////

Сайлау қалай өтті? Бақылаушы көзімен

1276 рет қаралды

Наурыздың 19-ында ҚР Парламентінің Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарына сайлау өтті. Сайлаудағы дауыс берудің алдын ала нәтижесін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ресми мәлімдегенімен, өңірлердегі аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелерін жария қылуға әлі асықпай отыр. Әлеуметтік желілерде сайлау барысындағы заң бұзушылықтар туралы жазбалар да көбейді. Заңның бүзылуы туралы айта алатын тараптың бірі сайлау комиссияларының мүшелері болса, екіншісі сайлау барысын байқаушылар. Орал қаласында байқаушы болған құрылыс саласының маманы Азамат Хамзадан байқаушылық тәжірибесі туралы білдік.

– Сіз байқаушылар туралы қайдан білдіңіз?

Сайлауда байқаушылар болатынын бұрыннан білетінмін. Дауыс беруге барғанда сайлаудың бақыланатынын көріп жүрдім және бұқаралық ақпарат құралдарынан сайлау кезінде халықаралық байқаушылар баға беріп жатқанын да көріп жүрдім. Жақында сайлау науқаны жөнінде тренингке қатыстым. Тренинг барысында өзіміздің өңірдегі тәуелсіз байқаушылармен танысып, олардан сайлау процесін байқау туралы көп ақпарат алдым.

– Байқаушы болу туралы шешімді қабылдауға не түрткі болды?

– Байқаушы боламын деген шешімді қабылдауға екі себеп болды. Біріншіден, мен де еліміздегі көп адамдар сияқты сайлаудың әділетсіз өтетіні туралы айтып жүрген адамдардың бірімін. Бірақ сайлаудағы заң бұзушылықтарды өз көзіммен көрмей, сайлаудың өту процесіне не комиссия мүшесі ретінде, не  байқаушы ретінде қатыспай тұрып сайлаудағы әділетсіздік туралы айтуға қақым жоқ екенін түсіндім.  Екіншіден, өзімнің туып өскен ауданымдағы адамдардың, олардың ішінде достарым, көршілерім, таныстарым бар және таныс болмасақ та күн сайын жүздерін көріп жүрген жүзі таныс адамдардың дауыстарын қорғау мен үшін маңызды болды.

– Бұл сіздің байқаушы ретіндегі бірінші тәжірибеңіз, әрине кез-келген қызметті бастау үшін білім және тәжірибе керек. Байқаушылық қызметті бастау үшін ең алдымен қандай қадам жасадыңыз?

Ең алдымен сайлау жөнінде сауатымды арттырып, құқықтық нормалармен таныстым. Атап айтсақ: ТМД мемлекеттеріндегі демократиялық таңдаудың стандарттары, сайлау құқықтары мен бостандықтары туралы конвенция, Венеция комиссиясы ұсынған сайлау кезіндегі нормалардың жиынтығы, ҚР Конституциясының сайлау жөніндегі баптары, ҚР ҚК сайлау туралы баптары, Сайлау туралы конституциялық заң сияқты құжаттарды зерттедім. Одан бөлек Орталық сайлау комиссиясының байқаушыларға арналған семинарлары мен жоғарыда айтып өткен байқаушыларға арналған тренингтерден өттім. Байқаушыларға арналған оқу материалдарын оқыдым және тәжірибелі байқаушылармен сұхбаттастым.

– Байқаушылыққа келуіңіздің тарихын, осы сайлаудағы байқаушылық  тәжірибеңізді айтып бере аласыз ба? 

– Бұл менің бақылаушылық бірінші тәжірибем. Сайлау процесін байқаудың бірнеше тетігі бар екенін білесіз, ол – партия атынан, сайлауға түскен кандидаттың сенімді өкілі болу арқылы немесе аккредиттелген қоғамдық бірлестіктің атынан байқаушы бола аласыз. Мен «Жария» тәуелсіз байқаушылар ұйымының атынан бардым. Дайындық барысында сайлау науқаны туралы сауатымды арттырдым, кейін байқаушылардың тәжірибесіндегі қателіктер мен сайлау процесіндегі қиындықтарға талдау жасадым. Байқау процесіндегі қиындықтарды ескере отырып, сайлау процесін тиімді байқау стратегиясын ойластырдым. Қолымдағы санақ жүргізу құралдарын өзіме ыңғайлы қылып жетілдірдім. Осындай алдын ала дайындық, бақылау кезінде өте көп көмегін тигізді. Сайлау заңы бойынша байқаушының жұмысы тек сайлау күні басталады. Бірақ менің дайындығым бір күн бұрын басталды. Байқауға қажетті заттарды жинақтап, су мен тамақ ішуді ертерек тоқтатып, ерте жатып ұйықтадым.

Мен өзім дауыс беретін №440 сайлау учаскесіне таңертең ерте барып тіркелдім. Сағат 6:40-та байқауды бастап кеттім. Басында қатты қобалжыдым. Өзіммен бірге камера, ұзартқыш, ұялы телефон, телефонды қуаттандыру үшін зарядтау құрылғыларын, заңдар, байқаушының қойын дәптерін, санау парағын, қалам, қалта шамын алдым. Көмірсуларға бай банан, жаңғақтар секілді жеңіл тамақ алуға да болатын еді. Бірақ басынан тамақ та, су да ішпеймін деп шешкен едім. Біздің учаскеде барлығы  9-10 байқаушы болды, оның көбі партиялардың өкілдері мен сенімді өкілдер, өзім тәуелсіз байқаушымын. Жанымдағы байқаушылармен танысып, барлық процестердің заңды болуын қадағалауын сұрадым.

Жалпы дауыс беру процесі еш қиындықсыз өтті. Басында комиссия тарапынан сайлау нәтижесіне әсер етпейтін қателіктер болды. Жағдайдың қайталанбауын талап етіп, ескерту жасадық. Комиссия ескертуді қабыл алып, дауыс беру процессі ашық және таза өтті. Өз басым дауыс беру кезінде көп адамның сайлау туралы сауатының жоқтығын байқадым. Мысалы, бір партияның облыстық маслихатта болмауы, партиялық тізім депутаттарының бюллетеньде болмауы, бюллетень санының көптігі, қалай белгілеу керектігі, дауыс беру құпиясы. Оған себеп, биліктің және орталық сайлау комиссиясының тарапынан түсіндіру жұмыстарының жетіспегендігі деп ойлаймын.

Байқаушылар тарапынан да сауатсыздық және немқұрайлылық байқалды. Біреулер кіріп-шығып, 1 сағат отырып, 2 сағатқа кетіп, ұйықтап, телефон қарап, сайлау процесіне еш қатыспады. Сырт көзге жәй уақыт өткізуге келген десек те болады. Сайлау заңын, байқаушылардың құқықтары мен міндеттерін білмейтіндері де бар және олардың саны көп десе де болады.

Мен таңертең келіп отырғаннан сол орнымнан тұрмадым. Ешқайда алаңдамай, учаскедегі барлық жағдайды бақыладым. Санау парағына дауыс берген адамның санын жүргізіп отырдым. Учаске жабылып, бюллетеньдер санағы басталған кезде санақ үстеліне көзім жететін жерге дейін жақындап, санақ процесін бастан аяқ бақыладым. Дауыс берген сайлаушылардың саны менің күн ұзағына жүргізген санағыма шамалас келді. Қорытынды хаттаманың расталған көшірмесін алып, байқаушы жұмысын аяқтадым. Орал қаласындағы №440 сайлау комиссиясының жұмысын атап өткім келеді. Барлық процестерді ашық және таза өткізіп, байқауға кедергі жасамады.

– Сайлау науқаны аяқталды, дауыс беру де өтті. Сіз өз міндетіңізді атқардыңыз. Сайлаудан кейін қандай күйдесіз, қандай сезімдерді бастан кештіңіз?

Қорытынды хаттаманы қолыма алғаннан кейн, мойнымнан үлкен жүк түскенін сезіндім. Іштей өзімнің істеген жұмысыма қатты риза болдым. Оның үстіне басқа байқаушылардың менің дайындығым мен жұмысыма разылығын естіген кезде қатты қуандым. Сайлау процесінің осынша ашық және әділ болатынына күмәнмен барып, кері нәтиже көрген соң, ойым толықтай өзгерді. Процестегі ашықтықтан ләззат алып, өте бір керемет сезімде болдым. Өкінішке орай бұл сезім ұзаққа созылмады. Екінші күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған сайлаудағы заңбұзушылықтарды көргенде, көңілім өте қатты түсіп кетті. Өзіме «Неге мен бұл циркке қатыстым?», – деген сұрақ қойдым. Өз учаскемдегі әділдік үшін күресіп жүргенде, басқа учаскелерде саналы адамның ақылына сыймайтын заңбұзушылықтар жасалып жатыр. Менің учаскемдегі әділдік, жалпы нәтижені қосқан кезде мұхитқа құйған тамшы болғаны ма??? Осындай ойлар мазалап, кешегі керемет сезімнен ештеңе қалдырмады.

– Келесі сайлау науқанында байқаушы боласыз ба?

Иә. Боламын. Барлық сайлау нәтижесіне әсер ете алмасам да, өз сайлау учаскемдегі адамдардың дауысын қорғау үшін барымды саламын. Бір адам жүйені өзгерте алмайтын шығар, бірақ бір сайлау учаскесіндегі сайлаудың әділ өтуіне ықпал ететініне сенемін.

– Сайлауға байқаушы болу оңай іс емес, ал байқаушы үшін ең маңызды үш қасиетті атай аласыз ба?

Ең бірінші – әділдік. Бұл қасиетсіз адам байқаушы болса, көптеген заттарға көз жұмуы мүмкін. Екінші – табандылық. Өйткені қиыншылықтарға қарамай мақсатқа жету үшін табандылық қажет. Үшінші – жауапкершілік. Себебі байқаушы жұмысының жауаптылық деңгейін сезіну қажет.

– Сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз және алдағы сайлауларда сәттілік тілейміз!

Бүгін редакция материалды дайындау барысында Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысы туралы ақпаратты жариялады. Сайлау нәтижелерін Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі сайтының «Сайлау» бөліміндегі «Мәслихаттарға сайлау 2023», «Жалпы ақпарат», «Сайлау қорытындылары туралы хабарлама» бөлімінен таба аласыздар.

Альфия Шамай

Minber.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі