////

Мен қалай домбыра жасаттым?

1251 рет қаралды

Домбыраға қызықпайтын қазақ жоқ шығар. Мен де домбыра десе елең ете қалатын ауылдың қара домалақ балаларының бірі болдым. Кішкентай кезімде теледидардан күй тартылып, домбырамен ән шырқалып жатса, тұра қап ұйып тыңдайтынмын. Қанша жерден қызығушылығым болғанмен домбыраға икемім болмады. Студент атанғанда дәлірек айтсам І курста ғана домбыраны қолға алып, жайлап тарта бастадым.

Домбыраны қалай ұстау керектігін, тартқан кезде қалай отыруды үйреткен Ертай Ғұбайдуллин деген ағам. Ол кісі өзіме домбыра керектігін айтты. Бұны әкеме айтқанымда: «Балам асықпа, дұрыстап үйрен. Жақсы домбыраны арнайы тапсырыс беріп жасатамыз. Уәде беремін» – деді.

Әкемнің уәдесі 2 жылдан кейін орындалды. Тапсырыс беріп жасатқасын, қымбат әрі сапалы домбыра жасатуды мақсат тұттық. Өзіміздің облыс орталығынан домбыра шеберлерін іздестіре бастадық. Таңдауымыз Едіге Қуанғалиұлы деген домбыра шеберіне түсті. Шеберлігіне қоса бұл кісі өте мықты күйші. Есіміне сырттай қанық күйші ағаның алдына барып, көзбе-көз сөйлестік. Жасатқымыз келген домбыраны сипаттап бердік. Екі айға жетпейтін уақыт аралығында суреттеп берген қиялымдағы домбыраның дайын болатындығын айтты. Осы орайда оқырман қауымға күйші, әрі домбыра шебері туралы аздаған дерек бере кетуді жөн көріп отырмын.

Едіге Нәбиев – Астрахан облысы, Қарабайлы ауданы, Баста селосында дүниеге келген. Осы жердің орыс мектебін 1966 жылы бітірген. Орал шаһарындағы педогогикалық институтты 1970 жылы «Дене тәрбиесі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Едіге аға өзінің неше жасында домбыра тартқанын да білмейді екен. “Әйтеуір ес білмейтін кезімнен бастап тарттым-ау” дейді. Домбыра шеберінің әкесі де өнерден құр алақан болмаған. Ат әбзелдерін, атап айтсақ: ер-тұрман, үзеңгі, жүген, қамшы секілді керек нәрселерді жасаған. Бір қызығы әкесі Қуанғали да солақай домбырашы екен. Баласы Едіге аға да домбыраны солақай тартады. Домбыраға кішкентай күнінен бастап қатты ғашық болған екен. Тіпті “Екі-үш күн домбыра тартпай қалсам ауырып қаламын, бір-екі күй тартқаннан кейін бойымның тыртысқаны жазылып, рақат күй кешіп жүремін” дейді күйші аға бізге айтқан әңгімесінде.

Кейін келе сынған, бұзылған домбыраларды жөндеп, қайта құрастыра бастапты. Бұл шебер ағаның домбыра жасауға деген алғашқы талпынысы һәм бастапқы қадамдары болса керек. Едіге шебер түңғыш домбырасын 1976 жылы жасапты. Домбыра жасаумен кәсіби түрде 1990 жылдардың басынан бастап айналысқан. Содан бері домбыра жасаумен шұғылданып келеді.

Домбырамды жасап жатқан уақытта ағамыздың шеберханасына 4-5 рет бас сұқтым. Бір күні сабақтан шыға салып, Едіге ағаны іздеп театрға арнайы келдім. Әдеттегіше күйші ағаны төменде орналасқан өз шеберханасынан жолықтырдым. Аядай ғана бөлме. Іші толған небір түрлі ағаштар. Жөндеуге әкелінген, жасалынып жатқан жаңа домбыралардан көз сүрінеді. Барсам шанағы жарылып кеткен домбыраны жөндеп жатыр екен. Едіге аға сөздің емес істің адамы. Бұған сол жерде көзім анық жетті. Қашан әлгі домбыраны жөндеп болғанша ашылып әңгіме айтпады. Содан кейін сөйлесіп, шебердің жұмыс барысымен танысудың сәті түсті. Өзіммен бірге Едіге ағаға жасатқан домбырамды алып барған болатынмын. Қандай ағаштардан жасалғандығын тағы бір мәрте сұрап, қойын дәптеріме түсіріп алдым.

Маған жасаған домбыраның шанағы – қызыл ағаш, мойны – қайың, қақпағы – қызыл қарағай, пернесінің беті – палисандр ағашы, оң қолмен қағатын тұсы – орехтің діңі, яғни кап деген ағаш екен. Бұны шебердің өзі айтып берді. Бағасы қымбат домбыралардың тиегіне шейін қымбат ағаштан жасайды екен. «Домбыраны жасауда пайдаланатын ағаштарды көрші Ресей елінен тапсырыспен алдырамын» дейді. Ал қымбат ағаштарды өзі барып, таңдап тұрып алатын көрінеді. Пайдаланатын ағаштардың бірде біреуі елімізде тіпті Ресейде де өспейді. Ресейге Индонезия, Оңтүстік Африка жақтан әкелінеді екен.

Күйші әңгімесі

Ағамыздан естіген тағы бір құнды дерек, әкесі Қуанғали аға Тесіктамақ Сабыр дейтін күйшімен бірге жүріпті. Сол екеуі Дина әжеміздің қасында біраз уақыт болыпты. Күйші әжеміз ауыл-ауылдың жәрмеңкелерінде күй тартқанда қасында болып, қонаққа шақырған үйге кіріп кеткен кезде тартқан күйлерін сырттан тұрып тыңдапты. Күйге, домбыраға деген махаббаты ерекше болыпты. Жұмыс барсында ағамызға көкейде жүрген екі-үш сұрағымызды да қойып қалдық.

«Қазіргі күйшілік өнерге, орындаушылық өнерге көңіліңіз толама?» деген сұрағымызға былайша жауап берді.

«Күйшілік өнер туралы әңгімені әріден бастайық. Жалпы күй өнері қазақ халқының өзегіне байланған баға жетпес байлығы. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде біраз күйшілеріміздің сіңірген еңбегі бар. Кешегі Құрманғазы, Динаның өздері бір-бір төбе, бір-бір мектеп. Кейінгі Оқап, Мәмен, Сейтек, Қали аталарымыздың да әлеуеті зор болған. Ол кезде күй өнерінің қалпы бұзылмап еді. Аттарын айтып отырған күйшілеріміздің ешқайсысы күйді бұзып орындамаған.

Бұрыңғы орындалған күйлермен қазіргі орындалып жүрген күйлерді тіпті салыстыра алмайсың. Біз тыңдап жүрген көп күйлер оркестрге арналып дайындалған. Соның ішінде «Адай» күйі деп тыңдап жүргеніміз Қали Жантілеуовтің жеткізген нұсқасы. Оның ескі нұсқасы да бар. Ал оның қағыстары, мүлдем бөлек. Қазіргі «Адай» күйі тым шапшаң ойналады. Жалпы өз басым күйдің өте қатты деңгейде шапшаң ойналғанын құптамаймын. Күйді жеткізуші адам сол күйдің сезімін өзінің эмоциясын былайша айтқанда бәрін тыңдармандарға жеткізе білуі керек».

Едіге ағамыз менімен әңгімелесіп отырып екі домбыраны жөндеп тастады. Бір қыздың домбырасына шек тағып берді. Осылардың біреуінен болсын ақша алған жоқ. Домбыраның шегін, тиегін ауыстыруға тіпті жөндеуге де ақы алмайды екен. Өз ісіне шын берілген кәсіби шебердің бұнысына іштей риза болдым.

Домбыраға көп күтім қажет

Домбыра жасаудың хас шебері тағы бір айтқан әңгімесінде былай деді:

«Домбыраға көп күтім керек. Қабына салып алып шыққаннан кейін жеткен жеріңе барған бойда шығарып қою керек. Сосын шанағын құрғақ шүберекпен сүртіп алу керек. Әйтпесе сырттан келген дымқыл домбыраның бойына сіңіп кетеді. Ол домбыраның дауысына әсерін тигізеді».

«Өз басым домбыраны асықпай жасаймын. Екі айда 2-3 домбырадан артық жасаған емеспін. Домбыра жасау асқан шыдамдылықты, сабырлылықты өте көп еңбекті талап етеді. Өзге шеберлер домбыраны сәндеу үшін түрлі оюларды, аттың басын, аққудың суретін қолданып жатады. Мен өйтпеймін. Ең бастысы сапасына көп көңіл бөлемін. Домбыраның дауысы қақпағына байланысты. Бұл туралы кезінде шебер – Э.Романенконың өзі айтып кеткен. Жалпы қазіргі қазақ домбыраларының дауысын қалпына келтіріп, ойып емес құрыстырып жасау тәсілін осы кісі үйретіп кеткен».

«Қазақ даласының барлық жері тұнып тұрған ән мен күй. Құрманғазы, Дәулеткерей, Махамбет, Диналар табиғаттағы әсемдікті әдемі күй қылып шығарған. Ауылдың таңы ерекше ғой. Таңертең ерте ұйқылы ояу жатқанда бұлақтың дауысы, отар-отар  қойдың өріске кетіп бара жатқаны, көлдегі бақа-шаяндардың, жайлаудағы жылқылардың дауыстары, құстың сайрағаны естіліп жатады. Осылардың барлығы түсіне білген адамға қайталанбайтын нағыз мықты күй. Бұрынғы күйшілер осылардың бәрін көздерімен көріп, құлақтарымен естіп өскен. Сол себепті де күйлерді жан-тәнімен беріліп орындайтын болған. Қазір бұндай етіп сезініп, күй тартатын адамдар ілуде бір. Қаланың балалары күйлерді нота арқылы зудыратып тартып шығады. Тыңдаған адам да, тартқан өзі де еш әсер алмайды. Бұл біздің ең олқы тұсымыз десем де болады. Қаланың балалары не көрді дейсің. Бір жағы оларға ренжуге де болмайды».

«Қазіргі кезде елімізде домбыра жасайтын шеберлер саусақпен санарлық. Әйтеуір бір қолдың саусағы толады. Екі қолдың саусағын толтыра алмаймыз. Жоламан, Алмас Мұстафа, ақтөбелік Шоқан деген шеберлердің еңбегін жоғары бағалаймын. Араласып, пікірлесіп тұрамыз. Екі рет республикалық «Үкілі домбыра»  деген шеберлердің байқауынан жүлделі ІІІ орынға ие болдым. Әйтеуір төккен төріміз, еткен еңбегіміз еленіп жатыр.

P.S: Соңғы кезде домбыра жасатуға көп адамдар қызыға бермейді. Ашық базардан я болмаса қолдан сатып алғанды жөн көреді. Домбыраны арнайы жасатқан адам көп нәрседен ұтады екен. Әр қазақтың үйінде ұлттық құндылығымыз тұрса ғанибет емес пе?!

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

БҚО, Жаңақала ауданы,

Жаңақала ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі