////

Оралда әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдайтын «Startup for women» жобасының аясында тренинг өтті 

1691 рет қаралды

Оралда әйел кәсіпкерлерге арналған әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдайтын «Startup for women» жобасы аясында бір апталық тренинг өтті. Треннингке Батыс Қазақстан облысы бойынша 50-ден астам әйел тіркелген.

«Startup for women» жобасының мақсаты – ісін жаңадан бастаған немесе сәтті жұмыс жасап тұрған кәсібі бар кәсіпкер әйелдердің өз бизнесін қалай ұйымдастыру, оны әрі қарай қалай табысты дамыту және болашақта қалай тиімді басқару қажет деген сұрақтарына жауап беру және бағыт-бағдар беру. Жобаның жетекшісі – Жанат Жусупова Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің оқытушысы. Бір аптаға жалғасқан Оралдағы треннингтің негізгі тренерлері «KBTU Startup Incubator» директоры Владимир Попов және бизнес трэкер Екатерина Новоселова болды. Тренинг барысында оралдық кәсіпкер әйелдер қонақ спикерлер ретінде келіп, қатысушыларға өз тәжірибесі жайында баяндап, сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар «Astana Hub» халықаралық технопаркінің Оралдағы филиалы «Jayiq Hub» өңірлік менеджері Омарбек Тәшім «Jayiq Hub» ұсынатын мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Біз жоба туралы егжей-тегжейлі білу үшін Жанат Мұхтарқызымен сұхбаттастық.

– «Startup for women» жобасының идеясы сізге қалай келді, неден басталды?

– 2001-2002 жылдары конкурстан өтіп, бағдарлама бойынша грант ұтып алып, Америка Құрама Штаттарындағы Канзас университетінде оқып шықтым. Америка үкіметі өзінің жоғарғы оқу орындарын аяқтаған түлектерінің қазіргі қызметіне мониторинг жүргізіп, шаралар ұйымдастырады, сонымен қатар жыл сайын конкурстық негізде гранттар жариялайды, олар кіші және үлкен гранттар болуы мүмкін. Мен 2018 жылы ғылыми мақалаларды дұрыс жазуды үйрету және ол мақалаларды журналдарға ұсыну бойынша грант ұтып алдым. Кейін тағы бір рет ұсынып, ол кезде менің жобамды таңдамады. Былтыр да осылай конкурс жариялады, бірақ жобаларды ұсыну салалары шектеулі болады және тақырыптар жыл сайын өзгеріп отырады. Былтыр әйелдер тақырыбында болды. Сол себептен мен кәсіпкер әйелдерді қолдайтын, әйелдерге арналған стартаптар жасайтын жоба жасап көруге болады деп ойладым.

– Жобаға тренерлерді қалай таңдадыңыз? Қандай талап қойдыңыз?

– Өзім ұзақ уақыт көлемінде Алматыдағы Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде сабақ берсем де, стартап қоғамдастықпен тығыз араласпаған екенмін. 2022 жылы мен Владимир Поповпен таныстым. Кейін Владимирдің оқытушылар мен бизнес-инкубатор өкілдері үшін тегін курс өткізетіні туралы хабарландыруын көріп, сол курсқа қатыстым. Өзім университетте бизнес пәнінен дәріс оқысам да, тәжірибесі бар оқытушы болсам да, курсқа қатысқан кезде өзім білетінімнен бөлек, жаңа білім игердім. Владимир өте белсенді, ашық адам, білімді, біліктілігі жоғары маман және өз ісіне барлығын тартып, шақырып жүреді. Маған Владимир тұлға ретінде ұнады, сол себептен де жобадан Владимир Поповты көргім келді. Өз жобамды конкурсқа ұсынар алдында мен Владимирді қолдаушы және негізгі тренер ретінде көріп, оған ұсыныс жасадым. Ол қолдайтынын, қатысатынын айтты. Владимир негізгі тренер, ол ауыспайды. Петропавлда жергілікті тренерді тартсам, Оралға қосымша тренер ретінде Алматыдан бизнес-трэкер Екатерина Новоселованы қостым.

– Жоба Қазақстанның үш өңірін ғана қамтыған, бұл өңірлерді қалай таңдадыңыз?

– Жоба қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысы Петропавлда өтті. Ақпанда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында өтіп жатыр. Ал наурызда Павлодар облысы Павлодар қаласында өткізу жоспарланған. Неге бұл қалаларға басымдық бердік? Өйткені біздің жобалардың барлығы Астана мен Алматыда жүзеге асырылады, белсенді түлектердің көпшілігі Алматы мен Астанада тұратын шығар деп ойлаймын. Былтыр АҚШ дипломатиялық миссиясы жобаларды тек өңірлерде жүзеге асыруға ғана беретіні туралы айтты. Жобаны барлық өңірлерде қатар алып жүру қиындау болады әрине. Алайда ең болмаса үш өңірді таңдау қажет болды. Сөйтіп мен статистикаға жүгіндім. Қай өңірлерде әйелдер стартапы, әйелдер кәсіпкерлігі төмен дамыған сол өңірлерге басымдық беру керек деп шештім. Сол кезде облыстардың арасында осы үш өңірде әйелдер стартапы аз дамығанын білдім де, жобаға аталған үш өңірде өткізуді ұсындым.

– Жобаның кезеңдері туралы айтып кетсеңіз?

– Жоба төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушыларды іріктейміз, яғни үш өңірден 50 әйел жинаймыз. Екінші кезеңде бір апталық, оффлайн, қарқынды тренингтер өткіземіз. Үшінші кезең – қатысушыларға ментор тағайындау. Әр қатысушыға өз идеяларын әрі қарай жүзеге асыруда жобаны құрастыру, жүргізу, қағазға түсіру бойынша ақыл-кеңесін айтып, көмектесетін, ментор тағайындалады. Төртінші кезең – питчинг. Біз алдымен жартылай финалдың питчингін онлайн өткіземіз. Әр өңірден іріктеу жүргізіп, үздік 3 жобаны таңдаймыз. Үздік 3 жоба оффлайн форматтағы питчингке шақырылады. Шара Алматыда Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде өтеді. Біз сонымен қатар питчингке инвестициялық қорлардың өкілдерін, мысалы KazInnovation, мемлекеттік ұйымдарды, агенттіктерді, қазір «бизнес-ангел» деп атайтын, қаржысы бар, жаңа тың жобалар іздеп, идеялар тауып, стартаптарға инвестиция салу мақсатында осындай шараларға қатысатын жеке кәсіпкерлерді шақырамыз.

– Екі қалада жобаның тренингтік кезеңі өтті, әсеріңіз қандай?

– Оралда жобаның тренингтік кезеңін аяқтадық. Мұндай қолдау бағдарламалары сұранысқа ие. Қатысушылар көп болса екен деген тілегім бар, олардың арасында конкурс, іріктеу болса деп ойлаған едім. Бір жағынан іріктеу өткізу ыңғайсыз, 50 қатысушы деп талап қойдық, бірақ 50 көп болуы да мүмкін. Мүмкін 20 қатысушыдан тұратын топ жинау қажет пе еді? Мұндай жағдайда 50 адам қатысады, біз 25 қатысушыны іріктеп аламыз. Іріктеудің де өз тәуекелдері бар, кейде сен таңдаған адам кейін талаптарға сай келмеуі мүмкін. Әрине жобаның сәтті болғанын қалаймыз, соңында біздің қатысушылардың біреуі болса да инвестиция алса деп үміттенеміз. Бұл қатысушылардың идеясын инвесторлардың қолдағанын, танығанын көрсетер еді. Ал іріктеу кезінде адамдарды бірден дәл тану мүмкін емес. Мысалы, Петропавлда 56 адам болды, Оралда 52 қатысушы тіркелді. Саны тізімнен артық болса да барлығын тренингке қостым, өйткені мүмкін сол соңғы қосылғандардың ішіндегі әйелдердің біреуі сәтті стартап жасар деп ойладым. Қатысушылар онлайн немесе гибридті форматта өткізуді сұраса да, біздер оффлайн форматта өткізу дұрыс деп шештік. Қатысушылардың тренерлермен және бір-бірімен жақынырақ танысып, білісуі үшін, ешнәрсеге алаңсыз, бар назарымен қатысуы үшін, емін-еркін сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін білдіріп, оларға ештеңе кедергі болмас үшін оффлайн өткіздік. Алайда Оралда бір күн онлайн форматқа ауысқан тәжірибе де болды, осыған қарамастан өте жақсы өтті. Онлайн форматқа ауыстырудың себебі ауа райы бұзылып, көктайғақ болып, қоғамдық көліктер жүрмей қалды. Біз тек білім беру ғана емес, кешенді мақсатты көздедік. Мақсатымыз – қатысушылар бір-бірімен байланыс орнатып, белгілі бір қоғамдастыққа бірігіп, оны әрі қарай дамытатын орта қалыптастыру. Тренинг таңертеңнен кешке дейін 7 күн өтті. Маған қатысушылардың тренингке таңертеңнен кешке дейін тапжылмай отырып қатысқаны, демалыс күндері бар шаруасын ысырып қойып келгені ұнады. Жобаға қызығушылық танытты, белсенді болды, олардың жүзінен, эмоцияларынан ақ тренингтің ұнағанын, оларға қажет екенін көруге болатын еді.

«Жоба арқылы білім алдым, таным көжиегін кеңейттім. Стартап деген не, неден бастау керек, қалай жүргізу керек деген сияқты сұрақтарымызға жауап алдық. Өз қаламыздағы кәсіпкер әйелдермен, олардың тәжірибесімен таныстық. Тек мемлекеттік ұйымдар емес, қаладағы университеттер қандай мүмкіндіктер ұсынатыны туралы білдік», – дейді табиғи маталардан ыңғайлы киім тігумен айналысатын Гүлназ Ниязова.

«Мен жобаға өзімнің білімімді толықтырайын, жетілдірейін деп келдім. Жоба облыстың кәсіпкер әйелдеріне қолдау көрсету ретінде өткізіліп жатыр. Жеті күндік интенсивті сабақтарда біз бизнес-идеяны қалай іске асыру керек екені жөнінде білдік. Мемлекеттің немесе инвесторлардың тарапынан, атап айтқанда әйел кәсіпкерлер үшін қандай гранттар, мүмкіндіктер барын білдік. Жеке басыма көп пайдалы ақпарат алдым. Теориямен қоса практикалық жаттығулар да болды. Өте керемет жоба, жалғасын тапса екен деп ойлаймын», – дейді кондитер Гүлхан Давлеткалиева.

Жанат Мұхтарқызының айтуынша, біз «бифуркация нүктесі» бола алатын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Біз серпіліс жасай аламыз. Цифрлық технологиялар жаңа, барлық елдер тең жағдайда. Кімнің бірінші алға шығып кететіні белгісіз. Өйткені біздің елдің әлеуеті зор. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелерді көріп жатырмыз. Бұған дәлел елдегі цифрлық қызметтер, банк қызметтері, мемлекеттік e-gov және басқа да қызметтер. Бұл қызметтер кейде АҚШ-тағы қызметтерден де озық.

«Сол сияқты әйелдердің де әлеуеті мол. Біздің алға шығып, серпіліс жасауымыз сол бар әлеуетті қалай жүзеге асыратынымызға байланысты. Жоба қатысушыларына сәттілік тілеймін. Үш өңірдің кәсіпкер әйелдерінің ішінде стартап идеясына қолдау тауып, инвестиция алатын әйел шығады деп сенемін. Екі ай ішінде екі өңірде жоғары сұранысқа, қызығушылыққа ие болған жоба болашақта да жалғасын табады деп ойлаймын», – деп игі тілегін білдірді жоба жетекшісі Жанат Жусупова.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі