////

Мұхтар Мағауин не деді? Ең бастысы өз халқыңа қызмет ету

3447 рет қаралды

Бұл күнде Түркияның Ыстанбұл қаласында тұрып жатқан, елге келмегелі біраз уақыт болған жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин «Халық Үні» (HalyqUni) сайтының тілшісі Ая Өміртайға берген сұхбаты әлеуметтік желіде өте жоғары деңгейде талқыланып жатыр.

Баспасөзде де бұл сұхбаттың қайталанатыны сөзсіз. Өйткені Мұхтар Мағауин елдің ере жөнелгісі келіп елеңдеп отырған жалғыз Тұлғасы және халықтың қазіргі өміріне көңілі толмайтын қырлары көп болғандықтан сырт көз, шет елде ұзақ жылдар бойы өмір сүріп жатқан абыз жазушының туған елі туралы, туған жері туралы, оның бүгіні мен ертеңі туралы не ойлайтыны қатты қызықтырумен қатар содан бір өзіне медет күтсе керек.

Шынтуайтында Мағауин айтпай жатқан жоқ, отыз жыл бойы айтуын айтып-ақ келеді. Бірақ оның болсын, басқаның болсын айтқанына құлақ асып жатқан кім бар? «Ойдан гөрі ОТТАУИЗМГЕ көбірек келіңкірейтін, субъективті сыңаржақ пікірлер мен ХХ ғасырдың тарихын түсінбейтін тоғышарлықтан туындаған тұжырымдарға толы сұхбат екен» деп жатқандар да бар. (Sabit Shildebay. www.facebook.comДауренбек Нысанов парақшасынан алынды). Сөйтсе де, Ұлы жазушының қазіргі пікірі-ойы бізді де қызықтырады, сондықтан сұхбатқа өз тарапымыздан шолу жасап өз оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.

Жалпы Мұхтар Мағауин жеке адамға сұхбат (интервью) бермейтін кісі. Ал Аяға қалай мейірі түсіп, тілегін қабыл алғанын ашып айтқан жоқ. «Жазғанның жөні бөлек, ал сөз қысқарып жатады» деумен емеуірін танытты. Дейтұрғанмен сұхбатты өзі бастап «Ал сұрағың болса қоя бер, даусым қарлығыңқырап тұр, ой жүйесіне оның бөгеті бола қоймас, бірер сағат сөйлеп шығармыз, еркін әңгімеден ешқашан қашпаймын» деуінен жазып тауыса алмаған, іштегі қордаланған қалың шерді шығарып, ішін орталатуға ынталы жүрек пен балбырап әбден қайнап піскен Ұлы Отанға, туған жерге деген сағыныш екенін бірден байқауға болады.

Бейне жазбадан 84 жасқа келген қарттың құлағы сәл-пәл қатайып, тізесі сыр бергені болмаса, жады мен зеректігі мүлтіксіз, ақыл-ойы атқа шапқандай (өзінің қалжыңдауынша басының 75-80 проценті істеп тұр), жанар оты қайтпаған қайраттылығы қапысыз екені бек сүйсінтті.

Сұхбаттың негізгі арқауы тарих болды. Мұқаңның тарихшыларға көңілі толмайды. Бұл тарапта татар ғалымдарына разы. Ал әдебиетшілердің алда келе жатқанын, олардың санатынан жуық жылдарда бес-ондаған әлемдік классиктер шығатына сенімді. Абайға, Әуезовке, Әбішке (Кекілбаев) шаң жуытпайды. «Жармақ» романын 18 күнде жазып, шамамен 500 беттік, бір кітап «Алтын Орда» романын 2 жылда, өткен жылы желтоқсан айында аяқтағанын айтты. Алтын Орда құрылғанына 750 жыл емес, 804 жыл толды деп есептейді.

Әдебиеттану ғылымы дамымаған, әдеби сынның 50 жылға кенжелеп қалғанына қайран. Өзін сәбет адамы болмадым деп есептейді. «Бекежан Тілегенов үлкен жазушы. Әлем әдебиетінде Әуезовке тең келетін пейзажист жоқ». Көркем әдебиеттің шет ел тілдеріне аудару мәселесіне зауқы шамалы, оған бас қатырмайды, осы мәселені екі рет қайталаған тілшіге «ең бастысы өз халқыңа қызмет ету» деп тиянақтады.

Ұзын сонар тарихи әңгімден соң жазушыны бүгіні тақырыпқа аса сақтықпен қорғаншақтай отырып бұрған Аяға 2011 жылы өз халқына оқ атқан «Жаңаөзен» оқиғасына еркін ойын білдірген Мағауин, 2022 жыдың қаңтардың қанды қырғынында неге үнсіз қалғандығын халық бұл оқиғаға жаппай үн қатқандықтан көппен бірдей көсемсудің қажеті жоқ деп көргендігімен тұжырымдады.

Демек Мағауин қаңтар оқиғасының мәні мен мағынасы, қасыретінің себебі мен салдарын айқын деп көреді. Сұхбаттың 1 минут 30-шы секундында отыз жылдық билікке берген бағасы мынадай: «Әлемде неше түрлі патша болды. Данышпан, қолбасшы, саясаткер, ақымақ, психикалық ауру патшалар болды, бірақ халқын ел, жерімен қоса сатып жіберген патша бізде ғана болды. Қазақтың рухын жаныштады, тоздырды, бүкіл жан дүниесін жоққа айналдырды» деген сөзі жанға батады.

«О, Тәңірім, 23 жыл ғұмыр бер» деп Жаратушыдан жас сұраған Мұқаңның балақтан кіріп, басқа шапқан, халықтың да, биліктің де бас ауруына айналған дін туралы пікірі діншіл қауымға ұнамай қалуы әбден мүмкін. Көк Тәңірісіне, Аруаққа сенеді. Діннің опиум екенімен жазушы келіседі. «Аз пайдалансаң ем, асыра пайдалансаң у. Халықты көгертетін ғылым, білім, мешіт емес мектеп» деп түйіндеді ол ойын.

Бүкіл жұрттың көкейіндегі «Елге қайтасыз ба?» деген сұраққа үзілді-кесілді «Бармаймын!» деп төтесінен тартты. Біздің көкейімізде шетте жүріп халықтың қамын жегеннен гөрі, ортамызда отырса әлде қайда зор нәтижелі болар еді деген ой қалды. «Шет елде бір жыл тұрып үйренген адам қайтып барғысы келмейді» деді. Бұл субьективті пікір. Келіспеймін. Біздің қоғамның орыс қоғамы, отаршылдықтың  зардабы жойылмағандығы шет елге кетуге себеп пе? Отаршылдықтың зардабы бар екен деп шет елге кете берсек, мұнда кім қалады? Ұлтшылдықтың түрі осы ма? Мен не іздеп келдім, Моңғолиядан? Сөйте тұрып оралмандар мәселесіне назар аударады. Ал өзінің 21 немере 7-8 шөбересі бар екен. 30 адам Қазақстан үшін аз ба? Сол отыз адамды келтіре алмай отырғамыз жоқ па? Сол отыз адамды кеше қаңтарда қырып алып, бүгін орнын толтыра алмай қан жылап отырғамыз жоқ па?!

Ал Ұлы жазушының бүгінгі жастарға айтары өсиеті мынадай:

1. Сәбеттік санадан тезірек арылу керек;

2. Қазақтың ұлттық дәстүрін сақтау керек;

3. Алаштықтар бастаған қазақтың зиялыларының үлгі, өсиетін ұстануы керек;

4. Әсіре діншілдіктен, әсіре айғайшылықтан аулақ болу керек;

5. Адамның ары таза, сөзі дұрыс болу керек,

6. Кейінгі қыздар мен жігіттер өздеріне лайықты жар таңдап, балаларын жақсылап өсіруі керек;

«Әр уақытта қазақтың  болашағына қатты сеніп келгенімен» сұхбатын аяқтаған  Ұлы жазушы, классик Мұқтар аға Мағауинге үмітіңіз үзілмесін, қара мекенде қара тұяғынан қал кеткенше отанын, елін, жерін сүйетін қазағы барда елдің ертеңі жарқын болады деген зор тілекпен ұзақ ғұмыр жас тілеймін!

Бақытбек Бәмішұлы Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар