////

Антон Федоров, Ресей азаматы: Екі елдің жазықсыз тұрғындары үшін жүрегім қан жылайды

3389 рет қаралды
фото: Ашық дереккөзінен

Бұл жігіттің есімі Антон. Мен ол кісіден “Мінбер” порталына сұхбат беруін өтінгенімде, ол бірнеше шарт қойды. Солардың бірі – белгілі себептермен аты-жөнін толық айтқысы келмейді. Видео немесе сурет түсіруге келіспейді. Өйткені, артында қалған еліндегі туған-туысқандарының амандығына алаңдайды. 

МӘСКЕУМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА ҮЙДІ ЖАЛДАУ ҚҰНЫ ҮШ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТ, ЖАЛАҚЫ БЕС ЕСЕГЕ АЗ

Иә, сөз ләмімізден байқап отырған шығарсыздар, біз естігенде сіз бен біздің тұла бойымыз түршігетін соғыс тақырыбын қозғамақпыз. 2022 жылдың 24 ақпанында әлемді дүр сілкіндірген оқиға басталды. Ресейдің Украинаға басып кіруі. Ресей мен Украина арасындағы кикілжің 1,5 жыл бойы өз шешімін таппай, әлі күнге дейін жүріп жатыр. Дегенмен бұл жанжалдан екі мемлекеттің де бейбіт тұрғындары зардап шекті. Мобилизациялау әсерінен Ресей Федерациясынан елімізге жалпы 1 млн 700 мың тұрғын келген деп хабарлайды Elorda.info. Антон Федоров та өз Отанынан бас сауғалап көшіп кетуге мәжбүр болды.

– Қазақстанға қашан көшіп келдіңіз? Тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды? Ресейден қоныс аударуға не мәжбүрледі?

– Қазақстанға біз 1 жыл бұрын келдік. Яғни шамамен Ресейде жаппай мобилизациялау жарияланған кезде. Шыны керек елде орын алып жатқан келеңсіздіктерден ең әуелі үлкен ұлдарымды қорғағым келді. Әйелімнің ұлы жиырмада болса, менің үлкен ұлым жиырма екіде болатын. Отбасылық кеңесте көшу керек деп шештік. Сол кезде БАҚ-тағы қызметім қысқартуға ұшырады.

Шекараны Орал қаласы арқылы кесіп өттік. Неге Қазақстан? Себебі менің шетелдік паспортым Шенген визасына сұраныста елшілікте жатқан еді. Қауесеттерге сай, көп ұзамай Ресейде соғыс режимі жарияланып, ер азаматтарға елден кетуге мүмкіндік болмайды деп естідік. Сондықтан шұғыл түрде Қазақстанға кету туралы шешім қабылдадық. Шекараны кесіп өту барысында үлкен қиындықтарға тап болдық. Ұзыннан-ұзақ кезектің шеті көрінбейтін секілденді, қомақты қаражат жұмсалды.

Шекарадан өтуді мақсат еткен адамдар легінде шек жоқ еді. 2 күн бойы далада қондық, кезекте тұрған халық көп болды. Жағдай оңтайлы болып, салыстырмалы түрде біз үшін шекарадан өту үдерісі анағұрлым сәтті өтті. Өткен жылдың қыркүйек айының соңында Орал қаласында болдық. Кейін Алматыға билет алып, қазан айының басында Алматыға көшіп келдік.

– Антон мырза, байқауымызша біршама уақыт өткен. Осы аралықта Қазақстандағы өмірдің сіз байқаған артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

– Ең әуелі, Қазақстанда тек екі қалада болғанымды айта кетейін. Олар: Орал және Алматы. Екі қаланың жағдайы екі түрлі. Әрине Алматы – керемет, жылы, жағымды қала. Оралдан Алматыға келгенде жергілікті тұрғындардың бізге деген қарым-қатынасына таң қалдық. Көшеде кезіккен, көмек сұраған жандар қуана-қуана жауап беріп, түсіндіріп, жол көрсетті. Бір жыл өтсе де Алматының халқы туралы жақсы ойым сол күйі өзгерген жоқ. Агрессия немесе дискриминацияны байқамадым.

Біз келген уақытта баспаналардың бағасы шарықтап кетті. Бастапқыда қонақ үйде тұрдық. Кейін жалдамалы үйді іздеуге кірістік. Тапқан баспанамыз Мәскеудің орталығындағы жалдамалы үйден бірнеше есе қымбат болды. Пәтерге деген сұраныс та, оның бағасы да жоғары болды. Жайлы, әрі қолайлы баспана үшін айына 750 мың теңге төлеуге мәжбүр болдық. Ары қарай жұмыс іздеуге көштім. Өзім 25 жыл бойы дағдыланған тележурналистика және ақпараттық журналистика саласынан іздедім. Осы тұста ең өкініштісі,  журналистің еңбекақысы болып тұр. Бірнеше сұхбаттасуда болғанымда, барлық жерде бірдей ортақ тұсы төмен жалақы мәселесі болды. Ресейдегі БАҚ өкілдерінің табысына қарағанда бұндағы айлық табысым 5 есе аз. Бірақ Қазақстанда қалу үшін тұрақты жұмыс табу қажет болды. Қатардағы журналистің еңбекақысы тіпті пәтерақыға да жетпейтініне көзім жетті. Қалған тұрмыстағы мәселелер мені қоршаған керемет жандардың арқасында тез әрі оңай шешіліп отырды. Қазақстандықтардың қонақжайлылығы, жылулығы мен көрген басқа ұлттардан асып түсті.

Жалпы бұл жердегі өміріміз тұрақталып, жақсы қалыпқа келді. Тек айлықтың қарапайым күнелтуге жетпеуі бүгінге дейін ең үлкен проблема болып отыр. Қаладағы саябақтар мен ойын алаңдарының саны қуантты.

Дегенмен көшіп келудің басты себебі болған үлкен ұлдарымыздың екеуі де жаңа ортаға сіңісіп кете алмады. Сондықтан қазір отбасымызда үш адам: мен, жұбайым және кішкентай ұлым болып тұрып жатырмыз. Кез-келген ата-ананың күнделікті тірлігін жасап, ұлымызды неше түрлі қосымшалар мен дайындық топтарына апарып жүрміз. Бақытымызға орай бұнда қосымша орталықтардың саны жетіп артылады, сапасы да қуантады. Өміріміздің жартысын сүріп өткен ортаға қарағанда, жаңа елде бүлдіршіндердің алаңсыз ойнап-күлгенін, балалық бақытын тамашалау өз кезегінде ерекше көрініс болды. Қыстан бері айына екі-үш рет тауға шығып, табиғатты тамашалағанды әдетке айналдырдық.

Азық-түліктің бағасы күн өткен сайын өсетінін байқадық. Дегенмен сапасы Ресейге қарағанда анағұрлым жақсы екен. Жергілікті мәдениет те бірден баурап алды. Көрмелер, қойылымдар, концерттерге жиі-жиі барып тұрамыз.

ТӘУЕЛСІЗ МЕДИАНЫҢ ЖҰМЫСЫ МЕН ЫҚПАЛЫ ӘЛСІРЕП, СОҒЫСҚА ДЕЙІНГІ КҮШІН ТОЛЫҚТАЙ ЖОҒАЛТТЫ

– Ресейдегі қазіргі пропаганда модулі туралы сөз қозғайық. Пропаганда өз шарықтау шегіне жетті ме? Тәуелсіз медиа жайында не айтасыз?

– Пропаганда мәселесі мен үшін қиын тақырыптардың бірі. Себебі кәсіби тәжірибемде мен айтарлықтай уақыт мемлекеттік телеарналарда қызмет атқардым. Дегенмен бұл «құралдың» үздіксіз ықпалы, ақпаратты жеткізу әдісі эффективті түрде жүзеге асып халықтың ойын, азаматтық ұстанымын толықтай өзгертті. Әсіресе тұрғындардың сана-сезіміне деген телевизиялық шоулар мен бағдарламалардың әсері орасан зор болды. Пропагандалық жаңалықтар – ересек буын өкілдері үшін басты ақпарат көзі. Тәуелсіз медианың жұмысы мен ықпалы әлсіреп, соғысқа дейінгі күшін толықтай жоғалтты. 22 жылдың ақпанына дейін мемлекетті сынайтын радио арналар, критикалық басылымдар, газеттер мен журналдар толық сатылымда қолжетімді болса, қазір бұл медиа түрлерінің біршамасына «иноагент» деген айып тағылып, қалғандары толық жабылды. Тәуелсіз медианың халық алдында абыройы мен маңызы қалмады.

– Ресей азаматы ретінде РФ мен Украина арасындағы соғысқа берер бағаңыз қандай?

– Бұл жерде тек Ресей азаматы ретінде емес, жай адам есебінде өз ойымды білдірейін. Мемлекетаралық келіспеушіліктің бірде-біреуі қарумен шешілмеуі қажет. Кез-келген соғыс түптің-түбі өз шешімін келіссөз барысында табады. Жүрегім екі елдің жазықсыз тұрғындары үшін қан жылайды.

– Антон Федоровтың 2022 жылдың ақпанына дейінгі және кейінгі өмірі қандай? Не өзгерді?

– Барлығы өзгерді. Бұл оқиғаға дейінгі өміріміз енді ешқашан оралмайтын шығар. Отбасымның амандығы мен үшін басты орынға шықты. Кішкентай ұлымның алматылық балалармен бірге футбол ойнап, алаңсыз жүргені қуантады. Меніңше ең бастысы осы. Қалған қиындықтар өз ретімен шешіледі. Иә, өміріміз толықтай өзгерді. Дегенмен біріншіден, біз бұл жағдайды қанша қаласақ та өзгерте алмадық; екіншіден, жедел іс-әрекет етуге мәжбүр болдық. Менен бірнеше адам: «Қоныс аударғаныңа өкінбейсің бе?» деп сұрайды. Менің жауабым: «Мүлдем өкінбеймін». Бұл шиеленістің тез арада шешіліп, бейбітшіліктің орнағанын қалаймыз. Қанқұйлы соғыстың тоқтап, барлық балалар Алматыдағы менің кенже ұлымдай емін-еркін балалық шағын өткізсін деп тілеймін.

Альбина Булатова, Алматы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі