////

Климаттың өзгеруі: Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен отбасылар әлі баспанасыз жүр

2595 рет қаралды

Сырт-сырт етіп кілт әлсін-әлсін бұлқынып құлыпты әрең ашты. 2025 жылдың қаңтары. Тек күннің суытқанынан емес су тасқынынан қабырғасы сөгіліп, қаңырап бос қалған үйге әрең кірдік. Қазіргі күйін көрсеңіз үй деуге де келмейді. Бұл оралдық – Амангелді Компаковтың қонысы.  Ол Оралдағы Комаров бау-бақша серіктестігінде үй салып алған. 2020 жылдан бері тұрып келді. Қазір Амангелді әйелі Толқын екеуі 9 айдан бері пәтер жалдап тұрады. Қала әкімдігіне өтініш бергенімен әлі күнге мәселе шешімін таппаған.

СУ ТАСҚЫНЫ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫРДЫ

Ертең кішкентаймен далада қаламыз. Баспана жоқ. Пәтер жалдап тұрамын. Басымда 5 миллион кредит бар. Қарызданып тұрып жатырмыз. «Зенит» зауытында жұмыс істеймін. Жалақы пәтерге және несиеге төлеуден ауыспайды, – дейді кейіпкер.

Жаңа жылдағы бірінші айдың аяғы жақындап келеді. Толқынның да ай-күні жетіп отыр. Дүниеге жас отбасының тұңғыштары келмек.

Баспана алу үшін құжатым тек қараша айында ғана өтті. Құжатымыз өтті дегесін, үй тауып 2024 жылдың 14 қарашасында бағалау құжаты да дайын болды. 12 сотық жерді апаммен бірге алдық. Үй салдық. Төрт жыл тұрдық. Былтыр ақпанда үйді бөліп, құжат рәсімдеуге өтініш тастадым. Сол себепті құжат тапсыруға сәл кешігіп қалдық. Құжатты рәсімдеу маусым айында ғана аяқталды. Бірақ үй алу үшін өтінім беруге барғанда «кешігіп қалдыңыздар» деді. Ол уақытта «Төтенше жағдай» режимі бітіп кетті, – дейді Амангелді.

Зардап шегушінің үйіне тасқын су 21 сәуір күні кірген. Оның айтуынша, су үш метрге дейін көтерілді. Ал су тартылғанша 2 ай жарымдай уақыт кеткен. Осы уақыттың өзінде үйдің төбесіне жинап кеткен бағалы заттары қолды болыпты. Бастапқыда жас отбасы ағаларының үйін паналапты. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға төленген 150 АЕК өтемақыны да кешігіп алған. Комиссияның қарауына құжаттары 19 қыркүйекте қабылданған.

Қазір Сарытау шағынауданында пәтер жалдап тұрады. 250 мыңға жуық жалақы алса,  оның 150 мыңын несие өтеуге, 70 мыңды пәтерге төлейді. Ал пәтерді мамырдан бастап жалдап келеді. Олар пәтерді де біраз әуре-сарсаңға түсіп іздеп тапқан.

– Арзан, шамамыз жететін бағаға үй іздедік. Қазір бір бөлмелі жер үйді жалдап отырмыз. Әрине өкініш, уайым болады. Үй беріле ме, жоқ па? Үйді салу үшін жоқ дегенде 7-8 миллиондай қаражат кетті. Іргетасынан бастап өзім құйдым. Несие алдым. Жалдамалы пәтерге төлегеннен көрі өз үйіміз деп деп алғанмын. Тезірек үй берілсе екен, – дейді Амангелді.

Иә қара терге түсіп, еңбекпен салынған үйдің бір күнде жарамсыз болғаны өкінішті-ақ. Амангелді Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның қабылдауына әр сәрсенбі сайын барады. Алайда әлі күнге дейін «күтіңіз» дегеннен басқа еш жауап алмады.

СУ ТАСҚЫНЫНА ӘСЕР ЕТКЕН ЖАҒДАЙ – КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ

Көріп отырғанымыздай тасқын жас отбасының экономикалық жағдайына әсер еткен. Жалпы климаттың өзгеруі адамдардың денсаулығына, баспанасына, жұмысына, дақылдарды өсіруіне және қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Осы тұрғыдан адам құқықтарының бұзылуына да әкеледі, мысалы өмір сүру және денсаулық құқығына келетін болсақ адамдардың суға батып өлуі немесе түрлі аурудан денсаулығына зақым келуі мүмкін, ауыз су және тұрмыстық судың ластануы салдарынан адамдардың санитариялық таза суды пайдалану құқығы бұзылады, экстремал су тасқыны жағдайында адамдар баспанасыз қалатын болса бұл олардың баспана құқығын бұзады. Ал адамның жеткілікті тұрғын үйге құқығының барлық экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқығын жүзеге асыруға аса зор маңызы бар. 

2024 жылы 1 сәуірде облыс әкімінің шешімінің негізінде БҚО аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. БҚО әкімдігінің ұсынған мәліметтерге сәйкес Сырым, Теректі, Қаратөбе және Бөрлі аудандарында тұрғын үйлерді су басты. Ресейден басталатын 5 трансшекаралық өзенде судың деңгейі көтеріледі. Нәтижесінде Казталовка және Жаңақала аудандарына баратын Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі судың деңгейі де жоғарылайды. Шаған және Деркул өзендеріндегі судың деңгейі қауіпті деңгейге жетеді
Ал Оралда 30 наурыздан бастап су тасқыны салдарынан үйлерін су басу қаупі бар және су басқан Деркөл өзені жайылымындағы Маштаков елді мекенінің Ягодка және Үміткер бау-бақша серіктестіктері тұрғындары көшіріле бастады. 2 сәуір күні Деркөл кентіндегі су басу қаупі бар елді мекендердегі мал-жан қауіпсіз аймаққа көшірілген
Орал қаласы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай қала әкімінің №7 шешіміне 2024 жылдың 26 наурызында жарияланған

Мамандар климаттың өзгеруін су тасқынына себеп болған бірден-бір фактор деп есептейді. Бұл туралы Гент университетінің Орталық Азия бойынша бельгиялық сарапшысы Фабиен Боссуйт Брюссельдің баспасөз клубында өткен Орталық Азиядағы энергетикалық өзгерістерге арналған конференцияда айтты, деп хабарлайды Қазақпарат. 

«Әрине қазіргі уақытта Қазақстанның батысындағы  жаппай су тасқынын көру өте қайғылы. Менің ойымша, бұл бізге климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынудың салдары енді ғана күшейіп келе жатқанын тағы бір рет көрсетеді. Бельгияда біз соңғы кездері, бірнеше жыл бұрын болған ең ауыр су тасқынының біріне куә болдық. Сонымен қатар біз үкіметке бұл су тасқынының салдарын жою өте қиын болғанын көрдік. Бұл аймақтағы адамдар осы су тасқынының зардаптарынан бүгінгі күні де көріп отыр. Мен Қазақстанда бұл мәселені тікелей шешу мүмкін емес болып қала ма деп қорқамын. Бұл Еуропада ғана емес, Орталық Азияда да климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынудың әсеріне қаншалықты осал елдердің бар екенін көрсетеді. Сонымен Қазақстандағы су тасқыны – бұл жай ғана дәлел және алдағы жылдар мен онжылдықтарда не күтілетінінің белгісі», – деді Қазақстандағы су тасқыны жайлы пікірін білдірген Фабиен Боссуйт.

СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ – 66 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛДЫ

Дәл қазір Оралда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй беріліп жатыр ма? Су тасқынынан кейінгі ахуал қандай? Қала әкімдігіне сауалдар жазып, хат жолдадық.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев. Фото: www.gov.kz  

Әкімдік ұсынған мәліметке сәйкес 2024 жылы Орал қаласы аумағында 100-ден аса бау-бақша серіктестігі және ондағы 9 000-нан аса учаскені су басқан. Күні бүгінге дейін қалалық комиссия жалғыз баспанасы апатты деп танылған 2 663 отбасыға үй беру туралы шешім қабылдаған.

Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 28 наурыздағы №110 өкімімен Орал қаласы аумағындағы су тасқынына байланысты келтірілген материалдық шығынын есептеу жөніндегі қалалық комиссия құрылған. Комиссияда қала әкімінің орынбасарлары және құрылымдық бөлім басшылары, барлығы 8 адам бар.

Әкімнің 2024 жылғы 28 мамырдағы 177 өкімімен Орал қаласы аумағында төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылған. Аталған комиссияда қала әкімінің орынбасарлары, құрылымдық бөлім басшылары, Орал қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяжай тұрғындары, бас-аяғы 20 адам жұмыс істейді. Аталған комиссияның қарауына 10 906 өтініш түскен

– Қалалық комиссия түскен өтініштерді саралап, ішінен жалғыз баспанасы бар азаматтардың өтініштерін комиссия отырысында қарады. Мұндай азаматтардың саны – 3 123. Оның 2 663-не тұрғын үй беру туралы шешім қабылданды. 437 азаматқа ҚР Үкіметі бекіткен Ережеге сәйкес мына себептер бойынша баспана беруден бас тартылды:

мүлікті өз атына уақтылы рәсімдемеген;

– үйге құқықтық құжаттары жоқ;

– бір учаскеде екі үй орналасқан;

– мүліктің құжатын төтенше жағдай кезінде рәсімдеген.

23 азаматтың өтініші қосымша зерделеніп, қалалық комиссия отырысында қайта қаралады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға және сатып алуға еліміздегі ірі компаниялар, қаржылық және қайырымдылық қорлар қаражат бөлді. Оралда баспанасын су басқан отбасыларға 451 жеке тұрғын үй салу үшін 11,4 миллиард теңге жұмсалды. 12,3 миллиард теңгеге – бірінші нарықтағы 590 пәтер, 31,5 миллиард теңгеге – екінші нарықтағы 1 456 пәтер сатып алынды.

Үйді жөндеу үшін 641 отбасыға барлығы 1,9 миллиард теңге, мүліктік шығынды өтеу үшін (150 АЕК-ге дейін) 9 028 отбасыға барлығы 4,7 миллиард теңге, біржолғы әлеуметтік көмек ретінде (100 АЕК) 10 951 отбасыға барлығы 4 миллиард теңге берілді, – деп жауап берген қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

ҚАЗАҚСТАНДА КҮННІҢ ЖЫЛУЫ БАСҚА ЕЛДЕРГЕ ҚАРАҒАНДА ӨТЕ ҚАРҚЫНДЫ 

БҰҰ мәліметіне сәйкес климатологтар соңғы 200 жыл ішіндегі барлық жаһандық жылынуға адамдар жауапты екенін дәлелдеді. Адамның қызметі парник газдарының пайда болуына әкеледі, бұл кем дегенде соңғы екі мың жыл ішінде әлемді бұрынғыдан да тезірек қыздырады.

Өткен онжылдықтар, 2011 – 2020 жылдар тарихтағы ең жылы кезең болды және 1850 жылдан бастап соңғы төрт онжылдықтың әрбіреуі кез келген өткен онжылдықтан жылырақ болған.

Көпшілік климаттың өзгеруін негізінен анағұрлым жоғарғы температура деп есептесе, температураның көтерілуі бастамасы ғана. Жер – барлығы бір-бірімен тығыз байланыстағы жүйе десек, бір саладағы өзгеріс барлық басқа саладағы өзгеріске ықпал етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта климаттың өзгеруінің салдарына басқалармен қатар қатты құрғақшылық, судың тапшылығы, алапат өрттер, теңіз деңгейінің көтерілуі, су тасқындары, полярлық мұздың еруі, апатты дауылдар және биоәртүрліліктің төмендеуі жатады.

Ал климаттың өзгеруі тасқынға қалай әсер етеді? Қоршаған ортаға, адамдардың өміріне қаншалық өзгеріс әкеледі? Маман жауап берді.

Фото: Азамат Кауазовтың жеке архивінен

– Қар жамылғысы мәселесі бар. Қар желдің әсерінен жылжып, бір жерден екінші жерге көшеді. Біз метеостанцияда жауын-шашынның қандай да бір мөлшері түскенін тіркедік делік. Бірақ болашақта жаңбырдың бұл мөлшері қайда көшетіні белгісіз. Алыс немесе жақын жерге көше ме? Бағытын білмейміз. Нәтижесінде  қардың таралуының нақты көрінісі болмайды, қардың көлемі де беймәлім. Нақты картаны, қар жамылғысының су эквивалентін салу мүмкін емес. Бұл да – мәселе. Тағы бір мәселе – болжамға қатысты. Температура қанша болатынын, одан бөлек қарқынды күрт жылыну кезеңі бола ма, жоқ па оны да анықтауымыз керек. Өйткені күрт жылыну кезінде қардың еруіне екі-үш күн жеткілікті және барлық жұмысымыз күн райының болжамына негізделген.

Біз су қорының мөлшерін, температураны болжадық. Бұл оңай шаруа емес, өйткені бәрін бірдей болжап біле алмаймыз. Мысалы, 2011 жылы Оралда су тасқыны болады деп ойламадық. Күз ойдағыдай өтіп, аздап қар жауды. Жоғары температура күтілмеді. Болжамға сәйкес су таситындай негіз болған жоқ. Бірақ көктемде қатты жаңбыр жауды. Жауын қар жамылғысының тез еруіне әсер етті, тіпті қосымша ылғал берді. Нәтижесінде су тасыды. Яғни температураны, жауын-шашынды болжайсыз, бұл өте күрделі міндет.  Мұнымен қоса бәрі нақты, сәйкес болуы керек. Қардың мөлшерін, топырақтың күйін білу қажет. Осындай мәселе бізде байқалады.

2024 жылғы су тасқынына келетін болсақ, дәл осындай төтенше жағдай болды. Көп жиналған қардың қарқынды еріп кетуі үшін белгілі бір қолайлы жағдайлар болған. Бірақ көптеген сарапшы мен БМО-ның (Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым), төтенше жағдайлар туралы мәліметтеріне сәйкес, бізде төтенше ауа райының жиілігі артып келеді. Климаттың күрт өзгеруі, оның біресе күрт жылып, біресе күрт жауын-шашын болуы не салқындауы әрқашан белгілі бір баланстың бұзылуына әкеледі. Экстремал оқиғалар басталады. Қуаңшылық, тасқын, дауыл жиі болады. Осы тұрғыдан алғанда, климаттың өзгеруі су тасқынына әсер етуі мүмкін деп айтуға болады, – дейді география ғылымдарының кандидаты, Орталық азиялық климаттық ақпарат платформасының координаторы Азамат Кауазов.

Маманның айтуынша, климаттың өзгеруінің су тасқынына және жалпы алғанда экстремал оқиғаларға тікелей әсері бар. Тасқынның өзі адамдардың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай әсер береді. Адамның дене температурасы төмендеп, ауруға шалдығуы мүмкін, адамға оның әлеуметтік және экономикалық әсері де зор.

– Тасқынның жанама әсері де болады. Жалпы су тасқыны бактериялардың көбеюіне ықпал етеді. Кәріз құдықтарын, мәйіттерді толтырады. Тасқын су ауыз суды ластайды, ол адамдардың денсаулығына зиян келтіреді. Осылайша ауру таралады, мысалы ішек таяқшалары және басқа да аурулар таралуы мүмкін. Қазақстанда климаттың өзгеруі байқалатыны туралы айтқым келеді. Ол басқа елдерге қарағанда жалпы қарқынды жүріп жатқаны және күннің жылына беретіндігі күтіліп отыр. Бұл қар жамылғысының климаттық нормадан ерте еруіне әкеледі. Қар жамылғысы аймағының солтүстікке қарай жылжуы байқалады. Демек өзгереді. Қар жамылғысының еріген аймақтары жүзжылдықтың соңында, тіпті екі апта бұрын пайда болуы мүмкін, мысалы бұрын қар жерде сәуір айына дейін жатса, жүзжылдықтың аяғында наурыз айының ортасында толығымен еріп кетеді. Аталған жағдайларға байланысты ерте еріп, су тасқыны қаупін тудырады, – деді Азамат Маратұлы.

Сарапшының айтуынша, елімізде Төтенше жағдай келтірген залалды азайтуға бағытталған көптеген іс-шара бар. Олар әдетте климаттың өзгеруіне орай бейімделген іс-шаралар. «Қазақстан 2050» стратегиясы, «Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу» стратегиясы, 2021 жылы жаңартылған Экологиялық кодексте, жайылым туралы заңдарда, Су кодексінде климаттың өзгеруіне бейімделуге байланысты акспектілер тікелей не жанама көрсетілген. Көбіне бұл суды тиімді пайдалануға бейімделу және суды үнемдеуге байланысты шаралар.

Динара Насыр, Альфия Шамай, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар