///

Оралда «Нора» моноспектаклі сахналанды

486 рет қаралды

Оралда Қырғыз Республикасының «Jeti Oguz жұлдыздары-2019» IV халықаралық конкурс-фестивалінің «Актерлік шеберлік» номинациясы бойынша Гран-При иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, аудармашы, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы Эльмира Мақашеваның «Нора» моноспектаклі көрерменге жол тартты.

Қойылым норвег драматургі, ақын, публицист Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пъесасының желісі бойынша сахналанды. Әлемдік драматургиядағы әйгілі әрі астарлы пъесалардың бірі болып есептелетін «Қуыршақ үй» пъесасының негізінде қойылған шығарма 1879 жылы жазылған. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Эльмира Мақашева, қоюшы режиссер – Баатырбек Шамбетов, қоюшы суретші – «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов, костюм суретшісі – Елена Кузнецова, хореограф – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы төсбелгісінің иегері Гүлдана Қадерова.

Әдетте адамдар өзінің мерейтойын ерекше және есте қаларлықтай өткізгісі келетіні белгілі. Ал біздің кейіпкеріміз Эльмира Жұмажанқызы болса, мерейтойында ерекше шығармашылық шешім қабылдап, көрерменіне моноспектакль сыйлады. «Нора» моноспектаклі актриса Эльмира Мақашеваның мерейтойлық бенефисі, ол қойылымда бірнеше кейіпкердің рөлін бір өзі сомдады. Бас кейіпкер Нора, Нораның күйеуі, адвокат Торвальд, Нораның құрбысы фру Линне және жеке адвокат Крогстад – осы кейіпкерлердің барлығын актриса бір өзі алып шықты.

Эльмира Жұмажанқызының мерейтойына орай моноспектакльден кейін өзімен сұхбаттасып, сұрақтарымызды қойдық.

Мінбер: Сізге «Нора» моноспектаклін өз мерейтойыңызда сахналау ойы қай уақытта келді? Неге дәл осы шығарманы таңдадыңыз?

Эльмира Мақашева: Бүгінгі күнде театр өнері саласында бәрімізді толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі көрерменнің талғамына сай пьеса табу және оны сахналайтын режиссер табу. Бұл өте қиын. Қолым бос уақытта көптеген драмалық туындыларды оқып отырамын. Көрерменге жақын дүние табу оңай емес. Жолдасым, режиссер Самал Қадерұлымен де ақылдасамын, себебі ол көптеген театрлардың режиссерлерімен шығармашылық байланыста. Содан ол Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының режиссері әрі көркемдік жетекшісі Баатырбек Шамбетовпен сөйлесіп, Норвегиялық драматург Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пьесасын аударуға кеңес берді.

Мінбер: Шығарманы аудару қанша уақыт алды?

Эльмира Мақашева: Пъесамен танысып, оқып шықтым, ұнады. Үш ай бұрын режиссердің өзімен сөйлесіп, шығарманы қазақ тіліне тәржімалауға кірістім. Осы уақыт ішінде түгел аударып шықтым.

Мінбер: Қойылымдарға репитиция қалай өтеді? Нора қойылымына дайындық несімен ерекшеленді?

Эльмира Мақашева: Бір ай бұрын Баатырбек Рысқұлұлы қаламызға келіп, «Қуыршақ үй» пьесасының желісі бойынша «Нора» деген атаумен дайындықты бастап кеттік. Өзіме бұл дүние ұнағанымен, қойылым барысы қалай болар екен деген ой мазалады. Жалпы қойылымның жақсы шығуы актермен ғана шектелмейді, бұл жерде режиссердің де шеберлігі үлкен рөл атқарады. Әуел бастан төрт кейіпкер ойнайтын спектакльді бір өзім ойнайтын моноспектакльге айналдыру режиссердің шебер ойы деп айтар едім. Дайындық бір ай көлемінде өтті. Осы арадағы уақыттың әр минуты қымбат болды. Уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Жаңа жылдық мерекені де жұмысқа алмастырдық. Бұл қойылымның өзге қойылымдардан ерекшелігі жауапкершіліктің екі еселігі. Өйткені төрт кейіпкердің ролін бір өзің сомдау үлкен жауапкершілік пен еңбекті, шеберлікті талап етеді. Ал дайындықтың қиындығы мен қызығы қатар болды. Қиындығы – жалғыз өзім болғандықтан сахнадағы жауапкершілікті түгел өзіме көтеріп алдым десем артық болмас. Дайындық барысы өзіме өте қызық болды. Бұл менің моноспектакльде өнер көрсетуге алғаш қадам жасауым. Сонымен бірге, Баатырбек Рысқұлұлының жұмысымен сырттай таныс болсам да, бұрын бірлесіп жұмыс жасап көрмеген, жүзбе жүз көріспеген адам еді. Бірақ бірге жұмыс жасау өте қызық болды, себебі өмірлік білігі мен тәжірибесі мол, мәдениеттілігі өте жоғары адам екен. Әр режиссердің өзіндік жұмыс жасау әдісі, дайындық барысында талап, тілектері болады. Ал Баатырбек Рысқұлұлы ең алдымен өте сабырлы, тиянақты түсіндіріп, содан кейін ғана нәтижесін талап етеді.

Мінбер: Қойылымнан кейінгі әсеріңіз қандай? Көңіліңізден шықты ма?

Эльмира Мақашева: Қойылымға келсек көрерменнің көңілінен шықты,  ойымыздағыдай болған сияқты деп ойлаймын. Қойылым соңында көрермен  сахна төрінде құшағымды гүлге толтырып, алғыстарын айтып, тілектерін білдіріп жатты.

Мінбер: Сұхбатыңызға рахмет, мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық шалқар шабыт және отбасыңызға амандық тілейміз. 

Қойылымның сәтті, актер ойынының шебер әрі сенімді шыққаны көрерменнің жүзінен көрініп тұрды. «Нора» моноспектаклі өміршең шығарма – ол ғасырдан астам уақыт бұрын жазылса да, қоғамдағы күні бүгінге дейін өзекті бірқатар маңызды мәселені көтереді. Ол – сезім, сүйіспеншілік, жауапкершілік, сенім, опасыздық, жанұядағы қарым-қатынастар, әйел адамның қоғамдағы орны мен рөлі.

Моноспектакль шымылдығы жаңа жылға дайындалып, алған сыйлықтарын тамашалап, шырша құрғысы келіп, жүгіріп жүрген Нораның мерекелік көңіл-күйімен басталады. Ол адвокат Торвальдтың жаңа лауазымға ие болғанына қуанып, балаларына сыйлық алып, жаңа жылды қарсылауға әзірленіп жүр. Нора – өте ақкөңіл, қарапайым, адамның барлығына көмегін көрсеткісі келіп тұратын әйел. Осы кезде күйеуінен айырылып, табыссыз қалған құрбысы фру Линне келеді, есік қағып. Ол құрбысының келгеніне қуанып, өз өмірі туралы айтып, Линненің басынан кешкендерін де тыңдайды. Сөйтіп оған жұмыс керек екенін біліп, Торвальдқа айтып, кеңсесіне жұмысқа орналастырады. Одан кейін ашулы жеке адвокат Крогстад келіп, Нораға күйеуінің оны жұмыстан шығарып жатқанын айтып, Нораға күйеуімен сөйлесіп, жұмысында қалдыруға ықпал етуін сұрайды. Оған қоса, Нораның күйеуі жазылмас ауруға шалдығып, шетелге емдетуге апару қажет болған кезде қарызға алған қаржысы туралы күйеуіне айтып беремін деп Нораны бопсалайды. Ал Нора болса қарызға ақша алып, Торвальдты шетелге апарып емдетіп, ал ақшаны қарызға алғаны туралы күйеуіне әлі айтпаған. Крогстад жұмыстан қуылғаннан кейін, бар жағдайды хатқа жазып, оны Торвальды оқиды. Хатты оқығаннан кейін ашу-ызаға булыққан Торвальды әйелі Нораға бар қаһарын төгіп, тек балалары үшін осы үйде қалатынын, бірақ оған әйел бола алмайтынын жеткізеді. Артынша фру Линнемен көңіл қосқан Крогстад Нораның барлық қарызын кешіргені туралы хат жазып жібереді. Енді Торвальд аяқ астынан мәз-мейрам болып, қуанып, Нораны кешіріп, оған да бәрін ұмытуды ұсынады.

Спеактакль соңында өмір бойы әкесінің тәрбиесі, көзқарасы, ойымен тәрбиеленіп өскен Нора, тұрмыс құрған соң күйеуі Торвальдтың көзқарасын қабылдап, күйеуінің нұсқауымен өмір сүргенін, өз ойы мен көзқарасы болмағанын мойындайды. Сол кезде ғана өзінің тек үнсіз, көнбіс әйел болғанын, оның әкесі мен күйеуін аурудан құтқару үшін жасаған құрбандығы олар үшін маңызды емес екенін түсінеді. Сөйтіп Торвальдпен бірге өмір сүруден бас тартады.

Актриса “Нора” драмасында қойылымның басынан аяғына дейін бір уақытта төрт кейіпкердің образына еніп, бірде күліп, бірде ашуланып, келесі бір күйде жылап, көрерменге сан түрлі көңіл-күйді, эмоцияны, мимиканы, сезімдерді бір өзі шебер ойнап, көрсетіп, сездіре алды. Әлеуметтік драма деп айтуға болатын “Нора” моноспектаклін сахналау арқылы Эльмира Жұмажанқызы өзнің мерейтойында өзіне де, көрерменге де керемет сый жасады.

Режиссер туралы:

«Нора» моноспектаклінің қоюшы режиссері Баатырбек Рысқұлұлы Шамбетов – Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының режиссері, көркемдік жетекшісі. Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл облысында 1978 жылы дүниеге келген. Мамандығы – актер, режиссер. 1995-1999 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын, актер мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан. 2009 – 2012 жылдары Қырғыз мемлекеттік театр және кино институтының режиссура бөлімін, режиссер мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы РФ, Санкт-Петербург мемлекеттік театр өнері академиясында біліктілігін артырған.

Еңбек жолын 1999 жылы Ыстыққөл облыстық Қ. Жантөшев атындағы драма театрында актер болып бастаған. 2020 жылдан бастап Қостанай облыстық І. Омаров атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері.

2010 жылы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, 2015 жылы «Мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төсбелгісімен және  2022 жылы Халықаралық TURKSOY ұйымының «Түркі әлемі өнерінің дамуына қосқан құнды үлесі үшін» М. Әуезов атындағы төс белгісімен марапатталған.

Фото: Э.Мақашеваның жеке архивінен

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі