//

Жарғыда жазылған ҚАЗАҚ ТІЛІ қайда кетті? Халықты алдаудың талғарлық үлгісі

1266 рет қаралды

Қазір әлем мөлдір шыныдай нәп-нәзік. Сәл нәрсеге бола шытынап шыға келген оқиғаларды көз көріп, құлақ естіп отыр. Мұндай алағай да бұлағай заманда кез келген мәселені «жабулы қазан» күйінде қалдырғаннан бұрын, түйткілдің түйінін тарқатып, ақпаратын дер уағында беріп, анық-қанығын уақытылы хабардар етіп отырғаннан абзал не бар дейсіз? Өкінішке қарай, әсіресе жауапт­ы лауазымды тұлғалар тарапынан мәселені тұйықтап жауып, айтпай-ақ қою, ақпаратты алдын ала хабарламау мінезі көп таралып бара жатқандай. Талғардағы №25 мектептің айналасындағы оқиғалардың өзі осыны меңзеп тұр. Мәселен, осы мектептің қай тілде ашылатынына қатысты пікірлер легі әлі толастаған жоқ. Алғашқы қоңырау соғылуына бір апта ғана уақыт қалды. Ал бұл мектептің не қазақ, не аралас тілде екенін ресми хабарламаған әкімдік те, облыстық және аудандық білім басқармасы да «үнсіздік режимін» қосып алған.

Сонымен… 

ТАЛҒАРДА ҚАНША МЕКТЕП БАР?

Ресми дерекке сенсек, Талғарда 9 мектепте 8005 оқушы қазақ сыныбында, 2557 оқушы орыс сыныбында білім алады. Жалпы оқушы саны – 10 562.

Бұл деректі Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің орынбасары О.Қаспақбаев Ұсыныс хат (ол хат туралы сәл кейінірек айтамыз) иелеріне жауабында айтқан:

«Алматы облысы Білім басқарма­сының Талғар ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Қазақстан Республикасы «Алматы облысының «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Талғар ауданы филиалының ағымдағы жылдың 7 сәуіріндегі №136 шығыс хатына сәйкес төмендегідей жауап береді:

Талғар қаласында 9 мектеп жұмыс жасайды. Оның ішінде 2 мектеп-лицей және 7 жалпы білім беретін орта мектеп. Оның оқыту тіліне қарай 4 (№2,7,9,49) мектеп таза қазақ тілінде, 2 (№3,4,) мектеп таза орыс тілінде, 3 (1,5,6,) мектеп қазақ, орыс тілдерінде оқытады. Қала мектептеріндегі жалпы бала саны – 10 562 оқушы. Оның ішінде қазақ сыныптарындағы бала саны – 8005 оқушы, орыс сыныптарында – 2557 оқушы» делінген (жауап хаттың жазу стилистикасы сақталды).

Қарапайым арифметика:

4 таза  қазақ мектебі мен 3 аралас мектепте (барлығын шартты түрде 7 деп алайық) 8005 оқушы оқиды. 8005 оқушыны шартты түрдегі 7 мектепке шақсақ: оқушылардың орташа саны 1200-ге (1143) жуықтайды.

Ал 2 таза орыс мектебі мен 3 аралас мектепте (барлығын шартты түрде 5 деп алайық) 2 557 оқушы оқиды. Енді осы мектептердегі оқушы санын шартты түрдегі 5 мектепке шағайық: оқушылардың орташа саны 600 шамасында (511).

Талғар қаласындағы мектептерде оқып жатқан қазақ тіліндегі оқушы­лардың шартты орташа санының өзі екі еседен көп.

Ал мектептерге шақпаған жағдайда (аралас мектепте қазақ сыныбы аздау деген мәлімет бар) қазақ сыныбындағы оқушы саны үш есеге жуық.

Сонда жаңа мектеп неліктен аралас болуы керек?

ӨРТЕНГЕН МЕКТЕП ОҚИҒАСЫ

Біздің кейіпкеріміз, Талғар қала­сының тұрғыны, жазушы Бақтығали Айжігітов былай дейді:

«1993 жылы Қарағанды облысынан Талғарға көшіп келдім. Қарағандыда жүргенде балаларымды қазақ мектебіне бере алмадым. Себебі қазақ тілінде оқытатын мектеп әлі ашылмаған еді. Талғарға біз көшіп келгенде балалар мектеп бітіретін жаста. Қазақ мектебіне немерелерім баратын болды деп шүкір еттім.

Т.Рысқұлов атындағы № 9 мектеп тарихи ғимаратта отырған. 1993 жылдың қыс мезгілінде мектептен өрт шықты. Әлі есімде, жұма еді. Сенбі-жексенбі – демалыс. Талғардың сол кездегі әкімі, ұмытпасам, қазіргі әкімнің әкесі Әлихан Тойбаев. Дүйсенбі күні Ә.Тойбаевқа кірдім. Өзімді таныстырып, оның да жөнін сұрап, әңгімелестік. «Қазақша мектеп іздеп, шөлдеп келген адаммын. Баламды қазақша мектепке бергім келсе де мектеп болмағандықтан, қазақша оқыта алмадым. Құдай немере сыйлағанда немеремді қазақша мектепке беремін деп жүрмін. Қазақ мектебі өртеніп кетті. Оны кішкентай балабақшаға апарып көшірдіңдер. Жаңа ғимарат керек» деген өтінішімді айттым. «Бір жыл, екі жыл мерзім беріңіздер. Қазақ мектебін салып береміз» деді сол кездегі әкім.

Міне, содан бері 2023 жылы отыз жыл өтеді екен. №9 мектепке арнайы ғимарат салынбады. Бұл мәселені 1993 жылдан бері реті келгенде көтеріп жүрдік. 2019 жылы ауданға Жолан Омаров марқұм келгенде осы мәселені тағы да айттық. Әкімге жеке кіріп те мектеп жайын көтердім. «Аға, Құдай бұйырса, мына жақтан бір мектеп беріп отыр. Сол қазақ мектебі болады» деді Жолан. 2019 жылдан іргетасы қаланғанда қазақ мектебі болады деді.

Әкімнің қабылдауына жазылып, осы мәселені айттым. Президенттің де қабыл­дауында болдым. Онда да осы мектептің қазақ оқушыларына ашылуын өтіндім. Қазіргі әкімге тапсырма да берілді деді. Алматы облысының Білім басқармасына барған кезімізде де әр құжатты көрсетіп, тәптіштеп түсіндіріп бердім. Облыстық білім басқармасының  басшысы Салтанат Дауыспекқызы аудандық білім басқармасының басшысына «Облыстың әкімі маған тапсырма берді, мен саған тапсыра беремін, бұл қазақ мектебі болып ашылады» деді. Куәгерлер қасымда ғой.

Неге екені, бізге басқа әңгіме айтып, өздері басқа іс жасап жүр. Айналайын-ау, ең бол­маса алдарына барғанымда «болды алаңдамаңыз, қазақ мектебі ашылады» деп өтірік неге айтады деймін? Жақында ғана облыстық білім басқармасының басшысы бар, басқа өкілдер бар құттықтап, «мәселе шешілді, қазақ мектебі болады» деген еді. Үп-үлкен басыммен маған неге өтірік айтады? 

«Аудандық білім басқармасының басшысы Қарлығаға (Айсабекқызы) қазақ мектебін ашуға неге қарсы болып жүрсің?» деп сұрақты төтесінен қойдым. «Ол жақта (жаңа мектеп ашылған мекенде) басқа ұлт өкілдері көп» дейді ол. Сол мектеп жақта, Талғардағы Айвазовский көшесінде тұрамын ғой. Мен келгенде Айвазовский бір-ақ көше еді. Одан бері он бес көше түсіп кетті. Басқа ұлттың көбінің баласы баяғыда мектеп бітіріп, көбі көшіп кеткен. Ол маңда жаңа үй салып көшіп келген қазақтар ғана.

Бізге жеткен астыртын бір әңгімесінде басқа елдің басшысына хат жазамын дейтін­дер шығыпты-мыс. Өз басым бұл сөзге аса сене қоймаймын. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін тату-тәтті бір қалада мекендеп келеміз ғой. Тіптен, ондай адамдар табылып жатқан күннің өзінде, олардың ісімен құзырлы органдар айналыссын. Біз – өз Президентіміз бар жеке елміз. Айтқысы келгенін біздің елдің азаматтары өз Президентіне айта алады.

Сол 1993 жылы №9 мектепте 800-дің айналасында оқушы бар еді. 220 орындық балабақшаның ғимаратына көшкен соң сыймағаны басқа мектептерге кетіп, қазір балабақша ғимаратында отырған мектепте 350-ақ бала оқиды. Бұл балаға, оқушыға, қазақ тілінде оқығысы келетін ұрпаққа жасалған қиянат емес пе? Ол балалардың қазақ тілінде оқытатын сәулетті мектепте оқығысы келмей ме? Осыны неге ескермейміз?

Сол №9 мектепке көпшілікпен кездесуге Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы және Алматы облысы Білім басқармасының Мектептер бөлімі басшысы Роза Максимқызы келді. Жиналыс барысында Салтанат Дауыспекқызы «есікті ашыңыздар, терезені ашыңыздар» деумен болды. «Салтанат, есікті аш, терезені аш, ауа жетпей отыр дейсіз. Сіз мұнда келгеніңізге он-ақ минут болды. Ал дәл осы мектепте бала 45 минут оқиды. Ол есікті ашып отырып сабақ оқи алмайды, басқаларға кедергі келтіреді. Осы қапаста 45 минуттан отыз жыл бойы қаншама буын оқып келе жатыр. Солардың сәулетті мектепте оқиық деген арманын білгіңіз келмей ме?» дедім. Үндемеді. Не десін?»…

«ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНЫҢ

ИГІЛІГІ ҮШІН ДИРЕКТОРЛЫҚТАН  БАС ТАРТАМЫН»…

Сонымен, бірінші:

Аталған мектеп қазақша болсын деп бірнеше рет ұсыныс хат жіберілген. Олар тіркеу­ден өткен. Мәселе талқыланған арнайы хаттамасын да оқып көрдік.

«Алматы облыстық мәслихаттың бес депутатының атына (Асқар Фазылұлы Сүлейменов, Амангелді Тілеубердіұлы Сембаев, Сұлтан Нұрғайыпұлы Нұрдәулетов, Әсел Болатқызы Төлепбергенова, Сұңғат Қадырбекұлы Төлеуханов) 6 қаңтарда тіркетіп, ұсыныс хат жаздық», – дейді Алматы облысы Тіл оқу-әдістемелік орта­лығы Талғар аудандық филиалының меңгерушісі Кәмнұр Тәлімұлы. Алматы облысы Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестік ұжымы Талғар аудандық филиалының төрағасы М.Бекбосынов, Талғар аудандық қоғамдық кеңестің төра­ғасы Ж.Еңкебайұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Талғар аудандық фи­лиалының төрағасы Р.Байшықова, Талғар ауданының Жастар ресурстық орталығы КММ жетекшісі З.Қалымбетова, Ауғанстан соғысының ардагерлері, Талғар қалалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Жұмаділов және Алматы облысы Тіл оқу-әдіс­темелік орталығы Талғар аудандық филиа­лының меңгерушісі есебінде өзім де қол қойдық.

Ұсыныс хатта:

«Еліміздің басты басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев балабақ­ша­ларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты назарда ұстау қажет екендігіне баса назар аудара келіп: «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз», – деген болатын. Ал 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі» – деген еді. Осыған орай, Талғар қаласы тұрғындарының 72%-ы мемлекетті құраушы ұлт – қазақтар екендігін ескере отырып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесіне орайлас ашылғалы отырған Талғар қаласындағы №25 мектеп-лицейдің қазақ тілінде білім беретін мекеме болып ­ашылуына ықпал етулеріңізді сұраймыз» делінген.

9 ақпанда осы Ұсыныс хат ­бойынша отырыс өткен, оған барлығы 20 адам қатысқан. Талғар аудандық Білім басқармасының басшысы келмей, орнына орынбасарын жіберген екен. Күн тәртібіне Талғар қаласындағы жаңадан салынған 1200 орындық №25 мектеп-гимназия қазақ тілінде білім беретін мекеме болып ­ашылуына ықпал етуді сұрау мәселесі қойылған.

Биыл 7 сәуірде Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Хайдар Әбдіхановқа да ұсыныс хат жазылған. Хатта мектептің мемлекеттік тілде оқытылуы оң екені айтылып, оның төрт себебі атап көрсетілген.

Ұсыныс хатты «Осындай сандық және сапалық нақты көрсеткіштерді алдыға тарта отырып, қаладағы жаңа мектептің аралас тілде емес, мемлекеттік тілде ашылуының зәрулігін аңғару қиын емес» дей келе, Президенттің «Жалпы мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміздің бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан да оған ең алдымен өзіміз құрмет көрсетуіміз керек» деген сөзімен түйіндеген. Оған ҚХА Республикалық Түрік мәдениеті төрағасының бірінші орынбасары Ш.Асиев, Ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі И.Тохтахунов, Түрік этно-мәдени бірлесті­гінің жетекшісі А.Исмаилов, Грек этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Н.Тифанциди қол қойған.

7 сәуірде Талғар ауданы әкіміне тағы бір Ұсыныс хат жолданған. Оған барлығы 22 азамат, ішінде ауданның және облыстың құрметті азаматтары да бар, қол қойған.

Екінші:

Мектеп басшыларының қолы қойылып, мөрі басылған хаттар да бар. Біреуінің ғана мысалын келтірелік:

2022 жылдың 1 наурызында Қызыл­қайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры Н.Коншибаев қазақ, орыс, ұйғыр тілінде оқытатын осы мектепте ата-аналар арасында сауалнама жүргізілгені, ол сауалнамада «Бірлік – Ақбұлақ» (біз мысалға алып отырған №25 мектеп) тас жолының бойындағы жаңа салынған мектепке, егер «Мектеп мемлекеттік тілде ашылса, балаңызды аталған мектепке бересіз бе?» деген сауал қойылғанын жазады. Аталған сауалнамаға 180 ата-ана жауап берген. Оның ішінде 120 ата-ана (шамамен 67%) баласын аталған мектепке беретінін айтқан.

Үшінші:

Ресми деректердің құбылуы.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкелдің бізге айтқан дерегіне сенсек, осы күнге дейін мектепке 974 бала тіркелген. Оның 582-сі қазақ сыныбына, 392-сі орыс сыныбына тіркелген көрінеді. Бұл тізімді жазып алған мекеменің ресми аты және тізімге жауапты тұлғаның нақты аты-жөнін білгіміз, тізімге тіркеу журналының көшірмесін көргіміз келген.

Деректердің құбылуына қатысты жайт, Талғар аудандық Білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы Сәдуақасованың тамыздың басында сөйлеген сөзінің бейнетаспасы бар. Міне, осы видеода Қарлыға Айсабекқызы: «Бұл мектеп-гимназия қазақ тілінде ашылатын болады. Себебі, негізінен, 800-900-ге жуық оқушы қазіргі таңда қазақ кластарына тіркеліп отыр. Орыс сыныптарына тікелей  ата-аналар өздері келіп тіркелген саны 100-ге жаңадан жетті. Сондықтан да бұл мектеп қазақ тілінде ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл мектепке қабылдау база ашылмауына байланысты қағаз түрінде жүргізіліп жатыр. Мектепте іс жүргізуші отыр, мектеп директорының қызметін атқарушы бар. Сол кісіге барып тіркелесіздер» деген екен. Қарлыға Айсабекқызы – лауазымды тұлға. Ол бұл санды аспаннан алмайтыны, нақты бір есепке жүгінетіні айдан анық. Демек, ресми деректердің бір аптаға жетпей құбылып отыруы №25 мектепке қатысты оқиғаның мән-жайы дұрыс айтылмай, жеткізілмей, зерттелмей отырғанын көрсетеді. Аудандық білім бөлімі басшысы осы бейнетаспада қазақ мектебі ашылады деп хабарлайды. Ол бұл сөзді өз жанынан шығармағаны, нақты бір дерекке сүйенгені анық. Біз сөй­лескен Бақтығали Айжігітов ақсақал да об­лыстық білім басқармасының басшысы қазақ мектебі ашылатынын сүйіншілеп хабар­лағанын айтады. Ендеше, екі ортада мектеп қалайша аралас мектепке айналып шыға келеді?

Төртінші:

Басқа мектептердің мысалы қарасты­рылды ма?

Қарастырылмаған сыңайлы. Алматы облыстық мәслихаттың бес депутатының атына жазылған Ұсыныс хатқа қарай өткен отырыстағы Роза Баракованың мына сөзіне назар аударар ма еді: «Мен басшылық етіп отырған №45 мектеп ашылған кезде дәл осындай жағдай болды. 2015 жылы жаңадан ашылды және таза қазақ мектебі етіп ашылатыны ғана айтылды. Сол кезде маған орыс мектеп болып ашылсын деп ата-аналар, тұрғындар күнде келетін. Қазір №45 мектеп таза қазақ мектебі 600 орындық, 1162 бала оқып отыр. Облысқа барып жүріп, жоспар құрып, өз ойымды айтып, мұғалімдердің білімін жетілдіретін институтқа барып, ғылыми жұмыстармен айналысатын ұстаздармен кездесіп, ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін алып, жоспарымды көрсетіп, №45 мектеп-гимназия етіп ашуға өзім ықпал еттім. Осы күні ата-аналардың қалауы бойынша басқа ұлттың балалары да қазақ сыныптарында оқып жатыр».

Сол отырыста №9 орта мектептің директоры Алмаш Зікірияқызы: «Сүт сұрай келе шелегіңді жасырма дейді ғой, қазақта. Келіп отырған соң, өз жағдайымды ­айтайын. № 9 орта мектептің ашылғанына биыл 30 жыл болады. Мектептің аумағы 0,52 га, мектеп өте ескі, күрделі жөндеу мүлде көрмеген. 1974 жылы салынған. Сынып жетіспейді, дәлізі өте тар, келіп көрсеңіздер менің жанайқайымды түсінесіздер. Маркұм Жолан Ыбырайақынұлы мектептерді аралап жүріп, біздің мектепке де келді. Өз көзімен бәрін көрді. Сол кезде «Жаңадан 1200 орындық мектеп салынады, сіз бүкіл мектебіңізбен сол жерге барасыздар» деді. Қарлыға Айсабекқызы куә. Енді мектеп ашылады, бірақ бізге берілмейтін болды. Т.Рысқұлов мектебінің болғанын өзіміз де қалаймыз. Сіздер айтып жатырсыздар ғой, мектебі мен директоры барсын деп, мүмкін директорлық орын әлдебіреулерге керек шығар. Қазақ балаларының игілігі үшін директорлықтан бас тартамын. Зейнеткерлікке шығуыма бір жарым жыл уақыт қалды. Осы уақытта ұстаз болып та жұмыс істей аламын» деген екен.

Айтқандай, осы отырыс хаттамасында бірнеше тұлға (ішінде аудандық мәслихат депутаттары да бар) мектептің қазақ тілінде ашылуына қатысты ұсыныс тастаған.

Бесінші:

Ең негізгі құжаттың бірі – мектептің жарғысы десек, мектептің жарғысында оқыту тілі қазақша екені тайға таңба бас­қандай көрсетілген. Бірақ бір ақпаратты жоққа шығарып, екіншісін ешқандай түсіндірмесіз айта салуға құштар ресми тұлғалар жарғыға да назар аударғысы келмейтіндей сыңай танытып отыр.

СОНЫМЕН, КІМНІҢ СӨЗІНЕ СЕНЕМІЗ?

Әлде мектеп, әлде мектепке жауапты органдар осы уақыт ішінде мың құбылды.  Мектеп ашыларда қазақ тілінде оқытады деді. Одан мектептің құжатына (мектеп қабырғасындағы) оқыту тілі қазақ тілі және орыс тілі деп жазып қояды. Сол уақытта сұрақ көбейген соң қабырғадағы орыс тілі деген жазудың үстін бояп қойған. Талғар аудандық әкімдігінің ресми сайты мен парақшаларында да мектепке қатысты ақпаратта №25 мектеп қазақ және орыс тілдерінде оқытады деп, содан соң ол ақпаратты қайта өшіріп тастаған. Талғар аудандық Білім бөлімі №25 мектепке орыс тілінде сабақ беретін ұстаздарға байқау жариялаған хабарландыру іліп, оны қайта алып тастайды. Бір ақпаратты іліп, сосын қайта өшіріп, сосын басқа шешім қабылдап, халықтың эмоциясымен ойнауға көшкен құзырлы органдар осы пиғылымен елдің әлеуметтік-ұлттық көңіл күйіне ши жүгіртіп отырған жоқ па?

Заңгер Асылбек Қараев: «Осы мек­тептің айналасында белгілі бір топ ұлт-араздық көңіл күй ауанын қолдан жасағысы келетіндей бір пиғыл байқалады. Әйтпесе неліктен ақпаратты халықтан жасырады?

«Тіл туралы» Заңды қарасаңыз, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Басқа тілге түк те қарсы емеспіз. Бірақ қазақ тілінде мектеп ашылсын деуге де әбден қақылымыз. О баста қазақша мектеп болады дедің бе, қаншама үмітті ояттың ба – сөзде тұр. Қазақша аш. Содан кейін басқа мектептерге сыймай жатса ғана жағдайды қарастыр. Ал бізде халықтың эмоциясымен ойнап отырған білгіштер көп», – дейді.

Сөз орайы келгенде айта кетелік. Біз ресми сауалдарды (екі рет) Алматы облысы әкіміне жолдадық. Бұл аудан әкімі мен аудандық білім бөлімінің басшысын көзге ілмеу ниетінен туған жоқ. Жоғарыда Алматы облыстық мәслихаттың бес депутатының атына Ұсыныс хат жазылғаны, ол хат негізінде арнайы отырыс өткені, ол отырыстың хаттамасымен танысқанымызды айттық. Сол хаттамада мынадай ақпаратты оқыдық:

«– Аудандық мәслихат ­депутаты ­Бауыржан Аукенұлы Аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызына депутаттық сауал жолдаған. Қазір сіздерге оқып берейін: «Мемлекеттік тіліміз қазақ тілін өз мәртебесіне сай, қоғам өмірінің күллі салаларына енгізу, қолданыс аясын кеңейту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Еліміздің кез келген азаматы өз елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, мемлекеттік тілді толық білуі, меңгеруі қажет деп танылады. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тірегі. Олай болса, келешегіміздің кепілі саналатын жастарымыздың бойында ұлттық тәлім-тәрбие дарыту, мемлекеттік тілді меңгеруін бүгіннен бастап қолға алу қажет. Осыған орай, Талғар қаласында бой көтерген №25 мектеп-гимназиясының қазақ тілінде білім беретін мекеме болып ашылуына ықпал етуіңізді сұраймын» деп жазған екен.Бұл депутаттық сауалға, Аудандық білім бөлімінің басшысы Садвакасова Қарлыға Айсабекқызының жауабында жаңа мектепті ашатыны, не ашпайтыны айтылмаған. Тек қана, Талғар қаласында қанша мектеп бар, қанша оқушы бар соны ғана жазып берген. Бауыржан Аукенұлы, сіз мына депутаттық сауалды білім бөлімінің басшысының атына жаздыңыз, алған жауабыңызға қанағаттанасыз ба?

– Жоқ қанағаттанған жоқпын»…

Аудандық мәслихат депутатының тура сауалына қиғаш жауап қатқан аудандық басшылар бізге де сол тәсілін қолданатын болар деп сауалды тікелей облыс басшысына қойған себебіміз – осы.

ӘКІМ НЕГЕ  ЖАУАП БЕРМЕДІ?

Алматы облысының әкімі М.Е.Сұл­тан­ғазиевке сауал жолдағанымыз­дың себебін мақала барысында айттық. Сауалды шұғыл жолдауымыздың да себебін түсіндіре кетейік. Дүйсенбі күнге дейін Талғар аудандық Білім бөлімі басшысы Қарлыға Айсабекқызының «мектеп қазақ тілінде ашылады» ­деген сөзіне сеніп келдік. Дүйсенбі күні мектептің аралас мектеп болатыны ­туралы ақпарат жетті. Ол ақпаратты сейсенбі күні Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел де растады. Тек шешім ненің негізінде қабылданғанын түсіндіріп бере алмады. Баспасөз хатшысы есебінде телефонда сөйлескенімізде жауапты шұғыл дайындап беретінін айтқан еді. Аудиобайланыста алғашқы сұрағымыздың жауабына қатысты қосымша сауалға жауап таппай, сәрсенбі күні түске дейін барлық жауап жазбаша әзір болатынын айтып сендірді. Алайда сәрсенбі күні кешкі жетіге дейін баспасөз хатшысы кейде телефонын алмады, кейде сауалға жауап толық даяр болмай жатқанын айтты. Тіпті бар дайын жауапты (толық болмаса да) беруін де сұрадық. Алайда ол өтінішіміз де орындалмады. Сондықтан оқырман назарына баспасөз хатшысының диктофонға түскен шағын жауабы мен Алматы облысы әкіміне жолдаған, алайда жауабы келмеген сауалымызды ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, сонша уақыт кешіктіретіндей, күрделі дүние емес. Тек біз сұратқан құжаттардың дерегін өз ыңғайларына орай реттестіре алмай жатыр ма деген күдік ұялағаны рас. Баспасөз хатшысы әлеуметтік желіде 25 тамызда Талғар ауданына барып, мән-жайды түсіндіреміз деген де еді. Ол сөзінен де айнып қалмаса деңіз. 

Құрметті Марат Елеусізұлы!

«Ана тілі» газетіне материал дайындалып жат­қандықтан, сізге ресми сауал жолдаймыз.

1. Алматы облысы Талғар қаласындағы 25 мектеп-гимназияның оқыту тілі қазақ тілінде жүре ме, әлде аралас мектепке айнала ма?

2. Облыс баспасөз хатшысының дерегіне сенсек, осы күнге дейін мектепке 974 бала тіркелген. Оның 582-сі қазақ сыныбына, 392-сі орыс сыныбына тіркелген көрінеді. Бұл тізімді жазып алған мекеменің ресми аты және тізімге жауапты тұлғаның нақты аты-жөнін білгіміз, тізімге тіркеу журналының көшірмесін көргіміз келеді. Баспасөз хатшысы айтқан тізімге қай күннен бастап тіркеу басталған? Тіркеу қанша күн бойы жүрген?

3. Әлеуметтік желіге Талғар аудандық Білім бөлімі меңгерушісі Қарлыға Айсабекқызы Сәдуақасованың видеосын жүктедік. Оның көшірмесін баспасөз хатшының уатсап номеріне де жолдап қойдық. Міне, осы видеода Қарлыға Айсабекқызы: «Бұл мектеп-гимназия қазақ тілінде ашылатын болады. Себебі, негізінен 800-900-ге жуық оқушы қазіргі таңда қазақ кластарына тіркеліп отыр. Орыс сыныптарына тікелей  ата-аналар өздері келіп тіркелген саны 100-ге жаңадан жетті. Сондықтан да бұл мектеп қазақ тілінде ашылатын болады. Қазіргі таңда бұл мектепке қабылдау база ашылмауына байланысты қағаз түрінде жүргізіліп жатыр. Мектепте іс жүргізуші отыр, мектеп директорының қызметін атқарушы бар. Сол кісіге барып тіркелесіздер» деген болатын. (Видеода 35 секундтан бастап 1.06 минут аралығында). Енді Білім бөлімі басшысы айтқан 800-900 оқушы саны қандай себеппен қысқарып кеткенін түсіндіріп берсеңіз.

4. Аудандық білім бөлімі басшысы өз сөзінде қазақ мектебі ашылады деп хабарлайды. Ол бұл сөзді өз жанынан шығармағаны, нақты бір дерекке сүйенгені анық. Ол уақыттан бері облыс қайта құрылымдалды. Жаңа басшы ретінде қазақ мектебінің аралас мектепке айналып кетуіне, Марат Елеусізұлы, сіздің тікелей қатысыңыз бар ма?

5. Қазақ мектебі аралас мектепке айналады деген шешімді кім, қандай негізде өзгертті?

6. Талғар қаласында қанша мектеп (оның қаншасы қазақша, қаншасы басқа тілде, қаншасы аралас) бар? Ол мектептердің сыйымдылығы, жай-күйі (салынған мерзімі, ауысым жағдайы, бала саны, орналасу мекендері) қандай?


Құрметті Марат Елеусізұлы!

«Ана тілі» газетіне материал дайындалып жатқандықтан, сізге ресми сауал жолдаймыз.

1. Талғар қаласындағы №25 мектептің аралас мектеп болғаны жөніндегі шешімді қандай негізге сүйеніп қабылдады?

2. Шешім қабылданған жиналыс қашан, сағат қаншада өтті?

3. Ондай жиналыстың болатыны туралы қоғам белсенділері, журналистер,  білім саласының мамандарына хабарландыру берілді ме? Берілмесе, неліктен?

4. Жиналыстың толық хаттамасының көшірмесін жолдауды сұраймыз.

5. №25 мектеп Әділет министрлігінде тіркеліп, оның Жарғысы қабылданған болатын. Сол жарғының көшірмесін жолдауыңызды сұраймыз.

6. Қоғам назар аударып отырған мектепке қатысты шешім неліктен аяқасты қабылданды?

Ғалымұрат ЖҮКЕЛ, Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі:

ШЕШІМДІ ОСЫ АПТА ҚАБЫЛДАДЫҚ

– Алматы облысы Талғар қаласындағы №25 мектеп-гимназияның оқыту тілі қазақ тілінде жүре ме, әлде аралас мектепке айнала ма?

– Бұл мектеп әу баста салынған кезінде ондай ой болғаны рас. Бірақ бізге осы уақытқа дейін сол жердің жергілікті азаматтары келіп, облыс әкіміне жолығамыз деп өтініш білдірген болатын. Негізгі себебі – осы мектепті аралас қылу. Біз солардың әрбір өтінішін қабылдадық. Сонымен қатар маусым айынан бастап жаңа мектепке оқушылардың тіркелім науқанын бастадық. Соның негізінде 400-ге жуық ата-ана өз балаларын орыс тілінде оқы­туға сұраныс білдіргендіктен біз аралас мектепті ашу шешіміне келдік.

– Ол шешімге қашан келдіңіздер?

– Негізгі шешімді осы апта қабыл­дадық.

– Бүгін сейсенбі. Осы апта дейсіз, ше­шімді дүйсенбі қабылдадыңыздар ма?

– Иә, нақтысы кеше қабылдадық.

– Сағат нешеде қабылдадыңыздар?

– Уақытын айта алмаймын.

– Неге? Жұмыс уақыты сегіз сағат қой.

– Жұмыс уақытында қабылдадық.

– Сіздерге мектеп қазақ тілінде ашылсын деген де бірнеше ұсыныс түскен. Демек, ол ұсынысты назардан тыс қалдырдыңыздар ма?

– Демек дегенде, 392 баланы қайда қоямыз? (Облыс айтқан деректе №25 мектепке орыс тілінде оқуы үшін 392 баланың ата-анасы өтініш қалдырған. Біз ресми сауалда сол өтініштің тізімін сұратқан едік. Өкінішке қарай, ол тізімді бізге көрсеткен жоқ. Уақытында тізімді көрсетпеген соң, уақыты өтіп кеткен мерзімде көрсетілген деректің шындығына күдік келтіруге құқымыз бар деп ойлаймыз).

– Жарайды, сіздің дерек бойынша қазақ тілінде оқуға 582 баланың ата-анасы өтініш қалдырған. Олардың талап-тілегі неге ескерілмеді?

– Ол мектеп таза орыс тілінде оқыт­пайды ғой, аралас болады…

– Қазақ тілінде оқитын балалардан «Аралас мектепте оқығыңыз келе ме?» деген сауалнама жүргізілді ме? Шешімді нақ­ты кімдер қабылдады? Қабылдаған лауа­зымды тұлғалардың аты-жөнін атап берсеңіз.

– Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Дауыспекқызы.

– Тағы кім?

– Білім бөлімінің басшысы.

– Бір-ақ адам шешім қабылдады ма?

– Халық үніне құлақ асатын үкімет болып жатырмыз…

– Мен сізге басқа сұрақ қойдым ғой. Кеше шешімді қабылдар алдында қандай да бір жиналыс өтті ме? Ол жиналысқа кімдер қатысты? Хаттамасы бар ма?

– Ата-аналардың арыздарына негізделе отырып, шешім қабылдадық. Шешім бір қағазда қалатыны рас.

– Сол шешімнің хаттамасын жібере аласыз ба?

– Сауал жіберсеңіз көрсетеміз (Сауал жібердік. Бірақ бізге тағы да ол хаттаманы көрсеткен жоқ).

– Біздегі дерек бойынша, жарғыда мектептің тілі – қазақ тілі болады ­деген сөз жазылған екен. Оқыту тілін аралас тіл қыламыз дедіңіздер. Сіздің дерегіңізге сүйенсек, 974 бала тіркелген. 582-сі қазақ сыныбына, 392-сі орыс сыныбына тіркеліпті. Бұл тізімді жазып алған мекеменің ресми аты және тізімге жауапты тұлғаның нақты аты-жөнін білгіміз келеді. Тіркеу қанша күн бойы жүрген?

– Маусым айынан басталған.

– Маусым айы отыз күн ғой. Нақты қай күні басталған?

– Маусымның басынан басталды.Нақты күнін айтуым керек пе?

– Әрине.

– Қарагөз ханым, сізге жауаптарды ертең жазбаша жіберейікші (Бірақ сәрсенбі күні жазбаша жауап сол күні келмеді).

– Жазбаша жауапта мына мәселелер де көрсетілсе. Қарлыға Айсабекқызы бейнетаспада айтқан дерек пен сіздердің ресми деректер сәйкеспейді. Ол – лауазымды тұлға, өзінің сөзіне жауап беруі керек деп есептеймін. Бұл жерде өтірік айтып тұрған кім? Егер Қарлыға Айсабекқызы өтірік айтса оған қандай да бір жаза қолдана ма? Мүмкін, сіздер өтірік айтып тұрған шығарсыздар? Оны да айтсаңыздар. Шешімді өзгертуге облыс әкімінің нақты қаншалықты қатысы бар? Өйткені бұл әкім келгенге дейін қазақ мектебі болып бекітілген. Облыс әкімі келгеннен кейін аралас мектепке ауысты. Мұнда облыс әкімінің нақты бір мүддесі бар ма? Осы туралы да ресми жауап берсеңіздер.

Қарагөз СІМӘДІЛ
«Ana tili»

Мақаланың түпнұсқасы “Ана тілі” ғазетінде жарияланды. Тақырыбы өзгертілді

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі