////

БҚО: Жолды қадағалауға 29 миллион теңге бөлінген. Алайда жол сапасы сын көтермейді

2889 рет қаралды

“Айта айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, қаншама жылдан бері жолдың жырын жырлап келе жатсақ та, оның сапасы әлі де сын көтерер емес. Жақында маған Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының тұрғындары шағымданған еді. Олар қалаларды бір- біріне жалғайтын жолдар түгілі, облыс пен ауылдардың ортасындағы жол жағдайы мәз емес дейді. Қалаға қатынайтын жолдың да, ауыл ішіндегі тозығы жеткен жолдардың да жағдайы нашарлағанын айтып, тұрғындар дабыл қағуда.

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген бар емес пе?! Жолымыздың жағдайын барынша зерделеп, тұрғындардың базынасын, халықтың өтінішін жерде қалдырмай, мақала жазуды жөн көрдім.

Ауыл тұрғынының айтқаны

–  Ауданымызда жол мәселесі алаңдатарлық жағдайда. Қазіргі таңда бірнеше ауылдық округке кірме жолдар салынуда. Әрине, жолдың салынғаны жақсы. Бірақ ауыл мен қалаға қатынайтын жолға зиян келмесе дейміз. Ауыл ішіндегі жолдың да сапасы көңіл көншітпейді. С.Бабажанов көшесінің бойы шұрық-тесік, оны тұрғындардың бәрі біледі. Алдағы уақытта жауапты жандар қолға алып,  Орал шаһарына қатынайтын облыстық маңызы бар жолдың жайы реттеледі деген ойдамын, – дейді Жаңақала ауылының тұрғыны Жасбатыр Бақтыгереев.

Көзбен көріп, обьективке тарттық

Жуырда ғана Орал қаласына жолым түсіп, көліктің алдына отырып бардым. Сонда ауыл тұрғыны Жасбатыр Бақтыгереевтің айтқанына көзім әбден жетті. Біздің ауданның тұрғындары қалаға баруы үшін әуелі Чапай ауылына (Ақжайық ауданының орталығы – Ж.Б) барады. Сол екі ортада бірнеше шұңқырлар пайда болған.

Ауыл тұрғындарының жанайқайы әбден орынды. Пятимар ауылынан Қызылоба ауылына дейінгі жол бойынан бірнеше шұңқырды байқадық. Смартфоныма түсіріп алдым. Қатты келген көлікті шайқайтын, дөңгелегіне зиян келтіретіндей ойықтар пайда болыпты. Жолдың ортасындағы және екі шетіндегі арнайы жолақтар (разметке) сызылмаған. Жол бойындағы аялдамалардың хәлін айтпай-ақ қойдым. Ол жайында бөлек материал жазамын.

Жауапты жандар не дейді?

– Облыстық маңызы бар «Чапай-Жаңақала-Сайхын» автомобиль жолының теңгерім ұстаушысы “БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-сі. Аталған облыстық маңызы бар автомобиль жолының 0-130 шақырымын күтіп ұстаушы мердігер «Техсапақұрылыс» ЖШС.

Өткен аптада облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Қ.Менеевтің ауданға іссапары барысында, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің автомобиль жолының жай-күйіне қатысты сұрақтарына мердігермен бірге жауап берген еді.

Автомобиль жолының шұңқырларын жамау, ақ жолақтарды сызу және т.б. жұмыстарды жүзеге асыру тапсырыс беруші басқарма мен мердігердің арасындағы келісімшартқа сәйкес жүзеге асырылатындығын қаперіңізге беремін.

Сонымен қатар, басқарма тарапынан автомобиль жолын күтіп ұстаушы мердігердің толық мәліметтері автомобиль жолының бойына және әлеуметтік желіге жарияланатындығын хабарлаймын. – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратов.

Жаңақала ауылының әкімі Ақан Қапановқа да хабарласып, мән-жайды білдік. Ол кісі бізге мынаны мәлімдеді:

“Жол сапасының сын көтермейтіндігі жөнінде тұрғындар да, жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілер де үнемі айтады. Жаңақала-Жаңақазан жолының құрылысы басталғанда бұл жол тіптен нашарлайтыны сөзсіз. Сол себепті ойықтарды бітеп, тиісті жөндеу жұмыстарын уақытында істегендері жөн. КаМаздармен таситын құрылыс заттарын қыста немесе түнде тасымалдаған дұрыс. Бұл жөнінде үнемі басшылыққа ескертіп отырамын”.

 Біз мемлекеттік сатып алулар порталынан «Техсапақұрылыс» ЖШС мен “Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы” мемлекеттік мекемесі арасындағы келісім шартты іздеп көрген едік. Аталған компания 29 миллион теңгеге “Ақжайық, Жаңақала, Бөкей Орда аудандарының аудандық маңызы бар 0-130 км «Чапай-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жолын” күтіп ұстау жұмыстарын атқару үшін келісім шартқа отырған. Ашық конкурстан жеңімпаз аталған екен. Бұл келісім шарт әзірге әрекетте, биыл жыл соңында аяқталады. Ойдым ойдымы шыққан жолды күтіп ұстауға 29 миллион теңге бөлінсе де, жол  сапасы сын көтермейтіні байқалады.

Сапасыз жол адам өміріне қауіпті. Тұрғындар тақтайдай түзу жолда зырғып жүргісі келеді-ақ. Ешкім көлігінің зақымдалғанын, өміріне қауіп төнгенін қаламайды. Ауданымызды қаламен жалғайтын жолдың да, ауыл ішіндегі жолдардың да сапасы жақсы болғаны бәріміз үшін маңызды. Жол мәселесі шешіліп, шетелдегідей сапалы жолдармен ауылдастарымыз баратын жеріне ойдағыдай жететін күн тезірек келгей.

Жанайдар Болатбекұлы, 

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері