///

Электр бағандары қауіпті: Жалқамыс тұрғындары неге алаңдайды?

2110 рет қаралды

Жалқамыс – Алматы облысы, Талғар ауданынан 26 шақырымда жатыр. Ауыл 12 елдімекенді біріктірген Қайнар ауылдық округінің құрамына кіреді. Шамамен 2000-ға жуық адам тұрып жатқан ауылда біраз дүниенің түйткілі әлі шешілмеген. Көктемде ауыл батпаққа батса, көмілмеген газ құбыры мен жерге түсіп жатқан электр сымдарының мәселесі тағы бар.

ЭЛЕКТР СЫМДАРЫ ЖЕРГЕ ТҮСІП ЖАТЫР, АЛ БАҒАНДАР БЕКІТІЛМЕГЕН

Ауылға жарық жүргізілген. Бірақ электр бағаналары жетіспейді. Тұрғындардың айтуынша, бір бағаннан оншақты үй жарық тартқанда трансформатордың күші жетпей қалады. Ауыл көшелерін аралап шығып, орнатылған электр сымдарының жерге түсіп жатқанын, құлауға шақ тұрған электр бағанын ағашпен тіреп қойғандарды байқадық. 

«Жарықты әркім шамасы келгенше тартып алған. Трансформатор қойылғалы 2-3 жылдай болды. Жақын маңдағы үйлердің электр сымдары күйіп кетіп жатыр. Жарықты көп қолданған сайын трансформатордың күші жетпей, кешкісін жарық сығырайып тұрады. Біздің ауылдағы ең өзекті мәселенің бірі осы. Ауылға келген әкімге де, депутатқа да айттық шағымымызды. Келеді, құрғақ сөзбен кетеді. Ауылдың әкімшілікке осы тұрғыдан өкпесі көп», – дейді бұған қатысты ауыл ақсақалы Болатбаев Амантай.

Электр сымдары қуаты жетпей, жиі жарық сөніп қалады. Бір бағаннан тартылған электр жарығын бір уақытта пайдаланғанда тоңазытқыш пен теледидар секілді техникалық жабдықтар күйіп кетеді.

«Өзіміз әр жерге подстанциялар қойдыртып ек, бұлар қазір істемей тұр. Бір бағаннан бірнеше үй электр қуатын тартқанда тоңазытқыш, теледидар сияқты техникалық заттардың бәрі күйіп кетеді. Халықта шығын көп. Ағаш бағаналар бар. Әркім өзінің шамасына қарай қойып алған. Бұлар жаңбырда, желде екпінге шыдай алмай, құлап жатыр. Орнатқан бағандары да құлайын деп тұр. Балалардың өміріне, малға қауіп төндіріп отыр. Тіпті балаларды көшеге шығарудан қорқамыз», – дейді ауыл тұрғыны Жеңіс Жұмабеков.

Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі сайтқа сүйенсек, Жалқамыс ауылындағы жарықтандыру жұмыстары өткен жылы мамыр-шілде айларында жүргізілген. Мердігер компания – “Sagynai” ЖШС. Ол кезде ауыл орталығындағы Қарақұл көшесіне 119 жарық бағанасы орнатылған. Мұның қаншалықты сапалы орындалғаны туралы деректерді ауылдық округтің әкімі Нұрбол Есенбаевтың әлеуметтік желісінен таптық. Әкім 7 мамырдағы Жалқамысқа барған суреттерінде Қарақұл көшесіндегі түбі цементпен сыланбаған жарық бағандардың жанында тұр. Суреттің астындағы жазбада “мердігер компания өкіліне (“Sagynai” ЖШС – ред.) қателіктер мен кемшіліктерді көрсеттім” делінген. Бұдан соң шілдеде 5 км жарық желісі тартылып, 300 кранштейн мен 70 баған орнатылған. Ауыл әкімінің айтуынша, 2023 жылдың аяғында тағы 160 баған қойылды.

«Қайнар ауылдық округіне 12 ауыл қарайды. Соның ішінде Жалқамысқа қатысты айтар болсақ,  мұнда 2023 жылы жарық бағаналары қойылған болатын. Орталық көшемен өздеріңіз жүрген шығарсыздар. Мұның бәрі бюджеттің қаражатынан жасалған.  Ауылда түк істелмеген деп айтуға болмас. Барлығы бюджеттен қанша бөлінгеніне байланысты ғой. Наурызбай, Алпамыс батыр көшелеріне электр жарығын ауыл тұрғындары өздері тартқан. Желтоқсан көшесінің аяғы да сондай. Округ тарапынан жарық бағаналарын орнатуға сұраныс жіберілді. Мұны аудандық ЖКХ шешеді. Электр жарығына қатысты мәселе округқа қарасты ауылдардың бәрінде бар», – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

2024 жылы қаңтарда Қайнар ауылдық округінің әкімдігі “көше жарықтарын күтіп ұстау” туралы хабарландыру жариялап, баға ұсыныстарын сұратқан. Осылайша салыстырмалы түрде тиімді баға ұсынған QAZYNA жеке кәсіпорнымен 17 857 100 теңгеге келісімшарт жасалды. Техникалық сипаттама құжаттарына сәйкес, мердігер үзілген электр сымдарын жалғап беруі тиіс. Бағандарды сырлап, жарамсыз счетчиктерді, фоторелені, құлағалы тұрған бағандарды түгел ауыстыруы керек.

ГАЗ ҚҰБЫРЛАРЫН АШЫҚ ҚАЛДЫРЫП КЕТКЕН

Жалқамысқа табиғи газ 2022 жылы жеткізілген. Әр үй 180 мың теңгеден төлеп тарттырған. Бірақ осымен екінші жыл қатарынан құбырлардың беті ашық жатыр. “Газ жүргізген компания құбырды көмбей кеткен, соның әсерінен кейде газдың иісі шығады” дейді ауылдағылар.

«Екі жылдан бері осы мәселені айтып, бармаған жеріміз қалмады. Газдың иісі шығып тұрады. Әкімге де, басқасына да көрсеттік қой. Екі жыл болды айтып жүргенімізге. Әкімдіктен ешкім келмеді, олар жоламайды бұған. Жолағанның өзінде “ой, қарық қыламыз ғой” деп кетеді. Бірақ әрекет жоқ, нәтиже жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Жеңіс Жұмабеков.

Әкімдік бұл мәселеге қатысты сұрау жіберілгенін хабарлап, қазір облыстық газ бөлімі құжаттар жағымен айналысып жатыр дейді.

«Газға тоқталар болсақ, 2017-2019 жылдары проектісі жасалып, 2020 жылдың басында газ беріле бастады. Бірақ жаңадан үйлер салынып, 500-ге жуық үйге жобаға кірмей қалды. Біз бұл жөнінде ауданға хабарладық. Мұнымен негізінен облыстағы газ бөлімі айналысады. Біз тек сұраныс жібереміз. Ашық жатқан газ құбырларына қатысты да сұрау салғанбыз. Шартқа жақын арада қой қойылады», – деп сендірді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Есенбаев.

Кезек күттірмей, тез арада шешілуге тиіс жарық пен газға қатысты мәселеге әкімнің жауабы осындай болды. Minber.kz жұмыстың қалай өрбіп жатқан бақылап, ауылдағы ахуалды әріқарай да назарда ұстайтын болады.

Данагүл Науқанова,

Алматы – Талғар – Жалғамыс – Алматы

Суреттерді түсірген “Мінбер” ұжымы

Бұл жоба Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен дайындалды. “Мінбер” ұжымы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты, және де ол ақпарат USAID-тың, немесе АҚШ үкіметінің ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
USAID – әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және дамуға бастайтын қозғаушы күш. Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,