Қазақтың музыкалық танымы өзге танымы секілді күнделікті тіршілігімен біте қайнасып жасап келеді. Оның өткеніне көз жүгіртсек жеті нотадан тарап шығатын көңілдің күйі бірде шаттық, бірде мұң, бірде өсиет, бірде нақыл, бірде сыр, бірде шежіре болып төгілсе енді бірде зар болып ел тарихынан сыр шертеді. Бүгінгі ұрпақ өздері тыңдайтын әннен көбіне сыр мен сезім іздегенімен, бабалардан қалған әндердің тарихына мән беріп бойлай бермейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын кешегі Әміре Қашаубаевтың жолын жалғап, әлемге танылған Димаш Құдайбергеновтің орындауындағы «Самалтау» әніне қызыққан шетелдіктер оның шығу тарихын білгісі келіпті. Осындай жайттар әннің тек адамның көңіл-күйін білдіретін өнер түрі ғана емес, белгілі бір деңгейде халықтың тарихынан хабар беретін рухани қазына екенін еске салады.
Қазақтың басына түскен нәубеттен хабар беретін ең танымал ән қайсы десе бірден есіміізге «Елім-ай» әні түседі. Жоңғар шапқыншылығы тұсында туған ән тыңдаған жанның сай-сүйегін сырқырататыны рас.
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай, елім-ай.
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,
Елім-ай, елім-ай».
Соғыс зардабын тартып, сүргін кешкен жұрттың басына түскен қиындық мұнымен тоқтамады. Патша үкіметінің отарлау саясаты тұсында қазақ ұшыраған қуғын-сүргін Құрманғазының «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан» күйлерінің тууына себеп болды. Бұл күйлердің шығу тарихына үңілсек халқымыздың музыкалық танымының қаншалықты терең болғанына тағы бір көз жеткіземіз. «Кісен ашқанды» тыңдағанда құрсаудан құтылғысы келген шарасыз жанның табандылығына илансаңыз, «Түрмеден қашқандағы» ырғақ сол күй туғандағы Құрманғазының күйін шын сездіреді.
Арқа күйшілік мектебінің өкілі Әбді «Социализмге жат өнерді насихаттағаны үшін» деген айыппен 1931 жылы атылып кеткен деген дерек бар. Оның «Зар қосбасар» күйі халық арасына кең танылған. Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова естелігінде Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйінің тууына ашаршылық себеп болды деген дерек айтады. Кей деректе ол күй Сәкен Сейфуллин атылғанда шыққаны сөз болады.
Тек Арқа өңіріне ғана емес, күллі қазақтың құлағына сіңген Мәдидің «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» да тар қапаста өмірге келгені мәлім. 1921 жылы жалған жаламен атылған Мәдидің әні күні бүгінге дейін орындалып жүр. Иманжүсіптің «Абылай аспас Арқаның сары белі-ай» деп келетін әні де қуғында жүргенде шыққан.
Қазақ даласында қуғын-сүргін 1950 жылдарға дейін тоқтамағаны белгілі. Алаш арыстарын қуғындаған жылдардағы шарасыз күй де көптеген шерлі әнді өмірге әкелді.
Соның бірі Жетісу ән мектебінің белді өкілі Қапез Байғабылұлының «Қоштасуы». Қылышынан қан тамған кеңестік озбырлық 1937 жылы әлдебіреудің атынан түскен арызға байланысты ақынды итжеккенге айдатып, Коми АССР-дегі еңбекпен түзеу колониясына жібереді. Алдымен Жаркентке жаяу айдалып, жүрегін жарып шыққан «Қоштасу» атты әнін орындаған әнші-композитордың дауысын естіген жергілікті халық ілесе отырып, Қапез салдың әнін есте сақтап қалады.
Қайырмасында
«Әзәзілге сендің бе,
Айтқанына көндің бе?!
Халқым деген Қапезді,
Жау деп ұстап бердің бе?!
Итжеккенге айдаған,
Кер заманның әлегі.
Бұлбұл құстай сайраған,
Бұл Қапездің әні еді-ау», – деген сөздер айтылатын ән халқым деген Алаш арыстарының жазықсыз шеккен азабын еске салып, өзекті өртейді.
Халқымыздың басына түскен кер заманда туған әндерді тізбелесек халық арасына кең танылғандары да, тек белгілі бір аймақта ғана орындалып жүргендері де бар.
Қуғын-сүргінде туған бертінгі әннің бірі. Әбиірбек Тінәливтің «Желтоқсан желі». Кеңес өкіметі тұсында аяусыз азапталған жастардың тағдыры да еліміздің шежіресіндегі естен кетпес ақтаңдақ. «Қара бауыр қасқалдақ» әнін бүгінгі жастар білмегенімен сол кезеңдегі жастар ән – өкініш, ән – шер ретінде жақсы біледі.
Сөз басында ән-өсиет, ән-шежіре, ән-сыр деп жазған едік. Бүгінгі мақалаға арқау еткен музыкалық шығармалар әннің өткеннен хабар берер тарих екенін де аңғартқандай. Ата–бабамыз кешіп еткен жолды түсіндіретін, олардың еңбегінің бағасын білуге үндейтін ән – тарих, ән-тәлім.
Басына түскен кер заманда кешкен шерлі күй қаншама ән-күйді өмірге әкелгені мәлім. Біз оның халық арасына кең тараған бернешеуін ғана арқау еттік. Бейбіт заманда туған әндердің сипатын сыр, мұң, сезім, махаббат деп сипаттап шаттық әуенге бөленіп жүрген біз бақытты ұрпақпыз.
Парақшамызға жазылыңыз