//

Құжырты құрбандары – құнды еңбек

814 рет қаралды
1

30.05.2023 жылы, Алматы қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан, осында төрт мыңнан астам боздақтардың асыл тәні тасталған, Жаңалық ауылындағы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде Қуғын-сүргін және ашаршылық  құрбандарын есе алу күніне орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Осы конференция барысында «Арыс» баспасынан (директоры Ғарифолла Әнес, филология ғылымдарының докторы) биылғы жылы жарық көрген кітаптар таныстырылды. Соның бірі, сүбелісі белгілі ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлының «ХУЖИРТЫ ҚҰРБАНДАРЫ – Моңғолия қазақтары бастан кешкен сталиндік қуғын-сүргін» атты еңбегі.

Қазақ елінің алыс қиырда жатқан бір пұшпағында айуан қолымен жасалған қасырет, зұлмат нәубет құрбаны болған бабалардың ешкімге айтпаған, әлде айта алмай кеткен тылсым аманатын орындау С.Рахметұлының мойынына жүктелген екен. Сұраған бұл аманатты мүлтіксіз орындап шыққан. Ол еңбектің алғашқы бөлімін бірнеше жыл бұрын жарыққа шығарған еді. Ал мынау сол еңбектің архивтік дәлел-дәйектермен, әр қиырдағы, андыз-андыз қалған жанды куәгерлердің сөзімен толықтырылған екінші бөлімі.         

Ол ұзақ жылдар бойы талмай зерттеу мен аянбай ізденудің нәтижесінде біздің қолымызға сан мыңдаған деректер мен дәйектерден дәлелденген ақиқатты айқара ашып отыр. Еңбекті оқу барысында зерттеуші қаламгердің жанкешті еңбекқорлығы мен бабалардың қасиетті жолына адалдығына тәнті болдым. Ел үшін жасалған Адал еңбекке, істелген іске әрқашанда алғыс, рахмет, құрмет болуға керек.

Баян-Өлгей аймағының Бұлғын-Құжырты сұмынының Жолты деген жеріндегі қызыл жартастардың бетіне бес жүзге тарта құрбандардың атын Қабдылұлы Мерейханмен біріге отырып ойып жазып,  зерттеу жолында жүргенін айтқан заманнан бастап, осы бір шарапатты еңбегінің жарық көруіне қол ұшымды берсем деген көкейгесті ниет менде болған еді. Өйткені Баян-Өлгей аймағындағы, Алтайдың арғы жағында мекен еткен қазақтарды басқыншыар тарапынан қырып-жою жиырмасынша ғасырдың басынан төтенше қарқын алған болатын. Алайда сол  тарихи қанды оқиғалар толық зерттеліп, ақиқат шындығы айтылмаған еді.

Сұраған Рахметұлының «ХУЖИРТЫ ҚҰРБАНДАРЫ» – сол ақтаңдақтың орынын толтырған сүбелі еңбек, ал оның Қазақстанда, атажұртта жарық көруі – Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің жемісі. Біз осы еңбек арқылы сталиндік қуғын-сүргіннің тек бұрынғы Советтер Одағы өлкесімен ғана шектеліп қалмай, шет елдерде де жүргізілгенін білеміз.

Автор Баян-Өлгейлік сталиндік құрбандардың бірін де қалдырмай еңбекке енгізуді мұрат тұтқан. Қуғын-сүргін құрбаны болмаған байөлгейлік бірде-бір отбасы жоқ деп ойлаймын. Сол боздақтардың бүгінгі ұрпақтары іздеген арысын осы еңбектен табады деп ойлаймын. Менің де аталарымның аты-жөні Алтын әріппен жазылған тұсын оқығанда еріксіз көңіл толқып, көзге жас келді…

Осы орайда өз тарапымнан Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес мырзаға алғысымды білдіремін!

Бақытбек Бәмішұлы,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.

 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері