///

600 миллионға Алматыны көгалдандырмақ немесе “Фирма ЛЭУ” ЖШС-інің құрылтайшысы Анна Башинская кім?

2143 рет қаралды
фото: ҚазТАГ

Соңғы бірнеше күн бойы фейсбуктің қазақ сегменті Алматы қаласының  Мәслихатына Amanat партиясы атынан сайланған Анна Башинскаяның Украина президентінің жазбасына қалдырған пікірін талқыға салып жатыр. 

Анна Башинская 29 Сәуірде  германиялық Deutsche Welle басылымының фейсбуктегі жазбасына Украина президентінің атына “Одан да Түркияға, Зеленский мырза. Онда жыл он екі ай жылы ғой” деген пікір қалдырады. Мақала Украина президенті Володимир Зеленскийдің Ресей басып алған аумақтарға қайта шабуылдау мүмкіндігі туралы жазылған болатын. Депутат бұл комментариін көп ұзамай алып тастағанымен, ол ҚазТАГ агенттігінің сайтында жарияланып үлгерген еді. Көп кешікпей депутаттың аккаунтында бұл комментарийді “байқамай” жазып қойғаны жайында “ақталған” жазбасы жарияланады. Дегенмен, желі қолданушылары депутаттың бауырлас Түркия елінен кешірім сұрағаны болмаса, Украиндықтардан кешірім сұрамағанын байқайды.

Алматы Мәслихаты бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай реакция танытқан жоқ. Ол депутаттық мандатынан айырыла ма, жоқ па, әзірге беймәлім.

Ендеше Анна Башинская кім? Оның негізгі табыс көзі саналатын “Фирма ЛЭУ” қандай әрекетпен айналысады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Анна Башинская бұл компанияның құрылтайшыларының бірі. Компания жетекшісі Башинский Сергей Александрович.

Интернеттегі ашық дереккөздеріне сүйенсек, “Фирма ЛЭУ” 2003 жылдың тамыз айында тіркелген, нарықта жиырма жылға жуық уақыт. Жылдық табысы 16 миллиардқа жуықтайды. 2015 жылдан бергі  төлеген салығы 2,5 миллиардқа жақындайды.

Мемлекеттік сатып алулар порталында тек биылдың өзінде бес келісім шарты бар. Бесеуі де әрекетте. Алғашқы келісімшарт Әуезов ауданындағы жасыл желектерді қорғау бойынша қызметтерді жүзеге асыру үшін жасалған. Бұл қызмет үшін “Фирма ЛЭУ” “Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен 48,5 миллион теңгенің келісім шартын (Қосымша құн салығын қоспағанда) жасаған. Техникалық ерекшеліктерге сай, Алматы қаласында 2023 жылы химиялық пестицидтерді төмендету және қаланың экологиялық ахуалын төмендету мақсатында Әуезов ауданындағы жалпы пайдаланудағы ортақ орындарда жасыл екпелердің объектілерін зиянкестерге қарсы биологиялық әдістерді қолдана отырып, өңдеуге бағытталған жасыл екпелерді қорғау көзделген.

Ал ең ірі тапсырысты Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің аппараты жасап отыр. Мемлекеттік сатып алулар порталынан құны 560 миллион теңгеден асатын төрт келісім шартты кездестіресіз. Бірінші қызмет 120 миллион теңгеге бағаланған. Бұл сомаға аталған компания М. Ганди атындағы саябақтың аумағын көгалдандыруды мақсат етіп отыр.

Бір қызығы бұл скверді көгалдандыру үшін компания Алмалы ауданының әкімдігімен тағы бір келісім шартқа отырған. Оның атауы “Жамбыл көшесі мен Гагарин көшесінің қиылысындағы М. Ганди атындағы саябақтың батысындағы сквер аумағын көгалдандыру”. Бұл қызметтің құны – 30,8 миллион теңге.

Екінші қызмет Абылай хан даңғылы мен Мәметов көшесінің қиылысындағы А. Иманов атындағы сквер аумағын көгалдандыруды көздейді. Бұл мақсатта компания 28,3 миллиондай сомаға келісім шарт жасасқан. Келесі қызмет, “Алмалы ауданының жасыл желектерін абаттандыру және күтіп ұстау” деп аталады. Бұл мақсатта Алмалы ауданы әкімдігі бюджеттің 382 миллион теңгесін бере салған.

Компания ең әуелі 1996 жылы “ЛЭУ” жабық типтегі акционерлік қоғам болып құрылады. Алғашқы жетекшісі – Огневой Роман Иванович. 2003 жылы ЖШС ретінде қайта тіркеуден өткен. 25 құрылтайшының ішінде Анна Башинская ханым да бар.

2008 жылғы қайта тіркеуде компанияның құрылтайшыларының саны үшке дейін қысқарған. Олар – Огневой Роман Иванович, Башинская Анна Романовна, Каминская Татьяна Ивановна. Бұған қарағанда компания Анна Башинскаяға әкесі Роман Огневойдан мұраға қалған. Ал 2010 жылғы қайта тіркеуде құрылтайшылар саны екіге дейін қысқарған әрі компания басшысы Башинский Сергей Александрович болып өзгерген. Анна Башинская екі құрылтайшының біріне айналады.

Мемлекеттік сатып алулар порталында “Фирма ЛЭУ” компаниясының жыл да ірі суммада келісім шарт жасасқанының куәсі боламыз. Төменде компанияның 2016 жылдан жасасқан келісім шарттарын ұсынып отырмыз. Оның біразы орындалған, ал біразы әлі әрекетте.

Биылдың өзінде компания құны 600 миллион теңге тұратын келісім шарт жасасып үлгерген. Қалалық Мәслихаттар бюджет қаржысын қалай бөлуді қадағалайтынын ескерсек, мәслихат депутаты өз компаниясын бюджет есебінен дамытуға ықпал етудің көзін таппады ма деген күдік қылаң бергені рас. 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар