///

Қазақ тілін үйренген америкалық оқушы: Қазақстандағы кейбір адамдар қазақша өз тілінде сөйлей алмайды

1999 рет қаралды

Полиглотизм – әлемде екінің бірінде кездеспейтін жоғары интеллекттің айқын нышаны. Біреулер күрмеуі қиын қызыл тілін ана тіліне икемдей алмай жүргенде, кейбір жандар әлемнің түрлі тілін меңгеруге асық. Соның бірі америкалық жасөспірім –Шон Дрезднер (Sean Dresdner). Ағылшын, испан, португал тілінде еркін сөйлеп, бүгінгі таңда кәріс, хинди, тамил және вьетнам тілін үйреніп жүрген жас полиглоттың тіл қоры қазақ тілімен де толықты. Ешкімнің көмегінсіз өз қызығушылығымен үйреніп жатқан 17 жасар Шон АҚШ-тың Вирджиния штатында тұрып жатыр. Биыл мектеп бітіргелі тұрған жас түлекпен оның елден ерек ісі туралы сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Қазақ тілін үйренуге не түрткі болды? Бұл іспен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт өтті?

Биыл қазақ тілін үйреніп жүргеніме үш жылдан асты. Қазақ тілін алғаш рет «Қазағым-ай» әнінен естідім. Осы әннің арқасында тілге деген қызығушылығым артып, Қазақстан туралы зерттеуге шабыттана түстім.

– Тілді оқу үшін қандай кітап, қосымша, сайттарды қолданасыз? Мұғалімдердің көмегіне жүгінесіз бе?

– Қазақ тілін үйрену үшін тапқан алғашқы дереккөз «Kazakh language with Zhannur» YouTube арнасы болды. Сол кісіден «Kazakh for beginners», «Kazakh language 101» атты бірнеше кітапты онлайн сатып алдым. Соңынан сөремнен қазақ тілінің сөздігі мен жеңіл балалар кітаптары табылды. Қазақстандықтармен «HelloTalk» қосымшасы арқылы танысып, мұхит аспай-ақ тілімді жаттықтырдым. Қызықты сәттеріммен бөлісіп, достарымның жақсы бағасын алдым.

– Қазақстан туралы өз бетіңізше ізденіпсіз. Әзірге барып көрмесеңіз де бүгінгі таңда Қазақстан сізге несімен ұнайды?

– Маған сіздердің ерекше мәдениетіңіз бен ұлттық тағамыңыз ұнайды. Бірде You Tube-тан арнайы Бешбармақ тағамының дайындалу әдісін қарап, анаммен бірге азық-түлік алып, үйден өз қолыммен ет асып, осы тағамды дайындадым. Екі мәрте пісіріп көрдік. Өте дәмді болды. Отбасымның көңілінен шықты. Енді Қазақстандағы шынайы Бешбармақтың дәмін көргім келеді.

– Қазақ тілін меңгеру сіз үшін қаншалықты оңай? Қиындықтарға душар болған, кей тұстарын түсінбеген кездеріңіз болды ма?

– Қазақ тілімен қоса басқа тілдерді үйреніп жүргендіктен, саралай келе қазақ тілі өте қиын дер едім. Айтылуы мен жазылуы алып бара жатырғандай қиын емес. Мен үшін ең қиын бөлігі – грамматика. Бұл тілдің бар ауыртпашылығын грамматика үйрену барысында сезінемін.

– Айналаңызда қазақ тілін бірге оқитын таныстарыңыз бар ма? Бұндай қызықты хоббиіңізге достарыңыз қалай қарайды? Олар да қызығушылық туындады ма?

– Шын мәнінде, мен қазақ тілін үйренетін басқа ешкімді танымайды екенмін. Дегенмен, достарым мені үнемі қолдап, демеу болады.

– Болашақта Қазақстанға келу жоспарда бар ма?

– Әрине! Қазақстанның кез келген жеріне барғым келеді. Міндетті түрде барып көргім келетін, өзім үшін ерекше үш қала: Алматы, Шымкент және Астана шаһарлары. Сонымен қатар болашаққа қойған тағы бір жоспарым парсы, фин, палау, моңғол тілін үйрену екенін айта кеткім келеді.

– Өзіңіздің тіл біліміңізді қалай бағалайсыз? Аудармашының көмегіне жүгінбей қазақ тілді спикердің сөзін түсіну оңай ма?

– Кейде аудармашыны пайдалану қажеттілігі туындайды. Әлі де мен білмейтін сөздер көп. Менің қазақша сөйлемдерді қабылдауым да мінсіз емес. Қазақ тілді адамның ойын түсіну үшін баяу сөйлеуін өтіну керек.

– Алдағы уақытта кәсібіңізге қазақ тілі қажет болады ма? Бәлкім Қазақстанға келіп ағылшын тілінен сабақ беріп, қазақшаңызды тәжірибеде байқап көргіңіз келетін шығар?

– Қарастырып жатырған болашақ кәсібім: аударма ісі немесе лингвистика саласы. Бұл қоғамдық гуманитарлық мамандықтардың арқасында университет қабырғасында әртүрлі шет тілдерін үйрене аламын. Сондықтан қазақ тілі сияқты түркілік тілді білгендіктен, басқа тілдерді меңгеру жеңілге соғатынына сенімдімін. Болашақта Қазақстанға сапар шексем, ең әуелі жергілікті тұрғындармен тілдескім келеді. Қазақстандағы кейбір адамдар қазақша өз тілінде сөйлей алмайтынын білемін. Сондықтан орыс тілін білмесем де, алдын-ала үйреніп алған жөн сияқты.

– Біздің оқырмандарымызға айтар қандай да бір сәлеміңіз, лебізіңіз бар ма?

– Барша қазақстандықтарға айтарым: әдемі тіліңізді сақтап қалуға барынша тырысыңыздар! Өзіңіз сөйлейтін ана тіліңізді мақтан тұтып, құрметтеп және мәдениетіңізді бар болмысымен қуана қабылдаңыздар. Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеру үшін көп жұмыстанып, тер төгіп жатырмын. Болашақта Қазақстанда кездескенше!

Альбина БУЛАТОВА,

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар