////

Электр бағаналарын жаңартпаса, жағдай мүшкіл…

2654 рет қаралды

Электр қуатын пайдаланбайтын адам жоқ. Жаз мезгілінде электр энергиясына деген сұраныс күрт өсетіні де жасырын емес. Тоңазытқыш, теледидар, компьютер сынды адам өмірін жеңілдетуге арналған құрылғылардың жұмысы электр энергиясының көмегімен іске асады.

Электр сымдарын ұстап тұратын бағаналардың да осы ретте атқаратын рөлі маңызды. Өзім тұратын Жаңақала ауылындағы электр бағаналарын қарап, жай-күйімен танысып шықтым. Смартфонымды қолға алып, тозығы жеткен, әбден ескірген электр бағаналарын суретке таңбалап алдым. Объективті алдай алмайсың, бағаналар бітіп тұр. Түбі қопарылып, құлаудың аз-ақ алдында. Көше іргесіндегі әбден ескірген электр бағаналары қатты жел тұрса шайқалып, құлап қалу қаупі бар.

Ауыл тұрғындары кішкентай балаларын ойнауға жіберуге қорқады. Балаларын көзден таса қылмауға тырысады. Себебі ойнап жүрген сәбилердің үстіне ескірген бағаналар құлап, жазатайым болып қала ма деп те үрейленеді. Ауылдағы барлық бағаналар Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компания меншігінде. Ай сайын жұмсалған электр жарығы үшін ақша алатын компания шіріген электр бағаналарын ауыстыруға еш асықпайтын сыңайлы.

– Ауылдағы электр бағаналары әбден шіріп тұр. Қашан құлап қалады деп зәре-құтымыз қашатынын несіне жасырайық. Жауапты жандарға бардық, бәрі де хабардар. «Істейміз, ауыстырамыз» дейді, бірақ дұрыс, әрі тұрақты түрде жасалып жатқан жоқ. Құлап қалса, электр тоғы зиян келтірмесіне кім кепіл? Адам денсаулығы мен амандығы бірінші орында болуы керек емес пе? – дейді Қисыққамыс көшесінің тұрғыны Мәншүк Мүтиева.

ЖАУАПТЫ АДАМДАР НЕ ДЕЙДІ?

– Қазіргі таңда тозығы жетіп тұрған бағаналар аудан бойынша 80%. БҚ ЭТК бірден-бір стратегиялық объект болып есептеледі. Нақты жауабын алғыңыз келсе арнайы БҚО электр тарату компаниясына жазбаша хат жолдауыңыз керек,-деп қысқа қайырды аудандық электр жүйесінің басшысы Сәтжан Ғабдуллин.

– Сырым Датұлы, Баймырза Кәрменов, Желтоқсан, Құрманғазы көшелерінің сымдарын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Бағаналары алынды, орнатылды. Электр тоғының сымдарына 2 шақырымға мемлекеттік сатып алу бірыңғай порталы арқылы тендер жүргізіліп жатыр. Жалпы Бірлік, Мұхтар Мирманов, Есет Тоқсанов, Исатай Тайманов, Бейбітшілік көшелерінің бағаналары да, электр сымдары да ауыстыруға жатады. Бізге «Батыс Энергоресурсы» ЖШС ұсыныс береді. Аудан әкімдігі бірлесіп, жергілікті бюджеттен ақша қарастырады. Техниканы «Батыс Энергоресурсы» ЖШС береді. Бәрі бірден болмаса да, біртіндеп істелетін шаруа, – дейді Жаңақала ауылдық округі әкімі Ақан Болатұлы.

Одан кейін аудандық төтенше жағдайлар бөліміне «Құлағалы тұрған электр бағаналарына төтенше жағдай жариялауға келе ме?» деген сауалымызды телеграмм чат арқылы қойдық.

Басшысы Тұрарбек Апақаев: «Тозған бағаналар бойынша ТЖ жарияланбайды. Егер тұрғындардың тіршілік жағдайы бұзылса ғана жарияланады. Себебі 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V ҚР “Азаматтық қорғау туралы” заңының 48-бабы “Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау”.

Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды: жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;

жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері жүзеге асырады.

Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі № 756 қаулысы:

2. Егер авария, табиғи зiлзала немесе апат салдарында төтенше жағдай аймағы өндiрiстiк немесе әлеуметтiк мақсаттағы объектiнiң аумағы шегiнен шықса және облыстың екi ауданының шегiнен шықпаса, бұл ретте мынадай салдардың бiрi туындаса немесе туындауы мүмкiн болса:

1) 10-нан астам, бiрақ 50-ден көп емес адам қаза болса;

2) 100-ден астам, бiрақ 500-ден көп емес адамның тiршiлiк әрекеті жағдайлары бұзылса;

3) адамдардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргiзу объектiлерiне келтiрiлген материалдық залалдың мөлшерi он бес мыңнан жүз мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiштi құраса, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай жергiлiктiге жатады» деп жауап берді.

– Баршаңызға мәлім, жалпы облыс көлемінде оның ішінде аудан аумағындағы электр желілерінің тозу деңгейі 70-80 пайызды құрайды. Соның салдарынан, қатты желде жарықтың сөнуі орын алып отыр. Жарықтың сөнуі орын алған жағдайда, ауылдық округ әкімдіктері дереу хабарлап, Жаңақала электр торабының қызметкерлері апат орын алған учаскелерге барып, уақытпен санаспай қалпына келтіру жұмыстарын атқарып келеді. Облыстағы барлық электр желілері Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының меншігінде. Аудан әкімдігі жаңадан салынатын аумақтарда тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарға электр желілерінің жобаларын жасақтап, құрылысын жүргізеді.

Құрылысы аяқталған соң, Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының теңгеріміне өткізеді. Бұрыннан бар электр желілеріне жаңарту жұмыстарын Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы жүргізеді. Ауылдық округ әкімдіктерімен иесіз электр желілерін қайта жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді (2022 жылы – 800 метр электр желісі мен 24 бағана Қисыққамыс көшесіне, 2023 жылы 2 км электр желісі мен 56 бағана Желтоқсан, Құрманғазы, Сырым Датұлы ).

2021 жылы Жаңақала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясымен бірлесіп табиғи апаттың салдарынан бүлінген электр сымдары мен бағандарын ауыстыру жүргізілді (Қызылоба – Пятимар аралығындағы учаске 360 электр бағаны мен 17,7 км сым, Көпжасар ауылына 30 электр бағаны мен 1,18 км сымы). Алдағы жылдарға Батыс Қазақстан облысы аумағындағы электр желілерінің тозу деңгейін азайту мақсатында инвестициялық жобалар іске асырылмақ. Оның ішіне, аудан аумағындағы электр желілері де кіреді. Ауыл ішіндегі ескі электр желілері мен бағандарды ауыстыруды Жаңақала аудандық электр торабы кезең-кезеңмен ауыстыруды жүргізеді (2023 ж. 46 электр бағаны мен 1,7 км сым Меңдешев, Маметова, 8 Наурыз, Жүнісов көшелеріне), – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратов.

Жауапты жандардан бөлек аудандық электр жүйесінің екі қызметкеріне (монтерларға) «Тозығы жеткен бағаналарға шығу қауіпті ме, сондай жағдайда не істейсіздер?» деп сұраған болатынмын. Үзілді-кесілді жауап беруден бас тартты.

Бірнеше мекеменің басшысына сауал қойып, жауаптарын алдық. Байқағанымыз, «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегеннің кері екен. Барлығы бірігіп әрекет етсе, шешімі әлдеқашан табылар еді. «Елу жылда – ел жаңа» дейді дана халқымыз. Мақаламызға арқау еткен электр бағаналарының жасы 60 жылдан анық асқан. Оны үлкендер жағы айтты. Сөзден іске көшетін уақыт жетті. Ұрпақ алдында жүзіміз жарқын болсын десек, дәл бүгіннен бастап әрекет етейік.

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

БҚО, Жаңақала ауданы,

Жаңақала ауылы

Суреттерді түсірген автор

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі