін білмеймін, бірақ Мұратханды соттай салу біреуге тиімді болып отыр, – деді сотталушының туысы Жанат Қуанышхан.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Алдыңғы терезесін бірнеше жерден оқ тесіп, шашыраған қанның дағы қалған жеңіл көлік Республика алаңы маңында тұр. Алматы, 10 қаңтар, 2022 жыл.
Алдыңғы терезесін бірнеше жерден оқ тесіп, шашыраған қанның дағы қалған жеңіл көлік Республика алаңы маңында тұр. Алматы, 10 қаңтар, 2022 жыл.

Айыптау тарабы жасырын тергеу барысында түсірілген тағы бір видеоны айғақ ретінде ұсынды. Видеода Мұратханның әріптестерімен әңгімесінде “қара джипті атқан менмін” деген сөзі естілген. Бірақ одан кейінгі сөздері естілмейді. Адвокаттар мұны “Мұратхан ол жерде мүлде басқа мағынада әңгіме айтып жатқан, сөзінің аяғы естілмейді. Бұл – арандату, жала жабу” деп бағалады.

Мемлекеттік айыптаушы соттан Серікбол Мұратханды әскери шенінен айырып, жеті жылға бостандығынан айыруды сұрады.

“Аға сержант Мұратхан Lexus 570 көлігінің қимылсыз тұрғанын көрген. Марқұм Елнар Қансейіт терроризм қаупін төндірмесе де, Мұратхан жағдайға объектив баға берместен, тыныш тұрған көлікке бірнеше рет оқ атты, билігі мен өкілетін асыра қолданды, “Ұлттық ұлан туралы” заңның 24-бабында жазылған қару қолдану ережесін өрескел бұзды, әскери қызметкер бола тұра, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін бұзды, лауазымды өкілетін асыра пайдаланды” деп айыптады прокурор.

6 ҚАҢТАРДА НЕ БОЛДЫ? СОТТА АЙТЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР

Тергеу кезіндегі ақпарат бойынша, Талдықорғаннан шақырылған №18404 әскери бөлімінің шабуылдаушы десант батальонының сарбаздары мінген әскери колонна Алматының Республика алаңына жеткен кезде, ол жерде жүрген адамдарға жаппай оқ атылып жатқан.

Сол кезде алаңда “Арлан” беренді техникасы мен Ұлттық ұлан сарбаздары жүрген.

2022 жылғы 6 қаңтарда Алматының Республика алаңында тұрған қарулы сарбаздар мен беренді техника. Дәл сол күні Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында Елнар Қансейіт оқ тиіп қаза тапты.
2022 жылғы 6 қаңтарда Алматының Республика алаңында тұрған қарулы сарбаздар мен беренді техника. Дәл сол күні Сәтбаев көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында Елнар Қансейіт оқ тиіп қаза тапты.

Сот процесі барысында Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңындағы наразылықты басу үшін Талдықорғаннан арнайы әскер жасақталғаны белгілі болды.

“2022 жылғы 5 қаңтарда Алматы қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Талдықорғандағы №18404 әскери бөлімнен жиынтық батальон құру және Алматыға қарусыз жіберу туралы шешім қабылданған. Кейін жаппай тәртіпсіздік күшейген соң жиынтық батальонға қару беретін болған. Әскер жолда шабуылдаушы десант әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Кучекбаевтың бұйрығымен Қапшағай (қазіргі Қонаев) қаласына соғып, Қазақстан бітімгершілік полкынан қару-жарақ, оқ-дәрі алған. Жиынтық батальонға барлығы 200 дана автомат берілген. 6 қаңтарда жиынтық батальонына №32363 әскери бөлімнен жалпы саны 135 мың дана оқ-дәрі берілген. Алматы қаласындағы №61993 әскери бөлімі қосымша 23760 дана оқ-дәрі берген” деді прокурор Әсет Жетібаев сотта.

Прокурордың сөзінше, сарбаздарға қару таратып беретін кезде қорғаныс министрі бекіткен қару-жарақ пен оқ-дәрі беру ережесінің талаптары өрескел бұзылғаны анықталған. Соның салдарынан бастапқыда қай сарбаздың қай автоматты иеленгені туралы жазылған ақ қағаз жоғалып кеткен.

– Біз ол кезде автоматтың нөмеріне қарайтын шамамыз болмады. Бәріміз сапқа тұрдық, автомат пен оқты таратып берді. Өзіміз де не істеп, не қоятынымызды білмеген күйде болдық, – деді сот тергеуінде жауап берген куәгер сарбаз.

№18404 әскери бөлімнің сарбаздары Алматыда бес күндей жүрген.

Марқұм Елнар Қансейіттің туысы әрі қорғаушысы Абдихалий Жұманов сот отырыстары кезінде ешбір журналиске пікір білдірмеді, басында тіпті сотқа журналистердің қатысуына қарсы болып, видео түсірген журналиске күш көрсеткен. Жарыссөз кезінде ол Елнар Қансейіт қаза болғаннан бастап не көргенін, қандай тұжырымға келгенін айтып берді.

Абдихалий Жұманов марқұм туысы Қансейітке оқ атылған жерде, алаң маңында кемі 21 бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтты. Жұмановтан бұл деректі қайдан алғанын сұрағымыз келген. Ол журналистерге сұхбат беруден бас тартты.

Абдихалий Жұманов 6 қаңтарда қолында қаруы жоқ, бейбіт жүрген адамдардың қазасына Қазақстан шабуылдаушы десант әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Кучекбаевты айыптады.

Жұмановтың айтуынша, сотта генерал-майор Кучекбаев “Қаңтар кезінде қорғаныс министріне, комендантқа бағынышты болдым. Өз бетіммен ешқандай шара қолданған жоқпын” деп жауап берген. Генерал-майор Кучекбаев Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен “Оңтүстік” әскери өңірінің қолбасшысы болып тағайындалды.

“ШЕНЕУНІКТІҢ ҰЛЫ БОЛҒАН СОҢ…”

Соттың көп бөлігін бақылаған құқық қорғаушы, “Халықаралық құқықтық бастама” ұйымының өкілі Ринат Рафхат бұл істе көп жайт түсініксіз болғанын айтады. Ол сарбаз Серікбол Мұратхан шулы істе “құрбандыққа шалынып” отыр деп есептейді.

– Бұл іс марқұм Елнар Қансейіт ҚазҰУ ректоры, бұрынғы шенеуніктің ұлы болғаны үшін ғана соңына жеткен сияқты. Кінәсі дәлелденбесе де, 200 адамның ішінен бір сарбазды шығарды. Ал сол алаңда жазықсыз қаза тапқан қаншама адамның туыстары жазған шағымның бәрі қаралмады, істері қысқартылды, “құпия” етіліп, қылмыс құрамы табылмады деген желеумен тоқтатылды, – деді Рафхат.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Елнар Қансейіттің басындағы құлпытаста: "Елімнің нары болсын деген Елнарым! Қаңтарда кеткен боздағым!" деп жазылған. Алматы, Кеңсай-2 қорымы.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Елнар Қансейіттің басындағы құлпытаста: “Елімнің нары болсын деген Елнарым! Қаңтарда кеткен боздағым!” деп жазылған. Алматы, Кеңсай-2 қорымы.

Дегенмен Елнар Қансейіттің қазасына қатысты іс Қазақстан билігінің “бейбіт халыққа оқ атылған жоқ” деген мәлімдемесін тағы бір рет теріске шығарды. Былтыр мемлекеттік хатшы (қазіргі – мемлекеттік кеңесші) Ерлан Қарин жергілікті ақпарат құралына берген сұхбатында “6 қаңтарда Алматыда әскер бейбіт тұрғындарға оқ атқан жоқ” деп мәлімдеген.

2022 жылғы 6 қаңтардың тұманды кешінде Алматының орталық алаңында атылған адамдардың қазасы бойынша қозғалған істердің бәрі сотқа жеткен жоқ. Қарусыз, бейбіт адамдардың қазасына кінәлілер жауапқа тартылмай, жазасыз қалды.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Сәтбаев көшесіне жетпей, Назарбаев даңғылы бойында көп оқ тиіп, талға соғылып тоқтаған жеңіл автокөлік. Жолаушы отыратын алдыңғы орындығында белгісіз ер адам қимылсыз жатыр. Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.
Сәтбаев көшесіне жетпей, Назарбаев даңғылы бойында көп оқ тиіп, талға соғылып тоқтаған жеңіл автокөлік. Жолаушы отыратын алдыңғы орындығында белгісіз ер адам қимылсыз жатыр. Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының зерттеушілері 2022 жылғы 6 қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында түсірілген видеоларды қарап, жер серігінен түсірілген, карталар мен суреттерде көрінетін нысандарды салыстырып шыққан. Видеоның түсірілген уақытын анықтау үшін ақпарат құралдарындағы деректер мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға, күн шығатын және бататын, кадрда көрсетілген уақытқа қарап, барлық деректі зерттеп, шолу жасаған.

Екі жарым минуттық бір видеоның өзінде жүзден аса рет атылған қару дауысы естіледі. Зерттеушілер 6 қаңтарда күш құрылымдары алаңда тұрған бейбіт демонстранттарға оқ атты деген үш куәгермен сөйлескен. Олардың сөзі зерттелген видеолар мен ақпарат құралдарында жарияланған деректермен үйлеседі. Құқық қорғау ұйымы үкімет күштері бейбіт халыққа “шектен тыс” күш қолданғанын растайтын айғақтар жеткілікті деген қорытынды жасап, Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша халықаралық зерттеу жүргізуге шақырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ол ұсыныстан бас тартты.

2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасы кезінде, ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан, марқұмдардың 151-і Алматыда көз жұмған. Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде елге сырттан “20 мың террорист келгенін”, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеген еді. Кейін Тоқаевтың “20 мың террорист” туралы сөзі дәлелденбеді, ал құқық қорғаушылар оның ескертусіз оқ ату бұйрығын жиі сынайды.

Мейірім БАҚЫТЖАН

Дереккөз: Азаттық радиосы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар