///

Мұғалімдердің аттестациясы: Lesson study дегеніміз не? Оны талап етудің соңы неге соқтырады?

17174 рет қаралды
фото: Findhow.org

Асхат Аймағамбетов Оқу ағарту министрі лауазымынан босағалы бір ай болған жоқ. Алайда, орнынан кетерінен бір-екі күн бұрын ғана, яғни 2022 жылдың 30 Желтоксанында Мұғалімдердің аттестациясы туралы жаңа Ережеге қол қойып үлгерген екен. 

Алайда, бұл бұйрық мұғалімдердің жұмысын жеңілдеткеннің орнына одан әрі күрделендіре түседі дейді педагогтер.

Түсінікті болу үшін экс Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Ережесінен бастайық. Бұл  Ереже “Әділет” сайтында жарияланған, “Педагогтердің аттестациядан өту ережелері мен шарттары” деп аталады. Осы Ереженің 39-40  тарауында әрбір  категориядан өту  үшін педагогке Lesson study бағдарламасынан өту міндеттелген. Дәл осы міндет педагогтердің шамына тиіп жатыр.

 LESSON STUDY БАҒДАРЛАМАСЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? 

Lesson study бағдарламасы Назарбаев интеллектуальны мектептерінің дайындауымен 2012 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған. Бағдарлама Кембридж методы деп аталған, аты айтып тұрғандай оны дайындауға Кембридж университетінің мамандары қатысқан. Ал, бұл методпен мұғалімдердің біліктілігін арттыру лицензиясы “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қолында. Содан бергі уақытта нақты қанша педагогтің бұл курстан өткенін ашық дерек көздерінен таппадық (Оқу ағарту министрлігі мен “Өрлеу” орталығына сауал жіберілді). 2016 жылғы дерек бойынша, 130 мың адам Кембридж методы бойынша біліктілігінен өткені жөнінде ақпарат бар. Жалпы бұл курстардың негізгі мақсаты, қашаннан бері Қазақстан қоғамында пайда болғаны жайлы егжей-тегжейлі ақпаратты келесі жолы жазатын боламыз.

Бұл жолы Lesson study бағдарламасынан өтуді міндеттеудің салдары қандай болатындығы туралы бірнеше педагогтің пікірін бөлісуді жөн көрдік.

Сұлтан Сүлеев, Алматы қаласы. №47 мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

БҰЛ ТӘСІЛДІҢ БАЛА САНЫ АЗ, МҰҒАЛІМ САНЫ КӨП МЕКТЕПТЕРГЕ АРНАЛҒАНЫ ЕСКЕРІЛМЕЙ ОТЫР

– Лессон Стади 1870 жылдары Жапонияда алғаш пайда болған методика. Мэйдзи реформалары кезінде өмірге келді. Оның өзі  18 ғасыр соңындағы француз ағартушылық кезеңіндегі (1685 -1790 жылдар) идеялардан көшірілген. Вольтер, Монтескье, Руссолардың дәуірі есте шығар?.

Жаңа реформалар бойынша жапон халқының үш тобы ғана толық саяси, әлеуметтік, экономикалық құқыққа ие болды.  Енді осы аз топтың балаларын оқытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Еркек баланың жартысы, қыздардың 15 проценті ғана ілінді.  Кімнің балалары екенін сезіп отырған шығарсыздар?  Оларды жақсы оқыту үшін көптеген әдіс-тәсілдерді іздестірір,  ойлап тапты.. Соның бірі осы – Lesson study.  Түп атасы қайталап айтамын кезіндегі монархиялық Франция. Герцог, граф, маркиз, виконттардың дәуірі.

Бұл тәсіл саны аз балаларға арналып, байлар мен билеуші таптың ұрпақтарына терең білім беруді көздеді. Франция да ағартушық кезде халықтың 10 проценті ғана сауатты болған. Жоғарыдағы ағартушылардың  де зарлап жүргені сол. Орыстың Екатерина ханшайымы да сол жолды қолдады, бірақ оның қолдауы қазақтарға татар молдаларын көбірек жіберумен шектелді.

 Зерттеу арқылы баланың үлгерімі мен жетістігін бағалау. Қайталап айтамын, саны аз  балаларға арналған.

1940 жылдары Европа педагогтары зерттей отырып оқытатын жаңа методиканы өмірге алып келді. Лессон Стадидан айырмашылығы бұл методика  бүкіл халықтық сауат ашуға арналды. Совет өкіметі де  осы методиканы 1920 жылдардан бастап қолданып жатыр еді. Ликбез жайында естіген боларсыздар.

 Жапондар да соғыстан кейін осы Европалық методиканы басшылыққа алуға мәжбүр болды. Себебі 20 ғасырда жаппай сауатсыздық мода емес. Әрі АҚШ-тың соғыста қиратылған Жапонияға берген Трумэн доктринасындағы көмегінің бір шарты да жаппай сауатсыздықты жоюды  талап етті.

Ал ЛС  2010 жылға шейін ұмытыла бастады. Бірақ сол жылы ағылшынның Пит Дадли деген ғұламасының көзіне түсіп екінші рет өмірге келді.  Ол ескі методиканың шаңын қағып-қағып, біраз өңдеп  қайта жариялады.

Осы жылдары Қазақстанның білім басшылары әр елге саяхаттап білім берудің жаңа мазмұнын ізеп жүрміз деп біраз  елді аралады. Көздеріне түскені Кембридж бен осы ЛС болды. Кембриджді де көргенбіз. Естеріңізде болар?  Шляпа кигеніміз.  Кәзір қайда сол шляпалар?

Ендігі сенгені осы – Lesson study. Өкініштісі, бұл тәсілдің  бала саны аз, мұғалім саны көп мектептерге арналғанын ескермегені. Жапония  1870 жылдар  байдың балаларына жақсы білім беру үшін мұғалімдерді көбірек жалдады. Олар баланы зерттемегенде кім зерттейді сонда?

Өмір Шыныбекұлы, құрметті ұстаз

“ӨРЛЕУДІҢ” ЛОББИІНІҢ ҚҰЛАҒЫ ҚЫЛТИЫП ТҰРМА ДЕП КҮДІКТЕНЕМІН

Ел аузында “Кембридж технологиясы” аталып кеткен 3 айлық деңгейлік курстардың 1-деңгейін 2013 жылы өткен мұғалім ретінде мен НЗМ болмаса, жай мектептерде толыққанды “Лессон-стади” жүргізу мүмкін емес екеніне мен кәміл сенемін..
Министрлікте отырған бір пысықай “Лессон Стадиді” білім сапасын көтеретін бірден бір «панацея» деп министрді сендірген секілді.
Мұның артында Лессон Стади бойынша ақылы курстарды бастап жіберген “Өрлеудің” лоббиінің құлағы қылтиып тұрса таңғалмаңыз….

Айман Сағидулла,  
Алматы облысы, Қарасай ауданы. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі: 

БҰЛ МҰҒАЛІМДІ ӘДІСКЕРГЕ КІРІПТАР ЕТУДІҢ АМАЛЫ

– Лессон Стади методының әрбір педагогтің портфолиосында болсын деген бұйрық мұғалімдерді әдіскерге кіріптар ететін бұйрық. Оны аттестация талабынан мүлдем тастау керек. Бұның талабы бойынша, мектептегі бар мұғалім оқушыны зерттеуі керек екен. Мұғалімнің бәрі зерттеуші ғалым емес. Бүкіл уақытты осыған жұмсайтындай, уақытымыз созылатын резина да емес. Оның үстіне сабағыңа әдіскерден оң пікір жаздырып алуың керек екен. Бұл мұғалімді әдіскерлерге кіріптар етудің амалы. Бастықтарға қарсы келуге болмайтын, өз құқығын қорғай алмайтын уақыт келе жатыр. Егер қарсы келетін болсаңыз, оң пікір ала алмайсыз.
Сондай-ақ, Lesson study оқытамыз деген жарнама қаптап кетті. Бұл бизнестің басында кім отыр? Бұл да жұмбақ.

Whatsapp мессенджеріндегі хабарландыру

Ханым Изетова, Абдраш Назарбеков атындағы #87 ЖОББМ
тарих және заң пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:

БҰНЫ БИЫЛ ТАЛАП ЕТУ АРТЫҚ, БІР ЖЫЛ ДАЙЫНДАЛЫП, КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПОРТФОЛИОҒА ЕНГІЗЕЙІК

Мұғалімдердің біліктілігін аттестаттау қағидасына өзгеріс енгізген 533 бұйрық шықты.
Менің мұғалім портфолиосында болуы қажет деп көрсетілген “Lesson Study талдауына” қатысты ұсынысым бар.
Бұл дәп қазіргі мұғалімдердің өзекті мәселесіне айналды.
Мен (“Ашық сабақ” өткізудің орнына) Lesson Study-ді меңгеруі, жүргізуі мұғалімдердің оқу мен оқыту тәжірибесін жан-жақты жетілдіруінде маңызды ҚҰРАЛ екенін білемін.
Соған қарамастан, осы сәтте жаппай теориялық оқытудан өтпеген нысаннан нәтиже талап ету зорлық деп есептеймін.
Аттестаттау қағидатына енгізілгенмен, “нәтижесін талап етуді келесі оқу жылынан бастауды” сұраймын.
Мен, өзім 2021 жылы пән бойынша аттестаттаудан өткенмін. І деңгейлік курсты 2014 жылы оқығанмын. Әрі осы Lesson Study-ден біршама білім мен практикам бар.
Тек, сұранарым, ҰБА-да Lesson Study талдауын талап ету “2023-2024 оқу жылынан енгізіледі” деген өзгеріс енгізілсін.
Lesson Study талдауы – эссе жазу емес!
Ұзаққа созылатын – жоспарлы шығармашылық жұмыс нәтижесі.
Мен өзім үшін емес, жалпы, Ел бойынша аттестаттаудан өту уақыты келген әріптестерімнің Lesson Studyді теориялық та, практикалық та қолданыстан жарты жылда жаппай өткізгені тиімді болады деп есептеймін.
2022-2023 оқу жылдың соңына дейін жаппай оқу-үйрену, тәжірибеге енгізу жылы болсын. Келесі жылы бұйрықты орындау іске ассын да жалғасын тапсын.
533 бұйрық шыққалы Lesson Study курсынан өткісі келетін, оқып, үйренуге ынталанып, ұмтылған мұғалімдер қатары көбейді.
Мәжбүрлілік тудырғанмен, оның тиімсіз жақтары да қылаң беріп жатқаны тағы бар. Портфолиоға “талдау жазып беремін” деген жарнамалар шыға бастады.
Бүгін бұйрық шығарып, ертесіне талап ету хаосқа алып келетін шешім екенін осыдан-ақ байқауға болады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар